Украинадағы қазақстандық студент: Харьковта халық өз-өзімен қалды

Нұрсұлтанның сөзінше, ақпараттық соғыста Украина Ресейден басым түсіп жатыр.

Журналист Нұрбек Әмишаның Украинадағы Харьков авиациялық институтының 4-курс студенті Нұрсұлтанмен сұхбатының шағын мәтінін ұсынамыз. Нұрсұлтан – Қазақстанның Павлодар облысы Баянауыл ауданының тумасы. Қазіргі таңда Украинаның Харьков қаласынанан Львовқа келіп, Қазақстанға оралу мақсатында шекараға бағыт алған. Қасында бауыры және туыстарына жеткізу мақсатында ертіп алған студент украин қызы бар. Сұхбат Нұрсұлтанның Львов қаласына келген кезінде алынды.

– Нұрсұлтан, әскери қақтығыстар басталған кезде Сіз қайда едіңіз?

– Институт жатақханасында болатынбыз. Ұрыс еш ескертусіз таңғы бесте басталып кетті. Расы керек, Харьков қаласында бұған ешкім дайын болған жоқ. Жағдай оған дейін тыныш болатын. Бір сәтте жарылыстар басталып кетті. Жатақхананың сегізінші қабатынан бәрі естіліп те, көрініп те тұрды.

Студенттер өзіміз ақылдасып, институттың сонау Кеңес замамында салынған бомбапанасына бет алдық. Бармай, жатақханада қалғандар да болды. Ең алдымен қыздарды орналастырып, кейін жатақханадан төсек, дүкеннен екі-үш күнге жетерлік ас-су тасыдық. Өз бетімізше кезекшілік сайлап, университет айналасын күзеттік.

– Оқу орнының басшылығы болды ма?

– Ректор екінші күні келді. Институт фойесінде әйелдермен, қыздармен сөйлесіп, тыныштандыруға тырысты. Бірақ, көп болған жоқ. Қалада дүкендердің кейбірі ғана істеп тұрды алғашқы күні. Азық-түлік болғанымен, нан тез таусылып қалды. Халық бомба жарылғанда пана іздеп кетіп, басылғанда қайта сыртқы шығып жүрді.


Оқи отырыңыз: Украинадағы қазақ диаспорасының жетекшісі: Ресей басып кіреді деп күтпедік, дайын болмадық


– Қалада бомба қашан жарыла бастады?

– Екінші күні. Алдымен стратегиялық нысандар жарылды. Әскери бөлімдер, ұшу алаңдары... Ал кейін қала орталығында да жарылыстар болды. Көшелерде жарылмай қалған көптеген снаряд көрдік. Бұл уақытта қалада украин әскері болған жоқ. Халық өз бетінше қорғанып жатты. Ал үшінші күні біз қаладан кетіп қалдық.

– Қайда бет алдыңыздар?

– Львов қаласына. Күніне Харьковтан 3-4 пойыз қатынап тұрды. Пойыз тегін, бірақ оған мініп үлгеру оңай емес болатын. Қаладан қашқандар пойыздарға лап қойып жатты. Жергілікті халықтан бөлек, Марокко, Нигерия, Қытай, Алжир және өзге де елдерден келген студенттер көп болатын. Менің қасымда бауырым және студент украин қызы бар болатын. Вокзалда адамдарды сабырға шақырып, әйелдер мен балаларды, қарттарды бірінші мінгізуге тырыстық. Біз мінген вагонда араб студенттері болды. Мұсылмандар ғой, әйелдер мен балаларға орын беріп, жағдайларын жасап жатқанына қуандым. Нигериялық студенттер болса, бұлай болмас па еді...

– Украина азаматтары қайда?

– Украин ер азаматтарды пойызға мінгізген жоқ. Олар қолына қару алып, ұрысқа дайындалып жатты. Сондықтан пойызға мінерде де, түскенде де әйелдердің дорбасын көтерісіп, қолдан келгенше жәрдем көрсеттік. Бірақ, әрі қарай өз жолымызды табайық деп шештік. Біз кеткенше қалаға украин әскер келмеді. Халық өзімен өзі қалды.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда Украина сценариі қайталануы мүмкін бе? Ермұхамет Ертісбаевтың жауабы


– Қазір Львовта қайда паналап жатырсыздар?

– Украин әйел паналатты. Тегін. Расы керек, біз оны, ол бізді танымайды. Мұқтаж жандарға көмек беру жағынан украин халқының мәдениеті өте жоғары. Қазақтарға ұқсастығы көп.

– Бірақ, сервистік қызметтер бағаны көтеріп тастады деген де ақпарат тарады...

– Ол да бар. Қонақ үйлерде бір адамның тәулік қону құны басында 300 долларға көтерілсе, кейін 500 долларға шарықтады. Львовтан шекараға дейін жету үшін таксиге адам басына 100 доллар төлеу керек. Қазір одан да қымбаттап кеткен шығар...

– Сіздер қалай бармақсыздар?

– Менің қасымда украин студент қыз бар. Соны туыстарына табыстауым керек. Оның әкесі әскери адам, қазір ұрысқа қатысып жатыр. Шекара жақта Верховня ауылындағы туыстарына табыстап, әрі қарай ініммен Қазақстанға оралу үшін шекараға бағыт аламыз. Бұл бағыт аса танымал емес, Польшаға өту қиын болмас деп отырмыз.

– Украин халқының өзі бұл жағдай туралы не ойлайды? Украинаның жеңісіне сене ме?

– "Жеңілеміз" деп отырған бір адам жоқ. Бәрі оптимист. Жеңеміз деп сенеді. Қазақтар секілді тек "алға" дейді. Қазір жергілікті тұрғындар әскерге жаппай алынып жатыр. Естуімізше, жасақ саны 30 миллионнан асқан.


Оқи отырыңыз: "Жақсы жанжалдан жаман татулық артық". Тоқаев Украина мен Ресей шиеленісі туралы


– Нұрсұлтан, сіз киберқауіпсіздік саласының маманысыз. Ақпараттық соғыста кім басым еп ойлайсыз?

– Әрине, Украина. Бұл ел айти саласы бойынша өте мықты. Жалпы, Қазақстан үшін де киберқауіпсіздік саласын дамытудың маңызы зор. Біздің ел де Ресеймен шекаралас. Тарихи тұрғыдан қарасақ, тағдыры да Украинаға өте ұқсас.

– Әскери қимылдар аяқталып жатса, өз жоспарыңыз қандай?

– Оқуды аяқтап, диплом алу керек. Содан соң Қазақстанға оралатын шығармын. Құдай сақтасын, бірақ украинадағы секілді жағдай болып жатса, киберқауіпсіздік саласының мамандары Қазақстанға керек-ақ.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары