Тікелей эфир

Қамсыз қарттықты қарттар үйінен тапқандар

Фото sputnik-gorgia.ru сайтынан алынды
Фото sputnik-gorgia.ru сайтынан алынды
Қарттар үйіндегі ата-әжелер босағаға телміре қарап, баласын күтпейтін болған. Өйткені үміттері үзілген.

Алматыдағы қарттар үйінің табалдырығын аттай бере, олардың әжімді жүздеріне, жасаураған көздеріне қалай қарап, өзімді қалай ұстар екенмін деген ой маза бермеді. Сонда да болса, еріксіз үйірілген жасты сүртіп, кірдім.

Алайда дәліз тып-тыныш. Есіктен қараңдаған сұлбаны көрсе, "балам келген болар" деп жаутаңдап дәліздегі диванда күтіп отырған, үміт оты өшпеген бірде бір қарияны байқамадым.

Бірі концертке, бірі театрға, енді бірі шипажайға кетіпті. Әркім қоңырқай тірлік кешіп, қарттар үйінде тұрғандарына еттері өліп кеткендей.

Балаларының барын қарттар неге жасырады?

Қарттар үйі қызметкерлерінің айтуынша, мұндағылардың көбінің балалары бар. Алайда мен сырласқан біраз қариялар "балаларымыз жоқ немесе қайтыс болып кеткен" деген сынды жауап берді. Өйткені олар балаларына салмақ салғысы келмегендіктен, қарттар үйін паналап отырғанын айтудан ұялады.

Балаларының барын жасырмай айтқан кейбір қарттар "маған қарайтын шамалары жоқ, жұмыстан қолдары тимейді" деп оларды ақтап, әлекке түседі.

"Мұнда басқан ізіңді аңдитын адам жоқ"

Тек ішкі сырын бүкпесіз айтқан қарияның бірі – Белқожа Қамалханов ата алты бала тәрбиелеп өсіріпті. Жасы қазір 82-ге тақап қалған. Төрт баласы Алматыда тұрады. Барлығы аман-есен. Қалған екеуі Қазақстанның басқа облыстарында тұрып жатыр.


Қарттар үйінен пана тапқан Досқан қария

Қарттар үйінен пана тапқан Белқожа қария / Фото informburo.kz


Атамызбен жөн сұраса келе, балалары мен немерелерін асыға күтіп жүргенін айтатын шығар деп едім. Олай болмады.

– Үш ұл, үш қызым бар. Бәрінің де отбастары бар. Жарық дүниенің ендігі қалған санаулы күнін осындай жайлы жерде, тыныш өткізгім келеді. Өйткені емін-еркін жүремін. Артыңа шам алып түсіп, басқан ізіңді аңдитын адам жоқ. Төрт мезгіл тамақ береді. Өзімнің жеке бөлмем бар. Құрдастарыммен бильярд, карта ойнаймын. Одан артық не керек? – деп қария риза болған кейіп танытты.

Балалары үшін жатқа айналған қария

– Қанымыз қазақ болған соң шығар, ата-әжелеріміз әдетте немересін бір иіскеп ұйықтамаса, мазасы кетеді. Немерлеріңізді сағынып жүрген боларсыз, – дегенімде қария сенімсіз дауыспен "жоқ, сағынбаймын, неге сағынамын?" деп өзі қойған сұрағына жауап іздегендей, ойланып қалды.

– Немерелерім мені танымайтын да шығар. Ал балаларға керек болсам, дәл қазір осы жерде осылай отырамын ба? Бірақ оларға кінә тақпаймын. Алақаныма салып бағып-қаққан балаларымның бірде-бір рет іздеп келмейтініне жанымның ауыратыны рас. Бірақ қолымнан басқа не келеді? Мен олар үшін жат адам болып кеткенмін. Тек бір ұлымнан туған қызды кемпірім екеуміз бауырымызға салып өсіріп едік. Соны сағынамын. Сол қызым ғана хабарласып тұрады. Өзі тұрмыста. "Ата, қолыма алайын десем, ата-енеммен тұрамын" деп қиналады. Мен оған: "Түкте қиналма. Ешкімге салмақ салғым келмейді. Осы жерде тұра берем" дедім.


Досқан ата құрдастарымен билярд ойнағанды жақсы көреді

Белқожа ата құрдастарымен бильярд ойнағанды жақсы көреді / Фото informburo.kz


Жаннан тәтті немере

Белқожа ата ешкімді күтпейтінін, іздемейтінін қанша қату айтқанымен, немересіне келгенде көзі жасаурап кетті. Ол баласы мен келіні ажырасып жатқанда немересін қалай алып қалғанын еске алды.

– Әрі қарай бірге тұра алмайтын болғандықтан, балам мен келінім екеуі ажырасамыз деп шешті. Бірақ біз кемпір екеуміз немереге бауыр басып қалып едік. Немерем де бізді қатты жақсы көретін. Бір күні мен үйде болмағанымда, келін анасымен келіп, жылағанына қарамай немеремді үйден алып кетіпті. Дереу арттарынан қуып барсам, немерем әлі жылап жүр. Мені көре сала, жанұшыра жүгіріп келіп, құшақтай алды. Содан қайтып бермей қойдым. Өзім бағып-қағып өсірдім, – дейді Белқожа ата.

Кесір келін кетуге мәжбүр еткен

Белқожа ата 25 жыл шопыр болып жұмыс істеген. Қарттар үйінде тұрып жатқанына 14 жыл. Кемпірі қайтыс болған соң, келінімен бір шаңырақтың астында тұра алмағандықтан, үйден кетуге шешім қабылдаған.

Алты баланың бірі әкесіне мойын бұрмады ма деген сауал ойыма еріксіз орала берді.

– Адам туған үйінен босқа безіп кетпейді ғой. Менің үйден кетуіме келінім себепші болды. Үйге келін келгелі әр аттаған қадамымды санап басатын болдым. Тіпті әр қимылымды, жүріп-тұрғанымды жақтырмады. Жуынсам да, тамақ ішсем де күн көрсетпеді. Өзі болмаса да, кішкентай немерелеріме мені аңдытып қояды, олар "ата, мынаны істеме, былай отырма" деп тықылдайды да жүреді. Есейе келе тіпті тыныштық болмай кетті. Бірге тұру мүмкін болмады. Ақыры балам екеуінің ортасына түспей-ақ қояйын деп қарттар үйіне кетуге бел будым.

Балам естіген кезде барма деді. Бірақ шын көңілімен айтқанына өз басым сенбедім. Мұндай үйдің барын таныстарымнан сұрап білдім. Сосын қажетті құжаттарды дайындап, осында біржола көшіп келдім. Содан бері 14 жыл өтті. Келінім бір рет болса да келіп сәлем берген емес. Келін тұрмақ, балаларым да келмейді.


Теледидар мен радио Досқан атаның өмірлік серігіне айналғалы 14 жыл болған

Теледидар мен радио Белқожа атаның өмірлік серігіне айналғалы 14 жыл болған / Фото informburo.kz


Қарттар үйін паналаған Белқожа атаның бар тілегі артында қалған ұрпағы аман болып, ауырмаса болғаны. Қайтпас сәжерға аттанғанша ешкімге салмақ салмай, қиналмай кетсем деп тілейді.

Өкініші жоқ ғұмыр

Атамыз өткен өміріне ешқандай өкініш білдірмейтінін айтты. Сондықтан ол осы кешкен ғұмырына ризашылық танытып отыр.

– Балаларымның алдындағы әкелік міндетімді адал атқардым деп ойлаймын. Шамам келгенше оқыттым. Бірақ бойымдағы күш-қуатым тайғанда қарамады деп қарғамаймын. Ренжімеймін де. Маңдайыма жазылған жазу осы шығар. Қайта аман жүрсе болды, – дейді ақсақал.

Балалардың жағдайымен де санасу керек

– Ұлдарымның менімен тұруға жағдайы жоқ. Ал қыздарымның қолында өзім тұра алмаймын. Сондықтан жағдаймен де санасу керек шығар. Мында менің қарным тоқ. Қатарларыммен әңгіме-дүкен құрамыз. Мерекені атап өтеміз. Театрға барамыз. Ешкім мазаңды алмайды. Зейнетақыдан қалған ақша бір басыма жетеді, – дейді Белқожа ата.

– Сонда да "өз үйім өлең төсегім" деген бар, егер балаларыңыз "жаздық, жаңылдық" деп келсе, үйіңізге қайтар ма едіңіз? – деген сұраққа, Белқожа ата басын шайқап, ондай аттылы күннің ешқашан болмайтынын айтты.

– Мен өз балаларымды жақсы білемін. Олар келмейді. Мен әлдеқашан үмітімді үзген адаммын, – деді де, әңгіменің аяқталғанын білдіріп, керегеде ілулі тұрған радионың даусын қатты шығарып, өлең тыңдауға кірісті.

Қарттар үйін мүгедектер де паналайды

Жалпы қарттар үйінде бірінші және екінші топтағы мүгедек адамдардың да тұруына болады. Солардың бірі – екінші топтағы мүгедек Қайрат Қалиақпаров әйелімен ажырасқан соң үйсіз қаңғып қалыпты.


Қарттар үйін паналап отырған екінші топтағы мүгедек Қайрат Қалиақпаров

Қарттар үйін паналап отырған екінші топтағы мүгедек Қайрат Қалиақпаров / Фото informburo.kz


– Менің 12 жасар ұлым бар. Қазір анасымен бірге тұрып жатыр. Ажырасқан соң менің барар жерім болмады. Жалғыз зейнетақымен өмір сүру мүмкін емес. Жасым болса 52-ге келді. Балама туысқандарым көмектесіп тұрады. Мен жылына бір рет туған күніне баруды әдетке айналдырғам.

Өзім мүгедек болсам да әр түрлі жұмыстарды істей беремін. Тіпті электрик мамандығын да меңгергенмін. Бірақ көп жерге мүгедек болғандықтан жұмысқа алудан бас тартады. Қазір мұнда тұрып жатқаныма екі жыл болды.

Моншақ тоқумен айналысып жүрмін. Жасаған заттарымды көрмеге сатуға шығарып тұрамыз. Осылайша уақытымды бос өткізбеуге тырысамын. Керемет табыс болмаса да, мен мұнда қолымнан келген іспен айналысуыма мүмкіндік бар, – дейді ол.

Баласы өлген соң басқа жерден пана іздеген ана

82 жастағы Альбина Мизякина қарттар үйінде дәмді бәліштерімен танымал. Өйткені қарттар үйіне орналасқалы бері әр түрлі бәліш пісіріп, орталық қызметкерлері мен қарияларға тегін таратқанды жақсы көреді. Қолдары қалтырап, әзер икемге келегеніне қарамастан, еңбектенуден шаршамайды.

Бәліш пісіру – Альбина әженың сүйікті ісі. Бір қызығы, Альбина әже бәліш пісірудің шебері болғанымен, өзі жемейді. Өйткені, асқазаны майлы тамақтарды қабылдамайды.

Қарияның айтуынша, еңбек адам санасын жаман ойлардан тазалайды. Сол себепті ол өткен өмірін жиі есіне алмау үшін бөлмесінде әр түрлі шаруалармен айналысқанды жақсы көреді.


82 жастағы Альбина Мизякина да келінімен бірге тұра алмаған

82 жастағы Альбина Мизякина бәліш пісіргенді ұнатады / Фото informburo.kz


– Балам ауырып жатқанда қарттар үйіне барайын деп өзім ұйғардым. Өйткені пәтерімді үйленген соң баламның атына рәсімдеген болатынмын. Алдымда қандай қарттықтың күтіп тұрғанын қайдан білейін?

Балам жұмысты жан-тәнімен беріліп істейтін. Соның жағдайын жасағым келді. Бірақ өмірден ерте өтіп кетеді деп ойламаппын. Мені ауруханаға көзімді қаратуға әжерып жүріп, өзінің ауырып жүргенін айтпаған.

Ақыры ауыр отадан соң екі жылдан кейін қайтыс болды. Келінімнің мені қуып шығатынын жақсы түсіндім.

Егер үй өзімнің атымда болса, мұнда тұрмаған болар едім. Пәтерді мен Ресейден көшіп келгенде сатып алған едім. Келіншек алғанда ұлымның атына пәтерімді аударып бергенім қате болыпты.

Мына жердегі бөлмем ендігі өміріме жарайды. Кейбір достарым хабарласып, ет асып, қонаққа шақырып тұрады.

Немере қыздарыма өзім хабарласып, хал-жағдайларын біліп тұрамын. Мені іздемесе де, аман екендерін біліп отырсам, жеткілікті. Ал келін менің атымды да ұмытып қалған шығар ендігі, – дейді көзіне жас алған Альбина әже.

Қарттарды кинодағыдай алдап әкеледі

Алматы қаласындағы қарттар үйі директорының міндетін уақытша атқарушы Римма Көлбаева күннен-күнге ата-анасынан бас тартқандар саны артып келеді дейді. Қазір орталықта 295 қарттың 70-тен астамы қазақтың ата-әжелері екен.

– Маған күніне кем дегенде он шақты адам хабарласып, ата-анасын өткізгісі келетінін айтады. Оларды райынан қайтаруға тырысқанмен, бір нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес.

Мұндағы үлкен кісілерді балалары тура бір өзіміз кинодан көріп жүргендей жағдайда алдап әкеліп тастап жатады. Зейнетақысы көп дегенде айтарға сөз таппай қаласың.

Өздеріне қарауға шамалары жетпейтін шақта балаларына да керек болмай қалады. Біраз уақыттан кейін шындықты білгенде алданған қарттар сенгілері келмейді.

Көп уақытқа дейін "мен мұнда уақытша келгенмін, балаларым алып кетеді" деп үміттенеді. Содан кейін психологиялық күйзеліске түседі. Сондықтан орталыққа бейімделіп кеткенге дейін, психолог мамандардың бақылауында болады.

Үйдегі қариядан құтылу үшін бір ғана сылтау жеткілікті

Қазақстан бойынша қарттарға арналған 49 үйде жеті мыңнан астам қария тұрады. Олардың бес мыңдайы зейнет жасында. Әдетте мұнда бірінші және екінші топтағы мүгедек адамдарды да қабылдайды.

Тіпті жеке меншік қарттар үйі де бар. Онда қарияларға көрсетілетін қызмет ақысы күніне шамамен 3500 теңгеден басталады. Сондықтан, онда тек қалталы азаматтар ғана тапсырады.

Римма Көлбаеваның айтуынша, ата-анасын қарттар үйіне тапсырушылар бір ғана сылтаумен әкеледі екен – "үлкен кісіге қарауға жұмыстан қолымыз босамайды".

Ал қартайған ата-анаға баласынан тамақ та, киім де сұрамайды, тек көңілінің кеңдігін ғана талап ететіні шындық. Олардың көңілге кедей, санасы саяз балалардан үміт үзіп, тек сырттай амандығын тілегеннен басқа амалы жоқ.

Серіктестер жаңалықтары