Тікелей эфир

Мурал шебері Мұхит Дулу: "Стрит-арт қала тұрғындарының ішкі мәдениеті мен рухани деңгейін көтереді"

Фото: іnalmaty.kz
Фото: іnalmaty.kz
Мұхит Дулу – Алматыдағы "Сәукеле", "Барыс", "Қобыз" муралдарының авторы.

Алматыда Кеңес заманында салынған бес қабатты үйлердің қабырғасынан әсем де, өрнекті картиналарды жиі байқауға болады. Солардың бірі – сәукеле киген қыз бен үкі. Бір қарағанда ұлттық стильде бейнеленген сияқты көрінгенімен, зер салғанда мұның жай сәукеле емес екеніне көз жеткізесіз. Сәукеле әдеттегідей тастармен, алтындармен емес, стимпанк символикасымен безендірілген. Екі түстің кереғарлығы суретшінің қолтаңбасын анық көрсетеді.

"Сәукеле" муралының авторы – Мұхит Дулу. Төрт жылдан бері стрит-арт өнерімен айналысып келеді. Мұхиттың екі атасы да – танымал тұлғалар. Өз атасы Қадыр Мырза Әлі қазақтың белгілі ақын-жазушысы болса, нағашы атасы Амандос Ақанаев пен әжесі Нэлли Бубэ – сурет өнерінде ешкімге дес бермеген керемет картиналардың авторлары. Атасы Мұхитқа бес жасынан түрлі-түсті қарындаштар, сурет салатын дәптер әперген. Содан бері қолынан қылқалам түскен емес.

Мұхиттың әжесі Салтанат пен атасы Қадыр Мырза Әлі

Мұхиттың анасы Ботагөз Ақанаева да – атақты суретші. Көз ашқалы көргені бояу болып, сол түрлі түсті бояудың ортасында өскендіктен әулетте үшінші толқын болып сурет өнерін Мұхит жалғастырған.

"14 жасымда жанр дағдарысын бастан өткердім. Ата-анам басқа да суретшілердің жұмыстарымен танысып ізденуге кеңес берді. Бердслей, Пикассо, Дюрердің кітаптарын қолыма ұстатты. Бәрі бір графика болғанымен, стильдері әртүрлі еді. Сол кезде маған өз идеямды, ойларымды жүзеге асыру маңызды болды. Сурет мен айтқым келген нәрсені көрсеткенін және өзіме ұнағанын қаладым. Ол үшін техникаларды оқып-біліп, шеберлігімді шыңдау керек еді. Алғашқы жұмысым "Семь смертных грехов" деп аталады. Бердслей стилінде қара қаламмен салдым. Кейін картинаны елшіге сыйға тарттым", – деп еске алды ол.

Мухит Дулудың 2013 жылы салған туындысы.

Суретшіні стрит-артқа кіші інісі қызықтырған. Екеуі көшеде сурет салып жүріп, кейін тапсырыс қабылдай бастаған. Қазақстанда жыл сайын халықаралық Мural Fest фестивалі өтеді. Оған Қырғызстан, Ресей, Украина, Ұлыбритания, Нидерландтар, Канада, Малайзия, Мексика, Франция және басқа да елдерден келген суретшілер қатысады. 2017 жылы Мұхит фестиваль аясында алғашқы муралын қалалық Арбат маңында салынған. Онысы – жоғарыда аты аталған "Сәукеле" (суреті төменде). Осылайша, бейнелеу өнері саласында өзгеше бағытта ізденген Мұхит граффитиден бастап, муралға тоқтады. Бүгінде Қазақстандағы мурал өнерінің бірден-бір шебері – өзі. 

 

Арбат маңайындағы ғимаратқа салынған "Сәукеле" муралы, 2017 жыл.

Ұйымдастырушылар жыл сайын 1 ақпанда әлемнің түкпір-түкпіріндегі суретшілерден өтінімдер қабылдайды. Стрит-арт, мурализм Қазақстанда енді дамып жатқандықтан жас қазақстандық суретшілердің қатысуына басымдық беріледі. Бекітілген эскиздер жазда үй қабырғаларына сурет болып түседі. Суреттер қала келбетіне қарай таңдалады. Суретшілерге шектеулер қойылмайды, әрқайсы өз қиялына ерік береді. Бос қабырға, бояулар мен техникалар солардың құзырында. Ұйымдастырушылар үшін ең қиыны сурет салуға болатын ғимарат табу болса, суретшілер үшін – қағаздағы эскизді қабырғаға дәл солай түсіру. 

"Үлкен қабырғаға өз жұмысыңды салып, атыңды қалдыра аласың. Жұмыс көлемі үлкен болған сайын одан рахат аламын. Алғашқы муралды салып біткенде "Мұны неге үйге әкетуге болмайды? Жұмысымды жақсы істеуге тырысып бақтым ғой" деген сезім болды. Алайда, оны өзіңмен әкете алмайсың. Енді ол сенікі емес, қалаға тиесілі", – дейді суретші.

"Алматы-2" темір жол вокзалы маңындағы ғимаратқа салынған "Барыс" муралы, 2018 жыл.

Мұхит Алматыдағы төрт муралдың авторы. Төртінші жұмыстың эскизін өзі сызғанымен, ғимарат қабырғасына басқа суретшілер салған. 

"Түркі халқы көк бөріден тараған. Бұл картинада түркі халқының шығу тегіне байланысты қасқырды еміп тұрған сәби бейнеленген. Адамның табиғатпен, түп-тамырымен байланысы деп түсінуге де болады. Шыққан тегімізді есте сақтау керек. Меніңше, бұл иллюстрация жас буынға күш-қуат, демеу береді", – дейді Мұхит. 

Үй қабырғасына сурет салу үшін физикалық дайындық қажет. Сатыға бояуды көтеріп бірнеше рет мініп-түсуге тура келеді. Ұқыпты болмаса, бүкіл конструкция құлап кетуі мүмкін.

"Бірінші рет 4-қабатқа көтерілгенде қатты қорқынышты болды. Бір қолыңмен сатыдан ұстап, екінші қолыңмен жұмыс істейсің. Қабырғаға күрделі сурет саламыз. Сатымен жұмыс істеп үйренгендерге түк те қиын емес. Олар сақтандырусыз 9-қабатқа көтеріле береді. Сондай-ақ, машинада отырып техниканы басқаратын адам білікті болуы керек. Қай ракурсқа, қалай қарай жылжытуды білуі тиіс. Ал суретші арқанмен сақтандырылады. Құрылыс сатысына шығып жұмыс істейтін болса, міндетті түрде сақтану керек. Биікте тұрып суретші қабырғаны бояп қана қоймайды, ол онда сурет салады. Кейбіреулер оп-оңай көреді, бірақ, мүлде олай емес", – деді граффитист.

Назарбаев даңғылы мен Бөгенбай батыр көшесі қиылысындағы ғимаратқа салынған "Тәңір" муралы, 2019 жыл.

Мұхиттың сөзінше, үй қабырғасына суретті бірнеше әдіспен түсіруге болады.

"Ең дәлірек және көп еңбекті талап ететіні – қағаздағы эскизді шаршыларға бөліп, қабырғаға жеке-жеке түсіру. Екінші нұсқа – суретті проекторды пайдаланып салу. Проекторды қабырғаға қарама-қарсы дәл орналастыру керек. Егер қабырға биік болса және проектор төменнен түссе, сурет бұрмаланады. Мұндай жағдайда қабырғаға проекцияланған кезде бұрмалану біркелкі болатындай етіп компьютерлік бағдарламамен суретті бұрмалауға болады. Бұл әдістің бір кемшілігі – түнде ғана жұмыс істей аласыз. Жарық болса, қабырғаға көлеңке түсіруге тура келеді. Алғашқы муралым "Сәукелені" осылай салдық. Ал үшінші әдіс – көзбен өлшеп салу. Бұл ең қауіптісі, сондықтан абай болу керек", – деді суретші.

Суретші "Қобыз" муралын көзбен салған. Панельді үй болғандықтан уақыт кетірмей қабырғадағы панельдерді санап, эскизді түсірген. Муралдың биіктігі 20 метрге жуықтаса, ені 10 метрден асады. Бұл жұмысқа суретші 50 шақты бояу құтысын жұмсағанын айтады.

Абай даңғылы мен Шәріпов көшесіндегі ғимаратқа салынған "Қобыз" муралы, 2019 жыл.

"Қобыз — қазақтың ұлттық, этникалық музыка аспабы. Муралда батыл интерпретация жасадық. Неге батыл десеңіз, сыртқы пішіні қобызды еске салса, ал ішінде билеп, әңгіме-дүкен құрған адамға ұқсас тіршілік иесі бейнеленген. Қобыз ғарыш кемесі секілді. Қызылордада шағын қасбетке "Қобыздың" интерпретациясын жасадық. Сюжет солай қалды. "Сәукеле" дәстүрлі өрнектерден гөрі бәріне түсінікті элементтерден тұрады. Қызыл фонға ақ-қара түсте салынған. Бұрынғы жұмыстарымда да мейлінше аз түс қолданып, артық элементсіз қазақтың мәдени мұрасын көрсетуге тырыстым", – дейді ол.

Муралдарды салуға қаржы әртүрлі жолмен табылады. Демеушілер тартылып, фестиваль ұйымдастырушылары үлес қосып, аудан әкімдіктері мен жергілікті меншік иелерінің кооперативі жәрдемдеседі. Алматы әкімдігі де қаржылай қолдау көрсетеді. 

Мұхит Дулудың "Қобыз" муралын салу үстіндегі сәті

"Бір мурал өте ұзақ өмір сүреді. Қандай да бір стрит-артты алып қарасақ, техникалық тұрғыдан дұрыс жасалса, оған тиіспесе, боямаса, кемінде он жыл тұрады. Мурал сапасын сақтау үшін алдымен қабырға бетін дұрыс дайындау керек. Беті үгітіліп жатса, ескі болса, оны толық тазартып, қайта сылап, тегістеп сырлағаннан кейін ғана сапалы бояуды қолданып сурет салса, мейлінше ұзақ тұрады. Кейде жұмысшылар салғырт қарап, қабырғаны дұрыс дайындамайды. Суретші тек сурет салады, қабырғаны дайындауға жауап бермейді. Ал муралдың сақталуына салынған ғимарат иелері жауап береді. Жеке меншік болса – жеке адамдар, ал мемлекетке тиесілі болса – қала әкімдігі жауапты", – деді ол.

Мұхит муралды інісімен бірге салады. Бір жұмысты қабырғаға түсіру суреттің күрделілігіне, қасбеттің көлеміне және ауа райына байланысты. Ал мурал құны суретшінің өз жұмысын бағалауына, қазіргі қаржылық-экономикалық жағдай, сурет техникасына және басқа да бірнеше факторға тәуелді.

"Негізі, бұл қымбат жұмыс, себебі суретшінің еңбегі орасан зор. Сырлау мен қабырғаға сурет салуды шатастыратындар бар. Суретші уақытын, күшін жұмсайды, картина эскиздегідей түсуі үшін барын салады. Мурал салу екі-үш аптаны алса, ал эскизді қағазға түсіруге айлап, жылдап уақыт кетеді. Әр суреттің идеясы, ішкі мағынасы болуы керек. Оны үлкен форматқа, бес қабатты үйдің қабырғасына түсіру үлкен еңбекті талап ететіндіктен суретшінің жұмысы лайықты төленуі керек", – деп айтты ол.

Мұхит стрит-арт адамдарға ұнайтынын, суретшілер осымен табыс тауып жүргенін айтады. Кейбір өнертанушылардың стрит-арт өнерді өлтіреді деген пікірімен келіспейді.

"Қазақстандағы муралдар ұнайды, әлемдік муралдардан ерекшеленеді. Елімізде мурал қозғалысы ақырындап қана дамып келеді. Себебі, бұл істі ілгерілетуді қажет деп санайтындар некен-саяқ. Жалғыз адам үшін қиын, айналадағы адамдар мұның не екенін түсінбейді. Мурал – біріншіден ішкі мәдениетті, ой-сананы дамыту, рухани деңгейді көтеру. Қабырғадағы әдемі туынды бәріне ұнайды, бірақ оның түп-тамыры қайдан екенін ешкім біле бермейді. Карантинге дейін мурал қозғалысы қарқынды дамыды. Жыл сайын фестивальде шетелдік және отандық суретшілер қатысты. Қазақстанда бұл іс жеткілікті дәрежеде қаржыландырылмайды. Үкімет қолдауы қажет. Қаланы көркейту үшін мурал қозғалысына билік дұрыс көңіл бөлсе екен деймін", – деді суретші.

Мұхит тарихи тұлғаны муралға айналдыруды көздемейді. Оған Алматының қазіргі келбеті ұнайды. Оның сөзінше, муралға дейінгі және кейінгі кезеңді салыстырса жер мен көктей. Стрит-арт жоқ кезде қала ландшафты сұрқай, іш пыстырарлық болса, қазір ескі үйлерге сурет салу арқылы қала келбетіне өң кіре түсті дейді ол.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары