Тікелей эфир

Гендерлік тең(сіз)дік. Қазіргі қоғамда қазақ қыздары қандай білім алып жүр?

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Қыздар оқитын университеттің кейбір студенттері "Қазақ Аруы" курсының оқу бағдарламасына қарсы. Informburo.kz тілшісі арнайы барып, мәселеге қанықты.

Неден шу шықты?

Дариға (университет тарапынан қысым жасалмауы үшін, есімі өзгертілді) есімді студенттің айтуынша, "Қазақ Аруы" курсының бағдарламасы мектепте оқитын 15-16 жастағы қыздарға арналса, тиімдірек болады. Себебі кәмелетке толған қыздар тұлға болып қалыптасып үлгерген. Олардың өз ойы мен принциптері бар.

– Бізді тағы тәрбиеге салу артық, – дейді ол.

Ал Алтынай (есімі өзгертілді) өзге бір студент: "Курс барысында айтылатын дәстүрлі отбасы тәрбиесін анасы үйде беруі тиіс. Маған анам берген тәрбие жеткілікті. Оны университетте тағы талқылаудың қажеті шамалы", дейді.

– Осы курсқа қатысу міндеттелгендіктен, мамандық бойынша өзіме маңызды дәрістерге бара алмай жүрмін. Сондықтан мұндай курстың академиялық оқу бағдарламасына енгізілгені тиімсіз. Десе де, үйіндегі анасымен қарым-қатынасы нашар қыздарға оның беретін пайдасы орасан зор. Сол үшін де курсты үйірме ретінде ұйымдастырса, ешкімге кедергі болмайтын еді, – дейді ол.

"Қазақ Аруы" курсы туралы не білеміз?

Осыдан 11 жыл бұрын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің (ары қарай – Қыздар университеті) қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сараш Қоңырбаеваға арнайы курс дайындау жүктеледі.


Сараш Қоңырбаева Қыздар университетінде 15 жылдан бері еңбек етеді

Сараш Қоңырбаева Қыздар университетінде 15 жылдан бері еңбек етеді / Фото Informburo.kz


Кейіннен "Қазақ Аруы" атауын иемденген пән университеттің визиттік картасына, яғни авторлық курсына айналуы тиіс болған.

Сараш Қоңырбаеваның айтуынша, курстың бағдарламасын дайындауға 15 педагог қатысқан. Бірінші жылы университеттің ғылыми кеңесінен өтпей, қайта қарауға жіберіліпті. Ал келесі жылы ресми бекітілгеннен кейін, оның төңірегінде соңғы 10 жылда ешқандай мәселе туындамаған екен.

Оқу бағдарламасы бір семестрге созылатын курс екі модульден тұрады. Бірі қазақ тарихындағы белгілі дара тұлға – арулар жайлы болса, екіншісі дәстүрлі отбасы тәрбиесіне бағыталған.

Informburo.kz редакциясы арнайы курстың құрылымын зерттеу мақсатында оның толық бағдарламасына өтініш білдірді. Университет әкімдігі еш қарсылық білдірмей, толық ақпаратпен қамтамасыз етуге тырысты.

Курста қыздар не үйренеді?

Informburo.kz редакциясын курстың екінші модулі көбірек қызықтырды. Себебі студенттердің наразылығы академиялық оқу бағдарламасындағы отбасындағы тәрбие элементтеріне қатысты туындап отыр.

Мысалы, екінші модульдің 9 дәрісінде студенттер "жұбайылық өмірге дайындық, неке салты мен неке тәрбиесі" туралы оқиды. Ал кейінгі дәрістерде "жаңа түскен келін тәрбиесі, құрсақ тәрбиесі, бала күтімі, ер күтімі, отбасындағы әкенің рөлі, ана мен ене салты, қыз бала тәрбиесі, қыз сыны, отбасында қыз баланың атқаратын әлеуметтік рөлдері" жайлы сөз болады.

Сабақ барысында қыздардың тұрмысқа шыққанға дейін нәпсісін тиып, пәктігін сақтауы да пікірталас тақырыбына айналатыны белгілі болып отыр. Сараш Қоңырбаеваның айтуынша, бұл – қыздардың басты байлығы.

Осыған орай, іnformburo.kz тілшісіне гендерлік және білім беру жобалары бойынша тәуелсіз кеңесші, феминист Лейла Махмудова қыздардың пәктігі оның тұлғалық көрінісін суреттемеуі тиіс дейді.

– Пәктік концепциясына тоқталсақ, біздің қоғамдағы көзқарас бойынша пәктік – тұрмысқа шықпаған қыздың басты құндылығы болып отыр. Ал пәктікті сақтау-сақтамау – әрбір қыздың жеке мәселесі екендігін, өз өмірінде қандай шешім қабылдаса да оның өз еркінде екендігін ешкім де талқыға салмайды. Есесіне, оқытушылар университет деңгейінде дәстүрлі тәрбиенің төңірегіндегі стереотиптерге сүйене отырып, қыздардың орнына қоғамның шешім қабылдайтынын көрсетеді, – дейді Лейла.

Ол бұл тақырыпты университет аудиториясында талқыға салу – қыздың жеке кеңістігіне қол сұғу деп санайтынын айтады.

Informburo.kz тілшісі мұндай тақырыптың қыздарға психологиялық тұрғыдан қалай әсер ететінін анықтау үшін психолог Зубәйда Кененбаеваның пікірін білді.

Студенттерге психологиялық қысым бар ма?

"Қазақ Аруы" курсының авторы Сараш Қоңырбаева студенттерге еш психологиялық қысым жасалған жоқ дейді.

– Алдымдағы әрбір қыздың тағдыры мен үшін маңызды. Олардың ішкі құпиясы мен кемшілігіне қатысты мәселелерде жандарына жара салмау жағын қатаң назарда ұстаймын. Кейбір тақырыптарды талдауда студенттердің таңдауына мүмкіндік беріледі, – дейді ол.

– Мысалы, курс барысында қыздардың пәктігі жайлы сөз қозғалды делік. Ол жерде тұрмысқа дейін пәктігін сақтамаған қыздардың сынға алынатыны анық. Профессор мен студенттер ондай қыздарды бөлек категорияға бөліп тастайды. Ал лекцияға қатысып отырған бір немесе бірнеше қыз өмірдегі белгілі бір жағдайларға байланысты пәк емес делік. Олардың пәк емес екендігін аудиториядағы ешкім білмейді. Десе де, профессор мен өзге студенттердің ондай қатаң сыны пәк емес қызды депрессияға дейін апаруы мүмкін, – дейді психолог Зубәйда Кененбаева.

Маманның айтуынша, депрессияға түскен адамға дер кезінде психологиялық қолдау білдірілмесе, ол сол ортада өзіне деген сенімін жоғалтуы мүмкін. Тіпті психикалық ауруға шалдығып, өзіне өзі қол жұмсауға дейін баруы ықтимал.

Студенттердің курс жайлы ойы қалай?

Informburo.kz тілшісі "Қазақ Аруы" курсына байланысты студенттердің субъективті пікірін сауалнама жасау арқылы анықтауға тырысты. Сауалнамаға қазақ тілді топтардан 80 студент, ал орыс тілділерден 33 студент қатысты.

Қазақ топтарындағы студенттердің жартысы, орыс топтарында небәрі 22 студент аттарын жасырып, анонимді түрде сауалнамаға жауап берді. Қазақ топтарындағы студенттердің барлығы курсты өз еркімен таңдағанын жазды. Ал орыс топтарындағы 10 студент курсты таңдамаса да, қатысуға міндеттеліп отырғанын білдірді.

Тағы да, қазақ тіліндегі топтар курстың оқу бағдарламасына еш қарсылығы жоқ екенін айтса, орыс топтарындағы 12 студентті қанағаттандырады екен. Ал 5 студентке мүлде ұнамайтыны белгілі болды.

Қазақ топтарындағы 25 студент отбасындағы әйел мен еркектің тең құқылы болғанын қолдамайтынын жазған, орыс топтарынан тек 11 студент еркек әйелден жоғары болуы керек деп есептейді екен.

Қазақ топтарындағы студенттердің барлығы курстың берер пайдасы мол деп шешсе, орыс топтарындағы 6 студент бұл курстың академиялық білім беруде кажеті жоқ деп айтты.


Сауалнамаға ешнарсе жазбай қайта тапсырған студенттер де болды

Сауалнамаға ешнәрсе жазбай қайта тапсырған студенттер де болды / Фото Informburo.kz


Айта кетсек, "Қазақ Аруы" курсын орыс топтарына беретін Баян Сағындыққызы informburo.kz тілшісіне сұқбат беруден бас тартты.

"Болса да, болмаса да, осы – дұрыс"

Сараш Қоңырбаева "Қазақ Аруы" курсының элективті пән екенін және оны студенттер ұстаздарының ықпалынсыз таңдайтынын айтады.

– Шындығын айтсақ, біз бір пәннің үздіксіз оқытылуын ғана көздеп отырғанымыз жоқ. Олай болса, міндетті пән болар еді. Студенттер үш пәннің ішінен осы курсты таңдап отыр, – дейді ол.

Зубәйда Кененбаева қазақ топтарының сауалнама жауаптарын бір адам толтырғандай көрінетінін айтады.

– Қыздар университетінде көбіне ауыл аймақтардан келген қыздар оқиды. Олардың басым бөлігі – мемлекеттік гранттың иегерлері. Әке-шешесі ақылы бөлімге ақша тауып бере алмайды. Сондықтан қыздар үшін гранттан айырылып қалмау – басты приоритет. Демек, олар жеке құқығын қорғау үшін университетте ешкімге қарсы шықпайды. Мұғалімдікі дұрыс болса да, болмаса да – келіседі, – дейді ол.

Сондай-ақ, психолог маман "Қазақ Аруының" факультативті курс ретінде, нақтырақ айтсақ, үйірме ретінде ұйымдастырылғанын қолдайтынын айтты.

– Дәстүрлі тәрбиеге бағытталған курстың академиялық оқу бағдарламасына бекітіліп, студенттердің үлгерілімінің бағалануы бізде кеңес кезінен қалыптасқан "Болса да, болмаса да, осы – дұрыс" принципінің әлі бар екенін дәйектейді, – дейді маман.

Оқу бағдарламасына студенттер әсер ете ала ма? (Мәтіндегі пікірталас)

Сараш Қоңырбаеваның айтуынша, курстың бағдарламасын дайындау барысында қыздар (1000-ға жуық) мен жігіттерден (500-ге жуық) сауалнама алыныпты. Алынған жауаптарға орай, екі модуль оқыту процесіне енгізілгенін білдік.

Осыған дейін бірнеше білім беру жобаларын жүзеге асыруға жетекшілік еткен Лейла Махмұдова Қазақстандағы университеттердің басым бөлігінде иерархиялық жүйенің барлығын, оқу бағдарламасын дамытуға студенттердің еш қатыса алмайтынын айтады.

– Бұл, әсіресе, мемлекеттік университеттерде байқалады. Мысалы, оқу орнының ректоры немесе ректорының орынбасары профессор және өзге де оқытушылардың үстінен үлкен билікке ие. Сәйкесінше, профессорлар студенттердің үстінен сондай билік жүргізе алады. Сол себепті, студенттерге көп жағдайда пәнді немесе мұғалімді таңдау құқығы берілмейді. Олар оқу процесіне еш өзгеріс енгізе алмайды. Оқытушылардың біліктілігін арттыру мақсатында студенттердің оларды бағалау процесі (feedback – ред.) жоқ. Тек бағынып, ұсынылған оқу бағдарламасын қабылдаудан басқа амалдары да жоқ, – дейді Лейла.

Отбасы тәрбиесі академиялық білім бағдарламасына енгізілгені дұрыс па?

Сараш Қоңырбаеваның авторлық курсы Қыздар университетінде 10 жылдан бері оқытылып келеді. Бұл – әзірге элективті курс. Десе де, профессор мүмкіндігі болып жатса, курсты университеттің барлық студенттеріне міндетті етуді мақсат ететінін айтады.

– Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Батыс Еуропа елдерінде оқыту барысына тәрбие беруді араластырмайды. Ал біздің қоғамда бұл маңызды болғандықтан, оны егіз ұғым деп қарастырамыз, – дейді университеттің қауымдастырылған профессоры.

Себебі оның пайымдауынша, "Педагогика – адам тәрбиесі туралы ғылым". Онда болашақ педагог-мамандарды тәрбиеге қатысты пәндерден неге шектеуіміз керек? Тәрбиелік мәні бар пәндер оқытылған, оқытыла да береді.

Ал, өз кезегінде, Лейла Махмудова академиялық білім беру процесі ғылыми тезистер мен кәсіби білімді игеруге байланысты болуы керек екенін айтады.


"Қазақ Аруы" курсына биыл 7 түрлі мамандық бойынша оқитын студенттер қатысып жүр

"Қазақ Аруы" курсына биыл 7 түрлі мамандық бойынша оқитын студенттер қатысып жүр / Фото іnformburo.kz


– Университеттің мақсаты ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге, әртүрлі зерттеулерді объективті тұрғыдан анализдеуді үйренуге бағытталуы керек. Ал бізде мұның орнына күйеуді қалай таңдау керек екендігі немесе ең үздік келін болуды үйренуді оқу бағдарламасына енгізіп тастаған. Осындай жағдайларды естігенімде өзімді сюрреалистік қоғамда өмір сүріп жатқандай сезінемін, – дейді Лейла.

"Қазақ Аруы" курсы гендерлік теңдікті насихаттай ма?

Лейланың айтуынша, қазіргі жастардың басым бөлігінде гендерлік теңдік туралы ақпарат жоқ. Себебі олар бұл тақырыппен мектепте де, университетте де таныспайды.

– Қыздар университетіндегі "Қазақ Аруы" курсының гендерлік теңдікті қолдау мақсатында құрылғанымен, оған қарама-қарсы бағытта жұмыс істеп жатыр деуге болады. Себебі ол гендерлік теңдікті емес, көбірек теңсіздікті насихаттайды, – дейді ол.

Ал Сараш Қоңырбаева гендерлік теңдікті қолдайтынын, қоғамда әйел құқығының тапталмауына аса мән беретінін айтады.

– Нақты феминистік ұстанымды ұстаса, менің оларға қарсылығым аз болар еді. Ер адамға қарсы шығудың бәрі – демократия емес, – дейді Сараш Қоңырбаева.

– Курс гендерлік саясатты жүргізу мақсатында құрылған. Студенттерімнің арасында азаматтық некеде тұруды қолдайтындар да болған. Мен олардың ойын өзгертуге тырысқан емеспін. Тек өзімнің субъективті пікірімді айтып өтемін. Студенттердің принциптеріне қарсы шықпаймын, – дейді ол.

Лейла Махмудова осы сынды курстарды жүргізетін оқытушылардың гендерлік теңдік үшін емес, гендерлік үйлесімділік үшін қызмет ететінін айтады.

– Біздің қоғамдағы гендерлік теңдік түсінігі "гендерлік үйлесімділік" деп түсіндіріледі. Нақтырақ айтсақ, жастарға осы тақырыпты оқытатын адамдар үйде отырып, бала тәрбиесімен және күйеуінің күтімімен айналысатын әйел мен табыс табатын еркек үйлесімділігін "гендерлік теңдік" деп түсіндіреді. Бұл – олар үшін ең керемет шешім. Менің ойымша, бұл – қыздардың потенциалын шектеу, – дейді Лейла.

Курсқа өзгерістер енген бе?

Сараш Қоңырбаева ғылыми зерттеу жұмысының қазақ қызының болмысына байланысты болғанын айтады. Сондықтан Қыздар университетінің авторлық курсының оқу бағдарламасын дайындау осы кісіге тапсырылыпты. Ол жыл сайын сол университеттің Педагогика және психология факультетінің деканы бекітеді екен.

– Қыздар университетінде осындай курстың болуы және оның 10 жылдан бері оқытылып келе жатқаны университет беретін білімнің еш стандартты сапасының жоқтығын көрсетеді. Сондай-ақ, оның мүлде бақыланбайтынын және үстінен тексеру жүргізілмейтінін білдіреді, – дейді Лейла.

– Егер университет коммерциялық компания болғанда, ол жерде әр жарты жыл сайын аудит жүргізілер еді. Себебі компанияның ішіндегі әрбір процесс оның ортақ дамуы мен табысына әсер етеді. Ал білім беру мекемелерінің табысы айтарлықтай үлкен болмауы мен үкімет тарапынан қаржыландырылатынын ескерсек, Қыздар университеті сынды ЖОО-да білім сапасына аудит жасалмайды. Оның орнына бюрократиялық қағазбастылық көп, қағаздар тексеріледі, – дейді Лейла Махмудова.

– Егер Алматының орталығындағы университетте осындай курс 10 жылдан бері оқытылып жатса, онда аймақтық ЖОО-да не болып жатқанын елестету де қиын, – дейді Лейла.

Алаңдайтын басты мәселе – қыздардың уақтылы тұрмысқа шықпай қалуы

Сараш Қоңырбаева бұны қазақ қыздарының ұлттық болмысын сақтап қалатын бірден-бір пән дейді. Себебі курс барысында мықты отбасын құру, тұрмысқа шыққанша пәктігін сақтау, отбасында ұрыс-керіссіз өмір сүру, баланы дұрыс тәрбиелеу сынды мәселелерді қыздар талқыға салады.

Ал Қазақстандағы белсенді феминистердің бірі – Лейла қыздардың ерте отбасын құруына қарсы еместігін айтады.


Курс әнұраны "Бойтұмар" әнінің сөзін Сараш Қоңырбаеваның өзі жазыпты

Курс әнұраны –"Бойтұмар" әнінің сөзін Сараш Қоңырбаеваның өзі жазыпты / Фото іnformburo.kz


– Жастар табысып, тұрмысқа құрып жатса, оның еш жамандығы жоқ. Бірақ дәріс барысында адамның жеке басына қатысты мәселелер ортақ талқыға салынуы – абсурд, – дейді ол.

Университеттер көп – Қыздар университеті жалғыз

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті 1944 жылы эксклюзивті педагогикалық институт ретінде құрылған. Ол заманда ер азаматтардың басым бөлігі соғыста болып, қыздардан жоғары білімді педагог дайындау мәселесі туындаған кез болатын. Ал 2008 жылы оған университет статусы берілді.

Лейла Махмұдова эксклюзивті оқу орындарын азайтудың орнына, көбейіп жатқанын айтады. Оның ойынша, қазіргі қоғамда ондай білім ордаларының берері аз.

– Мен инклюзияны қолдаушы ретінде тек қыздарға арналған ЖОО-ның болуына қарсымын. Бұл университет өз аудиториясын тек қыздарға бағыттау арқылы өте эксклюзивті орынға айналып отыр. Ал білім беру саласындағы мекемелердің эксклюзивті болуы оқу процесіне кедергі жасайды. Себебі университетте оқу кезінде студенттер қоғамға бейімделуді де үйренеді. Ал сіз эксклюзивті ортада білім алсаңыз, тек бір бағыттағы көзқараспен дамисыз. Тек өзіңізге ұқсаған адамдармен ғана өмір сүруге, солармен байланыста болуға үйренесіз. Ал оқу аяқталғаннан кейін қоғамдағы аралас өмірге сіңісуіңіз қиындай түседі. Нәтижесінде расистік немесе сексистік оқиғалардың құрбанына айналуыңыз мүмкін, – дейді Лейла Махмудова.

Өз кезегінде Сараш Қоңырбаева сабаққа қатысып көрмеген сарапшылардың сырттай тұжырым жасағаны жөнсіз дейді.

– Қажетті маман даярлаумен қатар, асыл жар, нағыз ана дайындап берер болсақ, бұдан қоғам ұтыла ма? Керісінше, "ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле" деген емес пе? Шын мәнінде, қыздарымыз өмірден өз орнын тауып маман ретінде мойындалып, отбасының ұйытқысы ретінде әйел бақытына бөленсе, біздің мақсатымызға жеткеніміз емес пе! Университет миссиясында да бұл анық көрсетілген, – дейді профессор.

Елдің креативті әрі экономикалық потенциалы

– Отбасы мен оқу орындарында қыздарға өмірдегі басты мақсаты "тұрмысқа шығып, бала туып, үйде отыру" деп түсіндіруі арқылы оларды мүмкіндіктерінен айырып отырмыз. Менің ойымша, білім беруге сенетін адамның пайымында мұндай әрекет қылмыспен тең. Себебі кез келген адамның әлемдегі әртүрлі мәселелерді шешуге қауқарлы екенін, оған ешқандай шектеу қойылмағанын түсіндірудің орнына стереотипті көзқарастармен қыздарды басқа арнаға бағыттаймыз. Оларға шынайы өмірді емес, өздеріне тиімді пейзажды ғана көрсетеді. Осындай білімнің нәтижесінде әрбір қыз өзіне деген сенімін жоғалтады. Олардың әр қайсысы қоғамдағы прогрестен кем дегенде 4-5 жылға кешігеді, – дейді Лейла.

Оның ойынша, бұл қыздардың тұлғалық қасиеттерінің жойылуына алып келеді.

– Осылай біз мемлекеттік деңгейде адами капиталдың 52 пайызынан айырылып отырмыз. Олар елдің креативті және экономикалық потенциалы болуға тиіс. Әйтпесе, Қазақстан дамушы ел болып қала береді, – дейді ол.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары