Исаак 2002 жылы дүниеге келген. Әкесінің аты Андрей, анасы – Майя.
Әу бастан-ақ дәрігерлер анасына дүниеге сау баланың келуі екіталай деп, жасанды түсік жасатуға кеңес беріпті. Бірақ, ананың жүрегі бәрі жақсы болады деп соқты. Сол сезім дәрігерлердің сөзіне құлақ астырмады.
Тек жүктілік мерзімі 30 аптаға жақындағанда қан қысымы көтеріліп кеткендіктен, ана мен баланың өміріне қауіп төнбей тұрғанда деп дәрігерлер кесарь тілігі арқылы босандырып алады.
Көзін ашпай жатып-ақ өмір үшін күрес басталады
Шынжау туған шақалақ бастапқыда демала да алмапты. Дәрігерлер оның өздігінен тыныс алуы үшін арпалысады. Бірер күннен соң миына қан құйылды, өкпесіне суық тиді деген сияқты диагноздар көбейе түседі.
– Жас болғандықтан ба ештеңе түсінбедім, білетінім жаратқанға күндіз-түні жалбарынып, дұға тілей бердім, – дейді Майя. – Дәрігерлердің болжамдарынан қорықпадық. Бәрі жақсы болады деген сеніміміз нық болды. Исаак өз бетімен тыныс алып, жақсарған соң үйге келдік. Бірінші балам болғандықтан, солай болуы керек шығар деп, дамуы қалыпты деп жүрдім. Ол қол-аяқтарын қимылдатып, күліп-ойнап өсіп жатты, белсенді болды. Бірақ қолын ештеңе ұстамайтындығына мән бермеппін, – дейді анасы.
Сегіз айға толғанда балаға церебралды сал ауруы деген диагноз қойылады.
Дәрігерлер психоэмоционалды дамуы да кешігіп жатыр деген еді, бірақ бізбен бірге қуанып, мұңаятын, күліп-ойнап жүрген отбасының толыққанды мүшесі болды. Біз онымен үнемі ересек адам сияқты сөйлестік. Ол өте көп ойланатын, еркелемейтін, бір жері ауырса ғана жылайтын.
Болар бала жөргегінен
Біздің жағдайымызды түсініп отыратын, кішкентай кезінен ақылды болып өсіп келе жатқанын бірден байқадық. Тілі бір жасында өзімен қатарлас балалармен бірге шықты. Екі жасында толық сөйлем құрап, сөйлейтін болды.
Оған кітап та оқып беретінбіз, есте сақтау қабілетінің жақсы болғаны сондай, бір оқып бергеніңді қағып алып, қаз-қалпында өзіңе қайталап айтып беретін. Қаншалықты қиындатсақ та, не оқып берсек те, тіпті оқылған ұзын-сонар әңгімелерді де өзімізге қайталап айтатын. Қазір де сондай. Мүмкін емес, мұндай болмайды, не жүре алмайды, не отыра алмайды, сөйлесе сайрап тұр деп әжелері таңқалатын.
"Бізді ешбір балабақша қабылдамады"
Баланы дамыту үшін балабақшаға бергім келді. Күніне бір-екі сағат болса да, топтық сабақтарға қатыссыншы деп есігін қақпаған балабақшам болмады. Олар Исаак сияқты баланы алуға дайын емес еді. "Күтуші сіздің балаңызбен ғана отыратын болса, өзге балаларға кім қарайды" деген жауаптан басқаны естімедік. Содан өзіміз қолға алдық.
– Анам маған балабақшаны үйде жасап берді. Өзім құралпы балаларды шақырып, мерекелер ұйымдастыратын. Бізге сурет салуды, ойнауды, көп нәрсені үйретті. Мен үнемі достарымның ортасында болдым. Олар өздерін менен артық санап көрген емес, бәріміз бірдей болдық, – дейді Исаак.
Әкеміз үнемі қасымда болды
– Исаак көпшіл болып өсті, үнемі достарының қасында болғанын қалады. Балалармен ойнағанды жақсы көретін. Сосын әжесі онымен балаша ойнады, мүмкін соның да көмегі тиген болар, – дейді Майя.
Сол кезде қатарлас достарымыз да енді-енді үйленіп, балалы-шағалы болып жатқан кез ғой. Бәріміздің балаларымыз тетелес өсіп келеді. Той-томалақ, жиындарда кездесіп қалғанда, олардың балаларының шапқылап жүргенін көрген сайын жүрегімнің ауыратыны рас.
Жасқаншақ болдым, жыладым, қазір аздап өзіме күш жинаған шығармын, үйрендім, көндім, Аллаға разымын. Сол кезде жарымның қолдау-қолпаштауы демеу болды.
Әкесі екеуіміздің өз рөлдеріміз бар, міндеттерді бөліп алғанбыз. Ол жұмыс істеп, ақша табады. Мен балаларыма қараймын, үй іші шаруасына ие боламын. Екеуіміздің ата-анамыз, отбасымыз бізге жігер берді. Олар тіпті өздерін Исаактың ауыратынын білмейтін адам сияқты ұстады. Ерекше еркелетіп, махаббаттарын аямады.
Өмірде ең бастысы адам өзін бақытты сезіну керек, сүйікті болу керек деп отыратын. Ол жүре алмайды деп ешкім ойлаған жоқ, бәріміз әне-міне жүріп кетеді, сауығып ел қатарлы өмір сүреді деп жүрдік. Анашым, кейбір адамдар жүре алмайды, ондай болады деп айтып отырады, мен сары уайымға салынбасын дейтін шығар.
Ол өзін өзгеден кем санамайды
– Қандай ана баласының жаман болғанын қаласын, менікі ең әдемісі, ең жақсысы дейді. Қасында өзінің құрдастары менің баламнан екі есе үлкен болып тұрғанда, оның арбасында не болмаса былайғы жерде аяқтарымен тырбыңдап, ап-арық, кішкентай болып, бүрісіп отырғанын көргенде жүрегің сыздайды. Бәрі жақсы деп өзіңді қанша сендіргенмен, оңай емес.
Ең бірінші анасына ауыр екенін ол түсініп, ұғынған сияқты, өзін өте сабырлы ұстайды. Оған ештеңені түсіндірудің керегі жоқ, білмеймін, мүмкін менің көңіл-күйім түспесін дейтін шығар. Өзінің аурушаң болғанынан Исаак мүлдем қымсынбайды, соған қуанамын. Мен осындаймын, қолдан келер қайран жоқ дейді. Осы қалпын асқан сабырлылықпен қабылдаған. Жүрмесе де бармайтын жері жоқ. Қалаған жеріне апарамын.
Баламыздың елден ерек дарыны бар екенін білген соң, біз үш-төрт жасынан бастап, табиғаттану сияқты кітаптар сатып ала бастадық. "Шөп қалай өседі, ұшақ қалай ұшады, поездер қалай жүреді" деп, бәрін білгісі келіп тұрды. Мен болсам, білгісі келетін нәрсенің бәрін тауып, видеонұсқасы болсын, кітап болсын әкеліп беретінмін. Үш жасында поезд қалай жүретін көрсету үшін, тіпті, теміржол депосына да апардым.
Жеті жасында мектепке барды
– Алты жасында мектепке апардық, ол жер жеті жастан бастап аламыз деп,тағы бір жыл күттік. Бір жылдан соң қайта барсақ, баланы үйге келіп оқытамыз дейді. Бір жақсысы, сынып жетекшісі жап-жас қыз екен, Исаактың мектепке келіп, балалармен кездесіп тұруына еш қарсы болмады.
Ал үйге басқа, тәжірибелі мұғалім келіп жүрді. Ол кісі Исаакты мектепке апармау керек деген пікірде болды. Балаға қиын болады, бәрі сияқты жүре алмайтындығы жанына батады, бұл көңіліне қаяу түсіреді деп айтты.
Ол кісі – тәжірибесі мол ұстаз болатын. Ұлымды жазуға дағдыландыру үшін бар күші мен уақытын сарп етті. Ақыры үйретті. Ал сынып жетекшісі қарсы болмағандықтан, біз мектепке барып жүрдік, кейін сынып жетекшісі балаларды біздің үйге ертіп әкеле бастады. Осылай сыныптастарымен достасып кетті.
Біреу үшін Исаактай болу арман
Майяның айтуынша, ең бастысы ерекше қажеттіліктері бар бала тәрбиелеп отырған басқа ата-аналар Исаакты көріп, үлгі алады, ниеттенеді. Мән берілмей, таланттары ашылмай жатқан дарынды балалар көп. Оларды дамыту керек.
15 жасқа келіп, ауыр күндердің барлығы артта қалғаннан кейін осылай деп айту, мүмкін, маған оңай шығар. Бірақ кез келген ата-ана алдымен балам жазылса екен деп қана жүретіні рас. Негізінде, маңыздысы ол емес. Бастысы, баланың бақытты сезінуі, ол үшін бойындағы дарынның, таланттың көзін ашу керек.
Исаактың жобасы
Исаак қазір арбаға таңылған балалар үшін тьюторлық ("Тьютор" – ағылшын тілінің tutor сөзі, "қамқоршы", "жетекші" деген мағынаны білдіреді) қолдауды тәжірибе ретінде енгізу туралы жобасына қатысып жатыр.
– Бірақ, бізде кедергілер өте көп болып шықты. Дегенмен, қолға алғасын, қайтпау керек. Алдымен, оларды білім беру жүйесіне сіңіру қажет. Біздің жобамыздың нәтижесіне қарап бағалайтын болғандықтан үміт үлкен.
Балалардың бәрі тұйық болып қалған, сөйлесе алмайды. Ол жоба дайындау барысында менімен ақылдасып отырады, өзім ол саладан болмаған соң, пайдалы кеңес берейінші деп ізденемін. Бірақ негізі сұрақты біздегі заңды тұлғалар бірлестігімен бірігіп шешеді. Қазір ұлым адамдармен сөйлесіп, өзіне жауапкершілік алып, шешім қабылдауға ұмтылып жүр, – дейді анасы.
Исаак үшін бұл жобаның маңызы зор. Жоба аясында педагогикалық жоғарғы оқу орындарының түлектері арасында мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсететін тьюторлық қызметке іріктеу болады.
– Жүздеген оқушылар мен студенттер қалаған мектептерінде оқып, жоғары білім алуы үшін, жобаның менің қаламда ғана емес, ел бойынша таралуына бар күшімді салатын боламын.
Әлемді өзгерту үшін бірінші өзіңді өзгерту керек. Мен жұмысты өзімнен бастадым. Өзіңе назар аудартудың екі жолы бар. Біріншісі – өзіңе деген жұрттың аяушылық сезімін оятып, көмек сұрау, екіншісі – құрметін ояту. Мен екінші жолды таңдадым, – дейді Исаак.
Исаактың жақсы көретін қызы бар
– Ол өте сезімтал. Үнемі біреуге ғашық күйде жүреді. Ылғи да өзінен үлкен қыздарды ұнататын. Қазір жақсы көретін қызы бар. Жасы 25-те. Ақылды қыз, саналы түрде оның сезімін қолдап, үлкен болса да көңіл бөліп жүреді. Мен оның әйел затын қадірлейтін азамат болып өскенін қалаймын, біреуге сыйлық әперемін десе әрдайым көмектесемін. Ол ғашық болса, біз қуанамыз, – дейді Майя.
Достарым – менің командам
– Менің балалық шағым ауыр, бірақ бақытты сәттерге толы болды. Алғашқы жылдары ауруханадан шықпайтынмын. Ал мектепке барған соң тарихи кітаптарды оқығанда, бір ғана қағида барын түсіндім. Адамдар жер бетінде өмір сүру үшін бір-бірімен соғысады. Əлемде бейбіт өмір сүруге болады ғой. Тек ғылымның тоқтамай, алға жылжитынын ұқтым. Сөйтіп, ғарыш əлеміне, галактикаға деген қызығушылығым оянды. Менің достарым өте көп, оларды өзімнің командам деп санаймын.
Белгісіздікті, жұмбақ дүниені зерттегенді жақсы көргендіктен физиканы таңдадым. Ғалам – жұмбақ, ең белгісіз орын. Жер болса космоста тұрады, сонда туды. Ал ғарыштың қасында біздің планета құмның түйірінен де кішкентай. Мен өз болашағымды ғарышпен байланыстырамын, – дейді Исаак.
Атақты ғалым, астрофизик Стивен Хокингтей ғалым болатынына сенеді
– Əлі есімде, теледидардан Хокингтің бағдарламасын көрдім. Ғалым уақыт машинасы жайлы айтып жатыр екен. Бір уақытта бірнеше жерге саяхат жасауға болатынын айтты. Тыңдап отырып, қатты қызықтым. Ғалымның кітаптарын оқыдым. Өмірге деген қызығушылығым оянды. Сол күннен бастап, Стивенмен кездесуді армандадым.
2015 жылы Астанада оқушылар арасындағы ұлттық инновациялар конкурсына қатыстым, сол жерде Әсет Исекешев болды. Ол маған Стивен Хокингпен кездесуді ұйымдастырып бере аламын деді. Бір күні бізге қоңырау шалып, Хокингтің келіскенін айтты.
Анасының айтуынша, Стивен Хокинг Исаакпен кездесуді биылғы күз айларының кестесіне енгізіпті.
Арманы...
– Арманым Кембриджге оқуға түссем деймін. Отбасылы болып, бақытты өмір сүргім келеді, жақсы көретін қызым бар. Көп саяхаттасам деймін. Өз елімнің патриотымын, – дейді Исаак.