Тікелей эфир

Есеп комитеті: Үкімет ақшаны игеруді ғана ойлайды, нәтижеге қарамайды

Сурет parlam.kz сайтынан алынды
Сурет parlam.kz сайтынан алынды
Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова мемлекеттік органдардың есеп үшін бюджетті игеруге ғана емес, оның тиімділігі мен нәтижесіне мән беру керек деді.

– Бюджет есебінен салынатын нысандардың шығынын оңтайландыру керек. Кейде бірдей нысанды салуға жұмсалатын қаражат әрқилы есептеледі және сол қымбатқа салынған нысандардың сапасы басқалардан асып кетпейді. Оның үстіне сараптама комиссиясы арзанын да, қымбатын да оң бағалай салады, – деген бас аудитор бюджеттің атқарылуын бағалаудағы әдістемені өзгертуді ұсынды.

Депутаттар да бюджеттің тиімді игерілуіне назар аудармайды

– Бізде салықтық әкімшілендірудің сапасы қалай бағаланады? Бюджет кірісінің көлемін алдын ала болжап, кірістің көлемін сонымен салыстырады. Ал кірісі болжанғанда әдетте бюджеттің әлеуеті айтарлықтай азайтылып көрсетіледі. Соның өзінде, сарапшылардың айтуынша, биылғы бюджет кірісі болжанғандағыдан шамамен 2 трлн теңгеге аз орындалған, – деді Есеп комитетінің төрайымы.

Бюджет шығыстарына тоқталар болсақ, мұнда да мәселе жоқ емес. Наталья Годунованың мәліметінше, Парламент қабырғасында бюджеттің атқарылуы туралы есеп берілгенде депутаттар бюджеттің игерілуіне, кредиторлық және дебиторлық қарыздың төмендеуіне ғана қарайды.

– Бұл, әрине, маңызды, дегенмен, бағалаудағы ең басты критерий бюджет ақшасының тиімді жұмсалуы болуы керек. Сол үшін орындалуын бағалағанда бюджеттің игерілуіне емес, тиімділігі мен ақырғы нәтижесіне қарауымыз керек. Осы орайда, Ұлттық экономика министрлігі бюджеттің атқарылуынан келген нақты нәтижелерді бағалайтын құжат қабылдауы қажет шығар, – деді Есеп комитетінің төрайымы.

Құрылыс құны артығымен көрсетіледі

Бір типті екеніне қарамастан мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынатын әлеуметтік нысандардың бірі екіншісімен салыстырғанда айтарлықтай қымбатқа салынып жатыр. Есеп комитетінің төрайымы елдегі сараптамалық ұйымдарға талаптарды күшейтуді ұсына отырып:

– Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы желілік парктің бірінші кезектегі жобалау-сметалық құжаттамасында нысанның құрылыс құны 413 млн теңгеге артық көрсетілген. Айта кетейік, қазіргі таңда құрылыс нысандарын бағалайтын елде 144 сараптама ұйымы жұмыс істеп жатыр, – деп елордадағы олқылықтарды мысалға келтірді.

Жалпы, Годунованың пікірінше, көп жағдайда құрылыс компаниялары әлеуметтік нысандарды саларда құрылыс құнын орта есеппен 30 пайызға өсіріп көрсетеді екен.

Мемлекеттік сатып алуда үнемдеу керек

Бюджет қаражатының ысырап болатын тағы бір жері – мемлекеттік сатып алу. Есеп комитеті төрайымының айтуынша, тауар биржасы осы орайда бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берер еді.

Төрйаымның мәліметінше, былтыр мемілекеттік сатып алу порталынан 2 млрд теңгеге 2 млн қап қағаз сатып алынған екен. Соның ішінде 26%-ы "бір көзден" әдісі арқылы тікелей келісімшартпен ешқандай бәсекелессіз 1840 теңгеден сатып алынған. Тауар биржасында бұлардың бағасы 1000 теңгеден көрінеді. Осыны айта келіп Годунова тауар биржалары туралы заңды өзгерту мен бірдей сипаттағы стандартталған бірыңғай тауарлардың тізімін кеңейтуді ұсынды.

Мемкомпаниялар инвестиция тартпайды. Шығын шаш етектен

Сонымен қатар, республиканың бас аудиторы мемлекеттің үлесі бар заңды тұлғаларға Үкіметтің қолайлы жағдай жасауы олардың қаржылық ахуалына оң әсер етпейтінін айтты. Өйткені, оның пікірінше, Үкімет оларға мемлекеттік тапсырма ретінде немесе тікелей қаржылық көмек арқылы демеп келеді.

– Мемлекет жекешелендіруді жүргізіп жатыр. Алайда, квазимемлекеттік секторда қалған субъектілер де жаңаша бағытталып, шығынға батпайтындай болуы керек, – деді Наталья Годунова.

Мемлекеттің үлесі бар компаниялар мүлде инвестиция тартпайды, ол нөлге тең. Жалпы таза табысы 18% ұлғайса, шығындары бес есеге өсіп кетіпті. Соның ішінде мемлекеттік акционерлік қоғамдардың 23%-ы, ал жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің 14%-ы 2018 жылдан шығынмен шыққан екен.

Өнеркәсіп пен құрылыста инвестиция айтарлықтай өсті

– 2018 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция 17% көбейіп, экономиканың өрлеуіне түрткі болды, –деп мәлімдеді Мәжіліс отырысында Үкімет басшысының орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Соның ішінде салалар бойынша инвестиция көлемі ең қарқынды өскен өнеркәсіп (27% өсім), құрылыс (21%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (20%) және ауыл шаруашылығы (14%) екен. Нәтижесінде ІЖӨ 4,1% ұлғайып, ол өз кезегінде бюджет кірістерінің 2,3% өсуіне әсер еткен.

Жалпы, былтыр бюджеттің кірісі 5,8 трлн теңгені құрапты. Соның ішінде салықтардың көлемі алдыңғы жылдағыдан 17,5% көбейген.

Цифрландырудың әсері

Қаржы министрінің айтуынша, салық-кеден саласындағы әкімшілендіруді цифрлау салықтық түсімдердің көбеюіне ықпал еткен.

Атап айтар болсақ, қазіргі таңда салықтық түсімдерді арттыру үшін Үкімет "АСТАНА-1", "Тауарларды таңбалау", "Электронды шот-фактура", "Тәуекелдік басқару жүйесі", "Виртуалды қойма" модулі секілді ақпараттық жүйелер енгізген.

Жоспарды орындау үшін...

Сонымен қатар, Мәжіліс қабырғасында Әлихан Смайыловтың да, Наталья Годунованың да ерекше тоқталғаны – салықтың алдын ала төленуі болды. Бұған отырыс соңына қарай палата спикері Нұрлан Нығматулин де тоқталды.

Мемлекеттік кіріс комитеті жоспарланған көрсеткішке жету үшін бизнестен салықты алдын ала сұрайды екен, яғни, салық кезеңі аяқталмай жатып, аймақтардағы мемлекеттік органдардан бизнестен аванспен салық төлеуді талап етеді. Мұндайға Үкіметтің арнайы қаулымен тыйым салғанына қарамастан тиісті мемлекеттік органдардың осыны жалғастыра беруіне шүйліккен Нығматуллин мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевке ескерту жасады.

Серіктестер жаңалықтары