Тікелей эфир

Токио олимпиадасынан қазақстандық спортшылар олжалы орала ма?

Қазақстандық спортшылар спорттың 27 түрінен 96 олимпиадалық лицензияға ие.

Токио олимпиада ойындары биыл 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді. Ал қалада 20 тамызға дейін төтенше жағдай режимі жарияланған. Тиісінше, олимпиада ойындары қалада көрерменсіз өтеді. Соңғы ресми мәліметке сәйкес, тек қана Токио емес, Канагава, Сайтама, Тибада өтетін ойындарға да көрермен қатыстыруға рұқсат жоқ. Тек Мияга, Фукусима және Судзуока префектураларында ғана 10 мың адамға дейінгі лимит қарастырылған.

Олимпиада алауы Токиоға жетіп үлгерді. Тағы да шектеу шараларына байланысты бұл рәсімге бас-аяғы 100 шақты адам ғана қатысты. Бұл – күншығыс еліндегі дайындық жағдайы. Ал қазақстандық спортшылар олимпиадаға сақадай сай ма? Биыл алтын, күміс, қоладан үміт бар ма? Бұл сұрақтарды бүгін кешке сағат 22.00-де 31-арнаның эфирінен көрсетілетін "Неге?" бағдарламасында спорт саласының мамандары ортаға салып, жауап беріп көрді.

Спортшының бағы бапкерге байланысты

Республиканың бес дүркін және бүкілодақтық ойындардың чемпионы, еркін күрестен ересектер құрамасының бұрынғы бас бапкері Мәлік Надырбековтың айтуынша, жас спортшыларды баптауда кемшіліктер бар. Мәселен, өңірлердегі әр палуанның өзінің икеміне сай күрес тәсілдері болады. Олардың мұндай қырларын жанында жүрген жаттықтырушылары ғана біледі. Ал іріктеліп, ел орталығына келгенде басқа бапкерлер бекітіледі де, олар өз әдістерін ғана қолдануды талап етеді. Мәлік Надырбеков мұның дұрыс емес екенін айтады. Керісінше, барлық тәсілді көрсетіп, палуанның өз салмағына, икеміне, дене бітіміне, жылдамдығына қарай әдістерді таңдауына ерік берілу керек. Бұл тек күреске емес, кез келген спорт түріне қатысты мәселе.

Бокс саласында дағдарыс бар

Сидней олимпиадасының чемпионы, бокстан еңбек сіңірген спорт шебері Ермахан Ыбрайымов Қазақстанда боксты қаржыландыру өте төмен деңгейде болғандықтан олимпиададан бұл спорт түрі бойынша алтын алу бірте-бірте арманға айналып бара жатқанын айтады. Салада дағдарыс бар.  

"Дағдарыстың ең басты себебі – бұрын бокстан олимпиадалық даярлау орталығы жеке өзінше мекеме еді. Қаржыландыру өте жақсы болған. Ал қазір бір ғана орталыққа 17 спорт түрін біріктірді. Боксы қаржыландыру өте төмен. Егер осылай жалғаса берсе, екі-үш жыл ішінде-ақ бокс құрдымға кетеді", – дейді Ермахан Ыбрайымов.

Бұл күдікпен Ұлттық олимпиадалық комитеттің спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов та келісіп отыр. Ол жас спортшыларды дайындау үшін олимпиадалық орталықтар құрылғанын айта келе, мұндай орталықтарды кейін біріктірілгенін дұрыс деп есептемейді. Тіпті, бұл шешімге уақытында қарсы болғандарын да жеткізді.

Допинг дауы да аяққа тұсау

Қазақстанның ауыр атлетикамен айналысатын спортшылары олимпиадаға тек екі жолдамаға ие. Себеп спортшыларда емес, допингке байланысты санкцияда болып отыр. Қазақстанға екі лицензиядан артық алуға рұқсат жоқ. Осы орайда Қазақстанда допингпен күрес бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынған. Әрбір федерацияда осы іспен айналысатын мамандар бекітіліп, тіпті, заңнамаға өзгерістер енгізу ісі де қолға алынған.

Кенже қалған спорт түрлері қандай?

Елсияр Қанағатов олимпиадалық командалық спорт түрлерінде жеңіске жете бермейтінімізге тоқталды. Мәселен, баскетбол, волейбол, жағажай волейболы сынды спорт түрлерінен Қазақстан жүлдеге дәмелі емес. Маманның сөзінше, барлық спорт түрі бойынша жақсы дайындықты қамтамасыз ету мүмкін емес шаруа. Сондықтан да, спорт түрлері міндетті түрде сараланады. Қайсы бойынша жеңіске жетіп, олжалы болу мүмкіндігі зор болса, сол сала молырақ қаржыландырылады.


Бағдарламаның толық нұсқасын бүгін, 10 шілде күні сағат 22.00-де көруге 31-арна эирінен не YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары