Тікелей эфир

Ит байласа тұрғысыз... Астананың құлағалы тұрған үйлері қашан күреледі?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Астананың оң жағалауында құлағалы тұрған үй көп. Арғысы 1940 жылдары салынған ол үйлерді әкімдік біртіндеп күреп жатыр.

Әкімдік былтыр 228 үй күрепті

Қала әкімдігінің ресми сайты: "Апатты үйлерді сүріп тастау" пилоттық жобасының бірінші кезеңіне сәйкес 2017 жылдың сегіз айында 117 үй бұзылған. Онда тұратын 1570 отбасы жаңа жерден үй алып, қоныстойын тойлады. Ал 2017 жылдың соңына дейін тағы 111 үйді күреп тастау жоспарда" деген ақпарат таратқан.

Яғни, былтыр "Сарыарқа" ауданында – 124 үй, "Алматы" ауданында – 82 және "Есіл" ауданында – 22 үй күрелді.

Осылайша 2018 жылдың қаңтар айынан бастап жобаның екінші кезеңі басталатынын хабарлаған.

Жоба аясында 150 апаттық үй күрелуі тиіс еді. Жоспарға сәйкес 8500 пәтер пайдалануға беріледі деген. Бірақ...

Ит байласа тұрғысыз...

Адольф Янушкевич атындағы 12 мен 12/1 көпқабатты үйлердің тұрғындарынан күндіз күлкі, түнде ұйқы қашқан. Өйткені, үйдің кірпіштері мүжіліп, көз алдарында құлап жатыр.


Іргетасы жарылып, кірпіштері үгітіліп жатыр

Іргетасы жарылып, кірпіштері үгітіліп жатыр / Фото авторға whatsapp арқылы келіп түсті


Осы үйдің тұрғыны Гүлшат Дүйсенова үйімізді жөндеп беріп, уақытты созғылары келеді дейді.

Айтуынша, ол жуырда фейсбук әлеуметтік желісінде шағым жазба қалдырған. Оны көрген Байқоңыр ауданының әкімі бір-екі күннің ішінде тұрғындармен жолығатынын хабарлаған.

Әкімнен бір күн бұрын өзін көмекшісімін деп таныстырған жігіт:

– "Үй әйтеуір күреледі, оған дейін тұрғындар ақша жинап, бір жөндеп алулары керек" деп көндіргісі келді, – дейді Гүлшат.


Қауіпсіздік ережелері сақталмаған

Қауіпсіздік ережелері сақталмаған / Фото авторға whatsapp арқылы келіп түсті


– Біздің апатты жағдайдағы үйлерді 2007 жылы 47 миллион теңгеге жөндеген. Енді тағы жамап-жасқап, қайта он жыл күтетін шамамыз жоқ, – дейді тұрғындар.

Балалар ауыршаң

Гүлшаттың айтуынша, үй апатты деп танылғалы біраз болған. Тек әкімдік күреуге асығар емес.

– Үйде қандала, тарақан, егеуқұйрық қаптап жр. Қабырғалар жарылған. Электр сымдары жалаңаштанып, сыртқа шығып тұр. Құбырлар тозып, шіріп кеткен. Бір қабатта қырыққа жуық бөлме бар. Бәріне бір әжетхана. Ыстық су жоқ. Үйдің маңында жүрудің өзі қорқынышты, сыздан кірпіші үгітіліп түсіп жатыр, – дейді Гүлшат.


2018-2020 жылдары күрелетін үйлер тізіміне енген

Гүлшат Дүйсенова тұратын үй 2018-2020 жылдары күрелетін үйлердің тізімінде тұр / Фото авторға whatsapp арқылы келіп түсті


– Бұл үйде тұратындардың балалары жиі ауырады. Дәрігерлер көшуге кеңес береді, себебі аурудың себебін осы үйден көреді, –дейді ол.


40 бөлмеге бір дәретхана

40 бөлмеге бір дәретхана / Фото авторға whatsapp арқылы келіп түсті


Аудан әкімінің жауабы ұнамады

Оныншы мамырда Байқоңыр ауданының әкімі, Ерлан Каналимов уәде еткеніндей осы екі үйдің тұрғындармен кездескен.

– Бұл екі үйдің апатты деп танылғаны рас, техникалық байқау қорытындысы бар. Бірақ, дәл қазір барлығыңызды көшіре қоятын дайын пәтер жоқ. Біз қала бойынша 80 апатты үйді күреу туралы бағдарлама әзірлеп, бес жылға бекіттік. Ол 2018 жылдан бастап есептеледі, – деген.

