Валюта айырбастау бекеттерінің жұмыс уақыты қысқартылады
Бұған қоса ақша айырбастау орындарында әрбір операция кезінде тізілімдер журналына клиенттің аты-жөні, тегі, әкесінің аты, ЖСН-і, заңды мекен-жайы толықтай жазылып алынатын болады. Ұлттық банк Қазақстанда қолма-қол шетел валютасын айырбастау операциясын ұйымдастыру қағидасына осындай өзгерістер мен толықтырулар енгізбекші.
Жаңартылған қағида жобасында айырбастау бекеттерінің жұмыс режимі мен айырбасталатын қаражат лимитіне қатысты талаптар жазылған. Оған сәйкес, валюта айырбастау ұйымдары Ұлттық банк белгілеген уақытпен сағат 10.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істеуі тиіс. Бас банктің қаулысы қабылданғаннан кейін ресми түрде жарияланып, келер жылдың 1-ші қаңтарынан бастап қолданылады.
Үш облыста тамызда телехабар тарату тоқтатылады
Осы айда Алматы, Павлодар және Қостанай облыстарының радиотелевизиялық стансаларында аналогтық жабдықтарды бұзып-бөлшектеу жұмыстары басталады.
"Бұл жұмыстарға байланысты аталған өңірлерде телерадиобағдарламалардың сигналдары уақытша өшіріледі" деп хабарлады "Қазтелерадиодан".
Дала өртінен 3 адам мерт болып, 7-уін күйік шалды
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Алматы облысы Панфилов ауданы Талды ауылдық округі аумағындағы таулы жерлерде дала өртін сөндіру кезінде өлгендердің біреуі – Жаркент орман шаруашылығы мекемесінің қызметкері, қалған екеуі – өртті өз күштерімен сөндіруге тырысқан жергілікті тұрғындар. Түрлі дәрежеде күйік шалғандар Лесновка ауылына тікұшақпен жеткізіліпті, Одан әрі Жаркент қаласының орталық аудандық ауруханасына жатқызылады.
"Табиғи апатпен күресу өте қиын болды. Күрделі метеожағдайда айнала көрінбей қалды. Өрт сөндірушілерге бірнеше есе дене күшін жұмсауға тура келді", деп жазылған Министрліктің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Таратылған ақпаратқа сүйенсек, қазіргі уақытта өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өрт ошақтарын оқшаулау үшін қосымша күштер мен теxника тартылған. Оқиға орнына тағы бір "Қазавиақұтқару" тікұшағы жіберілген. Жағдай қатаң бақылауға алынған. Облыс әкімдігінің сайтында өртті өшіремін деп жанқиярлық көрсетіп, мерт болғандардың бәрінің мемлекеттік наградалармен марапатталатыны хабарланды. Бұдан бөлек, мерт болғандардың біреуінің отбасына мемлекеттік қордан пәтер берілетіні туралы жазылған.
Қазақстанда рөлі оң жақта орналасқан автокөліктердің үлесі 4%-ға төмендепті
2019 жылдың сәуір айында елімізде 142 966 осындай автокөлік тіркелген. Олардың басым бөлігі Алматы қаласында (44 334), Алматы облысы (44 334) мен ШҚО-да (22 030) рәсімделген.
Қазақстанның автобизнес қауымдастығының мәліметіне сәйкес, елдегі рөлі оң жақта орналасқан автокөліктердің бәрі 20 жылдан көп уақыт айдалған.
Қырғызстандықтар ипотеканың бастапқы жарнасын зейнетақы жинақтарынан төлей алады
Осындай басым құқық беретін Әлеуметтік (зейнетақы) қорының қаулысы қазір қоғамдық талқылауда. Ипотека бойынша төленетін бастапқы жарнаның көлемін өтініш берушінің өзі анықтайды. Алайда, ол салымшының зейнетақы жинағындағы сомадан аспауы керек, шамамен 50 мың сом (275 мың теңге) болуы тиіс.
Пәтер сатып алатын кезде жинақтағы соманы алу үшін мемлекеттік ипотекалық бағдарламаға қатысуы, сондай-ақ өтініш иесінің басында баспанасы болмауы шарт.
Атырауда сәби өлімі артып отыр
Өңірдегі перинаталдық орталықта жыл басынан бері 133 бала көз жұмған. Атырау облыстық прокурорының бас көмекшісінің м.а. Д.Аймағамбетовтың айтуынша, биыл орталықта 5046 нәресте өмірге келген. Шақалақтардың 56-сы дүниеге келген бойда, 77-сі анасының құрсағында қайтыс болған.
Өткен жылы осы орталықта 108 сәби өлген. Мамандар көрсеткіштің жыл сайын артып отырғанын айтады. Жыл басынан бері қызметтік міндетін лайықты атқармаған медицина қызметкерлеріне қатысты 5 қылмыстық іс тіркелген. Жаңа босанған келіншектің де көз жұму фактісі де бар. Қазір өңірдегі ана мен бала өліміне дәрігерлердің кінәсі бар-жоқтығы тексеріліп жатқан көрінеді. Тергеп-тексеруге тәуелсіз сарапшылар Астанадан шақыртылған.
Доллар тағы қымбаттады
Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы орташа бағаммен 386,94 теңгеге сатылды. Кешегісінен доллар тағы 0,46 теңгеге қымбаттап, теңге тарихында рекордын тағы жаңартты.
Валюта айырбастау бекеттері долларды 387-387,7 теңгеге сатып алып, 388,5-389,2 теңгеге сатып жатыр.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Синоптиктердің болжауынша, 7 тамызда таңертең және күндіз Қызылорда облысында солтүстік шығыстан, солтүстіктен жел соғады, күші кей жерлерде 15-20 м/с жетеді. Күндіз кей жерлерде шаңды дауыл соғады, оңтүстік аудандарда 41°С қатты ыстық сақталады. Қостанай облысында кей жерлеріңде найзағай күтіледі. Солтүстік Қазақстан облысында да кей жерлерде найзағай, дауыл, бұршақ күтіледі. Батыстан жел соғады, кей жерлерде екпіні 15-20 м/с жетеді. Петропавл қаласында 7-8 тамызда найзағай, күндіз дауыл, бұршақ күтіледі. Батыстан жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с жетуі ықтимал.
Baq.kz: Мамандар ұйқышылдықтан арылтатын тағамдарды атады. Түске дейін жеміс жеп, сағат төртке таман грек жаңғағы мен миндаль көмектеседі дейді мамандар. Дербес медицина профессоры Маргарита Королованың айтуынша, адамның сағат 15:00-16:00 шамасында энергиясы таусыла бастайды екен. Сергіп, қуаттану үшін клетчатка мен ақуызға бай көкөністер мен жарма көмектеседі. Сонымен қатар грек жаңғағы мен миндальдың да пайдасы зор. Дегенмен тұтынатын тағамның үлес көлемі 200-300 грамнан аспауы керек. Күш-қуат жинап алу үшін бір стақан шай немесе кофе де жеткілікті. Ұйқышылдық тек ұйқы қанбағаннан емес, артық тағам пайдаланғаннан да болатынын айтты.
Massaget.kz: Қазақстанда қанша Абай Құнанбаев бар? Қазақтың Бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың туғанына 10 тамызда 174 жыл толады. Шығармашылығымен ұлтының мақтанышына, әлем халқының ықыласына ие болған дана Абайдың құрметіне талай азамат баласына Абай деген ат берді. Ұлттық Экономика министрліне қарасты Статистика комитеті ұсынған деректерге сүйенсек, 1991 жылдың 1 қаңтары мен 2019 жылдың 1 шілдесі аралығында Қазақстанда 8 "Абай Құнанбаев" тіркелген. Ал "Абай Кунанбаев" болып жазылғандар саны – 22. Сонымен қатар, "Абай" есімді азаматтар Қазақстанда – 8074.