Тікелей эфир

Есік қорғанынан табылған Алтын адамның сүйегін қайта жерлеу керек

Коллажды жасаған informburo.kz
Коллажды жасаған informburo.kz
Тамыздың басында Шығыс Қазақстаннан Алтын адамның 9-шысы табылды. Академик З.Самашевтің айтуынша, Есік қорғанындағыдан ол 3 ғасыр бұрын өмір сүрген екен.

Осыдан 50 жыл бұрын Есік қаласына бастайтын күре жолдан Алтын киімді адамның сүйегі табылғаны туралы ақпарат бүкіл әлемнің басылымдарында жарияланды.


Алтын киімді адамның мүрдесін ашқан кездегі көрініс

Алтын киімді адам жатқан жерді ашқан кездегі көрініс / Суретті "Алтын адам" мемлекеттік мұражайының архивінен алынды


Оны археолог-тарихшы, марқұм Бекмұхамбет Нұрмұханбетов тапқан еді. Балама болар басқа құнды жәдігер әлемнің ешбір елінде осыған дейін табылмағандықтан, тарихшылар оны бірауыздан жаңалық деп қабылдаған.


Бекмұханбет Нұрмұханбетов

Бекмұханбет Нұрмұханбетов / Сурет әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды


Бір өкініштісі, алтын сауытын әлем халқы тамашалап жатқанда, сүйегі 25 жыл бойы Алматыдағы сот-сараптама үйінің жертөлесінде жатыпты. Ал бас сүйегінің қайда кеткені әлі күнге беймәлім.

Алтын киген сақ жауынгерлерінің бәрі – Алтын адам ба?

Бекең ақсақал көзі жұмылғанша сүйекпен бірге табылған сауыт-сайманның 100 пайызы сақталса, бізге тоналмай жетсе ғана, оған Алтын адам деген мәртебе берілетінін айтып кетті. Археолог ақсақалдың шәкірті, "Алтын адам" мемлекеттік тарихи мұражай директорының орынбасары Ермек Жасыбаев та осы пікірді қолдайды.

Қазақ жерінде табылған Алтын адамға тең түсер жәдігер тек оңтүстік Украина жерінен табылыпты. Оның да сауыт-саймандарының 80 пайызы алтыннан құйылған және біздің заманымызға тоналмай жеткен.

– Ал Шығыс Қазақстанның Үржар ауданынан табылған Үржар ханшайымының тек сәукелесі, одан кейін Шілікті аңғарынан табылған сақ көсемінің сауыт-сайманының тек 40-60 пайызы ғана алтыннан құйылған. Сол себепті қазақ даласынан табылып жатқан жәдігерлердің бәрін Алтын адам деп атай беруге болмайды. Ол үшін арнайы комиссияның шешімі керек, – дейді Ермек Жақсыбаев.

Қорғандардан алтын әшекейі бар адам сүйектерінің бәрінің Алтын адам атанып кетуіне журналистер де аз үлес қосып жатқан жоқ.

– Мұны тоқтату керек. Қазақстанда әлемдік деңгейде мойындалған Алтын киімді ханзада біреу ғана. Өзгелеріне қандай атау беру керектігі туралы тарихшылар ойлануы тиіс, – дейді ол.

Тарихшылар Қытай, Германия, Австрия жеріндегі Сақ қорғандарынан табылған жәдігердегі ою-өрнектер Есік қорғандарынан табылған алтын адамның киіміндегіге ұқсайтынын айтып жатыр.

– Жақында Сақ қорғандары қытай жерінен де табылды. Қытайлық тарихшылар бізбен бірігіп, зерттеу жұмыстарын бастауды ұсынып жатыр, – дейді Ермек Жақсыбаев.

Алтын адам қалай табылды?

Алтын адамның қалай табылғаны туралы ақпарат осыған дейін КСРО, қала берді қазақ басылымдарынының бәрінде жазылды.


Қорғанды ашқан сәттегі көрініс

Қорғанды ашқан сәттегі көрініс / Сурет Алтын адам мұражайының сирек құжаттар қорынан алынды


Бірақ оған 1963 жылы Алматыда болған сел тасқыны себеп болғаны туралы айтыла бермейді. Ермек Жақсыбаев осы тұста Бекең ақсақалдан естігенін еске алды:

– 1963 жылғы сел тасқыны Есік өзенінің арнасын бұзып, оның жағалауында тұрған автобазаны шайып кетті. 1969 жылы автобаза үшін жер бөлінді. Оның бас инженері И.А.Дубкарт құрылысты бастамастан бұрын жергілікті археологтардың келісімін алу керек еді. Құрылыс үшін бөлінген аймақта Есік қорғандары орналасқан. Археолог Кемел Ақышев жердің жағдайын барлап қайту үшін жас маман Бекмұхамбетті жібереді. Бекеңнің "өзге төбелерден өзгеленіп тұрған қорғанды қорғауға алу керек" деген ұсынысы басшылары тарапынан қолдау тауыпты.

Ермек Жасыбаев қорғанды тонамақ болған әрекеттер Алтын киімді ханзаданың замандастарының тұсында болғанын айтады. Себебі қарақшылар топырақ астында қалып, мерт болған. Бұған қорғаннын беткі қабатында шашылған адам сүйектері дәлел.

– Қорғанның ғасырлар бойы тоналмай бізге жетуіне сол сүйектер себеп болғанға ұқсайды. Өйткеніі тонамақ болғандар топырақтың беткі қабатында шашылып қалған сүйектерді көргеннен кейін "бізге дейін бұл жерді қазған" деп ойлаған, – дейді ол.

Бекмұханбет Нұрмұханбетов моланы қазып ашқан кезде жерленген адамның басына дейін алтынмен апталып жатқанын көрген екен. Сүйектің кеуде тұсында алтын әшекеймен көмкерілген сауыты, басында алтынмен апталған бас киімі, ортаңғы саусағында күн құдайы Митраның бейнесі бар алтын жүзігі болыпты.

– Алтын киімді ханзаданың сүйегімен бірге 4 мың алтын бұйым, болаттан соғылған қанжар, алтын және күмістен жасалған ыдыстар табылды, – дейді Ерлан Жасыбаев.

Иесіз жатқан сүйек жертөледен табылды. Бас сүйегі жоқ

Ерлан Жасыбаев Алтын киімді ханзаданың моласын ашқанда оның басының да бірге табылғанына күмәні жоқ екенін айтады.


 Алтын киімді ханзада мүрдесі ашылған сәттегі көрініс. Суреттің оң жағында бас сүйек анық көрініп тұр

Алтын киімді ханзада моласының ашылған сәтінен көрініс. Суреттің оң жағында бас сүйек анық көрініп тұр / Сурет Алтын адам мұражайы қорынан алынды


Бас сүйекті көзбен көргенін Бекмұхамбет ақсақал да талай рет айтқан. Қазба жұмыстары кезінде құралдардың бірі шалыс тиіп, бас сүйек екіге бөлініп қалған екен.


Алтын киімді адамның сүйегі салынған осы қорап 25 жыл бойы Алматыдағы сот-сараптама үйінің жертөлесінде жатыпты

Алтын киімді адамның сүйегі салынған осы қорап 25 жыл бойы Алматыдағы сот-сараптама үйінің жертөлесінде жатыпты / Фото Алтын адам мұражайының қорынан алынды


– Бекең ақсақал (Бекмұханбет Нұрмұханбетов) антрополог Оразақ Смағұлдың бөлініп қалған бас сүйекті желімдеп, бір-біріне жапсырмақ болғанын талай рет есіне алған. Бірақ осыдан кейін бас сүйектің қайда кеткенін ешкім білмейді. Бастың денеден ажыратылу себебі еш құжатта көрсетілмеген. Оразақ Смағұловтың алғашқы сараптамасынан кейін экспедиция басшысы болған Кемал Ақышевтың сүйекті тағы да қосымша зерттеу үшін бір жаққа жібермек болғаны ғана белгілі. Бірақ сүйек сол бойы жоғалып кеткен.

Тек 2014 жылы Алтын адам мұражайы қызметкері сүйектің біраз бөлігін Алматыдағы сот-сараптама жасайтын мекеменің жертөлесінен тапқан. Онда "сүйекті И.Шаяхметов тапсырды" деген жазба бар. Қазір сүйектің бассыз бөлігі Алтын адам мұражайының сирек кездесетін құжаттар сақтайтын бөлімінде сақтаулы тұр, – дейді Ерлан Жасыбаев.

Алтын адам – әйел ме, еркек пе? Белгісіз

Алтын адамның бас сүйегін қолға ұстаған Оразақ Смағұл мырза "Төменгі жақ сүйегі өте биік, маңдайындағы қабақ сүйектері жақсы жетілгендіктен оны ер адам деген болжам жасадым. Сондай морфологиялық ерекшеліктерін де ескере отырып, оны шамамен 20 жастағы жауынгер деп анықтама бердім. Ал нақты әйел не еркек екенін білу үшін хромосомалық анализ жасау керек. Өкінішке қарай, қазір сүйектің қайда екенін білмеймін. Себебі мен сүйекті басымен қосып, Кемал Ақышевқа қайтып бергенмін" деп "Алаш айнасы" тілшісімен кездескенде айтыпты.

Табылған сүйек те енді күмәнді.

Ал Ерлан Жасыбаев:

– Алтын адамның сүйегінің немесе басының кімге тапсырылғаны туралы хаттама толтырылуы тиіс еді. Біздің қолымызда ол құжат жоқ. Ол құжаттың не себептен сақталмағаны түсініксіз, – дейді.

Алтын адам үйсін ханзадасы ма?

Солай деп алғаш жорамалдаған жазушы Тұрсын Жұртбаев болатын.

"Үйсіндер – батыс өңірдегі ең құдіретті мемлекет, олардың 120 мың түтіні, 188,8 мың сауытты әскері болған. Елжау бидің 10 ұлы болған, соның тақ мұрагері етіп белгілеген тұңғыш баласы 22 жасында қайтыс болады. Кейіннен әкесі қайтыс болғанда осы ұлының жанына жерленген. Ал Ақышевтің зерттеулерінде Алтын адамның мүрдесінің жанында тағы бір көсемнің мүрдесі болғаны жайлы айтылады. Жалпы дәстүр бойынша әрбір тұлға дара көмілуі керек. Басындағы қорған да жеке болуы керек. Әуел баста жас ханзаданың қорғаны жеке болған, кейін екінші тұлғаны жерлеуінен кейін біріктіріліп, үлкен қорған тұрғызылған. Қорғанның ауданы 60х60, биіктігі 6 метр, жалпы аумағы 8300 м3", – деген-ді Тұрсын Жұртбаев бізге ертеректе бір әңгімесінде.

Реставратор Владмир Садовский мен Кемал Ақышев Алтын киімді ханзаданың музейдегі қазіргі бізге белгілі үлгісін жасауға үш жылын жұмсапты. Оның костюмін қайта қалыпқа келтіруге Владмир Садовскийдің жұбайы Тамара да атсалысқан. Дайын болған сән үлгісі Алматыдағы орталық сауда үйі сыйға тартқан қуыршақ манекенге лайықталып пішілген. Кейін Владмир Садовскийдің қызының бойына өлшенген.

– 1973 жылы Сақ ханзадасының алтын сауыты Мәскеуде, 1974 жылы Лейпцигте, 1975 жылы Каирде, 1976 жылы Дамаск қаласында өткен халықаралық көрмеге қойылған. Сол кезде оның иесінің сүйегі Алматыда жертөледе қараусыз жатты, – дейді Ерлан Жасыбаев.

Рахат ауылы – Алтын киімді ханзаданың қонысы болған

Ежелгі Есік қаласының сақтар өркениетінің орталығы болғандығы туралы пікірді археолог-тарихшы Байпақов талай рет айтқан. Бекмұханбет ақсақал да көзі жұмылғанша Есік даласы – сақтар өркениетінің орталығы болған деген пікірді қолдап өтіпті.

Соның дәлеліндей, 2004 жылы сол ауылдан "Өрікті" деген атауға ие болған ежелгі қаланың орны табылды.

– Бекең ақсақал Сақ ханзадасының ата қонысы – Өрікті болған, оның мүрдесі сол Өріктіден жеткізілген деген болжам жасады, – дейді Ерлан Жасыбаев.

Бекең ақсақал да балаларына өлген соң, денесін сол Өріктіге қойыңдар деп аманаттап кетіпті.

Қазір оның денесі Алтын киімді ханзаданың ата қонысында жатыр.

Алтын адамды кім зерттеді?

Алтын киімді ханзаданың сүйегі 1970 жылдары "жоғалып кетті" деп үмітті үзген.

2014 жылы қайта табылған соң, Бекмұханбет Нұрмаханбетовтың бастамасымен Копенгаген университетінің жас маманы Петер Даамбарг алтын киімді ханзаданың қаңқа сүйегінің шынтақ тұсынан кішкентай бөлігін алып кеткен. Бірақ ондағы технология күшімен ДНҚ-ны анықтай алмаған. Онсызда кеуіп, үгітіліп тұрған сүйектің қолдан-қолға өтіп, әбден мүжіліп қалуы себепті ДНҚ-ны анықтау мүмкін болмаған.

2014 жылы РФ Ғылым академиясы этнология және антропология институтының ғылыми қызметкері Егор Китов мұражайға келген сәтінде "Сүйектің Алтын адамдыкі екеніне күдігім болғанын жоққа шығармаймын. Көзімді жеткіздіңіздер. Енді сараптама жүргізу керек десе", ресейлік келесі антрополог мұражайдағы қаңқа сүйек пен қазба жұмыстары кезінде табылған қаңқа сүйекті бір-бірімен салыстырып, "Бұл – алтын адамның сүйегі" деген қорытындыға келген.


РФ Ғылым академиясы этнология және антропология институтының ғылыми қызметкері Егор Китов (рюкзакпен) /

РФ Ғылым академиясы этнология және антропология институтының ғылыми қызметкері Егор Китов (рюкзакпен) / Сурет Ермек Жасыбаевтың жеке мұрағатынан алынды


– Егер, бас сүйегі табылса, оның тісі арқылы анықтауға болар еді. Бас сүйектің қайда кеткенін ешкім білмейді. Оның ізіне түсетін дәйектеме де жоқ. Қазіргі заманғы технологиямен анықтауға болады. Алтын адамның бас терісін сыпырып алу үшін 100 градуста, ерітінді қосып, қайнатылған жоқ. Топырақтан шықты.

Бас табылса, алтын адамның құпиясы ашылады. Бірақ бас жоқ. Бізге қазір алтын адамның тарихы емес, оның жынысын білу маңызды. Алтын адамның сыры әзірге құпия, аңыз және болжам түрінде ғана болып тұр, – дейді Ерлан Жасыбаев.

Алтын адамды жерлеуге ақша табылмай жатыр

Қазір ғалымдар арасындағы Алтын киімді ханзаданың сүйегіне қатысты пікір екі бағытта. Алғашқы топ "табылған жеріне қайта жерлеу керек" дейді. Ал екінші топ "сүйек – халық қазынасы, ол алдағы уақытта да зерттеу нысанасына айналу керек" дейді.

Бірақ, сүйекті табылған жеріне қайта жерлей алмаймыз. Өйткені ол жер әлдеқашан тегістеліп, орнына автобаза салынған.

Жерлеу үшін де, сүйекті зерттеу үшін де ақша керек. Екеуіне де қаржы табылмай тұр.

Қазақ тұл жетім қариясын да ағайынның көмегімен арулап жерлеген. Ал Алтын киімді ханзаданы жұрттан жасырып та жерлей алмаймыз. Ол – Азия мен Еуропаның арасын билеген Сақ тайпалары патшасының мұрагері.

Сүйектің бүлініп кетуі мүмкін

Беті тегіс керуеттің бетінде шашылып жатқанды алтын киімді ханзадның сүйегі дегенге көңіліміз сенбесе де, көзімізбен көрдік. Дамыған елдерде сурет өнері туындыларының түпнұсқасын сақтандыруға, тіпті, атақты сақтандыру компанияларының дәті бармайды. Себеб, ол – қымбат тұратын дүние.

Ал көз алдымызда шашылып жатқан сүйектердің күн сәулесінен және ыстықтан бүлініп кетпесіне кім жауапты?


Алтын киімді ханзаданың Алтын адам мұражайынының сирек жәдігерлер бөліміндегі бассыз сүйегі. Сүйек 16 шаршы метр бөлмеде беті тегіс керуеттің үстінде орналастырылған

Алтын киімді ханзаданың Алтын адам мұражайынының сирек жәдігерлер бөліміндегі бассыз сүйегі. Сүйек 16 шаршы метр бөлмеде беті тегіс керуеттің үстінде орналастырылған / Суретті түсірген автор


Ерлан Жасыбаев сүйектің аса жайлы орында тұрмағанын, ондағы ауаның деңгейі күнделікті тұрмыста қолданатын мұздатқышпен бақыланатынын айтты.

– Сүйек жойылып, үгітіліп барады. Оны жер қойнына тапсырғанша сақтайтын саркофог керек. Бірақ, оны қайдан аласың, – деді Ерлан Жасыбаев.

Айтпақшы, сүйектің жай-күйімен танысуға осы көктемде Астанадан екі сенатор келіп, кетіпті.

Алтын адамның сүйегі туралы мәселемен Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемел ұлы Тоқаев та хабардар екен. Қазір бұл мәселе Сенат төрағасының бақылауында тұр.

– Біз сенаторлармен бірге алтын адамды жерлеудің қаржылық сметасын жасап шықтық. Жерлеу шығыны – 500 млн теңге. Оның ішіне палеогенетиқалық ДНҚ анализы, күмбезін жобалау мен салуы және жерлеу жұмыстарын ұйымдастыру кіреді. Демеуші іздеп, жан-жаққа хат жаздық. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке де шықтық. Уақыт өткен сайын сүйек үгітіліп барады. Күтуге болмайды, жағдай көтермей тұр, – дейді Ерлан Жасыбаев.

Бас сүйек табылып қалар деген үміт әлі үзілген жоқ

Бірақ, сүйек туралы сақталған құжаттарда ол жайлы бір ауыз дерек жоқ. Басқаша айтқанда кірген ізі бар да, шыққан ізі жоқ.

– Қазір уақыт оздырмай, сүйекті жер қойнына беру маңызды. Себебі денесі жер қойнына берілмей, оның рухы (алтын адамның) тыныштық таппайды. Енді қаржы көзін тапсақ, жерлеуге кедергі жоқ, табылып жатса, басты денеге қосып жерлеу қиын емес, – дейді Ерлан Жасыбаев.

Бекең ақсақалдың ұлы Арман Нұрмұханбетов жерлену алдында сүйектерді зерттеу керек дейді. Ол үшін де көп қаражат керек. Жерлеуге кететін қаржының дені соған жұмсалады.

– Мысалы, палеогенетиқалық анализ 350 000 евроға жасалады, – дейді Арман Нұрмұханбетов.

Қазақ хандарының сән-салтанатына сақ қорғандары куә

Қазақ хандарының атрибуттары туралы мәселеде ғалымдар әлі бір тоқтамды пікірге келген жоқ. Тарихшы Меруерт Әбусейітова бұл пікірдің мифологиялық астары басым десе, тарихшы Нұрлан Атығаев хандардың алтын тағы мен алтын тәжі жайлы зерттеу еңбегін жазып жатыр.

"ХVII ғасырда белгісіз автордың парсы тілінде жазылған: "Алам-ара ии шах исмайл", кітабында Қасым хан туралы деректер сақталған. Онда қазақ билеушісінің шетелдік қонақтарды қалай қабылдағаны туралы суреттелген.

"Ұзақ уақытқа созылған жорықтан оралған Жәнібек ханды Қасым хан өз ордасында қабылдады. Қазақ даласына сапарлап барған жиһангездің айтуынша, Қасым хан таза алтыннан құйылған Шыңғысханның алтын тағында отыр. Оның төрт бұрышындағы арыстанның, сілеусіннің, жолбарыс пен айдахардың мүсіндері алтынмен құйылып жасалған. Қасымханның басындағы алтын тәждің құны жетпіс мың жылқының құнына бағаланады. Қасым ханның жақ сүйегі шығыңқы, иегіндегі сақал кіндігіне дейін түсіп тұр. Бұл тарихшылардың айтуынша тек Шыңғыс тұқымына ғана тиесілі белгі екен. Осындай айрықша белгімен туылғандар ғана хан тағына отыра алады".

Одан арғы деректерде ханның айналасын қоршаған серіктерінің сән-салтанаты көрсетілген.

"Алтын тақты 200-дей сұлтан айнала қоршап отыр, ханның оң жағында Әбілхайыр сұлтан жайғасыпты. Оның басында алтын түйрегіш және алтын әшекейлі өзбек қалпағы. Алтын жіптермен тігілген жібек шапанын иығына жеңіл ғана жауып алыпты".

– Қазақ тарихына тиесілі деректер енді ашылып жатыр. "Қазақ хандарының алтын тағы немесе алтын тәжі туралы деректерді мифологиялық сипаты басым" дегендер қателеседі. Қазақ хандығындағы биліктің алтын белгісі деп қабылданған ұғым берісі Шыңғыс, әрісі Сақтар заманынан қалған. Еліміздің шығыс өңірінен табылып жатқан алтын киімді адамдар – осының дәлелі. Сақтар заманы мен қазақ хандары заманында көп ұқсастық бар. Сондықтан, қорғандардан табылып жатқан жәдігерлерді бір жүйелейтін, оны жалпы айналымға шығаратын кез келді, – дейді Нұрлан Атығаев.

Қазақ даласындағы әрбір қорған мемлекеттің қарауына алынуы керек

Арман Нұрмұханбетов бала күнінде әкесімен бірге жүрген кезін еске түсірді.

– Әкемнің ресейлік археолог достары үйге жиі келетін. Аты-жөндері толық есімде қалмапты. Бірақ әкем олармен өзара әңгімеде Есік өңірінің сақ патшалары мекені болғанын, ал Алматының бір бөлігі, Мысырдың Луксор өлілер қалашығындай, сақ көсемдерінің жерленетін аймағы болғанын жиі айтатын. ХХ ғасырдың басында Алматыда 50-ге тарта сақ қорғаны болыпты. Қазір солардың тек 19-ы ғана бар. Қорғандардың тарихын келер ұрпақ үшін сақтау керек, – дейді ол.

– 1963 жылы Алматыны сел шайып өтпегенде, біз алтын киімді ханзада туралы білмейтін едік. Қазір "тарихи маңызын жойды" деген шешіммен қорғандар жойылып, орны тегістеліп жатыр. Қорғаннын құндылығын қазіргі технологиямен анықтау мүмкін емес. Тіпті Ресейдің бірінші Петр заманында қорғанды бұзуға, оның орнына үй тұрғызуға тиым салынған. Қазіргі технология 2 немесе 3 метр тереңдікте жатқан затты анықтауға ғана мүмкіндік береді. Ал Есік қорғанынан табылған алтын адам 5 метр тереңдікте жатты. Ол архелогтардың еңбегінің арқасында ғана табылды. Сол себепті қорғанды жаппай тегістеуге мен қарсымын. Оны болашақтың еншісіне қалдыру керек. Бізде жоқ мүмкіндік олардың қолында болады. Тарих үнсіз қалғанда, қорғандардың сөйлейтінін сақ қорғандарынан табылып жатқан экспонаттар дәлелдеп жатыр, – дейді Ермек Жасыбаев.

Серіктестер жаңалықтары