Тікелей эфир

"Адам бойындағы таланттарды анықтайды". Генетикалық паспорт артық салмақ пен дерттен қалай құтқарады?

Генетикалық паспорт ағзаға қандай дәрумендер жетіспейтінін де көрсетеді.

Ғылым дамыған сайын денсаулығымызға қатысты сауалдардың жауабы табылуда. Алматыдағы TreeGene генетикалық зертханасының дәрігері Мәдина Илиясова генетикалық паспорт туралы кең мәлімет берді.  

– Мәдина Қайсарқызы, заманауи адамға генетика ғылымы қалай көмектеседі? Қандай практикалық өзгеріс бар? 

– Біздің барлық геніміз ағзамыздағы процесстердің бәріне қатысады. Бір белгі үшін бірнеше ген жауап береді. Бір ген әртүрлі процеске қатыса алады. Біз зертханамызда гендерді шартты топтарға бөлдік. Олар ағзамыздың белгілерін сипаттап, белгілі бір ерекшелік туралы паспорт құрап шығады. Мысалы, тамақтану, тамақтың сіңуіне жауап беретін гендерді сараптайтын паспорт. 

– Бұндай паспорт не үшін керек? 

– Бұл ағзадағы белгілі бір реакциялардың немен байланысты екенін анықтауға және сізге сәйкес келетін тамақтану тәртібі туралы нұсқаулық алуға көмектеседі. Паспортта біз елу геннің жиынтығын талдаймыз. Әрбір төлқұжат белгілі бір гендер жиынтығы бойынша жасалады, тақырыптарға бөлінеді. Мен олар туралы әлі де айтамын. Бұнда қызықты әрі ыңғайлы бөлімдер бар. Сіздің өзгешелігіңізді көрсететін жеке, индивидуалды құжат деп айтуға болады. 

Біз бір генді қарап отырмыз, нәтижесінде әр адамның гені әртүрлі болып шығады, мутация қосындысы әр адамда әр бөлек. Бұл ешқайда қашпайды. Қарапайым мысалмен түсіндіретін болсақ, мутация дегеніміз мысалы сіз бір ақпаратты бірнеше рет қайталап жазатын болсаңыз, бір жерден қателік кетеді. Біз дүниеге келгенде бір қателік болады. Бұл қателік сіздің ағзаңызға әсер етуі де, әсер етпеуі де мүмкін. Алайда ол бар, дәл сіз қайталанбас қателіктердің иесі болып саналасыз. Оның бәрі зиян дегенді білдірмейді. 

Біз 50-80 ген сарапталған әдемі кітапшаларды рәсімдедік. Оларды тақырыпқа, бағыт бойынша бөлдік.  Мысалы, "Нутригенетика" паспортының бес бөлімі бар. "Дәрумен" бөлімі делік. Біз тамақтан алынған дәрумендерді сіңіруге жауап беретін гендерге қараймыз. Осылайша генотипті анықтаймыз. Яғни анадан, әкеден келгендерді. Генотип бойынша қорытынды шығарамыз. Сөйтіп нұсқау береміз. Біз дәруменге деген қажеттілікті анықтаймыз. Стандартты немесе межеден тыс қажеттілік. Жеміс-жидек пен көкөністен алынып жатқан дәрумен жеткілікті ме, соны көреміз. Егер жеткіліксіз болса, ол дәрумен қабылдайтын болады. Біз әр адамға нақты қандай дәрумен керек екенін білеміз. 

Фото: КЖА

Глютен мен лактоза қауіпті ме?

– Глютен туралы не айтасыз? Көп адамның глютенге аллергиясы бар деп естіп жатамыз. Алайда бұны өзі білмеуі мүмкін. 

– Глютен мен лактоза сияқты тамақтардың сіңірілуі тамақтану паспортына кіреді. Паспортты түгел көрейік. Бірінші бөлімі – дәрумендер. Мысалы, мына адамға В6 дәрумені жетіспейді. Шынымен қызық қой? Бұл паспорт бөлімінде біз барлық дәруменді қарастырамыз. Келесі бөлім – негізгі тамақтар. Ол жерде лактоза метаболизмі қарастырылады. Құрамында толық сүт бар тамақтарға деген реакция. Сіз айтқандай глютен. Және алкоголь метаболизмі, кофеин мен тұзға деген сезімталдық. 

Біз ол адамның лактозаға деген метаболизмі төмендегенін байқаймыз, лактазалық жетіспеушілік бар деген сөз. Лактаза дегеніміз – фермент. Фермент генетикалық деңгейде жетіспеуі мүмкін, жасы ұлғайған сайын адамда фермент төмендейді, әсіресе лактаза, өйткені сүт көбіне балаларға арналған.  

– Бұл жағдайда ірімшік жеуге болмайды ғой?

– Ірімшіктен алынатын ақуыз сүтке қарағанда жақсы. Кейбір халықтар сиырды ежелден бері бағып келе жатыр, сүтті бағзы заманнан бері ішеді. Оларда генетикалық тұрғыда ферменттер жеткілікті түрде бөлінеді, сондықтар олар сүтті алаңдамай іше берсе болады. Алайда біз бойымызда қандай ген бар екенін білмейміз. Тек мына жақтан көріп біліп алуымызға болады. 

Мына жағдайда ол адамның генотипі араласып кеткен. Яғни мутация бар. Ол тек ата-ананың біреуінен келген. 

Глютенсіз диета қазіргі таңда кең таралған, оның зияны туралы да әңгіме көп. Аталған диетаны ұстаудан қорқатындар бар. Бір жері мазалауы мүмкін, алайда ол глютеннен болуы ғажап емес. Мүмкін лактаза жетіспеушілігі бар шығар. Біз глютенге деген реакцияны анықтай аламыз. Егер ол талдама жасатып, паспортты қолына алғанда глютен бойынша бәрі жақсы екеніне көз жеткізсе, қорқатын дәнеңе жоқ. 

Фото: КЖА

Генетикалық паспорт қайталанбайды 

– Паспорт біздің бойымызда қандай ерекшелік бар екенін көрсетеді, не нәрсеге назар аударуымыз керек, не нәрсе қауіпті дегендей. Керісінше қай жерімізде бәрі жақсы екенін көрсетеді. Стратегияны қалай қоя аламыз? Мысалы, дәрігерге барып белгілі бір талдамалар тапсыру, кей тамақтардан бас тарту, қандай дәрумен ішуіміз керек. Бұл әр адамда әртүрлі болады. Өйткені әрбір адам – қайталанбас тұлға. Генетикалық паспорт та қайталанбайды. 

Оның "тамақтану тәртібі" деген бөлімі бар, ол да генетикалық тұрғыда беріледі. Қандай ерекшелік бар екені, мысалы тойымдылық сезімі мен мөлшерден тыс тамақ жеуге деген құмарлық. 

Дәл мына жағдайда адам шамадан тыс тамақ жеуге бейім. Мына жерде талдама мен нұсқауларды көріп отырмыз. 

– Бұл ақпаратқа ие болған адам әрі қарай не істейді? 

– Ақпаратты білді, қаруланды. Бұндай бейімділік барда, оған дайын боламыз, стратегия құрамыз. Мысалы, нан мен печеньенің орнына алма жейміз. 

"Тамақтану тәртібі" бөлімінде қарын аш болмағанда да тамақ жей беру бағаны бар. Жай ғана бір нәрсені жеп отырасыз. Өзіңізді тамақтан, тәттіден тыю сізге қиын. Бұл өте маңызды, өйткені алда сізді диабет күтіп тұр. 

Ал мына жерде басқа бір адам өзін тәттіден оңай тыяды. Сондықтан кәмпитті де оңай жейді. Кей адамдар үстелге мүлде тәтті қоймайды. Майды шамадан тыс жеуге құмарлық бар. Мысалы, брокколиді алсақ, өте пайдалы тағам. Алайда көп адам оны жемейді, өйткені бойында ащы дәмге деген сезімталдық жоғары. Біз генетикалық тұрғыда бұл нәрсені анықтасақ, брокколиді басқа жеміспен алмастырар едік. Бұл нәрсе өзіміз үшін керек, өйткені бізге қандай азық-түлік керек екенін білеміз. Мысалы антиоксидант керек. Ол бізді зияннан қорғайды. Демек біз антиоксиданттың басқа түрін қолданамыз. Немесе капсуласын ішеміз. 

Мына жерде темекі шегу мен қуырылған тамақ, ағзаның детоксикациясы бар. 

– Шылым бәріне зиян...

– Кейбір адамдарға шылым өте зиян. Тіпті пассивті түрде. Темекі тартатын адамдардың арасында тұрудың өзі зиян. Қуырылған тамақ та бәріне зиян, алайда кейбір адамдарға ерекше зиян.  

– Ет туралы не айтасыз? 

– Қуырылған болса, пайдасыз. Вегетариандық туралы бізде бар. Ауру қоздырғыш туралы да. Алайда бұл диагноз емес. 

Сондай-ақ біз диетадан соң қайтадан семіруді тесттен өткізіп жатырмыз. Немесе ішкі органдар айналасын май басу. Май әртүрлі орналасуы мүмкін, егер ол ішкі мүшелердің айналасында жиналса, өте қауіпті. Бұндай жағдайда мүшелердің жасушалары май жасушаларымен алмасуы мүмкін. Ішкі мүшенің қызметі нашарлап, ол тіпті істен шығуы ғажап емес. Су жетіспеушілігі қаупі бар, физикалық жүктеме кезінде қысым көтерілуі мүмкін. Бұндай жайттарды генетикалық тұрғыда қарастырамыз. 

Фото: КЖА

Таланттарды анықтау

– Қазіргі таңда спортпен, фитнеспен айналысу сәнге айналды. Алайда біз қандай жүктеменің пайдалы екенін білуіміз керек. Бізде "спорт-тест" деген бөлек бөлім бар. Бұл нақты спорт туралы. Біз спортты салмақ тастау бойынша қарастырамыз. Вегетариандық туралы да қауіпті ескереміз. Мысалы, дәрумендердің сіңбеуі. Мына жерде біз К дәруменінің төмендеуін көріп отырмыз, D және В12 дәруменіне деген қажеттілік бар. Аталған тест қорытындысы бойынша паспортта нұсқаулық беріледі. Қандай қауіптер бар, оларды қалай азайтуға болатыны туралы жазылады. Бұл да әр адам үшін жеке жасалады. "Салмақты коррекциялау" бөлімі бар. Бұл жерде де жеке диета таңдалады. Әр адамға нақты қажет диета жазылады. Мысалы, калорияны шектеу немесе оны шектемеу. 

– Ал адам ораза не пост ұстаудың денсаулығына пайдасы бар-жоғын біле ала ма?

– Бұл жерде біз генетиканы қарастырамыз. Оразаның денсаулыққа қалай әсер етіп жатқанын біле алмаймыз, алайда бұл күндерді ағза қалай қабылдап жатқанын білеміз. Мүмкін генетика бойынша пост не ораза ұстауға болмайтын шығар? Ұстаған жағдайда қандай тамақтарды жеуіне болады? Адам өзіне зиян тигізіп алмай пост пен ораза кезінде стретегия құра алады. 

Бұл паспорт ауру туралы емес. Егер біз дұрыс тамақтанбайтын болсақ, қандай да бір дертіміз асқынуы мүмкін. Оларға әсер ететін мықты аллергендер бар. Паспорт медициналық та емес. Алайда бізде дәрігерлерге арналған медициналық тестер бар, Альцгеймер диагнозына арналған. Бұл да диагноз емес. Онкологиялық ауруларға деген бейімділік бөлімі бар. Біз бейімділік туралы айтамыз. 

– Адамның бойындағы дарыны да генетикалық тұрғыдан дари ма?

– Бұл жерде де генетика рөл ойнайды. Өз бейімділігіңізді білуге болады. Тек қабілет қана емес, стресске төзімділік, эмпатия сияқты қызықты бөлімдер бар. Алайда бұл – бөлек тақырып. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары