Апат айтып келмейді. Кез келген жағдайда кенеттен болуы ықтимал. 2018 жылдың 12 тамызынан бері Каспий теңізінде тосын оқиғаларды болғызбау туралы келісімге қол қойылған. Бірақ, ресми қабылданбаған. Енді сол заң жүзінде бекітілмекші.
Түсіндірсек, Каспий теңізі Ресейге, Әзірбайжанға, Түрікменстанға, Иран Ислам Республикасына ортақ. Сондықтан, теңізде осы мемлекеттердің де әскери кемелері жүзіп, әуе кеңістігінде ұшақтары ұшады. Барлығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шегелеп бекітілген заң керек.
Әскери кемелер мен әуе кемелері бір-біріне жақындаған кезде кейбір әрекеттерге тыйым салынады
Біріншіден, жауынгерлік маневр жасау, қаруды, зымырандарды, ұшу қондырғыларын, қару-жарақтың түрлерімен шабуылды имитациялауға рұқсат етілмейді.
Екіншіден, жүзуге немесе ұшуға қауіп төндіретіндей және кедергі келтіретіндей қандай да бір заттарды теңізге тастамау керек.
Үшіншіден, кемелерді басқаруға кедергі келтіретіндей жарықтандыру құралдарын пайдалануға, сондай-ақ кемедегі жеке құрамның денсаулығына зиян келтіруге немесе жабдықтарына залал тигізуге тыйым салынады.
ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров заң жобасын түсіндіріп болғаннан кейін, мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин сауалдарға кезек берді. Сөз алған депутат Уәлихан Қайназаров келісімнің 4-бабын атап өтіп, 1972 жылы қабылданған қағиданы тілге тиек етті. Онда халықаралық жағдайларда әскери кемелердің соқтығысуын болдырмау үшін теңіздегі қауіпсіздік қағидалары көзделгенін айтып, осы жөнінде нақтысын білгісі келді.
– Келісімнің ережелеріне сәйкес, әр тараптың әскери және әуе кемелері басқа тараптың әскери корабльдері мен әуе кемелеріне жақындаған кезде қауіпсіз арақашықтықты сақтап және барынша сақтық танытуы қажет, – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров.
"Кемелер топпен келе жатқанда жылдамдығын, бағытын өзгертпейді"
– Алдынан шыққан кеме маневр жасап өткізіп жіберу керек. Бұл ұшақ немесе тікұшақтардың ұшу механизміне де қатысты. Мысалы,
- Қауіпсіздікті қамтамасыз ету пунктерін қабылдаған кезде;
- Келе жатқан кеменің басқаруында қиындық туғызған кезде;
- Апаттық жағдайда, – деді ол.
Радиобайланыс ағылшын тілінде және қолайлы тілде жүзеге асады
Енді әскери корабльдер мен әуе кемелері радиобайланысты орнату кезінде ағылшын тіліндегі шақыру белгілерін пайдаланады. Депутат Серік Сейдіманов әскерилердің қаншалықты деңгейде ағылшын тілін меңгергенін Талғат Мұхтаровтан сұрады. Ол жоғары деңгейде деп, офицерлердің көбісінің шетелге барып жүргенін айтып, жауап берді.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин "әскери тіл" деп сөзді қалжыңға бұрды.
Оқи отырыңыз: Каспийде АҚШ әскери флотының базасы құрылуы мүмкін бе?
Азаматтық пен әскери кеме соқтығысқанда, соңғысы кінәлі болса...
– 1972 жылғы Теңізде кемелер соқтығысуының халықаралық қағидасында кемелерді халықаралық, азаматтық немесе әскери деп бөлген жоқ. Барлық кемелерге қатысты қолданылды.
Қаралып отырған мәселе тек әскери кемелерге қатысты болып отыр. Ал Каспий теңізінде азаматтық кемелер басым. Тосыннан болған апаттық жағдайда әскери кеме кінәлі болса, өтемақы қарастырыла ма? – деп сұрады депутат Сәкен Нұрилұлы. Оған Талғат Мұхтаров:
– Азаматтық кемелер сауда мақсатында теңізде жүзеді. Оларға әскери кемелер зиян келтірсе, азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартылады, – деді
"Теңіз түбіне батқан кемелер жатқан қауіпті аймақтар белгіленбеген"
Депутат Балайым Кесебаева Каспий теңізінде жүзуге қауіп туғызатын кедергілерге тоқталды.
– Кеңес Одағы кезінде ондаған жылдар бойы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде ракеталық жаттығулар жүргізіліп келді. Қазір олардың барлығы теңізде қалды.Кейбірі су бетінен көрінеді.
Ең қауіптісі – теңіз түбіндегі кемелер. Ол аудандар қауіпті жерлерге жатады. Сондықтан, азаматтық кемелер де, әскери кемелер ондай жаққа жоламайтыны белгілі. Бірақ, теңіз картасында қауіпті аймақтар белгіленбеген. Су түбіне шөккен кемелерді теңіз бетіне шығару – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құзырында. Осы қауіпті жерлер бойынша қандай шаралар қолданасыздар? – деп тағы бір мәселенің шетін шығарды.
Оған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі не дейді?
– Сіздің айтып жатқаныңыз толығымен дұрыс. Бірақ, теңіз түбіндегі кемелерді су бетіне шығару әлі басталған жоқ. Қазіргі уақытта қарастырылып жатыр, – деп қысқа қайырды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.
Сонымен қатар, балық аулайтын жерлерде браконьерлікпен шұғылданатындар көп болғандықтан, әскери қызметкерлердің қаруланатынын, құзырлы органдарға дереу хабарласатынын ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров айта кетті.
Былтыр 14 желтоқсанда қабылданған конвенцияда шекара айқындалып еді
Мәжілістің жалпы отырысында соңғы сөз алған Бақытқожа Есмұқамбетов былай деді:
– "Каспий теңізінің мәртебесін белгілеу" конвенциясы – Каспий маңы елдері ішінде серпінді жоба болды. Ал, біздің еліміздің шекарасын рәсімдеу процесі толығымен аяқталғаны қадап айтылды. Қол қою барысында Елбасы қауіпсіздік мәселесін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу, салдарын болдырмау тағы басқа әскери қызметке ерекше назар аударылатынын айтып өткен болатын.
Заманауи кемелер құрастырылып, ұтымды инфрақұрылымды жағалаулар қазіргі заманға сай салынатын болады. Сол үшін Өзбекстан, Түркіменстан, Иранмен тығыз қарым-қатынас орнатып жатырмыз. Қауіпсіздік мәселесін көздейтін заң жобасын қолдауларыңызды сұраймыз.
Оқи отырыңыз: Бесінші Каспий Саммиті: Теңіздің мәртебесі туралы келісімге қол қойыла ма?Мәжілістің жалпы отырысының нәтижесінде "Каспий теңізінде тосын оқиғаларды болғызбау туралы келісімді ратификациялау" заң жобасы депутаттардың арасында бір ауыздан мақұлданды.