Қазақ газ өңдеу зауытындағы өрт: қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ

Өрт кезінде химиялық заттардың ағып кетуі болмады.

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында орналасқан "Қазақ газ өңдеу зауыты" ЖШС компрессорлық цехының ауа тоңазытқышында кеше Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 23:15-те өрт шықты, деп хабарлады "ҚазМұнайГаз" АҚ баспасөз қызметі.

Өрттің таралуын және қайта тұтануын болдырмау мақсатында газ беру тоқтатылып, қондырғыны толығымен апаттық тоқтату жүзеге асырылды. Өрт сағат 23:52-де толықтай жойылды. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге ҚазГӨЗ, "Өзенмұнайгаз" АҚ және облыстық ТЖД 5 өрт сөндіру тобы жұмылдырылды.

Қазіргі таңда өрттің шығу себептері анықталуда. "ҚазМұнайГаз" АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаевтың басшылығымен жедел штаб құрылып, оған тиісті құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері кірді.


Оқи отырыңыз: "Қазақстан өрт ошағына айналды". Біз неге ұлы даланың әлеуетін пайдаланбаймыз?


Кейін белгілі болғандай, өрт кезінде химиялық заттардың ағып кетуі болмаған. "Қазақ газ өңдеу зауыты" ЖШС директоры Нақберген Төлеповтің айтуынша, қазір зауыттың жүктемесі шамамен 30 пайызды құрап отыр. Өрт салдарынан тек ауа тоңазытқышының көтергіш конструкциясы ғана бүлініп, негізгі жабдыққа зиян келмеген.

Бұған қоса, ҚазГӨЗ директоры оқиға кезінеде химиялық заттардың ағып кетуі туралы әлеуметтік желілерде тарап жатқан қауесетті жоққа шығарды. Ол алаңдауға негіз жоқ екенін баса айтты.

"Бұл жабдық шикі газды ауа-су әдісі арқылы салқындату үшін қолданылады. Бұл жабдықта қандай да бір химиялық заттар пайдаланылмайды. Сондықтан жұмыскерлер және тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіптің жоқ екенін сеніммен айта аламын", – деді Нақберген Төлепов.

Серіктестер жаңалықтары