Әкімдік апатты үйлердің тізімін жасап жатыр

Әкімдікте 2018 жылы бастап бұзылатын 150 үйдің тізімі әлі жоқ. Мына үйлер күреледі деп атап айтуға ерте, апатты үйлердің тізімі әлі жасалып жатыр делінген әкімдіктің ресми жауабында.


жауабы....

жауабы.... / Әкімдіктің жауабының скриншоты


Әкімдіктің жауап хатында жазылғандай, пилоттық жобаның шарттарына сәйкес бұзылатын апатты жағдайдағы үйлердің орнына ауданына сай бір бөлмеден кем емес жаңа пәтер беріледі. Яғни, апатты үйлердің тұрғындарына жаңадан үй берілгенде бөлмелердің саны, үй иесінің отбасы мүшелерінің құрамы ескерілмейтінін түсіндіру керек. 1940 жылдан бастап 1970 жылдар аралығында салынған, негізгі құрылыстық құрылымдары мен инженерлік жүйелері тозған үйлер құлатылады.

2008 жылғы "уәде" де аяқсыз қалды

Тұрғындардың қолында сонау 2008 жылы жарияланған жергілікті газеттің нөмірі бар. Ондағы мақалада сол кездегі қала әкімі Асқар Маминнің:

"Константин Циалковский көшесіндегі номері 16 үйдің (қазіргі Адольф Янушкевич атындағы көше,12 үй ) мәселесі шешілді. Биыл ол үй күреледі, сіздер басқа үйге көшесіздер" деген сөздері келтірілген.


1апр

Мақала "Недвижимость" газетінде жарияланған / Фото авторға whatsapp арқылы келіп түсті


– Содан бері 10 жыл өтті. Үй де күрелген жоқ. Ешкім көшірілген де жоқ. Әкімдер ғана ауыса береді, – дейді тұрғындар.

Елбасы: Елорданың өз заңы болу керек

Бұл туралы Елбасы биыл бесінші сәуірде Астананы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте айтқан болатын.
"Біз Қабанбай батыр даңғылымен көпірге жақын жерден күнде өтеміз. Мына үй 20 жыл бұрын тұр еді, әлі бар. Ешкім оны күреп тастай алмай отыр. Бұл қалай болғаны? Бұл саяжайлар ЭКСПО ауданында жатыр. Мүмкін бағасына келісе алмай жатқан болар. Барлығы ашық көрсетіліп жазылған Елорданың өз заңы болуы керек. Астанадағы мәселелерді шешу үшін қазіргі қалдық құнына сай есептеп, мұндай ескі нысандарды бұзу қажет. Қирап тұрған ескі лашық үшін аспандағыны сұрайтындар мемлекет есебінен пайда тапқылары келеді, – деген Елбасы.
Ал осыдан тура бір жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананың орталығында "қала көркін бұзатын" ескі үйлерді күреуді жандандыру керек деп, қала әкімі Әсет Исекешевке тапсырған болатын.

Қайда көшірсе де кете береміз, таңдамаймыз

Алайда сол беті күрелмей қалған тек Адольф Янушкевич көшесіндегі екі үй ғана емес. Мәселен, Сәкен Сейфуллин көшесі мен Жеңіс даңғылының қиылысында 1961 жылы салынған екі қабат екі үй тұр. Әрқайсысында 16 пәтер бар. Владимир Должок – Сәкен Сейфуллин көшесіндегі номері 16 үйдің тұрғыны.

– Бұл үйлерде жертөле жоқ. Еденнің астынан тартылған құбырлар ескіріп-тозғалы екі күннің бірінде жарылады, үйді су басады да жатады. Содан айнала сыз тартып, шіріп жатыр. Небір жәндіктер қаптап жүр.

Үй күреледі деген уәдемен 10 жыл өтті. Сол жағалау бой көтере бастаған кезде біздің үй күреледі деген. Әлі сол әңгіме. Биыл да барып қашан бұзылатынын сұрағанмын. Әкімдік білмейді. Тағы күтетін сияқтымыз, – дейді ол.


Владимир жеті жасынан бері осы үйде тұрады

Владимир жеті жасынан бері осы үйде тұрады / Фото informburo.kz


– Бұл үйлер көше жақта тұр. Қаланың көркін кетірген осындай қаншама үйлер бұзылып жатыр, бізге де жететін күн болар. Осы жазда күрелсе, жақсы болар еді. Қайда көшірсе де кете береміз, таңдамаймыз, – дейді Владимир Должок.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары