Алғашқы электромобильдер қалай және қашан пайда болды?
Электр энергиясының көмегімен қозғалатын көлік құрастыру идеясы энергия өнімділігі мен қауіпсіздікті қатамасыз ету үшін екі ғасыр бұрын пайда болды.
XX ғасырдың басында Еуропаның алып қалаларында электр энергиясымен жүретін көліктер түрі 15-тен асқан. Жаңа көліктердің жылдамдығы сағатына 20 шақырым болып, толық қуатын 40-45 шақырымға жеткізетін болған.
Одан артық жылдамдықты үдетуге мүмкіндігі жетпегендіктен, электромобильдердің алғашқы нұсқалары прототип күйінде қалып қоя берді. Бірақ, жаңа инновациялық дамудың іргетасы қаланған болатын.
Электромобильдердің дамуына және олардың жаппай қолданысқа енуіне мұнай саласындағы алыптар кедергі болғаны жиі айтылады. Себебі, халық жаппай электрмен қозғалатын көліктерге ауысса, бензин сатылмай, мұнай саласындағы кәсіпкерлер дефолтқа ұшырайды.
Өткен ғасырдың басында шығарыла бастаған электромобильдердің арасында 100 шақырымды басып өте алатын модельдер болды. Америкалық инженер Уилльям Моррисон (William Morrison) 1891 жылы ең алғашқы электромобильді құрастырып шығарды. Одан кейінгі инженер зерттеулері электрлі мотордың жеңіл әрі арзан нұсқасын дамытуға бағытталып, оның тиімділігі тағы 20 пайызға артады. Бірақ, бұл да электромобильдердің нарығының күрт өсуіне негіз бола алмады. Электромобильдердің шешілмеген бірнеше мәселесі бар еді.
Никола Тесла электромобилі
Батыс Еуропа мен АҚШ-тағы инженерлер тәжірибе жүзінде әртүрлі моторларды сынап көруден жалықпады. Әсіресе, серб текті америкалық өнертапқыш Никола Тесла электр қуатын транспортқа қолданудың жолдарын іздеді.
Никола Тесланың өмірі электр энергиясымен тікелей байланысты. Ол Парижде білім алып, өз мүмкіндіктерін сынау мақсатында жаңа құрлыққа келеді. Танымал америкалық өнертапқыш Томас Эдисонның зауытында еңбек етіп, кейіннен өзінің зертханаларын ашады. Оны америкалық инвесторлар қолдап, зерттеу жұмыстарын қаржыландырады. Солардың бірі – АҚШ қаржы секторының алыбы Джон Пирпонт Морган болған. Пирпонт мырза Николаның сымсыз электр қуатын тасымалдаумен және электр қуатымен қозғалатын транспорт түрін жасап жатқанын білген соң, қаржыландыруды тоқтатып, зертханаларды өртеп жібергені бар. Өйткені, Тесланың ғылыми-практикалық жаңалықтары қаржыгердің бизнесіне нұқсан келтіруі мүмкін еді. Бұл да электромобильдердің дамуына белгілі бір деңгейде кедергі келтірді.
Никола Тесланың күнделікті қолданысқа жарамды электромобилі 1931 жылы жарық көрді. Бірақ, оның бір ғана нұсқасы болды және жаппай құрастыруға Тесланың қаржысы болмады. Ғалымдардың айтуынша, Никола Тесла құрастырған электромобиль қазіргі заманауи электромобильдердің құрылымына өте жақын болған. Бұл электр көлік нарығының осыдан бір ғасыр бұрын қарқын алып, дамуына мүмкіндігі болғанын айқындайды.
Электромобильдердің қандай артықшылықтары бар?
Бүгінгі нарықтық экономикада кез келген кәсіпкер өз өнімін саудалай алады. Электромобиль өндірушілері де өз мүмкіндігін сынау мақсатында әлемдік нарыққа шығып, белгілі бір жетістікке жетіп отыр. Десе де, адамдарды дәстүрлі (бензинмен жүретін) көліктің түрінен инновациялық электромобильге ауысуы үшін, жаңа өнім жан-жақты тиімді болуға тиіс.
Электр көліктерінің қарапайым бензинмен қозғалатын автомобильдерден бірқатар артықшылықтары бар. Нақтылап өтсек:
– қоршаған ортаны ластамайды;
– бензинге қарағанда электр қуаты әлдеқайда арзан;
– мұнай нарығына тәуелді емес;
– олардың қозғалыс барысында дыбысы шықпайды;
– салық төлеудегі жеңілдіктер;
– кептелістерде көп энергия жұмсамайды.
Расында, электр энергиясын тұтынатын көлік моторы қоршаған ортаға ешқандай зиянды қалдықтар мен денсаулыққа қауіпті газ шығармайды. Сондықтан электромобильдердің қолданысына қоршаған ортаны қорғайтын коммерциялық емес ұйымдар мен кейбір дамыған елдердің үкіметі қолдау білдіріп жатыр. Электр энергиясының арзан болуы мен мүлік салығынан жеңілдік берілуі де адамдардың электр моторы бар темір тұлпарға ауысуға үгіттейді.
Электромобильдердің қандай кемшіліктері бар?
Соның өзінде электр көліктеріне жаппай көшу тенденциясы әзірге байқалмайды. Қазіргі таңда әлемдегі қолданыстағы көліктердің небәрі 2,1 пайызы (7 миллион дана) электр энергиясы көмегімен қозғалады. 2040 жылға дейін бұл көрсеткіш 50 пайыздан асады деген болжам жасалған.
Электромобильдер нарығының жылдам дамуына бірнеше фактор кедергі келтіріп отыр. Олар:
– электромобильдердің қуаты көп қашықтыққа жетпейді;
– электромобильдерді қуаттау көп уақытты алады;
– көлік бағасы қымбат;
– көлікті қуаттайтын бекеттер аз;
– нарықтағы бәсекелестер аз;
– көлік батареяларының аз уақытта істен шығуы.
Электромобильдерді қуаттау – бүгінде оның ең негізгі мәселелерінің бірі болып отыр. Әзірге көлікті қуаттау бекеттері аз. Кейбір елдерде мүлде жоқ. Қуаттауға кем дегенде 30 минут уақытыңыз кетеді. Толық қуаттау үшін 3 сағат күтуге тура келеді. Бұл да көлік қолданушысына ыңғайсыздық тудырады. Электр көлігінің қуаты көп қашықтыққа жетпейді. Оның мүмкіндігін арттыру – бүгінде Tesla Motors сынды нарықтағы компаниялардың басты мақсаты болып отыр.
Расында, көлік бағасы қымбат. Электромобиль сарапшыларының жазуынша, бұған көлік батареяларының құны әсер етіп отыр. Шамамен электр көлігі құнының үштен бір бөлігін оның батареяларының бағасы құрайды екен.
Илон Маск бәрібір әлемді электрлендірмекші
Электр көліктерін дайындайтын әлемде бірқатар компаниялар бар. Дәстүрлі бензинмен қозғалатын көліктерді дайындайтын алып автоконцерндер де өздерінің электромобильдерін шығаруға кірісті. Себебі жақын болашақта бұған сұраныс көп болады. Сондықтан электр көліктердің мүмкіндіктерін арттыру – қазіргі инновацияның басты асуларының бірі болып отыр.
Америкалық инженер әрі миллиардер Илон Маск бастаған зерттеуші ғалымдар тобы әлемді электр көліктеріне отырғызу үшін елеулі еңбек етіп жатыр. Айта кетсек, Илон Масктың негізгі үш компаниясы бар. Олардың бірінде электрлі көліктер құрастырылса (Tesla Motors), екіншісі баламалы энергия өндірумен (SolarCity) айналысады.
Илон Маск Tesla көліктеріне сұранысты арттыру үшін қолында бар мүмкіндікті жасап отыр. Десе де, Tesla Motors көп жылдан бері шығыны көп жоба ретінде қалған. Орта есеппен Tesla Motors компаниясы әр сағатта жарты миллион АҚШ доллары көлемінде шығындалады екен. Көліктердің сатылымынан түскен ақша құйылған инвестицияны әзірге жауып отырған жоқ. Бірақ, Илон Маск мұнымен тоқтар емес.
Мысалы, ол осыдан бірнеше жыл бұрын берген сұқбаттарының бірінде Tesla көлігін сатып алған америкалықтар оны өмірінің соңына дейін тегін қуаттайтынын айтқан. Ол қуаттау бекеттерін АҚШ территориясының барлық аймақтарына орнатып, одан тегін қуаттау мүмкіндіктерін жасамақ. Бекеттерге электр энергиясын SolarCity компаниясы жеткізіп отырады. Қазіргі таңда АҚШ территориясында Tesla көліктеріне арналған 20 мың қуаттау бекеті жұмыс істейді.
Содан кейін, бүгінгі инженерлер батареялардың қуат жинай конденсатын арттыруға тырысып жатыр. Оны тез қуаттау, көлемін арттыру және құрастырудың тиімді әрі арзан жолын табу қазіргі электр көлігі өндірісіндегі басты мәселелерге айналған.
Қай елдер электромобиль нарығының дамуына үлес қосып жатыр?
Электр көліктерге сұраныс оның белгілі бір елдің ішкі нарығындағы бағасы мен үкіметтің көлік иелеріне салық жеңілдіктерін жасауына байланысты. Мысалы, электромобильдер ең көп елдердің тізімінде Қытай (2,2 миллион көлік) көш бастап тұр. Одан кейін АҚШ (1,1 миллион), Норвегия (300 мың), Жапония (260 мың), Ұлыбритания (212 мың), Франция (204 мың) және Германия (196 мың) тұр.
Аталған елдер электр көліктерді сатып алуға белгілі бір жеңілдіктер мен мүмкіндіктер жасаған. Мысалы, электр көліктерді импорттау бағасы өзге көліктерді алып келуге қарағанда төмендетілген. Сосын электр көлігін сатып алғысы келген азаматқа үкіметтен белгілі бір көлемде субсидия беріледі. Одан қалса, электр көлігінің иесі алғашқы 3-5 жылда мүлік салығынан босатылуы немесе оның төмендетілуі сынды шешімдер адамдарды электромобильдерге ауысуға итермелеп жатыр.
Қытай үкіметі швециялық Volvo компаниясын сатып алып, оның бизнес моделін толық өзгертті. Енді аталмыш компания тек электр және гибрид көліктер шығарады. Ал оның негізгі нарығы Қытайдың өзі болмақ.
Қазақстанда эдектромобильдерге сұраныс қалай?
Қазақстан электромобиль нарығындағы ең сұранысы аз елдердің қатарында. Өткен жылы елімізде 52 электр көлігі сатылған. Оның алдындағы жылы – 35 , 2016 жылы небәрі 34 көлік сатылыпты. Сұраныстың аз болу себебін анықтау үшін informburo.kz тілшісі Қазақстандағы Тәуелсіз автомобильдік одақтың жетекшісі Эдуард Эдоковтың пікірін білді.
– Қазақстан халқының саны аз болғандықтан, көлік өндірісінде тұтыну нарығы да салыстырмалы түрде кішкентай. Сол себепті де біздің елге әлемдегі кез келген коммерциялық тренд соңынан келеді. Электромобильдер солардың қатарында. Қазақстандықтар электромобильдерге қызығып жатқан жоқ. Себебі елімізде әзірге электр көліктерінің бекеттері де жоқ, – дейді Эдуард Эдоков.
Сарапшының айтуынша, алдағы уақытта да қазақстандықтардың электромобильдерге жаппай ауысуы күтілмейді. Себебі электр көліктерінің бағасын қазақстандықтардың басым бөлігінің қалтасы көтермейді. Егер бағасы төмендетіліп, көліктің толық қуатпен басып өту қашықтығы ұлғайтылса, қазақтар электр көліктеріне отыра бастауы мүмкін.
Қазақ үкіметі электромобиль иелеріне жеңілдіктер қарастырған ба?
Эдуард Эдоковтың айтуынша, Қазақ үкіметі елімізде электромобильдердің көбірек сатылуын үгіттейтін бағдарлама жасаған емес. Көлікке төленетін салық мөлшерін азайту сияқты шешімдер күн тәртібінде тұрған жоқ.
– Қазақ билігі электромобильдерге қатысты нақты қадамдарды жасаған жоқ. Менің ойымша, жақын болашақта жасамайтыны да анық. Электромобиль сынды күрделі инновациялық технологияларға халықты үйрету, дәстүрлі транспорттан ауысуға жалпы Қазақстан дайын емес, – дейді сарапшы.
Айта кетсек, өткен жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған бизнес форумда Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) өкілі ЕЭО-ға мүше елдерде электромобиль қолданысын көбейту туралы арнайы жоспар дайындағандарын айтқан болатын. Informburo.kz. тілшісі Мәскеудегі ЕЭК кеңсесіне хабарласып, айтылған жоспар бойынша мәлімет алуға тырысты. Бірақ, ЕЭК мамандары редакция сұранысын жауапсыз қалдырды.
Қазақ кәсіпкерлері электромобиль өндірісін бастай ала ма?
Бір апта бұрын белгілі қазақстандық кәсіпкер Нұрлан Смағұлов Алматыда жаңа көлік зауытын салатыны жайлы мәлімдеді. Оның айтуынша, зауыттың жылына 45 мың көлік шығаратын қуаты болады. Эдуард Эдоков қазақ кәсіпкерлерінің бензинмен жүретін көлік өндірісіне инвестиция салғанша, электр көлігі құрылысына бағыттау мүмкіндігіне қатысты да пікірімен бөлісті.
– Шындығында, электр көлігін құрастыру технологиясы өте күрделі. Оны қалыптастыру үшін 10-20 жыл қажет. Бір Илон Масктың өзі Tesla Motors компаниясын қанша жылдан бері қаржыландырып, дамытып жатса да, әлі табыс көрсеткішіне жеткен жоқ. Қазақ кәсіпкерлері электромобиль өндірісіне инвестиция салмайды. Себебі, оның тиімсіз салым болатыны анық. Көлікті құрастырып шығарғанның өзінде сатып алушы нарығы жоқ, – дейді Эдуард Эдоков.
Сарапшының ойынша, Қазақстандағы автоөндірістің өзі белгілі бір даму деңгейіне жеткен жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда автоөндірісінің өзі әзірге дерлік жоқ. Бүгінде отандық көліктер шетелде дайындалып, біздің елде тек құрастырылады. Автоөндіріс деген түсінікке сай болуы үшін көлік бөлшектерінің кем дегенде 50 пайызы Қазақстанда дайындалуы керек. Бізде ондай зауыт әзірге жоқ.
ЭКСПО-да электр көліктері сән үшін қойылды ма?
Осыдан екі жыл бұрын Астанада ұйымдастырылған халықаралық ЭКСПО көрмесінде көрші елдердің электр транспорт өндірісіндегі жетістіктері айтылды. Мысалы, өзбек автоөндірушілері 2020 жылға қарай өздерінің алғашқы электр көлігінің бетанұсқасын жасап шығаратын айтқан болатын. Оның прототипі ЭКСПО-дағы Өзбекстан павильонында қойылды. Оның коммерциялық нұсқасы 2022 жылы шығарылмақ. Одан бөлек, көрмеге Ресей нарығынан Lada Vest EV мен Белорус Республикасының электр қуатымен жүретін автобустары қойылды.
– ЭКСПО-ның ел имиджін көтеру мақсатында ұйымдастырылғаны белгілі. Ондағы қойылған инновациялық технологиялардың көп бөлігі көрмеден кейін дамытылған да жоқ. Пост-кеңестік елдердегі электр көлігі өндірісіне келер болсақ, олар тек әлемдік трендтен қалып қоймау мақсатында әрекет етіп жатыр. Мысалы, Lada немесе Daewoo концерндерінің нақты электромобильге қатысты толыққанды зерттеу орталықтары жоқ. Олар бензинмен жүретін көліктерінің компоненттерін ауыстыру арқылы гибрид немесе толық жаңартудан өтпеген өнімдерді ұсынып жатыр. Шынайы нарықта, олардың өтімділігіне әлі ешкім кепілдік бере алмайды, – дейді Эдуард Эдоков.
Қазақстанда электромобиль сатып алушыларға үкімет тарапынан еш жеңілдік көрсетілмесе де, инновациялық өнімге қызығушылық танытқандардың саны аз да болса бар және ол өсіп келеді. Бірақ, теңізге тамған тамшыдай. Ендеше болашақтағы жаңа өзгерістерге үміт артудан басқа амал жоқ.