Тікелей эфир

"Рианнаға әшекей жасап жатырмын". Қазақ қызы қалай Galt & Bro компаниясының бас дизайнері болды?

Сабина Жандарбек, Calt & Bro компаниясының бас дизайнері / Сурет кейіпкердің жеке архивінен алынды.
Сабина Жандарбек, Calt & Bro компаниясының бас дизайнері / Сурет кейіпкердің жеке архивінен алынды.
Galt & Bro – АҚШ-тағы ең көне зергерлік компаниялардың бірі.

Сабина Жандарбек – америкалық Galt & Bro зергерлік компаниясының бас дизайнері және креатив директоры. Сонымен қатар  өзінің қазақы нақыштағы Botakoz зергерлік бренді бар. Информбюро тілшісі Сабинамен сұхбаттасып, Америкада қазақы нақыштағы әшекей шығару және А$AP Рокки, Рианна сынды танымал өнер адамдарымен достығы туралы сұрады.

– Америкада жүріп, қазақы нақыштағы әшекейлер брендін жасауыңызға не түрткі болды?

– Қазақы нақыштағы әшекейлер брендін жасау бұрыннан келе жатқан арманым болатын. Университетте оқып жүргенде хатшы болып жұмыс істеп, осы арманымды жүзеге асыру үшін ақша жинадым. Арманға қол жеткізу пандемия кезіне бұйырыпты. Ол кезде күмістің бағасы айтарлықтай арзан еді. Сонымен қатар, зергерлер мен жеткізушілер де табыла кетті. Брендті әжемнің құрметіне Botakoz деп атадым.

Botakoz топтамасынан әшекей / Сурет брендтің инстаграмдағы парақшасынан алынды.

– Шетелде қазақы нақышта бұйым шығаруда қандай да бір қиындық болды ма?

– Қиындық та, сәттілік де болды. Бұл салада тәжірибем болмағандықтан, бастаған кезде көп қиындыққа тап болдым. Дайындық үдерісі өте ұзаққа созылып, жүйкемді жұқартты. Кейде зергерлер қағазға түсірген дизайнымды мен ұсынған ақшаға жасауға келісе бермейтін. Бұл брендтің арқасында материалды қалай дұрыс қолдану керек екенін, өз мақсатыңнан бас тартпауды үйрендім. Себебі, зергерлер әлемінде сенің мүддеңді ойлайтын адамдар аз. Бәрінің көбірек табыс тапқысы келеді.

Біз қазір әлеуметтік медиа заманында өмір сүріп жатырмыз. Маркетинг те жаңа бір сатыға көтерілді, оның артықшылығы да, кемшілігі де бар. Дегенмен, шағын бизнес үшін ол – жарнаманың таптырмас құралы. Ең бастысы – сіздің бизнесіңізге тиімді тұсын табу. Мен үшін маркетингтің ең қиын тұсы осы болды.


Оқи отырыңыз: Әуесқой дизайнер Шолпан Абди: тігін өнеріне айти жетістіктерінің көмегі көп


– Ал Galt & Bro компаниясына қалай қызметке тұрдыңыз?

– Бұл жерге мені таныстарым ұсыныпты. Компаниядағыларға Botakoz коллекциясын көрсеткен. Сонымен, олар менің жасаған бұйымдарыма қызығып, бірге жұмыс істеуді, асыл тастар қолдануды ұсынды. Алғашқы жұмыстар өте сәтті шықты. Кейін мені компанияға креатив директор және бас дизайнер ретінде, сондай-ақ қоғаммен байланыс бөліміне жұмысқа шақырды.  

– Сіз жасаған зергерлік бұйымдарды сатып алған алғашқы танымал адамдардың бірі A$AP Rocky екен. Онымен байланыс қалай құрылды?   

– Иә, A$AP Rocky инстаграм парақшамнан бір әшекейді көріп, ұнатып қалыпты. Сосын маған жазды. Бұл өте үлкен мүмкіндік еді. Сондықтан, оның сұраған әшекейін Лос-Анжелеске өзім жеткізгенім жөн деп шештім. Оған ұнауы мүмкін деген басқа да бұйымдарды ала бардым. Кездесуіміз өте жақсы өтті. A$AP Rocky өте қарапайым адам екен. Дос болып кеттік. Ол бастығым екеумізге Голливуд жұлдыздарының Лос-Анжелестегі өмірін көрсетті. Ең танымал, қарапайым адамдарға кіру қиын мейрамханадан үстел брондауға көместесті. Ең үлкен көмегі – Рианнамен таныстырды. Бұл мен үшін өте үлкен қуаныш! Қазір Рианнаға арнап әшекей жасап жатырмыз. Сонымен қатар, кездесуімізден кейін A$AP Rocky біздің әшекейімізді тағып тұрған суретін инстаграм парақшасында жариялап, мені белгілеп қойыпты. Сол күні ерте ұйықтап қалған едім. Оянсам, телефонымда жауапсыз қоңырау, хабарлама толып қалған. Сөйтсем, бәрі осы жаңалықты жеткізу үшін хабарласқан екен.

A$AP Рокки өзінің "Стокгольм синдромы" атты жаңа деректі фильмінің тұсаукесеріне Galt & Bro алқасын тағып келген / Сурет зергерлік компанияның парақшасынан алынды

– Бұл сіздің жұмысыңызға айтарлықтай әсер еткен болар?

– Иә, осыдан кейін біздің жолымыз ашылды. Көптеген жұлдыздар мен стилистер өзі хабарласа бастады. Қазір бос уақыт жоқ. Бұл салада жүргеніме біраз болса да, осы жағдайдан кейін менің жұмыстарым көзге түсе бастады. Бұл мені шабыттандырады. Оның үстіне A$AP Rocky мені индустриядағы басқа да тұлғалармен жиі таныстырады. Сол себепті, үнемі дайын жүруім керек.

– Қазақстаннан ұсыныс түспеді ме?

– Әзір елден ешқандай ұсыныс түспеді. Десе де, қолдап, жылы лебіз білдіретін отандастарым көбейді. Бұл мені қуантады.

– Жалпы сіздің осы зергерлік, дизайн саласына қызығушылығыңыз қай кезде басталды?

– Бала кезімде көп уақытымды әжемнің жанында өткіздім. Мені мектепке шығарып салып, күтіп алатын. Үй тапсырмасын орындауға көмектесетін. Бастапқы уақытта №12 қазақ мектебінде оқыдым, кейін Тамос мектебіне ауыстым. Әжемнің арқасында қазақ тілін жетік меңгердім, домбыра курсына жазылдым. Әжем өзі киім тігумен айналысатын. Туысқандарымыздың көбі жиын-тойда киетін киімін әжеме тіккізетін еді. Мен ертеңгілік немесе концертке қатысатын болсам, бір түннің ішінде көйлек тігіп беретін. Бос уақытында ылғи тігін машинасының басында отыратын. Екеуіміз мата дүкеніне бірге баратынбыз. Әжем мата таңдаудың шебері еді. Оның сызба сызып, киім тіккеніне сағаттап қарап отыра беретінмін. Себебі, қолы тиген нәрсенің бәрі құлпырып шыға келетін. Бала кезімде жағдайымыз мәз болмаса да, әжемнің арқасында мінсіз киіндім. Ол маған талғаммен киінуді, өзіңнің әдемілігіңді көрсете білуді үйретті. Осының бәрі маған дұрыс дизайнның көмегімен адамның ерекшелігін көрсетуге болатынын үйретті.

Гольф пен теннис ойынына арналған топтама / Сурет Сабина Жандарбектің жеке архивінен алынды

– АҚШ-қа қашан қоныс аудардыңыз?

– 10-сыныпты бітірген жылы ата-анамның рұқсатымен Америкадағы мектепке ауыстым. Ол кезде 17 жаста едім. Алғашқы жылы өте үлкен мәдени шок алдым. Соған қарамастан, маған бұл жақтың атмосферасы ұнайды. Жаңа орта, жаңа хобби пайда болды. Мысалы, мектепте спортпен шұғылдану міндетті еді. Жылына бір рет спорт командасының құрамында өнер көрсетуіміз керек болатын. Ең бірінші софтболмен (қыздарға арналған бейсбол) айналыстым. Қиындықтар көп болды, бірақ соның арқасында жаңа жетістіктерге жеттім және өмірдің жаңа белесін еңсеру ұнады.

Туған жерді қатты сағынсам да, өз орнымда екенімді сезіндім. Жыл сайын жаңа хобби таптым. Сондықтан, осы жақта қалып, университетке түстім. Кейін осында қалуды шештім. Өйткені, осы елде есейдім және көп дос таптым. Олар менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды.


Оқи отырыңыз: "Жалғыз паспортпен келіп бизнес империя құруға болады". Америкадағы қазақ журналисінің монологы


– Елдегі ізіңізді басқан жастарға не айтасыз?

– Қай салада болса да жаңашыл болудан қорықпай, өз қалауымен жүруді, арманынан бас тартпауды тілеймін. Мүмкіндігінше көп бағытта бақ сынап көріңіз және тәжірибе жасаңыз. Менің ойымша, қазір әлеуметтік желінің арқасында мүмкіндік өте көп және ең бастысы – өзіңізді шектемеу.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары