Тікелей эфир

Waterman медалін иеленген тұңғыш қазақ. Пианист Әлім Бейсембаевпен сұхбат

Waterman медалі халықаралық фортепианошылар байқауының жеңімпаздарына беріледі.

Әлім Бейсембаев – Лидсте өткен ХХ халықаралық фортепианошылар байқауының жеңімпазы. Ол – бұл байқаудың бас жүлдесін алған тұңғыш қазақ.

Жуырда Әлім Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтанда өткен "Арнау" атты симфониялық музыка кешінде өнер көрсетті. Informburo.kz тілшісі жас талантпен сұхбаттасып, өнері мен өмірі туралы сұрады.

Әлім Бейсембаев 1998 жылы Қарағандыда дүниеге келген, 5 жасынан бастап фортепианода ойнайды. Орталық музыка мектебінде оқу үшін 10 жасында Мәскеуге көшті. Сол жылы "Щелкунчик" халықаралық телевизиялық байқауында жеңімпаз атанды. 

Клайберн атындағы халықаралық жас пианистер байқауының (АҚШ) бірінші жүлдегері атанып, 2016 жылы Лондондағы Корольдік музыка академиясының стипендиаты болды. Мюнстер графинясының Hattori Foundation и Drake Calleja Trust қорының марапаттарының және ABRSM стипендиясының иегері. Әлім қазіргі уақытта Ванесса Латарш пен Дмитрий Алексеев есімді профессорлардың жетекшілігімен Корольдік музыкалық колледжде магистратурада оқиды.

– Пандемия басталғалы бері елге енді келіп тұр екенсіз. Қазақстан қалай қарсы алды?

– Пандемияға байланысты елге 2 жыл бойы келе алмадым. Тіпті, отбасымды да көрмедім. Елге келгеніме, елордада өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Бұл – мен үшін мақтаныш. Қазір Ұлыбританияда тұрып жатырмын. Ол жақта Еуропа мен Азия сахнасына жиі шығамыз. Қай елде болмасын кештің сапалы өтуі белгілі бір мөлшерде көрерменге де байланысты. Қазақстанда классикалық музыкадан хабардар көрерменнің көп болғаны қуантты.

– Музыкамен достығыңыз ойыншық пианинодан басталғаны рас па?

– Иә, рас. Кішкентай кезімде дүкенге барғанымда ойыншық пианиноны көріп, айырылмай қойыппын. Уақыт өте келе сол ойыншық рояльға айналды. Менің музыкадағы жолым осылай басталған.

– Сіздің музыкалық қызығушылығыңыздың оянуына кімнің шығармашылығы түрткі болды?

– Ұстазым мен фортепианоға арналған классикалық музыка әсер етті деп ойлаймын. Сол ұлы музыканы үйренуге достарымның, музыканың, Ұлыбританиядағы ұстазым Тессе Николсонның ықпалы жоғары болды.

Фото Әлім Бейсембаевтің жеке архивінен алынды

Оқи отырыңыз: "Рианнаға әшекей жасап жатырмын". Қазақ қызы қалай Galt & Bro компаниясының бас дизайнері болды?


– Рояль скрипка сияқты көлемі шағын музыкалық аспап емес. Алып жүру қиын. Сол себепті әр сахнада түрлі рояльде ойнауға тура келеді. Олардың дыбысы да, сахнаның акустикасы да сәйкесінше әртүрлі. Бұған қалай бейімделесіз?

– Әрине, әртүрлі аспақа тап болып жатамыз. Кейбірі қуантса, енді бірі көңіліңнен шықпай қалады. Бірақ, мен бұл нәрсеге қатты алаңдамаймын. Бұған дейін дыбысы өте сапасыз шыққан музыкалық аспап кездеспеді. Бірақ, бәрі тәжірибе арқылы қалыптасады. Залға, рояльға бейімделіп үйрену керек. Сонымен қатар, дайындық кезінде залда ешкім жоқ болғандықтан, дыбыс басқаша шығады. Ал халық жиналып, концерт басталғанда акустика өзгереді. Соның бәрін ескеремін.

– Осындай жағдайларда кеңес сұрап, ақылдасып отыратын ұстазыңыз бар ма?

– Иә, бар. Бас менторым – Тессе Николсон. Мен одан 14 жасымнан бері дәріс алып келемін. Сондай-ақ, Корольдік музыкалық колледжіндегі ұстазым Ванесса Латарш бар.

– Музыкада жетістікке жету үшін қандай қабілеттерді шыңдау қажет?

– Еңбекқорлық. Бұл, бәлкім, бүкіл мамандықта жетістікке жетудің негізгі кілті шығар. Менің жағдайымда, музыкаға деген махаббат та маңызды. Онсыз толыққанды өнер шықпайды.

– Өзіңіз музыка жазасыз ба?

– Жоқ, мен тек орындаушымын.

– Басқа қандай қызығушылық, хоббиіңіз бар?

– Шынымды айтсам, музыкадан басқаға мойын бұруға уақытым бола бермейді. Бос уақытым шыға қалса, достарыммен кездесуге, фильм көріп, кітап оқуға арнаймын.

– Қандай кітаптар оқисыз?

– Қазір көбінесе биографиялық кітаптар оқып жүрмін.

– Кімдердің өмір жолы қызықтырады?

– Венгр пианисі Андраш Шифф – менің кумирім, ең сүйікті музыканттарымның бірі. Әсіресе, Бахтың туындыларын орындауы ұнайды. Еуропа, Ресей сахналарында ең танымал оркестрлермен бірге жиі өнер көрсетеді. Қазақстанға келген не келмегенін білмеймін. Оның өмір жолы да қызық. Ұлты еврей, Будапештте туған. Отбасы Холокост қырғынын көрген.


Оқи отырыңыз: Жәмилә Серкебаева: Халқымыз бойына Еуропа мәдениетін сіңіргенін қалаймын


Әлімнің Лидсте өткен ХХ халықаралық фортепианошылар байқауының жеңімпазы атанған сәті

– Қандай арманыңыз бар?

– Осыған дейін армандағандарымның бәріне қол жеткізіппін. Лидсте өткен ХХ халықаралық фортепианошылар байқауынан кейін өмірім күрт өзгерді. Өте көп концертте өнер көрсетуге шақырту алдым. Бұл – менің өте басты мақсатым еді. Енді әлемдегі ең танымал оркестрлермен бірге Ұлыбритания, Германия және АҚШ-та өнер көрсеткім келеді.

– Жас музыканттарға қандай тілегіңіз, кеңесіңіз бар?

– Музыкаға деген махаббатын табуын тілеймін. Бұл – біз үшін өте маңызды дүние.

Серіктестер жаңалықтары