Қазақ елін әлем балаларына кім танытып жүр? Америкалық иллюстратормен сұхбат

On a Train in Kazakhstan – Гүлмира есімді қазақ қызының шытырман оқиғасы туралы кітап.

Эшли Ланина – америкалық жазушы, иллюстратор, On a Train in Kazakhstan атты балалар кітабының авторы. Батыс Нью-Йорктағы шағын қалада туып-өскен ол Қазақстанға 20 жасында келіп, алты жылдай Атырауда тұрған. Екі қызымен Нью-Йорктағы үйіне көшкен соң балалар кітабын жазумен,  өнермен шұғылдана бастаған. Informburo.kz Эшли Ланинамен Қазақстан жайлы кітабы туралы сұхбаттасты.

– Эшли, Қазақстан жайлы кітап жазу идеясы қалай дүниеге келді?

– 2011 жылы тұрмыс құрғаннан кейін көп ұзамай Қазақстанға қоныс аудардым. Атырауда туып өскен орыс жігітіне тұрмысқа шықтым. Оның жұмысы, туған жері осында болғаннан кейін Атырауға көшіп келдім. Қазақстан екінші үйіме айналып кетті, бірақ үнемі Нью-Йорктағы отбасымды сағынатын едім. Эмоционалды тұрғыдан қатты қажыдым. 

Бұл жағдай ойымды жинақтап, Қазақстанда тұрған кезде уақытты құнды бір дүние жасауға жұмсауға түрткі болды. Үйінде екі қызымен отырған қарапайым әйел едім. Осылайша балаларға арналған алғашқы кітабымды жазуды қолға алдым. Хикаямды мен сусындап жатқан Қазақстан мәдениеті толықтыру керек деп білдім. Бұл өзіме ғана аян мүмкіндік еді. Қазақстан мәдениеті қызық әрі шытырман оқиғалар үшін мінсіз орта бола алды.

– Сіз "Қазақстан маған жақсы қарайды" деп жазған едіңіз. Қазақстан қандай әсер қалдырды?

– Олай деп жазған себебім әрдайым алдымнан ашық жарқын жандар кездесті. Жергілікті қазақ достарым үнемі отбасылық дәстүрлі мерекелеріне шақыратын. Қаншама тойда болдым, нақты саны есімде жоқ. Адамдар Гүлмира туралы хикаяма қызығушылық танытып, мәдени тұрғыдан қандай кемшіліктері бар екенін әдеппен жеткізді. Мәселе туындаса, достарым оны шешуге көмектесетін. Оларға алғысым шексіз. Әрдайым рахмет дейтінмін. 

– Қазақша білесіз бе?

– Қазақша көп сөз білмеймін. Орысшам да жақсы емес. Дүкеннен қажетімді алуға, таксистке баратын жерімді түсіндіруге жетеді. Атырауда тұрғанда адамдар тіл үйрену үшін менімен ағылшынша сөйлесуді қалайтын. Сондықтан тұрғындармен ағылшынша да түсінісе беретінмін. 

– Facebook парақшаңыздан қызыңыздың қазақтың ұлттық костюмін киген фотосуретін көзім шалды...

– Қызым Атырауда мектепке барып дүргенде қазақша киім киіп биледі. Маған қазақтың ұлттық костюмі ұнайды. Америка мектептерінде мен жақсы көретін дүниелер көп. Десе де қыздарым Америкадағы мектептердің Қазақстандағыдай жақсы тамақтандырмайтынын айтып әлі күнге дейін шағымданады. Қазақстан халқы денсаулыққа пайдалы тағамдар тұтынады, бұл біздің өмір салтымызға жақсы әсер етті. 


Оқи отырыңыз: "Қазақтың "уайымдама" және "құдай қаласа" сөздері ұнайды". Америкалық Виктория Шарбону қалай Вика апа атанды?


– On a Train in Kazakhstan қандай кітап? Кейіпкерлері кім?

– Қазақстан жайлы таңнан кешке дейін айтуға бармын, бірақ отбасым мені түсінбеуі мүмкін. Осылайша көрпешені, қазақтың ұлттық киімін, кең даласы, жануарларын, киіз үйді және басқа да дүниелерді кітабымда иллюстрациялар арқылы көрсетуді жөн деп шештім.

Қазақстан жайлы деректерді визуалды түрде көрсете отырып хикаяның сюжетін өзім қалағанымдай жасай алдым. Классикалық квест-шытырман болса да қарапайым сөздермен жеткізуге тырыстым. Ақылды қазақ қызын бас кейіпкер ретінде таңдадым. Қазақстанда орыс мәдениеті де таралғандықтан оқиғада танымал орыс мыстаны бар. Маған беймәлім жергілікті жануарларды да қостым. Бір қызығы, Гүлмира Қазақстан жерін бұлттың үстінде пойызбен саяхаттайды. Көптеген тың дүниелер қосқаным есімде. Хикаямды қайта оқып шыққанда оқырманнан жасырған барлық нәрсе есіме түседі. Үш жыл кеткен жұмысым жарық көргеніне өте қуаныштымын. Әлемнің басқа бөлігінде алты жыл бірге тұрған отбасымнан туған жеріме өзіммен бірге осындай дүние алып келгенім үшін бәріне алғыс айтамын.  

On a Train in Kazakhstan кітабы.

– Қазір немен айналысасыз? 

– Қазір отбасыма жақын жерде тұрып жатырмын. Америкадағы отбасым үлкен. Туған күн, мерекелерді бірге атап өтеміз. Екі ақылды да зерек қыздың анасы болғаным үшін бақыттымын. Жаңа үйімді жөндеп жатырмын. Туып-өскен кішкентай қаламдағы адамдар өмірімнің қалай өрілгенін, қалай өзгергенін түсінбеуі мүмкін. Алты жыл басқа елде тұру, он жыл орыс отбасында өмір сүру миыңды өзгертпей қоймайды.

Көптеген мәдениетпен танысу сол мәдениеттен өзіңе ұнағанды алып, ұнамаған тұсынан атап өтуге мүмкіндік береді. Қазір айналамдағы америкалықтарға қарағанда пайдалы әрі дұрыс тамақтанамын. Есіктен кіргенде табалдырықты баспаймын. Қалай шай дайындауды білемін. Үстел басындағыларға қызмет етемін. Біреудің үйіне аяқ киімімді шешіп кіремін. Америкада таныстарым мұны байқамауы мүмкін, бірақ мұны өзім байқаймын және солай жасай беремін.

Менің ойымша, шытырман оқиғалар бізге осылай әсер етеді. Олар бізді ақылдырақ болуға итермелейді. Зерек қазақ қызы туралы шытырман оқиғаны жазғанда мен де онымен бірге сапар шектім. Кітапты оқыған әр адам мұны түсінеді деп ойлаймын.

– Пандемия сізге қалай әсер етті?

– Пандемия ешкімге де оңайға тимеді. Жалғызбасты ана болғаныма қуандым, өйткені нақты жағдайда бұл тыныштық сыйлады. Алайда кішкентай екі қызымды жалғыз өсіру қымбатқа соғады. Бір қызым он күннен екі рет үйде карантинде болды. Бір симптом пайда болса мектепке бара алмайды. Автор әрі суретші ретінде үйден жұмыс істеймін, бірақ әлі де болсын жұмыс уақытын сақтап қалуым керек. Балалар үйде болған кезде жұмыс істеу қиын.


Оқи отырыңыз: "Ажырасу – ұят, ал таяқ жеу – тағдырдың жазғаны ма?" Тұрмыстық зорлық жөніндегі халықаралық сарапшымен сұхбат


– Сіздің ойыңызшы, не үшін қазақстандықтар On a Train in Kazakhstan кітабын алуы керек? 

– Адамдар кітабымды сатып алса қаламақы аламын. On a Train in Kazakhstan туындыма менің қолымнан шыққан "сәби кітап" секілді қараймын. Кітап сатылымынан түсетін қаламақы бас кейіпкерім Гүлмираның сыйлығы секілді. Гүлмира шотты төлеген сайын маған қазақ қызым көмектесіп жатқандай сезінемін. Қыздарымды және өзімді еркелетіп, қызық заттарға қаржы салу үшін бір күні оның банктегі шотыма көп ақша жіберетінін армандаймын. Шынымен де солай болатындай көрінеді. Бірақ қазір өмір қаншама жағдайға тәуелді, қаламақы аз болса да, Гүлмираны жақсы көремін. Әр адам алғашқы кітабым жарық көргендей шабыт сыйлайтын жобаны таба алады деп ойлаймын.

On a Train in Kazakhstan кітабы.

– Басқа да кітабыңыз жарық көрді ме? Кітаптарды қайдан алуға болады?

– Нью-Йоркқа үйіме көшіп келген соң балаларыма арнап The great booger debate атты сурет кітабын шығардым. Барлық кейіпкер – менің және әпкелерімнің балаларының иллюстрациясы. Одан кейін маған жақын қалада тұратын инфлюенсермен бірге жасаған бояу кітапшам жарық көрді. Тик-токтағы 32 видеоны бояйтын суретке айналдырдым. Чаз Брюстің 5,5 миллион жазылушысы бар. Гүлмира үшінші кітабыммен салыстырғанда көп қаламақы әкеле ме, маған бәрінен сол қызық. "Сәби кітаптарым" көп сатылуы үшін бір-бірімен бәсекелесетінін елестетемін. Қазіргі таңда үш кітабымды Америка мен Еуропадағы кітап дүкендерінің сайттарын алуға болады. 

On a Train in Kazakhstan кітабын Қазақстанда шығару үшін баспа іздеп табуым керек. Қазақстанда кітабымды сатып алу жағы кішкене қолайсыз, сол себепті бұл мәселені шешу керек. Аудармамен және оны Қазақстанда сатумен айналысатын әрі баспагер, әрі менеджерді тапқым келеді. Amazon секілді алып дистрибьютерлермен бірге жұмыс істегеніме қуаныштымын, бірақ бұл кітаптың идеясы дүниеге келген елде шағын бизнесті қолдау мені қызықтырады. Сол себепті әйел қызметкерлердің үлесі жоғары шағын бизнеске басымдық беріледі.

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары