Бүгін ҰБТ басталды
Бүгін түлектердің бірінші легімен еліміздің түкпір-түкпірінде 13 мың оқушы ҰБТ тапсырып жатыр. Білім министрі А.Аймағамбетов Елордадағы Еуразия Ұлттық университетінің базасында тестілеуден өтіп жатқан түлектерге сәттілік тілеп келді.
Министрлік таратқан мәліметке сәйкес, ҰБТ қорытындыларын үйден шықпай-ақ @EDU.GOV.KZ bot телеграм-ботынан, edu.mail.kz, Ұлттық тестілеу орталығының testcenter.kz сайтынан (тест тапсырушының жеке кодын енгізуарқылы) білуге болады.
Елордада колледждерге құжат қабылданып жатыр
Қалалық білім беру басқармасының сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, 2019-2020 жылдарға 25 колледжге 4705 грант бөлінген. Колледждердегі мамандықтар туралы мәліметті білім басқармасының сайтынан көруге болады.
Түлектерге құжаттарды 25-ші тамызға дейін колледждің қабылдау комиссиясына қағаз түрінде, болмаса электронды нұсқада e.astana.kz сайтына тапсыруға болады.
Алматыда 24-ші маусымнан 5-ші шілдеге дейін газ болмайды
Рысқұлов даңғылы мен Құлжа күрежолы қиылысындағы жолайрықтың құрылыс жұмыстары жүргізілуіне байланысты Райымбек – Суйінбай – Хмельницкий – Бухтарминский – Қотырбұлақ – Халиуллин – Талғар жолы аумағындағы 17000 абонент (16 мыңы тұрғын үй) уақытша көгілдір отынсыз отырады.
Ақмола облысында АН-2 ұшағы құлады
Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Н.Нұрахметов қайғылы оқиғаның бүгін сағат 10.00-де болғанын хабарлады. Апатқа ұшыраған ұшақ Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Родина ауылынан 10 шақырым жерде егістік алқабын химиялық өңдеп жүрген. Ұшақ ұшқышы оқиға орнында қаза тауып, 2 экипаж мүшесі жарақат пен күйік шалып, ауруханаға жеткізілген.
Целиноград аудандық ауруханасындағылар зардап шеккен экипаж мүшелерінің жағдайы ауыр екенін айтты. Екеуінде де ашық ми-бас сүйегі жарақаттанған. Қазір оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, апаттың себебі анықталып жатыр.
Елімізде жаңа босанған аналар өлімінің саны ресми деректедегіден көп болып шықты
Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов сандық жүйе іске қосылғаннан бері есепке алынбаған ана мен бала өліміне қатысты бірнеше фактілер анықталғанын мәлімдеді. 2015, 2016, 2017 жылдар бойынша ана өліміне қатысты осындай 50 фактінің беті ашылған.
Министр ана мен бала өлімінің нақты статистикасын алу үшін бұл салада толық цифрландыруды енгізу қажет екенін айтты. "Сонда ғана мұндай фактілерді жасыру мүмкін болмайды" дейді ол. Айтуынша, бұрын дәрігерлер қолдан диагноз жазып, ана мен бала өлімін жасыратын болған. Министрдің пікірінше, аймақтардағы ана мен бала өлімінің себебіне ауруханаларда медициналық жабдықтаудың жоқтығы мен кадр тапшылығы себеп.
Жемқорлар 3,5 жылда бюджетке 100 млрд теңге залал келтірген
Сыбайлас-жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеу департаментінің басшысы Қ.Сүлейменов осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, 2016 жылдан бастап 2019 жылдың мамырына дейін жемқорлыққа қатысты барлық қылмыстан 55,6 млрд теңге қайтарылған, бюджетке 94,6 млрд теңге залал келтірілген.
Мәселен, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету саласында осы мерзім ішінде жемқорлыққа қатысты 69 заң бұзу деректері анықталған. Салдарынан мемлекетке 1,8 млрд теңге залал келген. Осыған байланысты 32 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 24-і сотталған.
Шағын және орта бизнестен түскен табыс салығы жергілікті әкімдіктерге беріледі
Осылайша Ұлттық экономика министрлігі әкімдіктердің қаржылық әлеуетін арттырып, аймақтардың дамуына үлес қоспақ. Министр Р.Дәленов бюджетке ақша түскен сайын әкімдіктер жергілікті бизнесті дамытуға құлшына кіріседі деген пікірде. "Бизнестің әлеуеті артқан сайын, бюджетке де ақша түсімі көбейеді" дейді Министр.
Бәрінен бұрын Алматы әкімдігінің айы оңынан туайын деп тұр. Еліміздегі 435 мың шағын және орта бизнес өкілдерінің 120 мыңы Алматыға тиесілі екен. Екінші орында Елорда, мұнда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің саны – 71 мыңға жетіп жығылады, үшінші орында – Қарағанды облысы (30 мың).
Доллар 2 теңгеге арзандады
Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы орташа бағаммен 380,56 теңгеге сатылды. Еліміздің валюта айырбастау бекеттері долларды 379-380 теңгеге сатып алып, 381-382 теңгеге сатып жатыр.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: 2019 жылы жастарға қанша пәтер беріледі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлескен жоба бойынша жұмыс істейтін жастар үшін ірі қалаларда бір мың пәтер беріледі. "Жастар – ел тірегі" жобасы аясында, "Жас маман" және "Жас кәсіпкер" жобалары ауқымында, яғни Білім және ғылым министрлігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, бір миллионға жуық жас азамат жұмыспен қамтылады.
24.kz: Елімізде отбасын қолдау орталықтары ашылады. Орталықтар, отбасылық құндылықтарды арттыруға бағытталмақ. "Бақытты отбасы" жобасын іске асыру үшін арнайы жол картасы дайындалған. Онда отбасылар мен балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар шара қолға алынған. Білім беру мен жұмыспен қамту, құрамы толық емес жанұяларға үйде қызмет істеуге жағдай туғызу жайы қарастырылды. Мамандар бала құқығын қорғау мақсатында жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсетіледі.