Тікелей эфир

Бүркітші қыз Айшолпан: Ұлттық киім киіп, шашымды өрсем, біртүрлі қарайтындар бар

Моңғолияда туған Айшолпан бүркітші қыз ретінде әлемге танымал. Ол қазір Алматыда тұрады.

Айшолпан Нұрғайып Қазақстанда білім алып жатыр. Бірнеше шетелдік оқу орны шақырғанымен Сүлеймен Демирель атындағы университетті таңдап, қазір "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығы бойынша білім алып жатыр. Бүркітші қыз Айшолпан қалай әлемге танылды? Моңғолиядағы тұңғыш бүркітші қыз қазір не істеп жүр? Болашақ жоспары қандай? Informburo тілшісі Айшолпанмен әңгімелесіп, осы сауалдарға жауап алды. 

– Қазақстанға қашан келдіңіз?

– Моңғолияда монғол-түрік лицейінде оқыдым. 2018 жылы Қазақстанға алғаш келгенімде "Білім-Инновация" халықаралық қоғамдық қоры Spectrum мектебінде оқу грантын табыстады. 11-сыныптың жартысы мен 12-сыныпты елордада оқыдым. Сабақтар ағылшын тілінде өтті. Алғашында орыс тілі қиынға соқты. Қазір бес: қазақ, моңғол, түрік, ағылшын және орыс тілдерінде сөйлеймін.

Мектепті бітірген соң Сүлеймен Демирель атындағы университетке "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығы бойынша оқуға түстім. Әдеби шығармаларды сүйіп оқимын. Бірінші курсты онлайн оқып, екінші курста Алматыға келдім. Университетте әртүрлі іс-шараларға қатысамын. Тоғызқұмалақ ойнап, кітап оқып, тоқыма тоқимын.  

– Университетте Айшолпанды бүркітші қыз ретінде танитындар бар ма? 

– Көбі таниды. Жақында университетте мен туралы фильмнің тұсаукесері болды. Фильм бұған дейін 30 елде көрсетілген еді. 

The Eagle Huntress деректі фильмі қалай түсірілді?

– Моңғолияға бүркітшілер сайысына келген израильдік фотограф Ашер Свиденски ер бүркітшілерді ғана көріп, неге әйелдер де бүркіт ұстамайтынын зерттеген. Үйімізге туристер көп келетін. Тілшілердің бірі оған Алтанцөгцте Нұрғайыптың қызы бүркіт баптайды деп айтыпты. Фотограф ауылға келіп, тауда суретке түсірді. Сол кісінің арқасында әлемге танылдым.

Ауылға келген туристер фотоға түсіре беретін, біз де оған үйренгенбіз. Бірақ әлемге таныламын деп ойламадым. Режиссер Отто Белл суретті көрген соң мен туралы фильм түсіремін деп үйге келді. Ол кезде кішкентай едім. Көп нәрсе біле бермедім.

Мен күле де, жылай да алмаймын, киноға қалай түсемін деп айтқанымда олар күліп, күнделікті өміріңді түсіреміз деді. Киноға түспеймін деп атқа мініп тауға қашып кеткен едім.

Атам мен әкем ақыл айтып, келісімшартқа отырдық. Фильм Моңғолияда 12 жасымнан бастап екі жарым жыл түсірілді. 

– Қалай бүркітші қыз атандыңыз?

– Мен ұл секілді өсірген. Кішкентай кезімнен көзімді ашсам көргенім бүркіт болатын. Алты жасымнан атқа мініп үйрендім, сегіз жасымнан бүркіт ұстадым. Жеті ата-бабам да бүркітші болған. Менен бұрын ағам бүркіт ұстады. Ол оқуын бітіргеннен кейін әскерге кетті. Одан кейін бүркіт ұстайтын бала болмады. Ұл бала істегенге неге қыз балаға талпынып көруге болмайды, қыз бала неге "нәзік" болып, шай қайнатып үйде отыруы керек? Қыз баланы неге баса береді деп ойладым. Күтпеген жерден әкем мен анама "мен де бүркіт ұстағым келеді" деп айттым. Олар қуанып, мені қолдады. Сөйтіп бүркіт ұстап бастадым. 

Басында ағаларым, бауырларым "ұстай алмайсың" деп маған сенбеді. Көп адам қарсы болды. Бүркіт – ауыр жыртқыш құс. Қыста 40-50 градус суықта аттың үстінде бүркіт ұстап жүру қиын. Арман-мақсатыма жетуім үшін жаттықтым, қиындыққа төзе білдім. Ең алғаш 13 жасымда бүркітшілер сайысына қатыстым. 79 ер жігіт арасында жалғыз қыз мен болдым.

Бүркітті 6 секундта қолға шақырып, рекорд орнатып бірінші орын алдым. Бірақ та қыз бала деп жеңісімді мойындамады. Аңға шыққанда нағыз бүркітші қыз екенімді дәлелдедім.

Бір қызықты айтып берейін. Атамның атасы өте кедей болған екен. Сол кезде атам бүркіт ұстағысы келген бір байға балапан апарып беріпті. Бүркіт ұстау ертеде өте қиын болған. Ал бай бүркітті қатты керек еткен. Орнына қалағаныңды беремін дегенде үйленбеген атам "алтының да, малың да керек емес, қызыңды бер" деген екен. Сөйтіп атам Ақ балапанды Ақ апаға ауыстырып алыпты. Ақ апамның жолы жалғасып, бүркітшілік сол кісіден дарыған деп айтады.

– Әкеңіз қандай адам? Сізді қалай тәрбиеледі? 

– Атам мен апамның тәрбиесін алдым. Содан кейін әкем бүркіт ұстап, атқа мінуді үйретті. Сабақ оқып та, үй шаруасын істеп те үлгеретінмін. Әкем өте керемет адам. Әрдайым қолдайды. Ешқашан қолыңнан келмейді деп айтқан емес. Шыдайсың деп жігерлендіреді. Адал болып, алдамай, адамға жақсылық жасау керек деп тәрбиеледі.

Біз шай ішкенде тұз қосамыз, себебі су таза. Мұнда адамдар суда тұз дәмі бар болған соң тұз қоспай, шайды қантпен ішеді екен. Қант зиян. Әкем шетелде жүргенде  сүт сұрайды, тұз сұрайды, сосын шай сұрайды. Әкемнің қызықтары есімде көп қалған. Ең алғаш лифтіге мінгенде "ойбай, жүрегім көтеріліп барады" деген еді. Әкем тіл білмесе де, айтқысы келгенін ымдасып қимылмен түсіндіретін.

– Сіз үшін бүркіт қандай құс? 

– Мен үшін бүркіт – қасиетті және өте шыдамды, батыл құс. Сөйлей алмаса да, адамды түсінеді. Мысалы, шетелден үйге ешбір дыбыс шығармай келгенімде бүркітім аяғымның дыбысын сезетін. Ақ қанат бүркітімді табиғатқа жібердім. Онымен қоштасу қиын болды, өйткені сырлас досым еді. Ол да ана, жұбын тауып, балалы болуы керек. Бүркіт төрт айда бір жасайды, адам жасымен 60-70 жас өмір сүреді. Төрт не бес жылдан кейін жұмыртқалайтын жасқа келгенде табиғатқа жіберу керек. 

Бүркіттің салмағы қыста – 5-8 кг, жазда – 10-15 кг. Қыркүйектен ақпанға дейін аңға ұстаймыз. Бүркіт бір күнде 500 грамм ет жейді, одан көп жем бермейміз. Ал наурыздан бастап түлеп, қауырсындары түсіп, жаңасы шығады. Сол кезде көп тамақ беру керек. Бүркітті қолда ұстап тұру қиын, ол үшін күш қажет. Табиғи тамақ жеп, тау-таста таза ауада жүрген соң күшіміз көп болады. 

Бүркіттің көзі өте өткір, биікте ұшып жүрсе де, астында кетіп бара жатқан кішкентай тышқанды көріп ұстайды. Біз бүркітпен түлкі мен қасқыр ұстаймыз. Атам кезінде бүркіті аюға түскенін айтқан. Бір бүркіт аюды ұстауы мүмкін емес, екі не үш бүркіт ұстаған болар. 

– Бүркітшінің бойында қандай қасиеттер болуы керек? 

– Шыдамдылық, сабырлық, төзімділік. Өзім еркіндікті сезінемін.

– Сізге дейін Моңғолияда бүркітші қыз болды ма? 

– Жоқ, алғашқы қыз мен болдым. Менен кейін бүркітші қыздар шықты. Қазір 15 бүркітші қыз бар. 

– Қазір бүркіт ұстайсыз ба?  

– Қазір білім алып жатырмын. Көптеген іс-шараларға қатысамын. Өз бүркітім болмаған соң жаттығып жүрген жоқпын. Моңғолияда балапан алып үйретіп бастады. Бүркітіме бауырларым қарайды. Қазақстанда бүркітшілер сайысына барып тұрамын. Жаттықпағаннан қол шығып қалмайды.

– Ауыл тіршілігі ұнай ма, әлде қалада тұрған ұнай ма? 

– Ауыл ұнайды. Қарапайым отбасыдан шықтым. Мал баққаннан кейін төрт мезгіл көшіп отырамыз. Киіз үйде өмір сүрдім. Бірінші сыныптан бастап жатақханада тұрдым. Сіңлім мен бауырымды оқыттым, жанында болдым. Ауылда таза ауа, табиғи тағамдар. Қала да жақсы, дегенмен қазір ауылда да интернет бар, барлық жағдай жасалған.

Қалада адамдар тез дайындалатын тамақтарды көп жейді екен. Өзім дұрыс тамақтануға тырысамын. 

– Моңғолияда қазақтар қалай өмір сүреді?

– Моңғолия кең халық, қолдап, қолынан келгенше көмектеседі. Адамдары кішкене тұйық, ашылып сөйлегісі келмейді. Кішкентайымда мен де тұйық болдым. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді біледі. Моңғолиядағы қазақтар қазақылықты ұстанады. Кең далада не істесең де өзің білесің. Киіз үйде жатып жұлдыз қарайсың. Жазда барлық ауыл бірге отырады, балалар бірге ойнайды. Ақ тамақтың уақытында жұмыс көбейеді. Іркіт пісеміз, сиыр, ешкі, қой, бие сауамыз. Солай шаруамен өте шығады. Жазда ғана интернет жоқ, телефоннан демаласың. 

Кішкентай кезімнен туристер көп келетін. Қонақ қылып, әсем жерлерге апарамыз. Атқа мінгізіп, тағамдарды ұсынамыз. Шетелде төрт жасар баланың "тау арасынан қалай жол табасың?" деген сұрағы әлі есімнен кетпейді. Шынында таудан тауға асып жүреміз. Ешқандай белгі, ардес жазылмайды. Оларға қазақтың киіз үйі, көшпенді өмірі қызық. 

– Бізде туризм неге олай дамымаған деп ойлайсыз? 

– Себебі көп адам қазақтың бұрынғы тұрмыс-тіршілігін ұмытып, заманауи болып бара жатыр. Оны тек жастар ғана тірілте аламыз. Қазақстанда табиғаты әсем жерлер көп.

Құсбегілікке қызықтырса, Қазақстан табиғаты туралы фильмдер түсірсе, туристерге қызық болады деп ойлаймын.  

Шетелде қазақи киімдермен жүрдік. Анам түлкі мен қасқырдың терісінен ішік, тымақ пен шалбар тігіп беретін. Шетелдіктер тамсана қарайды. Әлемге танылмай тұрғанда 11 жасымда әкеммен бірге Дубайға бүркітшілер жиынына барған едік. Ыстық Дубайда әкем екеуіміз ауыр ішікпен жүрдік. Үш күн бойы талып қала бердім. Сол кезде біраз қиналдым, кейін ауа райына үйреніп кеттік. 

– Ұлттық киімдерді заманауи стильде киюге қалай қарайсыз?

– Дұрыс деп ойлаймын. Ұлттық нақышта киіну әдемі көрінеді, шетелдік туристерге де қызық. Олардан ерекше киінсек көзге түсеміз. Қазақ ұлтын таниды. Дана халықпыз, тіліміз бай. Әжелеріміз бен аналарымыздың қолынан көп іс келеді.

Мен де ұлттық киіммен жүруге тырысамын, бірақ біртүрлі қарайтындар бар. Шашымды өріп алсам да, біртүрлі қарайды.

Олар нағыз қазақи құндылықтарды, тілі мен киімінің қандай ғажап екенін шетелге шыққанда ғана түсінеді деп ойлаймын. Өзім қазақтар дамыған, еңбекқор, қолынан бәрі келеді деп айтып жүремін. 

– Сізді "бүркітші қыз Айшолпан" деп әлем таниды. Танымалдылық қалай әсер етті? 

– Тілмен айтып жеткізуге келмейді. Әлемге танылғанда қуандым. Бұлай болады деп еш күтпеген едік. Құдайдың берген бағы шығар. Шүкір етемін. Танымалдылық шетелге шығуға, білім алуға мүмкіндік берді. Шетелдіктер қазақ ұлтының, Қазақстанның бар екенін білді. 

2016 жылы Моңғолияда көптеген мәселе көтерілді. Туристердің 80 пайызы мен үшін келді. Жазда үйге мені көруге бір күнде 40 турист келген кез де болды.

14 жасымнан шетелге шыға бастағанда танымал болудың қандай ауыр жүк екенін ұқтым. Қаншама қазақтың атына кір келтірмеуге тырыстым.  Бала кезімде сиқыршы боламын, әлемді ұшып жүремін деп армандайтынмын. Отыз елге барып, талай кинофестивальдерде қызыл кілем үстінде жүріп, қаншама журналистке сұхбат бердім.

Бір қызық айтайын, бала кезімде Нұрсұлтан Назарбаев туралы көп біле бермейміз. 5-6 сыныпта оқып жүргенде бір кітапта Нұрсұлтан атамның суреті тұр екен. Өзімнің атам ұрысса да, кітаптан сол бетті жыртып алып, ешқандай ойсыз есікке іліп қойдым. 2018 жылы Жастар жылында атаның алдында сөз сөйлегенімде сол кез есіме түсті.

Адам арман-мақсатын қағазға жазса, суретін іліп қойса, бүгін-ертең орындалмаса да, уақыт өте келе бәрі орындалады екен. 

– Алда қандай жоспарыңыз бар?

– Негізі армандарымды айта бермеймін. Десе де болашақта қазақтың салт-дәстүрін үйрететін мектеп ашқым келеді. Жақында ағылшын тілінде мен туралы кітап шықты. АҚШ-та сатылып жатыр. Сол кітапты аударып Қазақстанға әкелмекпін. Мамандығым бойынша жұмыс істеп, магистратураны шетелде оқысам деймін. 

"Бүркітші қыз" фильмін Қазақстанда көрсеткім келеді. Фильмде бірінші әке мен қыздың тәрбиесі, қазақтың салт-дәстүрі, көшпелі халықтың тұрмыс тіршілігі баяндалады. Университетте тұсаукесері болғанда көп адам басқа қалада көрсетіле ме деп сұрады. Фильм өте әсерлі, адамдар жылап жатады. Кейбіреулер оқиғаға сенбейді. 

Серіктестер жаңалықтары