Әлемге әйгілі сұрмерген Криштиану Роналду әлем чемпионатының кубогіне жете алмай қалды. 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалында Португалия құрамасы Испаниядан 0:1 есебімен жеңіліп, жарыс жолынан шықты. Матч аяқталғаннан кейін Криштиану Роналду көз жасына ерік берді. Бұған дейін 41 жастағы футболшы бұл әлем чемпионаты мансабындағы соңғы мундиаль болатынын айтқан еді.
@qazsporttvkz 🇵🇹 Роналду бастаған Португалия турнирмен қоштасты. 😔 Португалия Әлем чемпионатының 1/8 финалында Испанияға 0:1 есебімен есе жіберді. ❓ Бұл Криштиану Роналдудың соңғы Әлем чемпионаты болды ма, әлде ол келесі мундиалда тағы да жасыл алаңға шыға ма?
♬ оригинальный звук - Qazsport телеарнасы
Криштиану Роналду – тек Португалияның ғана емес, әлем футболының тарихын өзгерткен тұлғалардың бірі. Ол жүздеген рекорд орнатып, ондаған кубок жеңіп алды, бес мәрте "Алтын доп" иегері атанды және футбол тарихындағы ең нәтижелі шабуылшылардың біріне айналды. Informburo.kz атақты футболшының өмір жолына, отбасысына, мансабына, рекордтарына және көпшілік біле бермейтін қызықты деректеріне шолу жасады.
Криштиану Роналду кім?
Криштиану Роналду душ Сантуш Авейру (Cristiano Ronaldo dos Santos Aveiro) – португалиялық кәсіби футболшы. Ол футбол тарихындағы ең үздік ойыншылардың бірі саналады. Ол Португалия ұлттық құрамасының капитаны, бес мәрте "Алтын доп" (Ballon d'Or) иегері, бес дүркін УЕФА Чемпиондар лигасының жеңімпазы және ресми матчтардағы гол саны бойынша әлемдік рекордшылардың қатарында.
Мансабы барысында "Спортинг", "Манчестер Юнайтед", "Реал Мадрид", "Ювентус" және Сауд Арабиясының "Әл-Наср" клубтарында өнер көрсетті. Әсіресе, "Реал Мадрид" сапында өткізген тоғыз маусым оның карьерасындағы ең табысты кезең ретінде бағаланады.
Балалық шағы мен отбасы
Криштиану Роналду 1985 жылғы 5 ақпанда Атлант мұхитындағы Мадейра аралының әкімшілік орталығы саналатын Фуншал қаласының Санту-Антониу ауданында дүниеге келген. Ол төрт баланың кенжесі. Алдында үлкен ағасы Угу, әпкелері Эльма мен Катя Авейру бар.
Роналду қарапайым отбасында өсті. Әкесі Жозе Диниш Авейру муниципалитетте бағбан болып жұмыс істеген, кейін жергілікті "Андоринья" футбол клубында кит-менеджер қызметін атқарды. Анасы Мария Долореш душ Сантуш Авейру аспаз әрі тазалықшы болып еңбек еткен. Мария Долореш естеліктерінде кей кездері балаларды асырау қиынға соққанын, Криштианудың футболға деген құштарлығы ғана оған үлкен үміт сыйлағанын жазды.
Роналдудың есімін әкесі АҚШ-тың бұрынғы президенті әрі актер Рональд Рейганның құрметіне қойған.
2005 жылы Роналду үшін ауыр кезең болды. Әкесі ұзақ уақыт ішімдікке тәуелді болып, 52 жасында дүниеден өтті. Футболшы бұл оқиға өміріндегі ең үлкен соққылардың бірі болғанын және жеңіске толы жарқын сәттерін әкесінің көре алмай кеткеніне өкінетінін бірнеше рет айтты.
Футболды қалай бастады?
Криштиану Роналду жалпы білім беретін мектепте ұзақ оқыған жоқ, себебі ерте жастан футбол ойнады. Алғаш рет ол әкесі жұмыс істейтін "Андоринья" клубында доп тебе бастады. Ол кезде небәрі сегіз жаста еді. Кейін Мадейрадағы ең мықты клубтардың бірі "Насьоналға" ауысты. Мұнда ол аралдағы ең дарынды жас футболшылардың бірі ретінде көзге түсті.
1997 жылы, 12 жасында Лиссабондағы әйгілі "Спортинг" академиясының іріктеуінен өтті. Бұл оның өміріндегі шешуші кезең болды . Сол түшін туған аралынан шамамен 1 мың шақырым жердегі Лиссабонға жалғыз көшіп, кәсіби футболшы болу жолын бастады.
Осы жылдары дәрігерлер оның жүрегінен тахикардияны (жүрек соғысының қалыптан тыс жиілеуі) анықтады. 15 жасында жүрегіне шағын операция жасалып, бірнеше күннен кейін қайта жаттығуға кірісті. Бұл жағдай оның кәсіби мансабына еш кедергі келтірген жоқ.
Кәсіби мансабы: "Спортингтен" "Әл-Насрға" дейін
"Спортинг" (2002-2003): үлкен футболға алғашқы қадам
2002 жылы 17 жастағы Криштиану Роналду Лиссабонның "Спортинг" клубының негізгі құрамында дебют жасады. Сол маусымда ол Португалия чемпионаты, кубогы және Чемпиондар лигасында өнер көрсетіп, Еуропаның жетекші клубтарының көзіне түсті.
2003 жылдың жазында Лиссабонда өткен жолдастық кездесуде "Спортинг" Англияның "Манчестер Юнайтед" клубын жеңді. Сол ойында Роналдудың өнеріне тәнті болған бас бапкер Алекс Фергюсон оны бірден өз командасына шақырды. Бұл шешім кейін футбол тарихындағы ең сәтті трансферлердің біріне айналды.
"Манчестер Юнайтед" (2003-2009): жұлдыздың жарқырауы
2003 жылы Роналду 18 жасында Англияның әйгілі "Манчестер Юнайтед" клубына ауысты. Ол клуб тарихындағы әйгілі №7 жейдені киді. Бұған дейін бұл нөмірді Джордж Бест, Брайан Робсон және Дэвид Бекхэм сияқты аңыздар алып жүрген еді.
Алғашқы жылдары Роналду жылдамдығымен және допты алып жүру мәнерімен (дриблингімен) ерекшеленді, кейін гол соғатын әмбебап шабуылшыға айналды. Алты маусым ішінде ол:
- Англия Премьер-лигасының үш дүркін чемпионы (2006-2007, 2007-2008, 2008-2009) атанды;
- Англия кубогын жеңіп алды;
- екі мәрте Лига кубогын жеңіп алды;
- 2008 жылы УЕФА Чемпиондар лигасын ұтты;
- 2008 жылы клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңді.
- 2007-2008 жылғы маусымда барлық турнирде 42 гол соғып, алғашқы "Алтын доп" жүлдесін иеленді.
Көп футбол сарапшылары дәл осы кезеңде Роналду әлемдік деңгейдегі супержұлдызға айналғанын айтады.
"Реал Мадрид" (2009-2018): мансап шыңы
2009 жылы мадридтік "Реал" Роналду үшін шамамен 80 миллион фунт стерлинг төлеп, сол кездегі әлемдік трансфер рекордын жаңартты. Бұл трансфер оның мансабындағы ең маңызды шешім болды.
Тоғыз маусымда Роналду клуб тарихындағы ең ұлы ойыншылардың біріне айналды:
- 438 матч өткізіп, 451 гол соғып, клуб тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды. Бұл рекорд әлі күнге дейін жаңарған жоқ;
- 2 рет Ла Лига чемпионы атанды;
- 2 рет Испания кубогын алды;
- 4 рет УЕФА Чемпиондар лигасын жеңді;
- 3 рет клубтар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетті;
- осы кезеңде тағы төрт мәрте "Алтын доп" жеңіп алды.
2013-2018 жылдар аралығында Роналду Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі ең қауіпті шабуылшыға айналды. Әсіресе 2016-2018 жылдары қатарынан үш рет Чемпиондар лигасын жеңіп алған "Реалдың" басты көшбасшысы болды. Жыл сайын 50-60 гол соғып, әлемдегі ең қымбат әрі ең танымал спортшылардың біріне айналды. Көптеген сарапшы дәл осы жылдарды Криштиану Роналдудың мансабының ең биік шыңы деп бағалайды.
"Ювентус" (2018-2021)
33 жасында көптеген маман оның үздік кезеңі аяқталды деп болжаған еді. Алайда Роналду Италияға барып, мұнда да жоғары деңгейін дәлелдей алды. "Ювентус" сапында:
- екі рет А сериясының чемпионы болды;
- Италия кубогын жеңді;
- Италия Суперкубогын екі рет иеленді;
- 2020/21 жылғы маусымда А сериясының үздік сұрмергені атанды.
Үш маусым ішінде барлық турнирде 101 гол соқты.
"Манчестер Юнайтедке" оралу (2021-2022)
2021 жылы Роналду қайтадан "Манчестер Юнайтедке" оралды. Алғашқы маусымында клубтың ең нәтижелі ойыншысы болғанымен, команданың нәтижесі көңіл көншітпеді. 2022 жылдың соңында әйгілі журналист Пирс Морганға берген сұхбатынан кейін оның клубпен келісімшарты өзара келісім бойынша тоқтатылды.
"Әл-Наср" (2023 жылдан бері)
2023 жылдың басында Роналду Сауд Арабиясының "Әл-Наср" клубымен келісімшартқа отырды. Бұл трансфер әлемдік футболдағы жаңа кезеңнің басталуына әсер етті. Себебі Роналдудан кейін Сауд Арабиясы чемпионатына көптеген танымал футболшылар көшті.
Роналду клубтағы алғашқы маусымдарында-ақ ондаған гол соғып, лиганың ең нәтижелі ойыншыларының бірі болды. Кейін клубпен келісімін ұзартып, мансабын жалғастырды.
Португалия құрамасындағы жолы
Криштиану Роналду Португалия ұлттық құрамасында 2003 жылдың 20 тамызында, небәрі 18 жасында Қазақстанға қарсы жолдастық кездесуде дебют жасады. Сол уақыттан бері ол ұлттық құраманың көшбасшысына айналып, жиырма жылдан астам уақыт бойы Португалия футболының символы болды.
Ол алты әлем чемпионатына қатысты (2006, 2010, 2014, 2018, 2022 және 2026) және алты түрлі мундиальда гол соққан алғашқы футболшы атанды.
Ұлттық құрамадағы ең ірі жетістіктері:
- 2016 жылы Еуропа чемпионатының (ЕУРО) жеңімпазы;
- 2019 және 2025 жылдары УЕФА Ұлттар лигасының жеңімпазы;
- Португалия тарихындағы ең көп матч өткізген және ең көп гол соққан футболшы;
- ерлер құрамалары арасындағы халықаралық матчтардағы ең үздік сұрмергендердің бірі.
2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Португалия Испаниядан 0:1 есебімен жеңіліп, жарыстан шығып қалды. Матчтан кейін Роналду бұл өзінің соңғы әлем чемпионаты болғанын растады. Алайда ұлттық құрамадан бірден кету туралы шешім қабылдамайтынын, оған кейінірек оралатынын айтты.
Басты рекордтары
Криштиану Роналду футбол тарихындағы ең көп рекорд орнатқан ойыншылардың бірі саналады:
- бес мәрте "Алтын доп" иегері;
- УЕФА Чемпиондар лигасының бес дүркін жеңімпазы және лига тарихындағы ең үздік сұрмерген;
- "Реал Мадрид" тарихындағы ең үздік сұрмерген (450 гол);
- ұлттық құрамалар арасындағы ресми матчтарда ең көп гол соққан футболшылардың бірі;
- Португалия құрамасы сапында ең көп матч өткізген ойыншы;
- алты әлем чемпионатына қатысқан және алты мундиальда гол соққан тарихтағы жалғыз футболшы.
Отбасы: Джорджина Родригес пен балалары
Роналду ресми некеде тұрған жоқ. 2016 жылдан бері ол испаниялық модель әрі кәсіпкер Джорджина Родригеспен бірге тұрады. Ерлі-зайыпты ресми түрде үйленбесе де, көпшілік оларды отбасы ретінде қабылдайды. Джорджина бірнеше деректі фильмге түсіп, сән индустриясында да танымал тұлғаға айналды.
Роналдудың бес баласы бар:
- Криштиану Роналду кіші (2010);
- егіздері Ева Мария мен Матео (2017);
- Алана Мартина (2017);
- Белла Эсмеральда (2022).
2022 жылы дүниеге келген егіздерінің бірі сәби кезінде шетінеп кеткен. Роналду мен Джорджина бұл оқиғаны өмірлеріндегі ең ауыр сынақтардың бірі деп айтты.
Криштиану Роналду қанша табады?
Роналду әлемдегі ең жоғары жалақы алатын спортшылардың қатарында. "Әл-Насрдағы" келісімшарты, жарнамалық келісімдері және жеке бизнесін қоса есептегенде, оның жылдық табысы жүздеген миллион АҚШ долларына бағаланады. Табысының негізгі көздері:
- "Әл-Наср" клубындағы жалақы;
- Nike компаниясымен өмір бойғы келісімшарт;
- CR7 бренді (киім, аяқ киім, парфюм, іш киім);
- Pestana CR7 қонақүйлер желісі;
- әлеуметтік желілердегі жарнамалық келісімдер.
Instagram-дағы 671 млн оқырманының арқасында Роналду бір жарнамалық жазбаның өзінен миллиондаған доллар табыс табатын спортшылардың бірі саналады.
Қызықты деректер
Денесінде бірде-бір татуировка жоқ. Себебі, ол тұрақты түрде қан және сүйек кемігінің доноры болып жүр.
CR7 – жай ғана лақап ат емес. Ол Криштиану Роналду (Cristiano Ronaldo) есімінің алғашқы әріптері мен оның әйгілі жетінші нөмірінен құралған бренд. Бүгінде осы атаумен киім, аяқ киім, іш киім, парфюм, аксессуарлар шығарылады.
Режимді қатаң сақтайды. Роналду кәсіби мансабы бойы тамақтану мен ұйқы режиміне ерекше мән береді. Ол күніне бірнеше рет аз-аздан тамақтанып, қалпына келу процесіне көп уақыт бөледі. Сарапшылар оның ұзақ жыл бойы жоғары деңгейде ойнауын дәл осы тәртіппен байланыстырады.
Қайырымдылықпен белсенді айналысады. Балалар ауруханаларына қаржы аударып, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсеткен, ауыр дертке шалдыққан балалардың емделуіне бірнеше рет демеушілік жасаған.
Футболдан кейін де ықпалды тұлға болып қала береді. Сарапшылардың пікірінше, Роналду мансабын аяқтағаннан кейін де спорт бизнесі, медиа және қайырымдылық салаларындағы ықпалын сақтап қалады. Оның жеке бренді әлемдегі ең қымбат спорттық брендтердің бірі саналады.
Криштиану Роналду – тек атақты футболшы емес, тұтас бір дәуірдің символы.
Роналдуның соңғы мундиалі аяқталды: Испания Португалияны жарыс жолынан шығарды