Тікелей эфир

Мұхтар Алтынбаев, Даниал және Серік Ахметовтер. Отставкаға кеткен қорғаныс министрлері кімдер?

Жамбыл облысындағы жарылыстан кейін Қазақстанның қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді.

26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан №28349 әскери бөліміндегі қоймалардың бірінен өрт шықты. 27 тамыз сағат 15.00-дегі жағдай бойынша, осы жарылыстан қаза тапқандар саны 9-ға жетті. Осы оқиғаға орай қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қызметтен кетуге дайын екенін және апат салдары жойылғаннан кейін өзін отставкаға жіберуін сұрайтынын мәлімдеді. Егер Нұрлан Ермекбаев қызметтен кетіп жатса, ол Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы басы дауға қалып, отставкаға кеткен төртінші қорғаныс министрі болмақ.

Тәуелсіз Қазақстанда қорғаныс саласын 10 министр (Мұхтар Алтынбаев 2 мәрте) басқарды. Қызметте ең ұзақ отырғаны – Мұхтар Алтынбаев, жалпы ұзақтығы – 7 жылдан астам. Ең аз уақыт қызмет атқарған қорғаныс министрі – Серік Ахметов (6 ай, 19 күн). 


Ескерту: төмендегі тізімге біз экс-министр Сәкен Жасұзақовты да қосып отырмыз. Ол министр қызметінен отставкаға кеткен жоқ, алайда 2019 жылғы Арыс оқиғасынан кейін Мемлекет басшысының өкімімен қарулы күштер жүйесінен шығарылды. 


Мұхтар Алтынбаев

Үшінші қорғаныс министрі болған Мұхтар Алтынбаев тағайындалғанға дейін министрдің орынбасары және әскери-әуе күштерінің басшысы болды. Министрлікті 1996-1999 және 2001-2007 жылдары екі рет басқарды.

Бірінші рет ведомствоның бес АН-28 бортының сатылым бағасын төмендеткенімен байланысты болған шудан кейін кетті. Бұл шулы оқиғаға қарамастан, Мұхтар Алтынбаев араға екі жыл салып қорғаныс министрі ретінде қайта оралды. 

2001 жылдың желтоқсан айында Нұрсұлтан Назарбаев Мұхтар Алтынбаевтың кінәсі жоқ екенін айтып ақтады. Сол кездегі президенттің сеніміне қайта ие болған министр Қазақстан әскеріне қатысты реформа жүргізді. "Халық Қаһарманы" орденімен марапатталды.

Даниал Ахметов

Төртінші қорғаныс министрі Даниал Ахметов Павлодар индустриалды институтында инженер-құрылысшы мамандығы бойынша білім алған. Ол  2007 жылдың қаңтар айынан бастап 2009 жылдың сәуір айына дейін ведомствоны басқарды. Қызметтен қуылғанынан екі ай бұрын оның орынбасары генерал-майор Қажымұрат Маерманов ұсталды. Жемқорлық жасағаны, қызметтегі дәрежесін асыра сілтеп, теріс пайдаланғаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Серік Ахметов

2014 жылдың сәуір айында қызметке кіріскен Серік Ахметов осы жылдың қазан айына дейін ғана қызмет етті. Ол өз еркімен отставкаға кетті. Алайда арада бір ай өткенде Қылмыстық кодекстің 176-бабы ("Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету") бойынша айыпталып, үйқамаққа алынды. Бірақ, қылмыстық істің оның министрліктегі қызметіне қатысы жоқ. 

2015 жылдың желтоқсан айында Серік Ахметов жемқорлық бойынша айыпталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Арада бір жарым жыл өткенде Серік Ахметовтің жазасы бас бостандығын айырудан шектеуге алмастырылды. 

Сәкен Жасұзақов

Әскери барлаушы маманы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов қорғаныс министрлігін 2016-2018 жылдары басқарды. Арыс қаласындағы төтенше жағдайдан кейін Тоқаев оны қарулы күштер жүйесінен шығарды. 

"Мемлекет басшысының өкімімен өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамағаны және қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіздігін және сақталуын қамтамасыз ету жұмысындағы, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін көшіру және орналастыру бағдарламасын іске асыру кезіндегі елеулі кемшіліктері, соның салдарынан Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімшедегі қару-жарақтың жарылуына және қалада адам шығынына ұшыратқан ауқымды апатқа жол бергені үшін қорғаныс министрі болып қызмет атқарған Сәкен Әділханұлы Жасұзақов ҚР қарулы күштері жүйесінен шығарылды", – делінген Ақорда хабарламасында. 

Нұрлан Ермекбаев

Нұрлан Ермекбаев 2018 жылғы тамызда қорғаныс министрі қызметіне тағайындалды. Министр 26 тамыз күні Жамбыл облысында болған жарылыстан кейін отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді. 

"Қазір менің басты мақсатым – болған оқиғаның салдарын ликвидациялау. Отставка мәселесіне келетін болсақ, осы оқиға туралы ести салысымен бірден өзім үшін шешім қабылдадым. Мен отставка беруді өтінемін, отставкаға кетемін. Шешімді жоғары тұрған басшылық қабылдайды", – деді Нұрлан Ермекбаев. 

 


Еске салсақ, 26 тамыз сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде қоймалардың бірінің жанында өрт шықты. Жақын маңдағы тұрғындар эвакуацияланды.

27 тамыз таңғы сағат 08.00-дегі жағдай бойынша, ауруханаларға 28 науқас жеткізілді, оның алтауының жағдайы ауыр.  Сондай-ақ, 66 адамның зиян шеккені белгілі болды. Жарылыстан қаза тапқандар саны 9-ға жетті.

Кейін әскери қоймаларда қандай заттардың сақталғаны анықталды. 

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Жамбыл облысындағы жарылыстан соң отставкаға кету туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. 

Серіктестер жаңалықтары