Тікелей эфир

"Неге?" ток-шоуы: Алматыда атылған оққа кім кінәлі?

Бұл сұраққа 31 арнаның "Неге?" хабарының қонақтары пікір білдірді.

20 қыркүйек күні Алматының Ақбұлақ ықшамауданында атылған оқтан 5 адам көз жұмды. Игорь Дужнов есімді азамат үйінен күштеп көшіруге келген жандарға оқ атты. Қаза болғандардың екеуі полиция қызметкері, бірі сот орындаушы болса, олардан бөлек тағы екі азаматтың бірі үйдің жаңа иесі, ал екіншісі оның досы. Құқық қорғау органдары Дужновты уақытша тергеу изоляторына қамады. Қазіргі таңда екі бап бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Олар: адам өлтіру және билік өкіліне күш қолдану. Күдікті Игорь Дужнов өте ұзақ мерзімге, тіпті, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Дегенмен, бұл жағдайға бір Дужнов кінәлі ме? Жалпы, Алматыда атылған оққа кім айыпты? Бұл сұраққа сарапшылар бүгін кешке сағат 22.00-де 31 арнаның эфирінен көрсетілетін "Неге?" ток-шоуында да жауап берді. 

Полиция неге дайын болмады?

Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Абдрахмановтың айтуынша, сот орындаушылары тарапынан борышкердің агрессивті пиғылы туралы ақпарат түспеген. Сот процесі он жылдан бері жүріп жатқанымен, бұл іске полиция қызметкерлері араласпайтындықтан, Дужновтың үйіне сот орындаушысымен бірге барған учаскелік полиция қызметкерлерінде ешқандай күдік болмаған. Сондай-ақ, олардың аңшы мылтығына қарсы табельдік қаруды қолданбауына үй ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балалар мен әйелдердің бары себеп болуы мүмкін. Бытыра оқпен ататын аңшы мылтығы ойында еш күдік жоқ полицейлерді абдыратып тастағаны да жоққа шығарылмайды.

Банк үй бағасын неге тым төмендетті?

Құқықтық және экономикалық сарапшы Орынбасар Дүзбаевтың түсіндіруінше, бұл істе азаматтық-процессуалдық кодекс аясында заңбұзушылық табуы қиын. Кепіл мүлікті сату бойынша бірінші аукцион "ағылшын" тәсілі бойынша өткізіледі. 

"Егер одан нәтиже болмаса, екінші аукцион "голланд" әдісімен өтеді. Яғни, заңның өзі мүлік бағасын 50 пайызға дейін төмендетуге рұқсат беріп отыр. Әрине, сұраныс болмаған жағдайда. БАҚ хабарлағандай, тәуелсіз бағалаушы компания Дужновтың Бағанашылдағы үйін 188 миллион теңгеге бағалаған. Сәйкесінше, оны жарты бағасына, яғни, 96 миллион теңгеге сатқан. Бірақ, банк азаматтың қарызы 120 млн теңге екенін ескеріп, үйді осы бағаға өткізіп, міндеттемесінен босатуына болар еді ғой. Банк қызметкерлері Дужновтың Ақбұлақтағы кепілдегі үйі оның жалғыз үйі екенін білетін", – деді Орынбасар Дүзбаев.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы қаржы қызметтері тұтынушыларының құқығын қорғау жөніндегі директоры Ләззат Үсенбекованың сөзінше, жеке тұлғалар арасындағы кешіктірілген несиелер барлық несие көлемінің 3,4%-н құрайды. Бірақ, бұл есепке бір тәулікке кешіктірілген несие де кіреді. Жалпы, халықаралық банк институттарының ұсынымдарына сәйкес енгізілген NPL коэффициентіне сәйкес, Қазақстандағы проблемалық кредиттер үлесі айтарлықтай төмен екен.

Жеке сот орындаушыларына мүлікті тартып алу құқығын беру дұрыс па?

Құқықтық және экономикалық сарапшы Орынбасар Дүзбаевтың пікірінші, сот шешімі – мемлекеттік акт болып табылады. Оны орындау құқық қорғау органдарының міндеті болуы тиіс. Ал жеке сот орындаушылар бұл істе өз жеке мүддесін көксеп кетуі мүмкін. Өйткені, мәселен, сот орындаушыға құны 120 миллионның ісі түсетін болса, ол оның өзіне тиесілі 3 пайызын (3 миллион 600 мың теңге) алу үшін істі жылдамдатуы мүмкін. Сондықтан Орынбасар Дүзбаев Ақбұлақтағы атыс мұндай оқиғаның соңы болмауы мүмкін екенін алға тарта отырып, кепілдегі жалғыз тұрғы үйін тартып алу құқығы тек мемлекеттік сот орындаушыларының көмегімен шешілуі тиіс екенін айтты. Ол мұндай норманы заңды түрде енгізу туралы ұсыныс білдірді.

"Сот орындаушыларына психологиялық дайындық керек"

Психолог Зүбәйда Кененбаева мәселенің өзге қыры туралы сөйледі. Оның айтуынша, банктен несие рәсімдеген кезде азаматтар несие шартымен толық таныспайды. Тіпті, танысқанның өзінде 10-15 парақ шарт мәтінін түсіне бермейді. Сондықтан да оның ойынша шартқа қол қою кезінде оның жанында мемлекеттік заңгер болуы қажет. Заңгер несие алушыға шарттың мәнін түсіндіріп, туындаған сұрақтарына толық жауап беруі тиіс.

Психолог, сондай-ақ, сот орындаушыларына психологиялық дайындық жетіспейтінін де алға тартты:

"Сот орындаушылары жартылай психолог болуы керек. Мәселен, Дужновтың сот он жылға созылды дедік қой. Сот орындаушылары онымен тұрақты түрде әңгімелесу жүргізіп, мәселені қалай шешуге болатынын түсіндіруі қажет еді. Бір Дужнов қана емес, қазір заманауи қоғамның өзін "ауру" деуге болады. Сәл болса, жұдырық ала жүгіретіндер көп. Алдында тұрған әйел ме, қарт па, оған күші жете ме, жоқ па – қарамайды. Меніңше, ойына мұндай агрессиялық ойлар келетін адамдардың бәрінде психологиялық ауытқу бар".

Зүбәйда Кененбаеваның пікірінше, банк қызметкерлері не сот орындаушылары болсын, несие иелеріне қоңырау соққанда диалог құру тәсілдерін жетік білмейді.

"Ә дегеннен азаматқа несиесін төлеуді кешіктіріп жатқанын айтпай, жағдайын біліп, көмектесу үшін хабарласып отырғанын білдірсе, әңгіме басқа арнада өрбір ме еді. Сондықтан да олардың психологиялық дайындығын ұштау қажет", – деді Зүбәйда Кененбаева.


Бағдарламаның толық нұсқасын бүгін, 25 қыркүйек күні сағат 22.00-де 31 арна эфирінен не YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары