Тікелей эфир

Ғалымдар Қазақстанда Covid-19-дың алматылық штамы пайда болды деп есептейді

Қазақстанда бір жылдан астам уақыт жүрген Ухань штамының мутациясы қаншалықты қауіпті екені әзірге белгісіз.

Қазақстан аграрлық университетінің Халықаралық вакцинация орталығының мамандары Қазақстанда коронавирустың мутацияланған штамы пайда болуы мүмкін дейді. Шартты түрде бұл штамм "алматылық" деп аталды. Бұл туралы "Хабар 24" телеарнасы хабарлады.

Қазақстандық ғалымдар жаңа штамға тән мутацияны зерттеп жатыр. Олар індет кезінде мұның қалыпты құбылыс екенін де жоққа шығармайды. Себебі вирус ортаға тез бейімделеді. Коронавирустың бұл штамы Алматыға ғана тән болуы да мүмкін. Бұған дейін қалада оңтүстікафрикалық және британдық штамдардың анықталған. Жаңа штамды анықтау үшін қосымша секвенирлеу жұмыстары жүргізіледі. Кем дегенде 10 аймақтан үлгі алынады. Тек тыңғылықты зерттеуден кейін ғана нәтижесі айтылады.

"Наурыз айында алынған екі үлгіні зерттеп жатырмыз. Оның бірі – британдық, сәйкестік 100%-ды көрсетті. Екіншісі – оңтүстікафрикалық, оның көрсеткіштері тура келгенімен өзгерістер бар. Ал тағы біреуінде басқа мутаген байқалды. Оған қосымша зерттеулер жүргізу қажет. Оның бекітілген мутация екенін нақты білгенде ғана айта аламыз", – деді вирусолог Витаий Строчков.

Алматыда алынған үлгілерді секвенирлегеннен кейін ғалымдар Қазақстанда бір жылдан астам уақыт жүрген Ухань штамының мутациясын анықтаған. Бұл мутаген Алматы деп аталды.

Халықаралық вакинология орталығының мамандары 12 сынамаға геномдық талдау жүргізген. Одан оңтүстікафрикалық және британдық штамдарды анықтап, халықаралық базаға енгізген.

"Биологиялық қауіпсіздігі үшінші деңгейдегі зертханада және Айқынбаев атындағы аса қауіпті аурулардың ғылыми орталығында бұл сынмалардан вирусты бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оңтүстікафрикалық мутация ғалымдар тарапынан үлкен үрей туғызып отыр. Көптеген вакцинаның оңтүстікафрикалық мутацияларға қарсы тиімділігі төмендеу болып тұр. Жалпы зерттеулер Қазақстанда осындай мутациялар бар вирустардың таралғанын көрсетіп отыр. Дегенмен қаншалықты кең таралғанын анықтау үшін ауқымды зерттеулер қажет", – деді Халықаралық вакцинация орталығының директоры Қайсар Табынов.

Коронавирустың алғашқы мутациясы өткен жылдың желтоқсанында анықталды. Британдық штамм жұқтырғандардың көпшілігінде жөтел, тамақ ауруы, тез шаршау, бұлшық еттің ауруы және қалтырау байқалған. Бірақ, ғалымдар коронавирустың оңтүстікафрикалық штамы аса қауіпті дейді. Десе де, екеуі вирустың базалық түріне қарағанда тез тарайды. Жұқтыру көрсеткіші – 50-70 пайызға жоғары.

Халықаралық вакцинация орталығының директоры Қайсар Табынов кейіннен коронавирустың "алматылық" штамы пайда болғаны жайлы ақпаратты жоққа шығарды. Оның сөзінше, журналист маманның айтқанын дұрыс түсінбеген.

"Біз амин қышқылын алмастырғыш қандай да бір мутация туралы айттық. Ал журналист дұрыс түсінбей "алматылық штамм болуы мүмкін" деп хабарлаған. Біз мұны толығымен жоққа шығарамыз. "Британдық" және "оңтүстікафрикалық" мутацияны нақты анықтадық. Басқа ммутация жайлы ештеңе демедік. Вирустарды бөліп жатырмыз, оны әрі қарай вакцина мен әзірленіп жатқан дәрі-дәрмектердің тиімділігін бағалау үшін зерттеуге пайдаланамыз. Біздің басты міндетіміз осы", – деді Қайсар Табынов.

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин де "алматылық" штамм туралы ешқандай ресми ақпарат алмағанын айтты. 

Серіктестер жаңалықтары