Тікелей эфир

Грантқа тапсырған түлектердің 80 пайызы сүйікті мамандығын таңдай алмайды

Фото sputniknews.kz сайтынан алынды.
Фото sputniknews.kz сайтынан алынды.
Ата-ана үшін де, түлекке де маңыздысы – тегін грантқа түсу. Көңілі қалаған мамандыққа қолы жетпеген адамның болашақта жұмыс істеуге құлқы төмен болады.

Мектеп түлектеріне мамандық таңдауда бағыт-бағдар беретін нұсқаулық Қазақстанда жоқ. Сол себептен жастар бүгінде қандай мамандықтың сұранысқа ие екенінен бейхабар.

Олар жыл сайын қай мамандықтың қажетсіз деп танылғанын, жойылып кеткенін, заман талабына сай қандай жаңа мамандықтардың пайда болып жатқанын білмейді деуге болады.

Енді бұл мәселе шешіледі. Алдағы бес жылда сұранысқа ие болатын жаңа 100 мамандық жайлы энциклопедия жарық көреді.

"Жұмыс таба алмай жүрмін"

Салтанат Тілеубергенова бір жылдан бері мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүр. Ол А.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін тәмамдаған. Биология пәнінің мұғалімі деген дипломы бар.

– Өзім таңдадым. Мамандығымды жақсы көремін. Бірақ болашақта сұранысқа ие бола ма, жоқ па, оны ойламаппын. Ауыл мектебін бітіргендіктен шығар, көп мамандық түрлері барын білмеппін.

Оқуды бітірген кезде мамандығыма сай тез жұмыс табамын деп ойлағанмын. Бірақ, міне, бір жыл болды, әлі жұмыссызбын. Түйіндемемді арқалап, қанша жерге бардым. Мектептерде бұл пән бойынша орын толық, сағат жоқ деп шығарып салады.

Енді басқа саладан жұмыс іздестіруді ойлап отырмын, – дейді Салтанат.

Бүгінде тегін оқу – басты мақсат дегендердің пікірі қате

Қазақстанда жоғары оқу орындарында таңдау көп. Алайда жас түлектердің көпшілігі тегін оқу деп жаны қалайтын мамандық бойынша түспейді. Қалаған мамандығын меңгермеген соң, қолында дипломы болғанымен жұмыс істеуге құлқы болмайды.

"Ұрпақ тағдыры – білім" қозғалысының жетекшісі Ерсайын Ерқожаның есебінше, мектеп бітірушілердің 20-30 пайызы ғана мамандықты дұрыс таңдайды.

Тағы бір үлкен проблема, қолына диплом алғандардың 90 пайызы өз мамандығына сай жұмыс таба алмайды.

– Қазақстанда мамандықтарға талдау жасалмайды. Ал түлектер тек грантқа ие болсақ болар деп жүреді. Ол мамандыққа сұраныс бар ма, бітірген соң жұмыс таба алады ма – оны ойламайды. Мектептерде кәсіптік бағдар беру жағы қарастырылмағандықтан, оқушылардың қолында мамандықтар туралы ақпарат жоқ, түк хабарсыз.

Арнайы зерттеу жүргізбедік, бірақ жылда жоғары білім алған жастардың 10-20 пайызы ғана өз мамандығымен жұмысқа тұратыны шындық. Қалғаны ақша табу үшін құрылысқа, күзетке орналасады, – дейді ол.


2016 жылы жүргізілген сауалнама нәтижелері

2016 жылы жүргізілген сауалнама нәтижелері / Ақпарат mamanbol.kz сайтынан алынды


Қойшы бір жақта таяғы бір жақта

Жоғары оқу орындары ассоциациясының президенті Рахман Алшановтың айтуынша, жылына 2000-ға жуық студент әртүрлі себептермен гранттан бас тартады.

– Біз қазір нарық заманында өмір сүріп жатырмыз. Мамандық нарықтағы сұранысқа тікелей тәуелді. Жаңа кәсіпорындар көптеп ашылып жатыр.

Яғни, сол кәсіпорындарға болжам жасау арқылы, маман дайындалу керек. Мұны мамандыққа тапсырыс берушілер алдын-ала айтып отыруы қажет. Сонда сұранысқа сай мамандар дайындап шығаруға болады.

Рахман Алшановтың айтуынша, кәсіпкерлер жаңа жұмыс орны ашылатыны туралы алдын-ала хабардар етпейді.

Қажет мамандарды кәсіпорын ашылғаннан кейін ғана іздей бастайды. Кейде керісінше, кәсіпорын жабылып қалып, сұраныс бойынша дайындалған мамандардың өздері керек болмай қалатын кездер болады, – дейді ол.

Грант аз ба?

Рахман Алшанов Қазақстанда бөлінетін гранттар саны басқа елдермен салыстырғанда аз дейді.

– Мысалы, Оңтүстік Кореяда жылына 59 мың грант бөлінеді. Онда студенттер диплом жұмысын болашақта қолдануды алдына мақсат етіп қояды.

Ал Германияда мектеп бітірушілердің дені жоғары білім алғысы келмейді екен. Оларға қатардағы жұмысшы болу немесе бір ортанқол кәсіпті меңгеру әлдеқайда тиімді және жалақысы да жоғары.

Жоғары оқу орындары ассоциациясының берген мәліметіне қарағанда, соңғы жылдары түлектер арасында психология, дизайнер, тау-кен өндірісіне, энергетика, темір жол, құрылысшы, информатика және экология, ландшафт мамандарына сұраныс артқан.

Сонымен қатар жоғары оқу орындары студенттерді еліміздегі кәсіпорындарда тәжірибеден өткізуді жоспарлап отыр. Бұл қадам – студенттердің дұрыс таңдау жасауына мүмкіндік береді деп үміттенеді.

Әлде дұрыс таңдауға жағдай жасаса жеткілікті ме?

Қазақ Ұлттық Университетінің ұстазы Жазира Идришева пікірінше, мектеп түлектерінің мамандыққа емес, грантқа баса назар аударатыны анық.

Грант көп бөлінетіндіктен, олар техникалық мамандықты таңдайды. Бірақ алып кете алмайды. Сөйтіп оқуын аяқтамай тастап кететіндері қанша. Кейбіреулер үшін түскен білім ордасының беделі аса маңызды. Ал өздерінің қабілеті мен қарымы соның көлеңкесінде қалып қоятындығына мән бермейді.


2016 жылы жүргізілген сауалнама нәтижесі

2016 жылы жүргізілген сауалнама нәтижесі / mamanbol.kz сайтынан алынды


Грант иегерлерінің кейбіреулерінің оқи алмай шығып кетіп жататындығы жасырын емес. Тіпті бітіріп қолына диплом алғанда да, сол мамандықпен жұмыс істеуі екіталай. Сондықтан дұрыс таңдау жасаудың маңызы зор. Балаға тек ата-ана ғана емес, мектеп ұстаздардың да бағыт-бағдар бергендері жөн.

Мамандық түрлері де көп. Таңдағаныңмен нан таба алатыныңа сенімді болуың керек.

Мамандықтар энциклопедиясы жасалады

Mamanbol.kz сайты жаңа 100 мамандық түрі жайлы ақпарат енетін энциклопедия жасауды қолға алды. Жоба үйлеструшісі Қанат Ысқақов мамандықтарға қатысты алда үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын айтады.

– Технология күннен-күнге дамып жатыр. Алдағы он жылдықта есепші, заңгер мамандықтарына сұраныс болмауы мүмкін. Барлығы автоматтандырылған жүйеге көшеді. Өйткені бірнеше адамның жұмысын бір адам атқарады деп болжам жасалып отыр.

Есесіне жаңа жұмыс түрлері ашылады. Мысалы, 2020 жылға қарай қашықтықтан басқарушы координатор мамандығы сұранысқа ие болуы мүмкін.

Сонымен қатар генетикалық кеңесші мамандығы екі-үш жыл көлемінде сұранысқа ие болады деп болжап отырмыз. Өйткені генетикалық аурулар белең алып тұр.

Тіпті осы уақытқа дейін қажет болмай қалған мамандықтар қайтадан сұранысқа енуі мүмкін. Мысалы, қыш ұстасы, сарай қызметшісі. Бұл да – мамандық. Өйткені арнайы мектептерде үйреніп шығады.

Болашақта неоколхозшылар керек болады

Аталған сайт Қазақстанда алдағы бес жылда төменде көрсетілген он мамандық ең жоғарғы сұранысқа ие болады деген болжам жасап отыр.

1. Қоқыс өңдеуші. Міндеті – ғылыми тәжірибеге сүйене отырып, қоқысты пайдалы өнімге айналдыру.

2. Неоколхозшылар. Міндеті – құрғап кеткен жерлердің құнарын арттырып, гүлденген ландшафтқа айналдыру.

3. Қашықтықтан басқарушы координатор. Автоматтандырылған жүйемен жұмыс жасайтын күзетші мамандығының дамыған түрі.

4. Жеке жобалаушы. Бұл мамандық иесі жеке тұлғаның өміріне қатысты барлық төтенше жағдайларды есепке ала отырып, (қандай да бір ауру түріне генетикалық бейімділігін, көлік апаты, қылмыстық оқиға, табиғат апаты) нақты жоспар құрады. Яғни, қауіп-қатердің алдын алуға көмектеседі.

5. Генетикалық кеңесші. Генетикалық талдау жасау арқылы тұқым қуалайтын аурулардың себебін анықтайды.

6. Медиаполицей. Медиа саласындағы тәртіпті қадағалаушы адам.

7. Дербес веб-менеджер. Аккаунт иесі туралы әлемжеліде тек жағымды ақпарат таратушы.

8. Сити-фермер. Қаладағы көп қабатты үйлердің шатырларында көкөніс өсіруге бейімдеуші. Агроөндіріс саласын дамытушы.

9. ГМО агроном. Гендік өзгеріске ұшырған ауылшаруашылық өсімдіктерінің адам ағзасына қауіпсіз екенін дәлелдейтін маман.

10. Жеке тур режиссері. Туроператорлардың орнына туристер осы маманның көмегімен экскурсияға шығатын болады.

Бұл аталған мамандықтың кейбірі шетелде қазір де бар. Мысалы, сити-фермер мамандығы 2012 жылы Сингапурде пайда болған.

Алдағы бес жылда жойылуы мүмкін мамандықтар

Ал, сұраныстың болмауынан алдағы бес жылда, Қазақстанда мына мамандықтар жойылуы мүмкін.

1. Нотариус.

2. Туристік агент.

3. Кітапханашы, мұрағат қызметкері.

4. Банк операторы.

5. Копирайтер.

6. Провизор.

7. Логист-диспетчер.

8. Хатшы-референт.

9. Стенографист-түсіндіруші.

10. Жаңалық жазатын журналист.

Бұл мамандықтар автоматтандырылған жүйеге көшуіне байланысты және сұраныстың болмауынан қолданыстан шығады. Мәселен, Bloomberg сайты биржа жаңалықтарын жазатын журналистердің орнын арнайы бағдарламамен ауыстырған.

– Біз жүргізген зерттеулерге қарағанда, заңгер мамандығына сұраныс азаяды. Өйткені көптеген мекемелер консалтингтік компаниялардың қызметіне жүгінеді.

Ал Қазақстанда жылына 18 мыңға жуық бала заңгер дипломын алып шығады. Бір жылда бұл мамандыққа 9-10 орынға ғана сұраныс болуы мүмкін.

Мамандыққа қабілетіңізді тексертуге болады

Қанат Ысқақов энциклопедиядан жастар мамандық туралы толыққанды ақпарат ала алады дейді.

– Біз сондай-ақ баланың мамандыққа деген қабілетін анықтайтын тест дайындап жатырмыз. Бұл әдіс шетелде қолданылады. Бізде баланың қабілетін зерттейтін орталықтар жоқ. Ал шетелде арнайы зерттеу институттары бар.

Тест тапсыру арқылы оқушы өзінің қандай салаға қабілетті екенін және өзінің қандай қасиеттерін дамыту керектігін анықтайды. Қортындысын тест тапсырушының электрондық жәшігіне жібереміз. Бұл мамандық таңдауда үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын.

Әзірге жағдай бұрынғыша

Ал дәл қазіргі кезеңде сұранысқа ие мамандықтар қатарында, HeadHunter.kz және nur.kz сайтына түскен өтініштер бойынша, IT және сату мамандары, логистер, PR менеджерлер, техникалық мамандықтар (инженер-механик, инженер-электрик, инженер-жобалаушылар) бар.

Еңбек нарығында әзірге қаржыгерлер мен есепшілерге сұраныс тұрақты болса, заңгер мен экономист – сәнді мамандықтар тізімінде екен.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары