Инвестиция азайып жатыр

Finprom сараптама агенттігінің ақпаратына сүйенсек, осы жылдың алғашқы жартысында ауыл шаруашылығына 114,2 млрд теңгенің инвестициясы келген, бұл өткен жылдың тап осы кезеңімен салыстырғанда 18,6 пайызға аз. Алайда статистика комитетінің деректеріне жүгініп зерттеу жүргізген сараптама агенттігі "ол инвестицияның көбі ірі компаниялардың өз есептерінен, ал тікелей шетелден келетін қаржы азайды", – деп жазады.

Ауыл шаруашылығын қаржыландыруға банктер мен кредиттік ұйымдар, сонымен қатар шетелдік инвесторлар құлықсыз. Көбіне ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлер істерін өз табыстары есебінен қаржыландырады, – дейді агенттік өкілдері.

Ресми деректе расымен солай – отандық ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің өз шотынан құйған инвестициясы бір жылда 39,2 пайызға өсіп, 97 млрд теңгеге жеткен. Мұндай мүмкіндік тек ірі компанияларда бар екенін ескерсек, осы салада жұмыс істейтін басқа шағын кәсіпкерлердің күйінің нашарлап кеткені айтпаса да түсінікті. Оған осы жылы банктердің агро саласына берген қаржысы 27,3 пайызға азайып кеткені дәлел.

Жыл сайын байқалатын құбылыс

Жалпы шетелдік инвестиция көлемі азайып кеткен тек ауыл шаруашылығы ғана емес. Жыл басынан бері Қазақстанның металлургия өнеркәсібіне қызығушылық танытқан шетелдіктердің де саны азайыпты. Бар қуатын қосып жұмыс істеу үшін отандық өнеркәсіптерге қаржы жетпейді дей келе, Finprom сараптама агенттігі осы жылы аталған салаға небәрі 78,5 млрд теңге инвестиция құйылғанын, мұның өткен жылмен салыстырғанда екі есе аз екенін жазған.


Денсаулық сақтау саласына келетін инвестиция жылдан-жылға азайып жатыр

Денсаулық сақтау саласына келетін инвестиция жылдан-жылға азайып жатыр / Сурет almaty.tv сайтынан алынды

Елдегі 5,5 миллион адам жұмыс істейтін, яғни еңбекке қабілетті адамдардың 64,2 пайызы қызмет ететін ең маңызды салалардың бірі – сервистік экономика да осы жылы шатқаяқтап тұр. Шетелдіктер сатып алған қызметтердің жалпы көлемі 39,4 пайызға дейін азайған. Бұл бағытта инвестиция тартып тұрған тек тау-кен өндірісі екен – оның өзінде жыл басынан бері мұнда құйылған барлық 4 трлн теңгенің 1,5 трлн теңгесі осы салада өндірілген шикізатқа тиесілі.

Ал адам капиталын дамытуға бағытталған шетелдік қаражат та ең төменгі шамаға түскен. Мәселен, білім беру саласындағы екі жыл бойы құйылған қаржы 3,6 пайыздан 3 пайызға дейін, денсаулық сақтауда – 1,2-ден 0,8 пайызға дейін, кәсіби, ғылыми және техникалық бағыттардағы 1,2-ден 0,8 пайызға дейін кеміп кеткен. Негізінен денсаулық сақтау саласына келетін шетелдік капиталдың азаюы тек осы жылы ғана байқалып жатқан құбылыс емес. Инвесторлардың бұл бағытты қаржылай қолдауының азаюы 2015 жылы да байқалған. Ол кезде инвестиция көлемі 27,5 пайызға, ал 2016 жылы тағы да 24 пайызға азайған болатын.

Үкімет үмітпен шектеліп отыр

Жыл басында үкімет басшысы сырттан келген кәсіпкерлерге биліктің жаңа инвестициялық стратегиясын таныстырған. Шарадан соң басылымдардың біріне сұхбат берген премьер Бақытжан Сағынтаев елдің инвестициялық әлеуетіне үміт артатынын айтты. Ол үкіметтің ұлттық инвестициялық стратегиясының негізгі мақсаты бұрынғы инвесторларды ұстап қалып, жаңаларын тарту екенін жеткізген.

– Біз сырттан келетін капитал үшін басқа елдермен тереземіз тең күйде күресетін боламыз. Жаңа инвесторлардың бұған дейін жұмыс істеген кәсіпкерлерге қарайтынын, оларға біздің қандай жағдай жасайтынымызға мән беретінін жақсы білеміз. Жаңа жоспарда осыған ден қойдық, – деген болатын премьер.


Жыл басында таныстырылған жаңа инвестициялық стратегия орындалған жоқ

Жыл басында таныстырылған жаңа инвестициялық стратегия орындалған жоқ / Сурет 24.kz сайтынан алынды

Көп уақыт өтпей елде инвестиция тартумен айналысатын министрлік пен арнаулы агенттіктің барына қарамастан, үкімет ақпанда Kazakh Invest деп аталатын және бір ұлттық компанияны құрды. Содан бері қандай да бір ірі жобаларда не шетелдіктермен жасалған келісім-шарттарда бұл компанияның аты атала қоймады. Тек өткен айдағы үкімет отырысында президент Назарбаев жаңа компанияның мардымды жұмыс істемегенін айтып, сынады. Оның айтуынша, Kazakh Invest өзіне артылған сенім мен үмітті ақтамаған. Президент соңғы жылда экономиканың басым секторларында ірі инвесторлардың қатысуымен ешқандай жаңа жобаның жасалмағаны үшін құзырлыларды қатты сөкті.

– Осы нәрсені жылда айтамыз. Бұл салаларда стратегиялық инвестормен бірлескен бірде бір жоба жасалған жоқ. Kazakh Invest деп аталатын арнайы ұлттық компанияны да құрдық. Оған айрықша мәртебе бердік, барлық аймақтарда өкілдіктерін аштық. Жарты жыл өтті, нәтиже қайда? – деп сұрады Назарбаев.

Сөз естіген ұлттық компания басшылығы үндемей қалған жоқ. Kazakh Invest басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Жиенбаев "президенттің қолайсыз уақытта тексергенін айтып" ақталғансыды.

"Мәселе компанияда емес, жүйеде"

Бірақ Жиенбаевтың уәдесінің орындаларына экономистер күмәнді. Себебі, көптеп тартылмақ түгілі, кейбір салаларда инвестицияның азайып кетуі, сарапшылардың айтуынша, бір компанияның ғана айыбы емес, тұтас жүйенің қателігінен.

Сырттан капиталдың келуі парламент, үкімет, облыстық әкімдіктердің жұмысының нәтижесінен соң қалыптасатын инвестициялық климатқа байланысты, – дейді экономика сарапшысы Сергей Домнин.

Оның айтуынша, президент сөккен компанияға ешқандай ерекше құзыр берілмеген. – Оның міндеті, – дейді экономист, – бұған дейін жұмыс істеп келген институттардың жұмысын жалғастыру ғана болды. "Егер сұрасақ, жағдай біраз нашарлаған соңғы жылдар үшін емес, кезінде мұнайдың арқасында экономика тұрақты өсіп келген 2000 жыл мен 2010-2014 жылдар үшін сұрау керек", – дейді ол.

Сол жылдары қолайлы жағдай да, ыңғайлы курс та болды. Егер бір ғана компания кінәлі болса, неге сол жылдары инвесторлар ағылып келген жоқ? Неге елбасы айтқан ірі инвесторларды өзімізге тарта алмадық? Соңғы 15 жылда елге келген ірі инвестициялар саусақпен санарлық қана ғой, – дейді ол.

Қытайлық инвесторды жергілікті полицияның табалдырығын тоздыртқаны қынжылтты

Қаржыгер Расул Рысмамбетовтың ойынша, инвестиция тарту туралы айтып келе жатқанымызбен, елде бұл үшін әлі жүйелі өзгерістер жүргізілген жоқ.

Соңғы жылдары инвестицияның азаюына себепші болған жәйттердің ішінен халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлап, тауарлардың өтпеуі ғана емес, салық салу жүйесінің тұрақсыздығының, әрі бұрыннан бері сақталып келе жатқан әкімшілік кедергілердің болуының кері әсері көп тиді, – дейді ол.

Сарапшы өткен айда болған Қазақстан – Қытай бизнес-форумында елде киім өндірісімен айналысып жүрген кәсіпкер Ву Сонгтің "көп мәселенің "қазақбайшылықпен" шешілетініне бейімделіп кеттім" деп айтқанын еске түсірді. Ол жергілікті полицияның Қытай азаматын кез келген уақытта ешбір себепсіз тоқтатып, бірнеше күн бойы тексере алатынына таңқалған.

"Келер алдында осындағы инвесторларға жасалған жағдай туралы ресми деректерді қарап шықтық. Бірақ келген соң саясаткерлер де, баспасөз де жақ ашпайтын мәселелерге тап болып жатырмыз", – деп қынжылған.


Қытай кәсіпкерлері елдегі мәселелер "қазақбайшылықпен" шешілетініне бейімделіп кеткен

Қытай кәсіпкерлері елдегі мәселелердің "қазақбайшылықпен" шешілетініне бейімделіп кеткен / Сурет kapital.kz сайтынан алынды

Үкімет уәдесін орындамайды

Оның үстіне, экономист Сергей Домниннің айтуынша, соңғы уақытта биліктің жаңа зауыт-фабрика салатын аумақтарды ашып беруге ақшасының жоқ деп қынжылған қытайлық кәсіпкерлер ауыл шаруашылығына құйылған қаражаттың салықтан ақталмайтынын да айтып шағымданатын көрінеді.

Тіпті ірі жобаларды іске асыруға жұмсалған шығынның 30 пайызын қайтарып береміз деген үкіметтің уәдесінің қағаз жүзінде қалып қойғанына инвесторлар ренжулі, – дейді маман.

Домниннің айтуынша, ешқандай жеңілдікке үміт артпай-ақ өз бетімен жұмыс істеймін дейтін инвесторлардың өздері қаржысы мен жеке бас қауіпсіздігіне алаңдап жатады. Себебі, – дейді Домнин, – елде бизнесті күшпен тартып алып, соттың шала, шикі шешім шығаруы мүмкін екенін, парақор шенеуніктердің қысымына тап болуы мүмкін екенін инвесторлар жақсы біледі.

Жергілікті билік келген инвесторды серіктес емес, қарсыласындай көреді. Мысалы, қарағандылық кәсіпкерді онсыз да жағдайы мәз болмай тұрған бөгетті бұзғаны үшін соттап жіберген. Бөгеттің күйі туралы айтқан кәсіпкерді елемей, кейін ауылды су шайып кеткенде кінәнің бәрін соған арта салды. Сондықтан ірі инвесторлардың келмеуі елдегі тұтастай мемлекеттік аппараттың жұмысының "көрсеткіші", – дейді экономист.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter