Тікелей эфир

Инфляция ырық бермей кетті. Азық-түлік бағасына бақылау күшейеді

pm.kz сайтынана алынды
pm.kz сайтынана алынды
Үкіметте 2019 жылдың қаңтар-шілдесіндегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің орындалуы қаралып, жаңа оқу жылына дайындық пысықталды.

"Минустағы" салалар мен өңірлер

2019 жылдың қаңтар-шілде айларында ІЖӨ өсімі өткен жылдың тиісті кезеңіне шаққанда 4,2% құрады. Соның ішінде экономиканың драйвері ретінде құрылыс 11,5%, сауда 7,5%, көлік саласында 5,4% өссе, өңдеу секторында машина жасау 17,7%, жеңіл өнеркәсіп 14,3%, түсті металдар өндірісі 17,2%, мұнай өңдеуде 5,1% ұлғайды.

Ал көмір, шикі мұнай өндіру, химия өнеркәсібі мен қара металлургия салалары жоспарлы көрсеткіштер орындалмай, осыған жауапты министрліктер Үкімет басшысынан сөз естіді.

– 7 айдың қорытындысы бойынша негізгі базалық көрсеткіштер бойынша Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында экономикалық өсімге қол жеткізілді, – деген Асқар Мамин басқа облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуын күшейтуді тапсырлды.

Нұр-Сұлтан қаласынан басқа өңірлер бюджетті артығымен толтырды

Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұловтың мәліметінше, биылғы жартыжылдықта мемлекеттік бюджет бойынша кірістердің өсу қарқыны 114,5%-ті, республикалық бюджет бойынша – 118%-ті және жергілікті бюджет бойынша – 106%-ті құрады.

– Бюджеттердің барлық деңгейлерінде қаражатты игеру былтырғы жылға қарағанда жақсарды: мемлекеттік бюджет бойынша – 98,4%-ті, республикалық бюджет бойынша – 98,9%-ті және жергілікті бюджеттер бойынша – 98,2%-ті құрады, – деді ол.

– Трансферттерді есепке алмағанда мемлекеттік бюджетке 4 трлн 984 млрд теңге кіріс кірді. Бұл жоспардың 103,6%-ы. Соның ішінде республикалық бюджеттің кірістері 102,2%-ға атқарылып ,бюджетке 3 трлн 607 млрд теңге түсті. Яғни, ағымдағы кезеңнің жоспары 79 млрд теңгеге артық орындалды. Бюджетке салықтар былтырғы жылға қарағанда 555 млрд теңгеге артық түсті. Мұндай өсім негізінен қосылған құн салығы – 293 млрд теңге, корпоративтік табыс салығы 144 млрд теңге, экспорттық кеден бажы 92 млрд теңге есебінен қамтамасыз етілді.

Берік Шолпанқұловтың айтуынша, жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 107,5%-ға атқарылған. Бюджетке 1 трлн 378 млрд теңге кіріс кірді. Бұл жоспардан 97 млрд теңгеге артық.

Кірістер бойынша жоспар Нұр-Сұлтан қаласын қоспағанда, барлық өңірлер бойынша артығымен атқарылды.

Төрт министрлік бюджетті толық игермеді

– Республикалық бюджет шығыстары 98,9%-ға немесе 6 695 млрд теңгеге игерілді. 72 млрд теңге атқарылмаған, оның ішінде бюджет қаражатын үнемдеу – 15 млрд теңге. Игерілмегені – 57 млрд теңге, – деді Берік Шолпанқұлов.

Игерілмеген қаражат негізінен мына мемлекеттік органдарға тиесілі:

  • Ішкі істер министрлігі – 8,8 млрд теңге;
  • Ауыл шаруашылығы министрлігі – 7,4 млрд теңге;
  • Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі – 6,2 млрд теңге;
  • Мәдениет және спорт министрлігі – 4 млрд теңге.

– Жергілікті бюджеттердің шығыстары 3 трлн. 73 млрд теңге сомасында немесе 98,2% атқарылды. Атқарылмау сомасы 55 млрд теңгені құрады, – деді ол.

"Азық-түлік бағасын бақылауды күшейту керек"

Ағымдағы жылғы шілдеде айлық инфляция 0,2%-ды құрады. Жылдық инфляция 5,4% деңгейде сақталды. Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, жеміс пен көкөніс бағасының маусымдық төмендеуіне қарамастан, жазғы кезеңге тән дефляция процесі байқалмайды, яғни қымбатшылық әлі де күшті.

– Инфляцияға көп үлесті шілдеде 8,7%-ға жеткен азық-түлік тауарлары бағасының өсуі қосты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы қалыпты өсу қарқынын көрсетіп отыр. Ал ақылы қызметтер бағасының серпіні тарихи минимумда сақталып отыр, – деп хабарлады бас банкир.

Досаевтың айтуынша, халықтың нақты ақшалай кірісінің өсуі аясында тұтынушылық сұраныстың кеңеюі инфляцияның жылдам өсуінің негізгі себебіне айналды.

– Осыған орай Үкіметтен инфляцияның өсуіне көп үлес қосқан жекелеген тауарларға бағаның өсуін бақылау шараларын күшейтуді сұраймыз, – деді Ұлттық Банктің басшысы.

Салынған депозиттің көбеюі берілген несие көлемін ұлғайтты

– Банктер кредиттік белсенділігін ұлғайтуда. 1 тоқсанда жүргізілген банктерді қалыпқа келтіруден кейін сәуір-маусымда кредиттік портфель 3,5%-ға немесе 433,6 млрд теңгеге 12,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Ұзақ мерзімді кредиттер – 11,0 трлн теңге, қысқа мерзімді кредиттер – 1,9 трлн теңге болды. Бизнес үшін кредиттерге қолжетімділік артуда: маусымда теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме өткен жылғы маусымдағы 12,5%- бен салыстырғанда 11,7%-ға дейін төмендеді, – деді бас банкир.

Ұлттық Банк басшысының айтуынша, кредиттеудің өсуіне қорландыру базасының сапалы жақсаруы ықпал етуде. Ұлттық валютадағы салымдар валюта нарығындағы шиеленісудің өсуі нәтижесінде маусымда төмендеуіне қарамастан, жыл басынан бері 5,5%-ға өсті.

Кредитті "өшіру" үшін ешқайда барудың қажеті жоқ

Бас банкир "Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы" Жарлықтың орындалу барысына тоқталды.

– Бүгін азаматтардың тізімдері бойынша берешек туралы ақпаратты жинау жұмысы жүргізілді. Ақы төлеуге тізім жасалды. Берешекті өтеу тамыздың соңына дейін аяқталады. Бұл алдын ала деректер бойынша еліміздің 508 мың азаматына 105,5 млрд теңге сомаға мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік береді, – деп хабарлады Е.Досаев.

Досаевтың айтуынша, азаматтар банктер мен микроқаржы ұйымдарына барып өтініш жасамайды, берешекті өтеу жұмысын кредиторлар дербес жүргізіп, кредиторлар әрбір қарыз алушыға тиісті хабарлама жібереді.

Нұр-Сұлтан мен Маңғыстауда үй құрылысы бәсең

– Жыл соңына дейін елімізде 13 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға беріледі. Әзірше жоспардың 50%-ы орындалды, – деп мәлімдеді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.

Оның мәліметінше, соңғы 7 айда 6,5 млн шаршы метр тұрғын үй бой көтерді.

– Республика бойынша барлығы 55 849 бірлік тұрғын үй тапсырылды. Оның 24 013-і жеке үй. Еліміздің 7 өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша Түркістан облысы көшбастап тұр. Екінші орынға Қызылорда, үшінші орынға Қостанай облыстары келеді. Ал Маңғыстау облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үйді іске қосу қарқыны сәл төмендеген, – деді министр.

Сонымен қатар, құрылыс бойынша нақты көлем индексі 2019 жылдың соңғы 7 айында 111,5%-ды құраған. Мұнда Қызылорда, Қарағанды, Атырау облыстары үздік үштікке енген. Көрсеткіштің төмендеуі Шымкент қаласында байқалған.

Жалпы, биылғы жылдың I жартыжылдығында Қазақстанда 144 299 үй сатылды. Үй сату көрсеткішінде алматылықтар алда болды. Бұдан кейінгі орындарды Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалалары иеленді.

Айта кетерлігі, бірінші жартыжылдықта тұрғын үй бағасы едәуір өсті. Cтатистика агенттігінің дерегінше, алғашқы алты айда еліміздің барлық қалаларында үй орта есеппен алғанда өсім +5%-ға қымбаттаған.

– Тұрғын үй нарығында қымбатшылық орын алса да, ипотека рәсімдеушілердің қатары сиреген жоқ. Керісінше, пәтер сатып алу үшін екінші деңгейлі банктерден қарыз алғандардың саны 4,5%-ға өсті. Осылайша ел азаматтары баспаналы болу үшін қаржы институттарынан 1,49 трлн теңге қарыз алды, – деді Роман Скляр.

Халық банк LRT-ны қаржыландырмақ

Үкімет отырысынан кейін журналистердің сауалдарына жауап берген Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов LRT құрылысына Халық банк пен "Бәйтерек" холдингінің қаражат бөлгенін айтты.

– Бұған дейін айтылғандай, біз қытайлық қарыздан бас тартып, 800 млн АҚШ долларын үнемдедік. Жобаны жүзеге асыру үшіг Халық банктен 3 пайызбен 500 млн АҚШ доллары көлемінде қарыз алатын болып келістік. Сондай-ақ "Бәйтерек" холдингінен 100 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат алатын болдық. Бұл қаражат жұмысты бастауға жеткілікті, – деді ол.

Мектептердің 40%-ы 1980 жылдан бұрын салынған

Білім және ғылым министрі Асхан Аймағамбетов өңір басшыларынан мектептерде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін аяқтауды сұрады.

– Биыл 6 678 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізілді. Күрделі жөндеуге келетін болсақ, жергілікті атқарушы органдар жыл сайын апаттық мектептердің өсуін туындататын мектептерді жөндеу жұмысын толығымен қаржыландырмайды. Мектептердің 44 пайызы 1980 жылға дейін салынғанын ескере отырып, әкімдіктерден күрделі жөндеуге тиісті қаржыландыру амалдарын қарастыруын сұраймын, – деді министр.

Министрдің айтуынша, биыл 323 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл қажеттіліктің 45 пайызын ғана құрап отыр.

– 10 тамыздағы жағдайға сүйенетін болсақ, жалпы күрделі жөндеу 129 мектепте аяқталып, 194 мектепте жалғасуда. Ақмола, Алматы, Атырау облыстарында жөндеу жұмыстарының аяқталмай қалу қаупі туындағанымен, Үкімет басшысың тікелей тапсырмасы бойынша бұл мектептерде қосымша жұмысшылар тартылып, олар 2-3 ауысымда жұмысты жалғастырып жатыр. Жалпы, менің өзім де біраз мектептерді аралап қайттым. Бақылау департаменттері де тексерді. Жалпы, жұмыс қарқыны жақсы. Осы мектептер 1 қыркүйекке дейін жұмыстарын аяқтайды деп есептейміз, – деді Асхат Аймағамбетов.

Үкімет басшысының мәліметінше, бүгінгі таңда мектептердің 85 пайызы жаңа оқу жылына дайын.

Сонымен қатар білім және ғылым министрі биылғы жаңа оқу жылынан бастап білім берудің жаңаша үлгісіне 4, 9 және 10 сынып оқушыларының көшетінін айта келіп, келер жылдан бастап барлық сыныптар жаңа оқу жүйесімен білім алатынын мәлімдеді.

Министр жаңа оқу жылының басты жаңалығы ретінде мектеп оқулықтарының цифрлық нұсқасының шығарылатынын атады.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары