Тікелей эфир

Әбдіуақап Қара: Мұстафа Шоқайды cатқын дейтіндер әлі де көп

Фото: Іnformburo.kz
Фото: Іnformburo.kz
Ғалымның айтуынша, қайраткер туралы деректер әлі күнге дейін халыққа жетпей жатыр.

Астана қаласындағы №51 мектеп-гимназиясында "Ұлты үшін туған ұлы тұлға – Мұстафа" атты шара өтті. Оған "Мұс­тафа Шоқай" зерттеуінің авторы, Түркия мемлекетінің Ми­мар Синан көркем өнер универ­ситетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, шоқай­танушы Әбдіуақап Қара пен мұстафа­тануға үлес қосып жүрген Әбдіжәлел Бәкір қатысты.

Informburo порталының тілшісі жиынға қатысып, ғалымдардың ұлы тұлғаға қатысты пікірін тыңдап қайтты.

"Әлемде Мұстафа Шоқайды "сатқын" деп білетіндер әлі көп"

Әбдіуақап ҚАРА: Мұстафа Шоқай бүкіл түркі дүниесіне қызметк еткен ұлы тұлғаның бірі болып есептеледі. Бұның айғағы биыл Түркияның Мәдениет министрлігі 2023 жылы Түркия Республикасының 100 жылдығына орай, "Түркі дүниесінің 100 ұлы тұлғасы" деген серия бастады. 100 ұлы тұлғаның өмірбаяны кітап болып шығып жатыр. Осы серияның алғашқы бес томына Мұстафа Шоқайдың өмірі кірді. Бұл кітап биыл жылдың басында жарыққа шықты. Сондықтан да біз Мұстафа Шоқаймен қалай мақтансақ та болады.

Ұлы атамызға өткен ғасырда "отанын сатты" деген үлкен күйе жағылды. Бұл үлкен, орынсыз жала. Керісінше, ол отанын сатпағаны үшін, фашистермен істес болмағаны үшін, ұсынысын кері қайтарғаны үшін Гестапоның құрбаны болған. Мен оны диссертациямда дәлелдедім.

Қазір бізге түсетін басты міндет – Мұстафа Шоқайдың рухани, мәдени, саяси мұрасын игеріп, әлемге таныстырып отыру. Бізге қазір сол жетпей отыр. Кей елдерде әлі де Кеңес одағындағыдай оны сатқын деп білетін адамдар көп. Бұл ғылымнан емес. Біз ғылымда үлкен жетістіктерге жеттік: Көшім Есмағамбетов ағамыз 12 томдығын шығарды, Әбдіжәлел Бәкір ағамыз бастаған көптеген ғалымдарымыз жұмыс істеп жатыр. Бірақ сол жұмыстың нәтижесі халыққа әлі күнге дейін жетпей отыр.

Мұстафа Шоқай музейінде | Фото: Іnformburo.kz

Оқи отырыңыз: Мұстафа Шоқай: Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін емес


Астананың төріндегі мектепке Мұстафа Шоқайдың есімі беріліп, мектеп базасында арнайы музей ашылыпты. Бұның мәні өте жоғары. Мұны кішігірім дүние деп ойламаңыздар. Бұл – Мұстафа Шоқайдың Астана төріне келуінің бастауы. Тәуелсіздік алғалы бері 31 жыл болды. Осы уақытта Мұстафа Шоқайға Астанада ешқандай белгі, бір тас қоя алмадық. Бұл оңай емес. Өйткені 74 жыл қазақ елі Кеңес одағында болды.

Мұстафа Шоқай музейінде | Фото: Іnformburo.kz

"Мектепке атын беруге қарсы шыққандар болды"

Әбдіжәлел БӘКІР: Бұл мектепке Мұстафа Шоқайдың атын берудің өз тарихы бар. 2011 жылы осы мәселе Астананың қалалық мәслихатында қаралды. Сонда екі адам қарсы шықты. Олардың бірі атасынан Мұстафа Шоқайдың немістермен байланысқаны туралы естігенін айтты. Сонда қалған депутаттардың бірде-біреуі қарсы шығуға жарамады. Сөйтіп өтпей қалды. Содан бері 11 жыл күттім. Былтыр ғана мектепке аты берілді.  

Мұстафа Шоқай басқа алаш көсемдеріне қарғанда елімізге кеш оралды. Оның еңбектері әлі көп адамға белгісіз. 1998-99 жылы шыққан екі томдық қазір кітапханаларда жоқ. 2007 жылы шыққан үш томдық та сирек кездеседі. 2012-2014 жылы шыққан 12 томдық облыстық кітапханаларда жоқ. Біздің академиялық кітапханада жоқ еді. Институтқа хат жаздырып, екі данасын алдырып бердім. Түркістанда, Шымкентте жоқ. 

Біз Мұстафа Шоқайды әлі толық аша алған жоқпыз. Толық ашу үшін оның еңбектерін түгел аудару керек. Мысалы, бізде халықаралық тақырыпта 150 мақала жазған кім бар? 1924-1933 жылдың арасында Лондонда  алты рет болып, баяндама жасаған кім бар? Тарихымызда 300 хаттан тұратын эпистолярлық мұрасы бар, 100-ге жуық адаммен хат жазысып, қарым-қатынасқа түсіп отырған кім бар? Осының өзі-ақ көп ой салады.

Мұстафа Шоқай музейінде | Фото: Іnformburo.kz

Оқи отырыңыз: Қазақ халқының біртуар ұлы Мұстафа Шоқайдың сатқын таңбасын алып тастай алдық па?


"Қайраткердің туған жылы мен туған жері үлкен талас тудырады"

Әбдіжәлел БӘКІР: Мұстафа Шоқайдың туған жері де, туған күні де үлкен талас тудырады. Өйткені, өмірбаяны жазылмаған. Дегенмен, мына нәрсені ескеру керек: Оразбек Сәрсенбаев Мұсафа Шоқайды 1886 жылы туды деп жазды. Онда шындық жоқ емес, бар. Өйткені КНБ-ның жүргізген істерінде Мұстафаның туған інісі Нұртазаның туған жылы 1890 жылы деп көрсетілген. Екеуі бір жылда туылмайды ғой. Гимназияға барғанда осы кісінің жасы үлкендеу болды-ау деп ойлаймын. Өйткені қосымша архивтерде де, Ресейдегі архивте де, бірінші томда да бар, Әбіш бастаған ағалары қосымша құжат береді. Онда 1890 жылы желтоқсан айында туған деп, күнін көрсетпей берген. Кейбіреулер 1891 жылдың 7 қаңтары деп жүр. Бірақ көптеген кітаптарда, атап айтқанда Әбдіуақап Қараның да, Көшім Есмағамбетовтың кітаптарында да Мұстафа Шоқайдың туған жылы 1890 жылдың 25 желтоқсаны деп жазылған. Біз соны көп дауға қоса бермейік. Бір ізге түскеніміз дұрыс болар. 

Туған жеріне де қатысты мәселе бар. Туған жеріне белгі қою жөнінде мәселе көтерілгенде "Жас Алаш" газетіне "Тартоғайда туғаны" туралы жазылды. Ол кісі Тартоғайда тууы мүмкін емес. Тартоғай Тұрсынбай датқаның қарамағындағы жер. Торғай датқаның қарамағындағы адам ол жақта дүниеге келуі мүмкін емес. Торғай датқаның қарамағында Наршоқы, Әулиеата, қазіргі Бірінші Май деген жерлер. Біз осыларды ескере келе, Наршоқы дегенге тоқтадық. Өйткені, Наршоқыда Әбіштің салған медресесі, маңында аталарының бейіті жатыр. 

Мұстафа Шоқай  қолданған жазу машинасы | Фото: Іnformburo.kz

"Мұстафа Шоқайды француз халқы жақсы таниды"

Әбдіуақап ҚАРА: Мұстафа Шоқайдың мұрасы Парижде "Шығыс өркениеттері және тілдері" институтында сақтаулы тұр. Біз сол архивте жұмыс істедік. Соның арқасында 2010 жылы Парижде Мұстафа Шоқайдың мүсіні қойылып, саябақ ашылды. Неге француздар Мұстафа Шоқайға ескерткіш қойды?

Себебі француздар Мұстафа Шоқайдың батырлығы, саяси тұлғасынан бұрын, адамгершілік тұлғасын жоғары бағалайды. Оған өзім куәмін.

Бірде "Мұстафа Шоқай француз-қазақ достық қоғамының" ашылу рәсімінде сөз сөйлейтін болдым. Оған Мұстафа Шоқай өмір сүрген ауданның әкімі Жақ Мартаң мырза келді. Сол үшін сөзімді бірден француз тіліне аудартып отырдым. Сөзімде Мұстафаның тек қазақ үшін, түркі халықтары үшін ғана емес, француз халқы үшін де құрбан болғанын айттым. Себебі, Керенский, Милюковтар Парижден Америкаға қашып жатқан кезде ол кісі кеткен жоқ. Бірден бас тартып: "Маған қиын-қыстау кезде пана болған Франция – менің екінші отаным. Мен отанымды тастап ешқайда кетпеймін" дейді де қалып қояды. Егер кетіп қалғанда, нацистердің қолына түспей, біраз уақыт тағы өмір сүрер ме еді. Бірақ Францияда қалғаны үшін лагерьде тұтқындалып, сол жерде ауру жұғып немесе уланып қаза болды.

Соны айтқан кезде Жақ Мартан мырза орнынан ұшып түрегеліп келіп, "Қазақ кім, Мұстафа кім, енді түсіндім, профессор мырза" деп мені қапсыра құшақтады. Музейден орын беру керек екенін айтты. Одан кейін әкімге қолқа салып, Мұстафа Шоқайдың үйі болған көшеге атын беруді сұрадым. Бірақ әкім көше атын ауыстыру қиын екенін айтып, саябаққа орын берді. 

Серіктестер жаңалықтары