Тікелей эфир

Өнертанушы Күнқожа Қайрулла: Бесқала мәдениетін дамытқан қазақ өнерпаздардың есімі анықталып жатыр

Фото Күнқожа Қайрулланың жеке архивінен алынды
Фото Күнқожа Қайрулланың жеке архивінен алынды
Әмудария бойындағы Шымбай, Хожелі, Қоңырат, Шаббаз, Көне Үргеніш қала­лары Бесқала деп аталып кеткен.

Informburo тілшісі өнертанушы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, гуманитар ғылымдар магистрі Күнқожа Қайрулламен сұхбат құрды.

– Дәстүрлі ұлттық музыкаға қалай бет бұрдыңыз?

– Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданында дүниеге келдім. Бала кезімнен ауылдағы ақсақалдардан сол өңірде өмір сүрген Теңізбай Есенбайұлы, Әбдімұрат Қоңырбайұлы, Мыңбай Есмағамбетұлы сияқты тағы да басқа дүлдүл жыраулар туралы небір қызықты әңгімелерді тыңдап өстім. Ұлттық өнерге келуіме осындай әңгімелердің әсері бар. Домбыра ұстауыма, термеге деген қызығушылығымның оянуына, өнер үйренуіме алдымен әкемнің ықпалы болды. 5-6 сыныпта оқып жүргенімде терме-толғаулар жаттай бастадым. Алғашында домбырасыз айтсам, кейін домбыраның қостауымен айтуды үйрендім. Нағашым, бүкіл қазаққа белгілі жырау Наурызбек Нұржаубайұлы болғандықтан, оның орындауындағы терме-толғауларды аудиокассеталардан тыңдап, бойға сіңірдім. 

– Бесқала жыраулары, әнші-күйшілері жайлы зерттеуіңіз неден басталды? Зерттеуді қалай жүргіздіңіз? 

– Бала кезде тыңдап өскен жыраулар туралы әңгімелерді алғашында айналамдағы адамдарға, колледждегі ұстаздарыма айтып беріп жүрдім. Кейін ұстаздарым бұл әңгімелерді айтумен шектелмей, басылымдарға жазып, жариялау керек екенін айтты. Содан бастап, тағы да ел арасынан мәліметтер, деректер жинап, оларды жазып алуды әдетке айналдырдым. Нәтижесінде есімдері ұмытыла бастаған әнші-жыраулардың, күйші-домбырашылардың, қобызшылардың өмірі мен шығармашылығына байланысты деректерді тауып, жүйеледім. Әрине, оның бәрін әлі түгел жариялап үлгермедік, ақырындап, шетінен жарыққа шығарып жатырмыз. 

Фото Күнқожа Қайрулланың жеке архивінен алынды

– Бесқала қазақтарының музыкалық мұраларын жинап жүрсіз. Қанша өнерпаздың аты мәлім? Қай дәуірді қамтыдыңыз?

– Мұрағаттар мен жеке архивтерден жинаған мәліметтерім бойынша, бүгінде Бесқала аймағында жүзден астам ақын-жыраудың, елуге таяу күйшінің, отыздан астам әнші-композитордың, жиырмаға жуық қобызшының есімін анықтадық. Мұны сол өңірдегі ұлттық өнерді дамытушы, насихаттаушы өнерпаздардың нақты саны деуге келмейді. Нәсіп етсе, әлі де көптеген өнер иелерінің есімін анықтап, мұраларын табамыз деген ойым бар. Бесқала аймағын қазақтар ертеден қоныс еткендіктен, ол өңірге тән өнер мен мәдениет ілгері дәуірлерден қалыптасқан. Дегенмен, менің зерттеулерімдегі мұралар XVIII ғасырдан бастап, бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтиды. 

– Бесқалада жыраулық өнер өте жоғары дамыған деген едіңіз бір сұхбатыңызда. Оған қалай көз жеткіздіңіз? Қазақстандағы мектептерден қандай айырмасы бар?

– Бесқаладағы жыраулық өнердің қарқыны ешқашан бәсеңдеген емес. Кешегі Кеңес заманында да қазақтың ұлттық музыкасын жоғары дәрежеде насихаттап отырды. Бесқала қазақтарының жыраулық дәстүрінде "құр" деген дүние бар. Бұл – жыраулардың алқаға түсіп жырлауы. "Құрға түскен" жырау халықты репертуарының көптігімен ғана емес, негізінен мақам-саздарының алуан түрлілігімен және орындаушылық шеберлігімен баураған. Мысалы, тойға барған әрбір жырау кемінде үш таңға дейін жырлап отырған. Мұндай құрға түсу басқа өңірлерде әлдеқашан жоғалып кеткен болса, Бесқала аймағындағы қазақтар арасында осы дәстүр сақталып қалды. Ал айырмашылығы туралы айтар болсақ, біріншіден, мақам-саздары өзгешелігі, екіншіден, репертуарының ерекшелігі. Бүкіл қазаққа ортақ ертеден келе жатқан жыр-эпостармен қатар, жергілікті ақын-жыраулар шығарған "Асау Барақ", "Асқар батыр", "Әзберген батыр","Құлбек батыр", "Бозұғлан" және тағы басқа көлемді жырлар жырланды.

Фото Күнқожа Қайрулланың жеке архивінен алынды

– Зерттеу барысында қандай еңбектеріңіз жарық көрді? Сізден өзге Бесқаладағы ән-күй, жыраулық өнерді зерттеп жүргендер бар ма? 

– Жыраулардың өмірі мен өнернамасына байланысты танымдық-ғылыми "Жыр киесі қонған жер", әнші-композиторлардың мұралары жинақталған "Бесқала қазақтарының әндері", күйші-домбырашылардың мұралары жинақталған "Бесқала қазақтарының күйлері" атты ноталы-музыкалық жинақтарым жарық көрді. Бұл еңбектерге енген мәліметтер, мұралардың көбі бұрын-соңды жүйеленбеген және жарияланбаған еді. Бұрын Бесқала жырауларының әдеби мұраларын жинап, жүйелеген Қаржаубай Жұмажанов, Қайыржан Аралбаев, Меңдібай Әбілұлы сынды ғалымдар бар, алайда, музыкалық мұралар назардан тыс қалып келген еді. Қазірше бұл салаға көңіл аударып, зерттеп жүрген жастар, өкінішке қарай, баршылық деп айта алмаймыз.  

– Өз елімізде зерттеуді қажет ететін өнер түрлері, өнерпаздар бар ма?

– Әрине, көп. Ұлттық өнердің барлық саласы әлі де тереңірек зерттеуді қажет етеді. Бұрынырақ зерттелген еңбектердегі мәліметтер жаңа деректермен, жаңа тұжырымдармен толығып жатыр. Бұрынғы зерттеушілердің қолына түспеген тың дүниелер бүгінде табылуда. Сондықтан, ұлттық өнер жайлы жазылған ескі материалдарға арқа сүйеп отыра бермей, әлі де зерттей түсуіміз керек. Зерттеуді қажет ететін өнерпаздар да көп. Әрідегі өнер иелерін айтпаған күннің өзінде, бүгінде жанымызда жүрген әнші, күйші, жыршылар туралы да көптеп жазуымыз, олардың орындаушылық ерекшеліктерін зерттеуіміз керек. Көбіне өзімізбен қатар жүрген өнерпаздарға аса мән бере бермейміз, үңіліп қарасақ, олардың репертуарынан әлі баспа бетін көрмеген дүниелерді көптеп кездестіріп жатамыз. 

Серіктестер жаңалықтары