Тікелей эфир

"Шұғыл көмек қажет". Әлеуметтік желідегі қайырымдылық акциясының бәрі шын ба?

Жалған қайырымдылық акциялары ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша қаралады.

Онлайн фильм көріп немесе интернетте бірдеңе оқып отырғанда кенет жарнама қосылып, экранда жылап жатқан баланың бейнесі пайда болады. Көбінесе, төсекке таңылып жатқан немесе медициналық түтікшелер кигізілген, өңі жүдеу бала. Кадр сыртында: "Балам қатерлі ісікке шалдықты (немесе басқа қорқынышты диагноз). Ол қазірдің өзінде бес химиотерапия курсынан өтті (немесе өте көп ота жасатты). Еміне осынша (өте көп мөлшерде) қаражат керек. Оны құтқару үшін бар болғаны бір ай (немесе одан да қысқа уақыт) бар", – дейді жылап тұрған әйелдің даусы.

Осы кезде адамдар әдетте тек екі әрекет жасайды: бірі – жарнаманы өткізіп жіберу, екіншісі – көрсетілген шотқа ақша аудару. Өте сирек жағдайда үшінші әрекетке – ақпараттың шындық немесе жалған екенін анықтауға тырысып, алданып қалмаудың қамына кіріседі. Бұл қайырымдылық туралы жазбалардың бәрі жалған дегенді білдірмейді, дегенмен ақпаратты тексеруді ешкім жоққа шығармады.

Informburo.kz тілшісі шынайы және жалған қайырымдылық акцияларын анықтау жолдарын түсіндіреді.

Суреті мен мәтіні бірдей жазбалар

Қайырымдылық сұрау жазбалары әлеуметтік желілерде де жиі жарияланады. Әрине, барлығы бірдей жалған деуге келмейді. Бірақ, алаяқтардың арбауына түсіп қалғандар да бар. Жалған жазбаларда көбінесе "Жақын туысым (досым, анам, ағам, әкем, тағы да басқа жақын туысы) көлік апатына түсіп қалды. Тез арада отаға (қымбат бір медициналық құрылғы алуға, тағы басқа) қаражат жинауымыз керек" деген мәтін және төсекте жатқан адамның бұлыңғыр болып түсірілген суреті болады. 

Мәселен, бір кездері желіде сондай мәтіні, суреті бірдей, бірақ қаражат аударылатын шот нөмірі басқа бірнеше жазба жарияланған еді. 

Төмендегі суретке назар салсаңыз, дайын суретті алып, тек күні, қаражат сомасы мен ақша аудару шотының номері өзгергенін байқауға болады. Екеуінде де Skoda Kodiaq жеңіл көлігі мен Man жүк көлігі соқтығысқаны, анасына ота тегін жасалатыны, бірақ тез арада жүректің жасанды қақпақшасын сатып алуы керек екені жазылған. Екеуінде де қаражаттың жартысы жиналған, тек қалғанын жинау керек екені көрсетілген. 

Әлеуметтік желідегі жазбалардың скрині.

Оқи отырыңыз: Ұйқысыздық – ауру емес, синдром. Салдары неге әкеп соғады?


Жалған қайырымдылық шарасының белгілері

Жалған адам. Көрсетілген ақпараттың кез келген бөлігі жалған болып шығуы мүмкін. Сондықтан бәрін тексерген жөн. Егер ұсынылған ақпараттың кейбір бөлігін тексеру мүмкін болмаса, алаяқтық ықтималдығы өте жоғары деген сөз.

Мысалы, бір адамның аянышты фотосуретін алып, жалған ат ойластырып, ойдан қорқынышты диагноз  туралы мәтін жазып қояды. Кейде нақты бір адамның диагнозы жазылған медициналық құжаттарын пайдалануы мүмкін. Басында біраз уақыт "жаңалықтар" жариялап, "есеп" беріп отырады. Кейін "адамның жағдайы нашарлап кетті" және "шұғыл ақша керек" деген жазбалар пайда болады. Ал бір-екі күннен кейін аккаунт жоғалып кетуі мүмкін. 

Ал осындай жазба таныс адамыңыздың аккаунтында жарияласа, өзіне хабарласып сұраған жөн. "Ақша аударма, аккаунтымды біреулер бұзып алыпты" деген жауап алуыңыз ғажап емес. 

Жалған проблема. Мысалы, ата-ана "ауру" баласына көмек сұрайды. Ал шынында оның диагнозы сондай қорқынышты болмауы мүмкін немесе баласының дені сау болуы да ғажап емес. Тағы бір мысал: жазбада көрсетілген ақпараттың бәрі: аты да, диагнозы да, емдеу жоспарлары да, тіпті есепшоттары да шын, бірақ  ақша жиналып жатқан адам баяғыда қайтыс болып кеткен болуы да ықтимал.

Байланыс жоқ. Қаражат жинаушылар туралы ақпарат шындыққа жанаспайды немесе толық емес я хабарласу үшін байланыс номерлерін көрсетпейді. Тек ақша аударуға арналған шот номері көрсетіледі. Ал, ақшаны қандай да бір ұйым жинап жатқан болса, олардың да телефоны жауап бермейді, сайтында ақпарат аз, көбіне осындай бір-біріне ұқсас жазбалар болады. 

Есеп бермейді. Ақша туралы ақпаратты барынша жасырады, есепті сирек береді. Жиналып жатқан қаражаттың есебін сұрағандарға жауап бермейді немесе "Интернет дұрыс істемей тұр", "Компьютерім қатып қалды", "Банктен жауап келмей жатыр" деген дайын жауаптарды қолданады. 


Оқи отрыңыз: "Қазақстан халқына" қорына келген өтінімдердің басым бөлігі тұрғын үй және несиемен байланысты


Ақша аудармас бұрын нені тексеру керек?

Толық ақпаратты сұрау. Ақпаратта емге мұқтаж адамның толық аты-жөні, диагноздың нақты атауы, жасалуы керек ота немесе процедураның атауы, оны жасайтын емхананың атауы көрсетілмесе, сұраңыз.

"Қатерлі ісіктің" диагноз емес, бірнеше мың диагноздың жалпы атауы екенін есте ұстаған жөн. "Іштегі ісік" те диагноз атауы емес, ал "Германияда емдеу керек" деген нақты емхана атауы емес. Ақпаратта қатерлі ісік туралы жазылса, оның деңгейі, қажетті медициналық процедуралардың тізімі (отамен алып тастау, сүйек кемігін трансплантациялау, химиотерапия немесе радиология, сондай-ақ емдеуге дайын клиниканың атауы) болуы қажет.

Суретті тексеріп көру. Ақпаратта көрсетілген фотоны Google немесе Yandex-тің сурет бойынша іздеу функциясы арқылы тексеруге болады. Бұл басқа біреудің фотосын пайдаланып, ақша жинаушылардан қорғайды. 

Қорды тексеру. Қаражат жинап жатқан қордың атауы көрсетілсе, оны іздеу жүйелері арқылы тексеріп, сайт доменін мұқият қараңыз. Алаяқтар көбінесе танымал ұйымдардың атауы мен доменіне ұқсас атау мен домендерді пайдаланады. Оны сайт домені кімге тиесілі, қайда тіркелгені және қашан тіркелгені арқылы тексеруге болады.

Шынайы қордың сайтында бұған дейін жасалған қайырымдылық акцияларының есебі, жиналып жатқан қаражат туралы ақпарат болады.

Ал, әлеуметтік желіде қайырымдылық шарасын ұйымдастырушының аккаунтына кіріп, оның атауларын өзгерту тарихын, тіркелген күнін, ескі жазбаларын қарап шығуға болады.


Оқи отырыңыз: Баланы ауруханаға жатқызарда нені білу керек? Өзекті 6 сұраққа жауап


Қандай жауапкершілік қарастырылған?

ҚР Ішкі істер министрлігінің сұраныс хатымызға берген жауабына сүйенсек, мұндай қылмыстар латенттік (жасырын – авт.) қылмыстар қатарына жатады. Себебі қайырымдылық жасаған адамдар алаяқтың қолына түскенін білмеуі мүмкін.

"Көрсетілген жолмен жасалған алаяқтықтар туралы ақпарат анықталмағанын хабарлаймыз", деп жазылған хабарламада.

ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 180-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру – жеке тұлғаның арызы, мемлекеттік органдағы лауазымды адамның, болмаса ұйымда басқару функцияларын орындайтын адамның қылмыстық құқық бұзушылық немесе адамның хабарсыз кеткені туралы хабары, кiнәсiн мойындап келу, бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарлар, қылмыстық қудалау органы лауазымды адамының дайындалып жатқан, жасалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы баянаты бойынша басталады.

"Осыған байланысты, жоғарыда көрсетілген себептер бойынша әлеуметтік желілерде ұйымдастырылған жалған қайырымдылық акциялары анықталған жағдайда, ҚР ҚК-нің 190-бабымен (алаяқтық) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізіледі", – деп жауап берді Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Серіктестер жаңалықтары