Тікелей эфир

"Зейнет жасында ағылшынша оқып бастағандар бар". Ұзақ өмір сүрудің құпиясы не?

Елордада зейнеткерлерге арналған белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары жұмыс істейді.

Informburo.kz тілшісі Нұр-Сұлтан қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысымен танысып қайтты. Мұнда 450-ден астам зейнеткер бар.

"Біздің мекеме биыл қаңтар айында жұмысын бастады. Қазіргі уақытта 16 үйірме жұмыс істейді, жыл соңына дейін тағы да көбейеді. Арасында еңбек терапиясы, жаттығу залдары, түрлі ойындар бар. Біздің орталығымызға келіп жатқан зейнеткерлер көп. Олар өзі қатарлы адамдармен араласуын қалаймыз. Зейнеткерлерге есігіміз әрдайым ашық. Тіркеу үшін тек жеке бас куәлігі мен зейнеткерлік туралы куәлігі жеткілікті. Бәрі тегін", – деді орталық жетекшісі Роза Байсалбаева.

Орталықтағы зейнеткерлер гимнастика жасау кезінде. Фото: Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

Айтуынша, зейнеткерлер көбінесе дене шынықтыру, дем алу гимнастикасы, реабилитациялық гимнастика, йога, тігін, тоқырма үйірмелеріне жиі жазылады. Ағылшын тілі мен қазақ тілін үйренгісі келетін қарттар да бар.


Оқи отырыңыз: Қазақ қарияларын неге қадір тұтқан?


"Мақсатымыз – зейнеткерлерімізге белсенді өмір сүру мәдениетін сіңіргіміз келеді. Ол тек көңіл көтеру ғана емес, мәдениет те. Адам қазіргі өмір салтына бейімделіп, әлеуметтенуі қажет. Сонымен қатар жас кезінде қандай да бір себеппен дамыта алмаған жасырын қабілеттерін ашу", – дейді Роза Байсалбаева.

Айжан Жаркешова қарттарға құммен сурет салу техникасын үйретіп жатыр. Фото: Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

Жуырда орталықта зейнеткерлерге жаңа жоба – "Құм театры" арт-терапиясы ұсынылды. Шараның негізгі мақсаты – қарттарға мәдени-рухани демалыс сыйлау. Онда жоба авторы Ажар Ілияс пен анасы Айжан Жаркешова құмда сурет салу арқылы биші қайыңдар туралы аңызды көрсетті. Кейін қариялармен жеке жұмыс істеп, құммен сурет салу техникаларын үйретті.

Педагог-психолог Айжан Жаркешова бұл іспен 2010 жылдан бері айналысып келеді. Ол құм терапиясын Қазақстанға бірінші болып әкелгендердің бірі.  Зейнеткерлерге шеберлік сағатын ұйымдастыру 9-сыныпта оқитын қызы Ажардың идеясы екен.

"Қызым қала әкімдігі ұсынған байқау грантын осы әлеуметтік жоба арқылы жеңіп алды. Құммен сурет салу жобасының басты мақсаты – қарттарды әлеуметтендіру, жағымды эмоция сыйлау, шығармашылық кеш ұйымдастыру. 27 мамырдан бастап қаламыздағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында зейнеткерлермен кездестік. Көптеген жақсы пікір естіп, ұнағанына қуандық. Адам сурет салу арқылы ішкі жан дүниесін бейнелеп, өзіне сенім қалыптастырады", – деді Айжан Жаркешова.


Оқи отырыңыз: Қамсыз қарттықты қарттар үйінен тапқандар


Педагог құм терапиясының техникасын кез келген жастағы адам меңгеріп кете алатынын айтады. 

Әлеуметтік жоба қаладағы төрт  белсенді өмір сүру орталығында өткізілген. Барлығы 100-ден астам қарт қамтылған. Айжан Жаркешованың айтуынша, жоба аяқталған соң ұйымдастырушылар кей орталықтарға құм аппараттарын тегін сыйлауды ойластырып отыр. 

Жоба авторы Ажардың айтуынша, құммен сурет салу ұсақ және ірі қол моторикасын дамытады. Сондай-ақ адам бойындағы шығармашылық белсенділікті арттырады.

"Біздің қоғамда балаларға көп көңіл бөлінеді. Ал қарттар назардан тыс қалып қоятындай көрінеді. Жасы ұлғайған сайын адамдар бала сияқты болып кетеді ғой. Қалада қарттар баратын орын аз. Олардың барып тұратын өзінің ортасы болса дедік. Алдағы уақытта жобаны жалғастыру ойымызда бар", – деді Ажар Ілияс.

Орталыққа келіп жүрген зейнеткерлердің бірі – 69 жастағы Құрмантай ата. Астанада  2002 жылдан бері тұрады. Мемлекеттік қызметкер болып жұмыс істеген, 

"Құм терапиясы өте ұнады. Өте қолайлы екен. Біз сияқты жасқа келген адамдарға пайдалы: қолдың моторикасын, көздің көру қабілетін жөндейді. Табиғатқа деген көзқарасың да өзгере бастайды екен. Бұрын құммен сурет салуға болатынын білмеппін Бүгін құммен сурет салуға икемім бар екенін біліп, таңғалып тұрмын", – деп әсерімен бөлісті ол.

Ажар Ілияс Құрмантай атаға құммен қайыңның суретін салу техникасын үйрету үстінде. Фото: Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

Зейнеткер орталықта үстел теннисіне, интеллектуалды ойындарға қатысады. Айтуынша, зейнеткерлерге арналған осындай орталықтардың болғанына қуанышты.

"Осындай орталықтың болғаны өте қолайлы екен. Уақытыңды пайдалы өткізесің, өзіңмен замандас адамдармен араласып, ойнап-күліп, пайдалы нәрсемен шұғылданасың", – дейді Құрмантай ата.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары