Тікелей эфир

Жаңа экокодекс, ауданаралық соттар. 1 шілдеден бастап қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?

Республикада қолданыстағы бірқатар заңнамаға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер бүгін күшіне енеді.

Екпе туралы ақпарат Ashyq жобасына енгізіледі

1 шілдеден бастап қосымша арқылы адамның вакцина қабылдаған-қабылдамағаны көрінеді. Осы үшін екпе туралы ақпарат толықтай Ashyq жобасына енгізілді. Коронавирусқа қарсы екпе алудың маңызы туралы келесі сілтеме бойынша өтіп оқуға болады: Коронавирусқа қарсы вакцинация. Сіз білуіңіз керек 11 сұраққа жауап

Ауданаралық әкімшілік соттар жұмысын бастайды

1 шілдеден бастап жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің басты нормалары күшіне енеді. Оған сәйкес, азаматтар мен бизнестің мемлекеттік органдармен арасындағы дауларды шешу тәртібін реттейтін жаңа Әкімшілік іс жүргізу-процессуалдық кодексі күшіне енеді. Оған сәйкес, ел аумағында жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды шешуге бағытталған Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар өз жұмысын бастайды. Сондай-ақ, Жоғары сот пен облыстық соттарда енді әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрылады.

"е-Өтініш" жүйесінде бірыңғай арна іске қосылады

Бұл өзгеріс те Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс аясында жүзеге асады. Оның 4 артықшылығы бар:

  • жүйе өтініштерді қараудың бүкіл тарихы сақталатын біртұтас базаға айналатындықтан бұл барлық мемлекеттік және сот органдарына, сонымен қатар өтініш берушілерге қолжетімді жүйе болады.
  • мемлекеттік органдар өтініштерді бұрынғы қабылданған шешімдер мен берілген жауаптарды ескере отырып қарайды.
  • әрбір қаралған арыз-өтінішке мемлекеттік органда әкімшілік іс ашылады. Оның талаптары мен шарттары Кодексте нақты көрсетілген. Егер арыз иесінің талабы қанағаттандырылмайтын болса, онда мемлекеттік орган міндетті түрде арыз иесін қабылдап, оған түсініктеме береді немесе заңдарда көрсетілген шешу жолдарын түсіндіреді. Арыз иесі ол жауапқа да қанағаттанбаса, мемлекеттік органның немесе мемлекеттік қызметкердің үстінен сотқа шағымдануға құқылы.
  • енді мемлекеттік органның жауабына шағымдану жаңа тәсілмен жүреді, берілген жауаптың немесе шешімнің дұрыстығын жауапты мемлекеттік орган дәлелдейтін болады. Яғни, арыз иесі тек талап-арызын ғана сотқа жеткізеді.

Оқи отырыңыз: 2 тамызда педагогтерге арналған цифрлық біліктілікті арттыру бойынша тегін курс басталады


Салық берешегінің шекті сомасы бекітілді

Бүгіннен бастап Салық кодексінде салық берешегінің шекті мөлшері 17 502 теңге мөлшерінде бекітілді.  Бұдан былай қарызы сол сомадан төмен салық төлеушілердің шоты бұғатталмайды. Жаңашылдықтар қатарында мобильдік қосымшаны пайдалану арқылы арнайы салық режимін енгізу шарасы бар. Қосымша салық төлеушінің қызметін тіркеуді, тоқтатуды және салық міндеттемелерін орындауды жеңілдетеді. 6 АЕК-тен немесе 17502 теңгеден жоғары салыққа қарызы барлардың банктегі есепшоттарына бұғат қойылып, банк қызметтері қолжетімсіз болады. (1 АЕК – 2 917 теңге). 

Жаңа экологиялық кодекс күшіне енеді

1 шілдеден бастап Экологиялық кодекске және оның заңнамаларына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар күшіне енеді. Оның ішінде атап өтерлігі, ауаны ластайтын алып компаниялар енді қоршаған ортаға әсер ету бағалауынан өтіп, арнайы рұқсат алатын болады. Сондай-ақ, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің экология туралы баптарына өзгерістер енгізіліп, күшіне енеді.

ЕАЭО аумағында бірыңғай жұмыс іздеу жүйесі іске қосылады

"Шекарасыз жұмыс" – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ақпараттық жүйелеріндегі бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы ақпарат алуға арналған іздеу жүйесі.

"Ортақ интеграциялық жүйені бір уақытта іске қосу үшін шетелдік әріптестермен бірлесіп мүше мемлекеттердің аумағында жұмыс іздеу бойынша негізгі ақпараттық жүйелер әзірленді. Олар: "Горц" армян ақпараттық жүйесі, Беларусь Республикасының Мемлекеттік жұмыспен қамту қызметінің ақпараттық порталы, қырғыздардың "Жұмыспен қамту" порталы, "Ресейдегі жұмыс" ақпараттық жүйесі және қазақстандық "Еңбек" порталы", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.

Жүйе ЕАЭО-ның барлық жұмыс іздеушілері мен жұмыс берушілеріне ұлттық еңбек биржаларында жиналған, верификацияланған және жарияланған бос жұмыс орындары мен түйіндемелер бойынша жұмыс орнын немесе қызметкерлерді іздеуге мүмкіндік береді.


Оқи отырыңыз: Еуразиялық экономикалық одақ аумағында бірыңғай жұмыс іздеу жүйесі іске қосылады


"Техникалық реттеу туралы" заң күшіне енеді

Оның мақсаты - қазақстандықтар үшін өнімнің сапасын, бәсекеге қабілеттілігін және қауіпсіздігін арттыру. Жаңа заң бойынша, енді нысандарды бақылауға басымдық беріледі. Сәйкесінше, тексеру нысаны өнім өндіруші не онысатушы емес, өнімнің өзі болады. Бұл үшін зертханалық сынақтар жүргізу мақсатында қауіпсіз емес өнімнің үлгілерін іріктеу рәсімі енгізіледі.

Автобустар спутниктік навигациямен жабдықталады

Бүгіннен бастап жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналған автобустар мен шағын автобустар спутниктік навигациямен жабдықталады. Тасымалды ұйымдастырушы бұл арқылы нақты уақытта көлік құралының қай жерде екенін бақылай алады.

Серіктестер жаңалықтары