Тікелей эфир

Есек арбаға таңылған тағдыр

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Қазақстанға келген еңбек мигранттары кез-келген кәсіп түрімен айналысуға әзір. Бір шаршы метр жерді жалдап тұрса да, осы жақта өмір сүруді қалайды.

Тағдыр тауқыметі Қазақстанға әкелді

Ділфуза Айтымбетова Қарақалпақстаннан 5 жыл бұрын көшіп келген. Күйеуі-жүк тасушы. Өзі күнкөріске есек жалдап, табыс тауып жүр.

Үш баласы бар. Үлкені мектепте оқиды, Қарақалпақстанда анасының қолында. Кішісі бір жарым жаста.


Ділфуза Айтымбетова балаларымен

Ділфуза Айтымбетова балаларымен / Фото informburo.kz


Ертелі-кеш жұмыста болғандықтан, балаларын күтушіге бақтырады.
– Кешке дейін бағып бергеніне 700 теңге төлеймін. Өйткені өз балаларымен қосып бағады. Кейде шамам жеткенінше нан, сүт сияқты азық-түлік алып беремін, – дейді.

Есек арбамен жүріп, нан тапқанына намыстанбайды. Кәсіппен тапқан – несібе

Ділфузаның жұмысы таңғы тоғыздан басталады. Есек арбамен темір жинайды.


Жұмыс ерте басталады

Жұмыс ерте басталады / Фото informburo.kz


Алматы маңындағы бірнеше ауылдарды аралап, арбасы толғанша көшедегі, қоқыс жәшіктерінде жатқан темірлерді тереді. Ал тұрғындардан әр келісін 15 теңгеден сатып алады. Кешке дейін жинағанын темір қабылдайтын орталықтарға апарып, келісін 30 теңгеден өткізеді. Кәсібі өзіне ұнайды.


Темір қалдықтарын кейбір тұрғындар тегін береді

Темір қалдықтарын кей тұрғындар тегін береді / Фото informburo.kz


Осы кәсіппен айналысқанына бес жыл болған. Күнделікті табысы 4-5 мың теңгенің айналасында. "Өзімізге жетеді" – дейді ол.


Табыс табу қиын

Табыс табу оңай емес / Фото informburo.kz


– Біздің елде бұндай кәсіппен айналыса алмайсың. Табыс табу қиын. Қазақстанда қандай еңбекпен айналысам десең де, шектеу жоқ. Бұл жақта тапқан табысымыз тамақ пен киім алуға да, пәтерақыны төлеуге де жетеді. Ал Қарақалпақстанда болса, тапқан ақшаң тек азын-аулақ тамаққа ғана жетеді, – деп, Ділфуза бұл жақта жұмыс таба алмай жүрмін дегендерге таңданатынын білдірді.

Жұмыс берушілер еңбегімді жеп кетеді

Қазақстанға келгенде Ділфуза алдымен дәмханаларда жұмыс істепті. Кейін базарда зат сатумен айналысқан. Алайда жұмыс берушілер адал еңбекақысын жей берген соң, осы кәсіпті бастапты.
– Маған базарда күнделікті сатушы болғаным үшін 1500-2000 теңге төлейтін. Төлемей қоятын кездері де жиі кездесетін. Осылай қиналып жүргенімде әпкем бір күні есек арбамен темір жинап жүріп, 10 мың теңге тапқанын айтты. Содан кейін осы жұмысқа кірістім, – дейді Ділфуза.

Есек арба көп шығынды қажет етпейді

Есекті 30-35 мың теңгеге бір айға жалға алуға болады. Шамасы келмейтіндер кәсібі үшін 1000 теңге төлеп, күндік жалға алады. Дені Қарақалпақстаннан келгендер. Араларында жергілікті қазақтар да бар. Алайда олар «таныстарымнан ұяламын» деген сылтаумен сұхбат беруден бас тартты. Ділфузаның айтуынша, жалға алған тиімсіз болғанмен, қауіпсіз. Өйткені, жалға алушылар негізінен жалдамалы пәтерлерде тұратындықтан, есекке уақытылы жем-шөбін беріп, ұрылардан қорғай алмайды.


Есек шыдамды, ал әйел жаны одан да шыдамды

Есек шыдамды, ал әйел адам одан да шыдамды / Фото informburo.kz[


– Есек арбамен бөтелке жинаумен де айналыстым. Алайда тиімсіз болды. Темір жинау шығынсыз. Тек аптасына бір рет 1000 теңгеге жем аласың. Жылқыға қарағанда, есек шыдамды. Күнделікті шығындарды есептемегенде айлық таза табысым 60-70 мың теңгені құрайды, – дейді Ділфуза.

Арман болған қуыршақ

Ділфуза ортаншысы алты жасар қызын үйге жалғыз қалдыруға қорқады. Күтушінің қасына тастап кетуге мәжбүр.

– Ыстық күндері баланы өзіңмен бірге алып жүру қиын. Ауырып қалса, кім қарайды? Бұл жақта тегін медициналық көмек көрсетілмейді. Қатты ауыра қалсақ, ақылы ем алуға тура келеді. Сондықтан бала күтушіге тастаймын, таныс адам болғандықтан жағдайымызға қарайды. Оның үстіне үйге түскі ас ішуге келе алмаймын ғой. Көшеде самса, бәліш алып жеймін. Кешке келгенде қызыма әріп үйретуге де әлім келмейді, – дейді Ділфуза.


Балаларын күтушіге қалдыруға мәжбүр

Балаларын күтушіге қалдыруға мәжбүр / Фото informburo.kz


Ортаншы қызы Гүлзада алты жаста. Әпкесінің қызы Зүбира екеуі есік алдында қаңтарулы тұрған есек арба мен үйілген қоқыстың жанында ойнап үйренген.


Гүлзада мен әпкесінің қызы Зүбира бөпелерімен кейде есек арбамен қыдырады

Гүлзада мен әпкесінің қызы Зүбира бөпелерімен кейде есек арбамен қыдырады / Фото informburo.kz


Гүлзада шашы ұзын, өзі үлкен қуыршақты армандайды. Жасы алтыдан асса да жазу-сызуды білмейді. Мектепке барып, оқып, үйренгісі келеді.


Алты жасар Гүлзада жазу-сызуды әлі білмейді

Алты жасар Гүлзада жазу-сызуды әлі білмейді / Фото informburo.kz


– Неше түрлі әдемі киімдер кигім келеді. Дәмді тамақ ішкенді жақсы көремін. Бірақ мамам ондай тамақты жасай бермейді. Мамам мектепті әжеңнің жанына барғанда оқисың дейді. Онға дейін санауды білемін. Қағаз, қалам болса, жазып үйренер едім, – дейді Гүлзада.

Ер адамдар көшеде есек арбамен жүруге қорқады

Қала сыртында есек арбамен шыны құмыра, темір жинап жүргендердің көбі-әйелдер. Бірлі-жарым ересек балаларын бірге алып жүретіндерді де кездестіруге болады.


Есек арбамен темір жинайтындар тек әйелдер

Есек арбамен темір жинайтындар тек әйелдер / Фото informburo.kz


Мұның себебін Ділфузадан сұрағанымызда ол:

– Ер адамдар есек арбамен жүруге қорқады. Өйткені оларды жолда құқық қорғау қызметкерлері жиі тексереді. Бізді көп тексере бермейді. Балаларын бірге алып жүретіндер де бар. Ауыл адамдары аяушылық танытып, темірді тегін береді деп үміттенеді. Ал екі адам болып, жұмыс істеу тиімсіз. Онда түскен пайданы екіге бөлу керек болады, – дейді.

Асқақ арман

Ділфуза Қазақстанда бес жылдан аса уақыт тұрып жатса да, әлі азаматтық алмаған. Уақытша тіркеуге тұрудың машақатынан қашады. Соған қарамастан жер алып, үй салуды армандайды.
– Қарақалпақстанда бір бөлмелі үйім бар. Ол жақта күн көру қиын. Сондықтан үйімді сатып, осы жаққа көшкім келеді. Алайда мына жақта жер де, үй де қымбат. Мына бір бөлмені 15 мың теңгеге жалдап тұрамыз, – дейді Ділфуза.

Кәсіптің шыжығы мен...

Ділфуза Айтымбетова өз кәсібіне намыстанбайды. Адал еңбекпен, маңдай термен табыс тапқанына қуанады. Десе де, күннің қақаған суығы мен аптап ыстығында әр түрлі жағдайлар болып тұрады. Көшеде жолдың екінші бетіне есек арбамен өтер кезде көлік кептелісін де жасайтынын жасырмады. Дәл сол уақытта боқтық сөзді қарша борататын көлік жүргізушілерінен естімейтіні қалмайды.

– Тіпті кейбір адамдар жолда арнайы тоқтап, бұл кәсіпті не қыласың деп, мазақ қылып, күлгендері де болды, – дейді Ділфуза. – Ыстық күннің астында жүргендіктен бетіме бөртпе шығып кеткен. Қатты ыстықта талықсып кеткен кездерім де болды. Қыстың суығында жүру тіпті ауыр. Ол кезде екі адам болып, кезектеспесе қиын.

...қызығы қатар жүреді

Арбада күні бойы тік отырып шаршағанмен, мейірімді адамдардан тегін темір ала қалса, қуанышта шек болмайды. Енді ше, үлкен олжа. Ділфуза ол уақытта барлық қиындықтарды ұмытып кетеді.


Ділфуза үйге асығады, балалары күтіп отыр

Ділфуза үйге асығады, балалары күтеді / Фото informburo.kz


– Ауа-райының қолайсыз кездері – арбакештер үшін сынақ. Әсіресе, жауынды күндері көп қиындық көреміз. Жауын-шашында немесе қар қалың түскен күндері үйге жетудің өзі мұң. Үсті-бас малмандай су. Есектің де жүруі қиындайды. Алладан арбаның дөңгелегі сынбауын тілеймін. Өйткені дөңгелек ауыстыра алмаймын ғой. Бастысы, арбам толса болды, үйге қайтамын, – дейді ол.

Өйткені үйде балалары күтеді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары