Әнші Қазыбек Құрайыш: "Мінезің көркем" әні анама арналған

Әнші Қазыбек Құрайыш алғашқы сұхбатын Информбюро тілшісіне берді.

– Қазыбек, cіз туралы интернеттен мардымды ақпарат таппадым. Бұған дейін еш жерде сұхбат бермеуіңіздің себебі неде? 

– Мені көбіне видеосұхбаттарға шақырады. Өзім камера алдында сөйлеуге шорқақпын. Сондықтан, әзірге ұсыныстардан бас тартып жүрмін. Өнер саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын саланың өкілімін. Араласатын ортам да басқа. Шығармашыл жандардың ортасына біртіндеп сіңісіп келе жатқаныма шамамен 2 жыл болды. Адамдардың назарына түскенді онша ұната бермеймін. Бірақ, бойымдағы бұл фобиядан арылу керегін білемін. Маған осы нәрсемен күресу қажет.

– Ал сахнада өзіңізді еркін ұстайсыз ба?

– Иә, үлкен сахнаға біртіндеп бой үйреттім десем болады. Мектепте оқып жүргенде көптеген байқауларға қатысқанмын. Ол кезде баламыз ғой, біреуден қысылу, жасқану деген болмапты. Мектеп бітірген соң, 7 жыл бойы өнерден мүлдем алыс мамандықта оқыдым. Содан кейін маған бұл салаға қайта келу кішкене қиындау тиді.

Қазыбек Құрайыш. Фото әншінің жеке архивінен алынды

– Сонда қай салада білім алдыңыз?

– Алдымен Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде "радиотехника, электроника және коммуникация" мамандығын тәмамдадым. Одан соң магистратураны Ресейдің Самара қаласында аэроғарыш саласы бойынша бітірдім. 2018 жылы Астанаға келіп, жұмысқа тұрамын деп жүрген кезімде ойламаған жерден музыкаға бет бұрдым.

– Оған не себеп болды?

– Негізі, басында мені бір кісілер "Қазғарышқа" жұмысқа шақырған еді. Сол үшін Астанаға барып, жұмысты 2 айдай күтіп қалдым. Ауылға қайтқым келмеді. Аранжировкамен айналысатын Ізбасар Кеңесов деген досымның студиясына барып, уақыт өткізіп жүрдім. Ізбасардың жұмыс процесін қызыға тамашалайтынмын. Бір күні Қайрат Нұртастың продюсерінен бір әнге тапсырыс түсті. Ізбасар өзі үлгермей жатқан соң, "әнді сен жазып көрші" деп маған қолқа салды, мен жаздым. Бұл менің алғашқы тәжірибем еді. Ән продюсердің көңілінен шықпады. Бірақ, сол кездегі ән жазу процесі өзіме қатты ұнап қалды. Содан бастап 2 айдың көлемінде 7-8 ән жаздым.

– Сонда "Мінезің көркем" сіздің алғашқы әніңіз емес пе?

– Жоқ, ол кейінірек дүниеге келді. Ол жарық көргенге дейін мен 1 жылдай басқа әншілерге ән сатып жүрдім. Әнін де, сөзін де өзім жаздым.


Оқи отырыңыз: Актриса Әлия Әнуарбек: Жолдасым туралы фильм басқа отбасыларға ой салады деп үміттенемін


– Интернеттен сіздің "Халың қалай?", "Қолымнан ұста", "Таптым-ау сені" деген әндеріңізді таптым. Оларды Қуандық Рахым, Бүркіт пен Аиша, Ернар Амандықтар орындайды екен. 

– Иә, қазір Бүркіт пен Аиша менің 5-6 әнімді орындап жүр. Бір кездері "МузАРТ Life" деген жобаның жігіттерімен жақсы жұмыс істедім.

– Әндеріңіздің бәрі махаббат жайында екен. Алдағы уақытта басқа тақырыптарда жазу ойда бар ма?

– Жазғым келеді. Соңғы кезде осы мәселе мені қатты мазалап жүр.

– Халық арасында "Мінезің көркем" деген әніңіз тез тарап кетті. Бұл әннің шығу тарихы қандай? 

– Негізі, "Мінезің көркем" әнін анама арнап жазғанмын. Ол менің шикілеу кезім еді, сөзін жазғанда кәдімгідей қиналдым. Ана, туған жер сияқты тақырыптарға қалам тербеу үлкен жауапкершілікті талап етеді екен. Ал, махаббат тақырыбында жазсам, сөздерім төгіліп тұр (күлді). Осылайша, анама арналған махаббат туралы ән дүниеге келді. Байқасаңыз, ән мәтінінде "жаныма шашатын сәуле, боп жүретін мен үшін әуре" деген жолдар бар. Сол сөздер анама арналған. Осы әннен кейін менің Инстаграмдағы парақшама да, YouTube арнама да біраз адам жазылды.


Оқи отырыңыз: Сазгер Бақытжан Қажымұқанов: Димаш әнімді әлемдік сахнаға алып шықса деймін


Марат Омаровтың мен туралы айтып жүрген әңгімесі шындыққа жанаспайды

– Әлгінде ғарыш саласында білім алдым дедіңіз ғой. Бұл мамандыққа өз қалауыңызбен бардыңыз ба?

– Әрине. Еуразия университетінде оқып жүргенде бір оқытушымыз Самара қаласындағы Сергей Королев атындағы ұлттық зерттеу университетіне оқу үлгерімі жақсы студенттер іздеп жатқанын айтты. Бала күнімнен ғарыш әлеміне қызығып өскендіктен болар, көп ойланбастан Самараға аттандым. Бір жағынан, өмір бойы тек қазақша оқыған адаммын, орыс тілін тереңірек үйреніп, орысшамды дамытқым келді.

– Ресейдің білім беру жүйесіне көңіліңіз толды ма?

– Иә, Ресейдегі оқу орындарының базалық білімі мықты екен. Олардың беріп жатқан білімі мен біздікін салыстыруға келмейді. Университетте оқып жүргенде біз ғарышқа наносерік ұшырдық. Бұл жай ғана студенттердің жобасы, бір кафедраның жұмысы болатын. Өкінішке қарай, қазір біздің елімізде аэроғарыш саласы кенжелеп тұр. "Қазғарышқа" екінші рет жұмысқа шақырғанда бармағанымның бірден-бір себебі сол. Ол жерде немен айналысам, ғылыми жобалары бар ма деп көп ойландым. Қысқасы, болашағымды "Қазғарышпен" байланыстыра алмадым. Тағы бір себеп, бұл кезде мен өнер жолына келіп, ақырындап табыс таба бастаған едім.

Қазыбек Құрайыш. Фото әншінің жеке архивінен алынды

 

– Техникалық мамандықты өзіңіз таңдадыңыз ба деп бекер сұрап отырған жоқпын. 2017 жылы әнші-сазгер Марат Омаров бір бағдарламада сіз туралы "Біраз жыл бұрын "Балдәурен" байқауында қазылар қатарында отырдым. Сол байқауда жеңісті көлденеңнен келген шалғай ауылдың баласы алып кетті. Ол – қойшының жалғыз баласы Қазыбек Құрайышов деген інішек еді. Тума талант. Қазыбек ұлттық құндылықты сақтап, ұлттық киіммен, қолындағы қамшымен "Ақсиса" әнін айтып, бәрімізді таңғалдырды. Италиядан келген әділқазы сонда маған ұсыныс жасады. "Мына бала – даланың қазағы. Италияға апарсақ, біраз жетістікке жетеді" деді. Мен Қазыбекті Астанаға шақыртып, біраз аралаттым. Содан балаға "Дайындал, Италияға оқуға барасың!" дедім. Грантқа тегін оқытатын болдық. Ол үйіне кетті. Сол кеткеннен хабарсыз. Ауылға қоңырау шалып, іздедік. Кейін Қазыбектің әнші болуына ата-анасы қарсы екенін естідім. 5 жылдан кейін Қазыбектің өзі келді. Оның айтуынша, ата-анасы ән айтқызбай қойған. Ауылшаруашылық мамандығын бітірген. Бірақ, өнер адамдарына қарап, сахнаға шыққысы келетінін айтты. Екеуіміз де жыладық" депті. Бұл туралы не айтасыз?

– Осы сұхбатты пайдалана отырып айта кетейін, Марат Омаровтың біраз сөзі шындыққа жанаспайды. 2006-2007 жылдары Алматы қаласында "Балдәурен" деген халықаралық байқауға қатыстым. Оны "Қазақ радиосы" ұйымдастырды. Мен байқауда халық әні "Аққурай" мен Сейдолла Бәйтерековтің "Әлиясын" орындадым. Марат ағамыз біраз нәрсені ұмытып қалған шығар, себебі, "Балдәурен" байқауына қатысты" дегенінен басқасының бәрі өтірік (күлді). Мен қойшының жалғыз баласы емеспін. Әкем өмір бойы инженер болған адам, анам – мұғалім. Олар менің ән айтуыма ешқашан қарсы болған емес. Біз ол кісі айтқандай фермада тұрмағанбыз, мен ауыл шаруашылығы емес, техника саласында білім алдым.

– "Сонда сізді Италияда тегін оқытамын" дегені жалған сөз бе?

– Иә, ондай ұсыныс болған жоқ. "Сахнаның артында бір бала жылап келіп тұр. Мен Қазыбек Құрайышпын дейді. Екеуміз қосылып жыладық" депті (күлді). Ондай жағдай болған жоқ.

– "Байқаудан соң, Астанаға шақырып аралаттым" дегені де өтірік пе сонда?

– Онысы рас. Менімен бірге 5-6 баланы шақырды. Біз ол кісінің Астанада, Бурабайда өткен концертттеріне қонақ ретінде қатыстық.

– Марат Омаровқа осы жайтты айтып хабарластыңыз ба енді?

– Жоқ. Өзім дау-дамай, жанжалдан алыс жүретін адаммын. Осы әңгімені сәті түскен кезде айтармын деп жүргенмін. Бүгін реті кеп тұр екен. Марат ағамызбен соңғы рет Астанада оқып жүрген кезде кездескенмін. Джаз стиліндегі концертте өнер көрсететін болдық. Сол кісінің "Талант" деген орталығында дайындалдық. Бірақ, концерт өтпей қалды. Содан кейін хабарсыз кеттік.


Оқи отырыңыз: Карина Абдуллина: Басыма түскен қайғы менің балет жазуыма түрткі болды


Шығармашылықта біреуге тәуелді болғым келмейді

– Шығармашылығыңызға кімдердің музыкасы әсер етті?

– Бала күнімде анам маған Шарль Азнавур, Демис Руссос, Шәмшінің әндерін айтып беретін. Ол кісінің дауыс тембрі, вибрациясы керемет. Анамның арқасында сол әншілердің шығармашылығына құштар боп өстім. Сондай-ақ, ағам Алматыда оқып жүргенде маған шетел әншілерінің әнжинақтарын салып жіберетін. Соның ішінен Мирей Матье, Хулио Иглесиас, Брайан Адамс, Лучано Паваротти, Андреа Бочелли, Селин Диондарды сүйіп тыңдайтыным есімде қалыпты.

– Ғалымжан Молданазар өзінің бір сұхбатында әртістер ән мәтінін де, әуенін де өзі жазып, өзі орындағанын құптайтынын айтып еді. Сіз бұған қалай қарайсыз? 

– Сізге Молданазардың сөзін қайталап отырғандай көрінуім мүмкін, дегенмен, мен де солай ойлайтын адаммын. Шын мәнінде өнер адамы деген әнін де, сөзін де, аранжировканың идеясын да өзі ойлап таба алатын жан-жақты адам болуы керек деп санаймын. Бұл жерде әнші деген ұғымды бөлек қояйық. Өкінішке қарай, қазір сахнада ешқандай туабітті таланты жоқ, біреудің дайын әнін алып, фонограммамен ән орындап жүргендер де бар. Олардың жанында шығармашылығына толықтай өзі жауап беріп, тек жанды дауыспен ән салатын әртістердің орны бөлек деп ойлаймын. Мен басқа саладан келген адаммын ғой. Сондықтан, осы пікірім үшін мені аға буын өкілдері сынауы да мүмкін. Не десе де, менің ойым осы.

Кейінгі кезде шығып жатқан жас әншілерге ризамын. Көпшілігі фонограмманы қойып, минуспен ән шырқап жүр. Мен де сахнаға солай шығып жүргенмін. Жақында Алматыда эксперимент жасап, минусовка қолданбай, live концерт бердік. Мұндай концерттің атмосферасы ерекше болады екен. Сол кештен кейін бұдан былай тек жанды дыбыспен, аспаптардың сүйемелдеуімен концерт берем деп шештім. Осы ойымды біраз әнші жігіттерге айтып көріп ем, бәріміздің ойымыз бір жерден шықты.

– Әндеріңізді сұрап жатқан отандық арналар бар ма?

– "Гәкку" арнасының жігіттері "біз сенің әндеріңе бейнебаян түсірейік, сосын оны біздің YouTube арнамызға саламыз" деп ұсыныс айтқан еді. Оларды жақсы түсінемін. Қазір нарық заманы, әркім өз рейтингін көтергісі келеді дегендей. Бірақ, мен тек өз арнама саламын деп ол ұсыныстан бас тарттым. Жеке брендті дамытсам деген оймен әндерімді еш жерге бергім келмейді.


Оқи отырыңыз: Алуа Қонарова: Жасым жер ортасына келгенде жаңа өмір бастауға мәжбүр болдым


– Қазір сіздің YouTube арнаңызға 7 мың адам, ал, "Гәккуге" 2 миллионнан астам адам жазылған. Шығармашылық жолыңызды бастағаныңызға көп болған жоқ, бәлкім танымалдығыңызды арттыру үшін "Гәккумен" бірігіп 1-2 бейнебаян түсірген де дұрыс шығар?

– Әрине, өз арнама емес, солардың арнасына жүктелсе, қазір әндерім көбірек тыңдалушы еді. Бірақ, менің көзім жеткен бір дүние бар: шығарма өтімді болса, халық оны өзі-ақ іздеп табады. Жалпы, өзім жетістікке жеңіл жолмен жетуге қарсымын. Бұл дұрыс па, бұрыс па, білмеймін, бірақ, ішімде сондай бір күрес бар.

– Ерке Есмаханның "Қайда" деген әнінің бейнебаяны қазірге дейін 136 миллион қаралым жинаған. Оны сол "Гәкку" арнасы түсіріп берді. Ерке – оған дейін де сахнада он жылдан астам уақыт жүрген әнші. Бірақ, оның танымалдығы осы бейнебаяннан соң артты деуге болады.

– Бұл пікіріңізге келісуге де, келіспеуге де болады. Менің ойымша, бұл жерде бейнебаян емес, ән хит болып тұр. Ол әннің аранжировкасы досым Ізбасардың студиясында жасалған еді. Біз оның хит болатынын сол кезде-ақ білгенбіз. Өте өтімді ән. Бұл жерде ол бейнебаян "Гәккудің" арқасында танымал болмады деуден аулақпын. Дегенмен, әнші оны өзінің жеке арнасына салса да, ол кемінде 70-80 миллион рет қаралар еді деп ойлаймын.

– Түсінікті. Өзіңіз продюсер не лейблдармен жұмыс істегіңіз келмей ме?

– Жоқ, шығармашылықта біреуге тәуелді бола алмаймын. Өз толқынымда жүрген адаммын. Біреудің дегенімен жүргім келмейді.

– Тыңдармандарыңыздан қандай мақтау сөз не сын естіп жүрсіз?

– Ара-тұра "әндеріңе темп қосшы, бәрі бірдей баяу болып кетті" деп жазатындар бар. Шыны керек, табиғатыма баяу әндер жақын. Билеп тұрып ән айта алмаймын. Сол себепті хореографияға барып, өз-өзімді дамытқым келеді. Тыңдарманның тілегін ескеріп, алдағы уақытта ритмі тез әндер жазуға ден қоймақпын.

– Қандай жоспарларыңыз бар?

– Бұйырса, күзге қарай бірнеше қалада жеке концертімді берсем деп отырмын. Астанадан бастаймыз. Концертте толықтай жанды дыбыс болуы үшін live құрам жинағым келіп отыр. Әндеріме бейнебаян түсіру де ойда бар. Одан бөлек, Әміре, Мирас Жүгінісов секілді жігіттермен дуэт жазып, сахнада бірге өнер көрсетсек деген жоспар бар. Жеке кешімді лаунж бар сияқты жерде өткізгім келеді. Өзіме сондай жерлердің атмосферасы ұнайды. Оның үстіне стадион жинайтындай тыңдарманым да көп емес (күлді).

Сондай-ақ, күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі – отбасын құру. Отбасында төрт ағайындымыз. Үйдің кенжесі, қарашаңырақта қалатын баламын. Қиялымдағы аруды тезірек жолықтырғым келеді.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары