Тікелей эфир

Әлемде жойылу қаупі төніп тұрған ақ аю Алматыда қалай өмір сүріп жатыр

Пурга есімді ақ аю. Фото: КЖА
Пурга есімді ақ аю. Фото: КЖА
Ақ аю халықаралық қызыл кітапқа 50 жылға жуық уақыт бұрын енген.

Мамандардың болжамды есебіне сәйкес, қазіргі уақытта әлемде 20-25 мың ақ аю бар, бірақ 2050 жылға қарай мұздардың еруі олардың үштен екісінің жоғалуына әкелуі мүмкін. Nature Communications журналында жарияланған жұмыс жануарлар құрлықта көбірек уақыт өткізсе, аштыққа ұшырау қаупі жоғары екенін көрсетті. 

Ежелден бері аюлармен байланыста болған көптеген халықтар үшін олар күш пен жақсылықтың символы болып саналды. Әсіресе, солтүстікте мекендеген ежелгі қауымдар арасында бұл жануар ерекше маңызға ие болды. Аңшылардың қамқоршысы, тоқшылық пен отбасы амандығының кепілі саналды. Ақ аю ерекше қастерленіп, оны өлтіру барынша айыпталды.

Ақ аюлар тек Арктикада мекендейді. Айтпақшы, бұл Солтүстік полюстің атауы гректің "аю" сөзінен шыққан, ал "Антарктика" грек тілінде "Арктикаға қарама-қарсы" немесе "Аюға қарама-қарсы" деген сөз мағынаны білдіреді. Сәйкесінше, бұл жануарлар Антарктикада кездеспейді.                

Ал біздің елімізде, атап айтқанда Алматының хайуанаттар бағында Пурга есімді ақ аю бар.

Пурга. Фото: КЖА

"Бұл аюдың Мәскеудің хайуанаттар бағынан әкелінгеніне екі жыл болды. 22 қарашада оның алты жасқа толғанын атап өттік. Біздің климатқа тез бейімделді. Оның жайлы тұруы үшін барлық жағдайды жасадық. Қуатты кондиционер орнатылған үйшігі бар, жазда қатты ыстық болса, сол жерде салқындап жатады. Қоршауда салқын сумен толтырылған екі бассейн бар. Жазда біз оған балық пен көкөністерден жасалған арнайы балмұздақ береміз", – дейді жыртқыш сүтқоректілер бойынша зоотехника маманы Наталья Усынина.

Пургаға балық пен көкөністер күн сайын беріледі, сондай-ақ оның рационында жемістер, ет пен тауық еті бар.


Оқи отырыңыз: Итбалық пен "Қызыл кітапқа" енген балықтарды аулауға рұқсат берілмек. Ол не үшін қажет


"Жексенбі сайын өзіндік диетасы бар, яғни ет бермейміз, қалғанының бәрі әдеттегідей. Ең сүйікті азығы – балық. Біз оған балық майын, сәбіз, салат жапырағы, алмұрт, алма береміз. Бір қызығы, жазда оның қарбызды өте жақсы көретіні белгілі болды. Күніне бес кило ет пен құс етін жейді", – дейді зоотехник.

Хайуанаттар бағының қызметкерлері аюдың тамақтануына ғана емес, оның күнделікті уақыт өткізуіне де мән береді. Күн сайын оған түрлі ойын-сауықтар ойлап табады.

Наталья Усынина. Фото: КЖА

"Ойнағанды жақсы көреді. Мысалы, біз етті қорапқа салып, оны бір жерге жасырамыз. Соны іздеп табады. Ол күйзеліске түспеуі үшін көңілін көтеріп тұру қажет. Пурга қарды өте жақсы көреді, қардан өзіне сырғанақ жасап алған, ішімен жатып, жоғары-төмен сырғанайды. Біздің аязды елемейді, тіпті қатты суық күндерде қуана-қуана шомылады", – дейді Наталья Усынина.

Тұрақты режимнің арқасында хайуанаттар бағындағы әрбір жануар өз кестесіне үйренеді. Яғни, олар тамақ берілетін уақытты, бөлмені тазалау үшін басқа қоршауға қашан көшу керектігін біледі.

"Әрине, онымен цирктегідей ешкім байланысқа түспейді, ол үйретілген аю емес. Хайуанаттар бағында жыртқыш жануарлар бақылауда болғанымен, өз кураторларын танығанымен, олар әлі де жабайы, қолға үйретілмеген", – дейді маман.


Оқи отырыңыз: Атырауға Қызыл кітапқа енген қоқиқаздар ұшып келді


Наталья Усынина хайуанаттар бағында 10 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде ол жыртқыш және экзотикалық құстармен, жолбарыстармен, пумалармен және қабыландармен жұмыс істеген.

Оның міндеттеріне азықтандыруды жоспарлау және ұйымдастыру, сондай-ақ жануарларды өсіру бағдарламаларын әзірлеу және жүзеге асыру, оларды ұстау жағдайларын бақылау және денсаулықтарын қадағалау кіреді.

Пурга. Фото: КЖА

Жақында Пургаға жұп әкелу жоспарда бар. 

"Аюды Чехиядан алдыруға келісім бар. Әрине, басында ол бөлек қоршауда ұсталады. Жануарлар алдымен алыстан танысуы керек. Аюдың нақты келу уақыты оған арналған қоршаудың қашан аяқталатынына байланысты", – дейді зоотехник.

Әңгіме соңында Наталья Усынина қуанышты жаңалықпен бөлісті. Жақында хайуанаттар бағында үлкен арктикалық кешен салу жоспарлануда. Оның аумағында ақ аюлар, полярлық қасқырлар мен үкілер, сондай-ақ Солтүстік полюсте мекендейтін басқа да жануарлар болады деп күтілуде.

Плояр қасқыры. Фото: КЖА
Серіктестер жаңалықтары