Қазақстанда интернет пайдаланушылар саны анағұрлым өскен
– Қазіргі кезде елімізде 117 қала мен 3324 ауылда кең жолақты Интернет қол жетімді. Ол әр түрлі технологиялармен қамтамасыз етілген, солардың ішінде талшықты-оптикалық желі, 3G және 4G желілері.
2018 жылы Қазақстан әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-ші орынға ие болды.
Қазақстанда Интернет пайдаланушылар саны 2018 жылы 81,3%-ті құрады және әлемдік рейтингте Қазақстан 45-ші орынға ие болды, – деді алғашқы болып сөз алған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Министрі Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев.
Ауылға интернет қалай жеткізілмек?
Министрдің айтуынша, 2019 жылғы алғашқы жарты жылдықтағы жағдайы бойынша талшықты-оптикалық желілер 83 ауылдық елді мекенде (оның ішінде 85 денсаулық сақтау объектілері мен 76 білім объектілері) іске қосылды. 2019 жылдың аяғына дейін 685 ауыл Интернет желісіне қосылады, ал 2020 жылы қалған 509 ауылды қосу жоспарланған.
Асқар Жұмағалиев LTE (4G) стандартындағы мобильді желілерді 2020-2022 жылдарда 3143 ауылға: 2020 жылдың аяғына дейін тұрғындардың саны 250-ден асатын 880 ауыл, тұрғындардың саны 50-ден жоғары 885 ауылды интернет желісіне қоспақ.
Сонымен, қорытындысы бойынша 2022 жылдың соңына дейін 5089 ауылдық елді мекен интернет желісіне қосылады.
5G қашан және қалай енгізіледі?
Тағы бір айта кететін мәселе Қазақстанда жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатқаны айтылды.
– Қазақстанда 5G желісін енгізу бойынша Жол картасы бекітілді. 5G мобильді байланысының тесттік сынағы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өткізілді.
5G технологиясын енгізу үшін тартылатын инвестициялар көлемі үлкен, – деді Асқар Жұмағалиев.
5G технологиясын енгізу жобасы:
- 2021 жылдың аяғына дейін Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев университеті мен ЭКСПО-да;
- 2022 жылы аэропорт пен вокзалда, сауда орындары мен алаңдарда;
- 2023 жылдан бастап барлық облыс орталықтарында енгізіледі.
2022 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы халқының 97%-ы кең жолақты интернет желісімен қамтылатын болады. Қалған 3%-ына спутниктік технологияны қолдану мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Қанша мектепте интернет дұрыс жұмыс істемейді?
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұхтар Ерман мәлімдеді:
– Қазақстанда 93 мектеп интернетке қосылмаған. Оның 30-ы Батыс Қазақстан облысында, қалғандары Түркістан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында.
Сонымен бірге, 684 мектеттің интернеті бар болғанмен, интернет жылдамдығы әрең 4 Мбит/сек. Яғни интернетке қосылу сапасы өте төмендігін білдіреді, – деді.