Тікелей эфир

Мақсат Халық, экономист: Банктер қолдауға шын мұқтаж емес, тек тегін көмекке бой үйретіп алған

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдауында мемлекеттің енді банктерге көмек көрсетпейтінін мәлімдеді.

Осы шешімге орай экономист Мақсат Халық Информбюро тілшісінің сұрақтарына жауап беріп, өз ойын айтты. 


Бұл шешім дәл уақытында қабылданды деп есептейсіз бе, әлде кештетіп қалдық па?

Әрине, бұл дұрыс шешім. Рас, өте кеш қабылданды. Менің ойымша, бұл 2009 жылы жүзеге асыруы керек еді. 2007-2009 жылдары қаржылық дағдарыс болды. Сол кезде Американың жүйе құраушы Lehman Brothers деген банкін банкротқа жіберген болатын. Ең қызығы, сол кезде Қазақстанда да біраз банк зардап шекті. Бірақ, ұлттық қордан сол уақытта 10 млрд доллар көлемінде қаражат бөлініп, оның 4 млрд доллары осы екінші деңгейлі банктерді құтқарып қалу үшін жұмсалды. Содан кейін банктер көмекке бой үйретіп алды деуге болады. Өйткені, үнемі ұлттық қордан ақша бөлуін, мемлекеттен қолдау сұрап, тіпті зейнетақы қорынан да ақша бөлінген кездер болды. 2016 жылдан бастап банктерді қолдау процесі тежелді. Өйткені, ұлттық қордан ақша аудара беру, оны негізсіз пайдалана беруге тыйым салынды. Сондықтан банктер қосымша қаражатқа зәру болып қалды. Одан бергі 5 жылда банктер саны әжептәуір қысқарды. Сол уақытта 33 банк болса, қазір 23-і қалды. 5 жыл ішінде ондаған банк банкрот болды.

Бұл шешімнің салдары қандай болуы мүмкін? 

Әрине, банктер қосымша қолдау табылмаса, оларда банкротқа ұшырау қаупі күшейеді. Бірақ, ол нарықта негізінен акционерлер капиталы салынғаннан кейін банк акционерлері өздері де осы банктің жағдайына қарап, оны қолдау процесіне араласуы керек. Екінші жағынан, банктердің саны күрт азайып кетуі де дұрыс емес, Өйткені, ол нарықта ірі банктердің қалуына әкеледі. Ол өз кезегінде нарықта монополиялық жағдайға әкелуі мүмкін. Бұл жағдай халық үшін де, қоғам үшін де өте тиімсіз. Сондықтан банктердің қазіргі саны өте дұрыс. Дегенмен менің ойымша, керісінше жаңа банктердің құрылуына жағдай жасау керек. Қазір бір-екі микроқаржы ұйымы банк құрғысы келеді деген ақпарат шыққан. Оларға қолдау көрсеткен дұрыс. Қосымша банктер құрылып жатса, бәсекелестікті арттырады. Бірақ, олар өздерін қамтамасыз ете алатындай болуы, нарықтағы бәсекеге төтеп бере алуы керек. Олардың халыққа көрсететін қызметі әрдайым сапалы, жаңа технологияларға негізделген болса, халық үшін тек пайдалы болмақ.

Президент банктердің ауылдардағы шағын жобаларға ақша салмайтынын, соған орай бұл іске микрокредиттік ұйымдарын тарту керектігіне тоқталды. Бұл қалай жүзеге асады деп ойлайсыз?

Микрокредиттік ұйымдардың саны былтырғымен салыстырғанда күрт қысқарған. Онлайн займер, онлайн несие беретіндер, шағын несиелік ұйымдар, ломбардтардың қызметі салдарынан өте көп азамат зардап шеккен. Ол бойынша арнайы заң қабылданып, биыл наурыз айында бүкіл шағын несие ұйымдарын лицензиялау процесі жүрді. Сонда көптеген шағын несиелік ұйымдардың лицензиясы тартып алынды. Сөйтіп, қазір олардың саны азайды. Сондықтан осы ұйымдарды алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдау дұрыс. Президенттің алыс, шалғай ауылдарға екінші деңгейлі банктер қызметі жете бермейді дегенімен келісемін. Олар ірі қалаларда шоғырланған. Сонда өңірлерге кім қаржыны жеткізеді? Сол жақтағы халық орталыққа қарай ағылуы керек пе? Бұл мәселеде шағын несие ұйымдарының қосатын үлесі өте жоғары, соны ескеруіміз керек.

Тағы айта кететін мәселе, мемлекет бизнесті қаржыландыруға, бизнесті дамыту бойынша және қарапайым заттар экономикасын әрі қарай жүзеге асыру үшін тағы қосымша 1 триллион теңге бөлінетіні туралы хабарлады. Бірақ, бұл қаражатты екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру процесі жүзеге асырылады. Несиелік ұйымдар осы қаражатты бөліп алуға, өңірдегі кәсіпкерлерге жеткізуге қатты ықылас білдіріп жатқан жоқ. Біз осы шағын несие ұйымдары өкілінен "неге сіздер несиені алмайсыздар?", "неге өңірдегі кәсіпкерлерге бермейсіздер?" дегенімде, былай деп жауап берді: "Әрине ол қаражатты мемлекеттен алу бар, бірақ жауапкершілігі өте жоғары. Мемлекет ертең қандай да бір қиын жағдай болып жатса, ол бойынша есепті өте жоғары дәрежеде талап етеді". Демек, ынталандыру процесі болмай тұрғаны. Меніңше осы жерде шағын несиелік ұйымдар да сол қаражатты бөлуге атсалысатындай тиімдірек механизм керек.

Неге қазақстандық банктер үнемі мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж? Саладағы мәселелер қандай?

Менің ойымша, мұқтаж емес. Негізігі қаржылық жағдайлары әлдеқайда тұрақты. Соңғы уақытта осы Moody's және Fitch Ratings рейтинг агенттіктерінің бағасы шыққан. Осы тұрғыда біздің елдегі банктердегі қаржылық жүйе тұрақты деп бағаланып отыр. Сондықтан мен банктер қандай да бір мемлекеттік қолдауға зәру деп есептемеймін. Бірақ, бұл 2007-2009  жылдары болған қолдаудан кейін қалып қойған жаман әдет деп ойлаймын. Өйткені, сол кезде бір қолдау жасалып еді, одан кейін бір қиын жағдай болып қалса немесе төмен пайызбен бизнесті несиелендіру керек болса, немесе төмен пайызбен ипотекалық несие беру керек болса, мемлекетке қарап отыратынын көреміз. Бұл банктердің негізі жағдайы тәуір, еш мемлекеттік қолдауға иә болмаса бағдарламаларға мұқтаж емес. Екінші жағынан бұл салада мәселе көп. Ең бірінші несие пайызының жоғарылығы, әсерсе ипоткелаық несиелер бойынша, бизнеске арналған несиелер бойынша көрінеді. Тек арнаулы мемлекеттік бағдарламалар арқылы ғана, мемлекет қаржы құйғанда ғана олар төмен пайызбен жеңілдетілген несие бере бастайды. Үшінші мәселе  –банктердің бизнесті несиелендіруі төмен. Өткен жылда 18 пайызға дейін түсіп кеткен. Ол банктер бизнесті несиелендіріп, тәуекелге барғаннан гөрі, ұлттық банктің репо сияқты операциялары бар, сондай операциялар арқылы табыс табуды жөн көреді.

Сондықтан экономиканың белгілі нарығын қаржыландыру ақсап тұр. Меніңше, бұл өте үлкен мәселе.Теңгенің құнын арттырып, нақты осы пайыздарды төмендету бойынша, ақша-несие нарығында үлкен жұмыстар жүргізілуі керек. Өйткені ипотекалық несие болсын, бизнес несие болсын, пайыз өте жоғары.  Сондықтан ешкім ондай несие алмайды. Мәселен, кәсіпкерлерден сұрасақ олар несие алғысы келмейді. Өйткені "20 пайыздық несиелер, мені керісінше банкроттықа апарады" дейді. Үлкен салмақ түсіреді дейді. Соныдқтан бәрі арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы алғысы келеді, ал оның саны шектеулі. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың өршуіне әкеп соқтырады. Бұл несиелер Даму қоры, банктер арықлы берілетіндіктен, адамдар сол жақтан тамыр таныс іздей бастайды. Бұл жалпы халыққа тиімсіз болып тұр.

Мемлекеттің банктерге көмектестпеу шешім қаржы саласындағы коррупцияны шешу ісіне үлес қоса ма? Ықпалы қандай болмақ?

Қаржылық жүйеде  қазір онлайн банкинг қатты дамып жатыр. Онлайн аударымдар жасау, бұл белгілі дәрежеде коррупцияға жол бермей келеді. Сондықтан осы цифрландыру мәселесі меніңше оңтайлы әсерін тигізеді. Көлеңкелі экономикамен күресте белгілі жекеленген банктерге үлкен алғыс айтуымыз керек. Өйткені, онлайн аударымдар арқылы кез келген жерде ақшаның цифрлық іздері сақталып отыр. Яғни, қаражаттың көлеңкеге кетуі екіталай. Бұл коррупцияны азайтатыны сөзсіз. Сондай-ақ, банктердің қазіргі кездегі қызметтері орынды деп бағалаймын. Алдағы уақытта да осы деңгейде жалғастыра берсе екен деймін.Әрине қатер жоқ емес, азаматтардың жеке шоттарына қауіп төндіретін хакерлік шабуылдар болуы мүмкін, кибер атакалар болуы мүмкін. Бұл мәселені де ұмытпауы керек деп ойлаймын. Алдағы уақытта инновациялық қызметтері жүзеге асатын болса, халыққа да пайдалы болады. Ертең шет елдік банктер де біздің нарыққа келетін болса, бізде де бәсекеге қабілетті банктер болады. Бұл үлкен сенім ұялатады.

Серіктестер жаңалықтары