Тікелей эфир

Бауыржан Шөкенов: Қазақ фильмдері КинопоискHD алаңының қызығушылығын туғызып отыр

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қазақстандық киноиндустрияның амбассадоры болуды көздейді.

6-9 желтоқсан аралығында қазақстандық кинематографистер Мәскеу халықаралық кино нарығы мен "Ресей кинобизнесі" форумына қатысты. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы делегациясының басшысы, Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов сапарда білген-түйгені жайында айтып берді.  

– Бауыржан Камалұлы, Кино нарығы мен форумнан қандай олжамен оралдыңыз?  

– Біріншісі және ең бастысы – Ресей кинобизнесінің негізгі трендтерімен таныстық. Форумға кинотеатр желілері мен дистрибьюторлар ғана емес, тұтынушылардың жаңа сегменті – стриминг алаңдары мен онлайн кинотеатрлардың өкілдері де қатысты. Барлығымен танысу міндетіміз болды. Premier бейнежазбалар сервисінің бас директорының орынбасары Макар Кожухов секілді бірқатар тұлғаны танимын. Ал қалғандарымен осы форумда таныстым. Барлығы дерлік нарықтың жаңа ойыншылары.

Екіншіден, сату жүйесінің келешегіне толықтай баға бере алдық. Бұрын фильмдер кинотеатрларда көрсетіліп, содан кейін олар DVD-де сатылымға шығатын.  Кейін теледидарда көрсетілетін. Одан соң қонақ үйлерде, ұшақтарда және әрі қарай кете беретін. Сатудың ескі жолы осындай еді.

Бүгінде стриминг алаңдары мен онлайн кинотеатрлар түріндегі толыққанды ойыншылар нарыққа келгеннен кейін жағдай өзгерді: бірінші нарық – әлі де кинотеатрлар, екінші – онлайн кинотеатрлар мен стриминг алаңдар, үшінші – ақылы телеарналар, одан кейін – эфирлік телеарналар. Бұл дегеніміз, мағыналы контент болса оны сауатты және дұрыс ұсыну арқылы нарықта төрт, алты, мүмкін одан да көп жыл сұраныста қалдыруға болады. Бұл ретте, фильмнің сатылымы да жақсы болар еді және көрермен назарына түседі. 


Оқи отырыңыз: "Бірінші кезекте ата-ана жауапты". Буллингпен кино арқылы қалай күресуге болады?


– Нарық мәселесін түсіндік. Ал бұл нарыққа қазақстандық киноөндірушілер не ұсына алады?

– Мәскеу кино нарығы бізге керемет дүниені түсінуге көмектесті: қазір біздің қолымызда түрлі жанрдағы, қызықты, қолжетімді және орыс тіліне бейімделген фильмдердің жинағы бар. Оның ішінде таза көрермендерге арналған кино, жақсы артхаус жанрындағы фильмдер де бар. Достарыңызбен немесе отбасыңызбен бірге барып, күліп, жақсы уақыт өткізуге болатын, яғни кинотеатрлық прокатқа бағытталған фильмдер саны бір-екеу ғана. Ал бәсекеге қабілетті картиналарымыз – фестивальдік фильмдер. Бұл кең аудиторияға прокатталатын кино емес, дегенмен, онлайн кинотеатрлар мен стриминг алаңдарының үлкен қызығушылығын тудыруы мүмкін. Бұл үйде де көруге болатын кино болуы мүмкін. Мұндай көрермендер көп және осындай контент кең ауқымда қолжетімді болуға тиіс.

Енді алдымызда тұрған міндет: мұның барлығын дұрыс ұсыну, сатып алушылардың барлық сегменттерімен жұмыс істеу және ең бастысы нарықта кәсіпқойлар қатарында болу. Шарттарды дұрыс жасап, әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізуге жауапкершілікпен қарап, олармен диалог құра білуіміз керек. Мен қазір қарапайым дүниелерді айтып жатқан шығармын, бірақ кез келген бизнесте, соның ішінде кинобизнесте "ұсақ-түйек" деген нәрсе болмайды.  

Ал өткен Кино нарығы туралы айтар болсам, біздің жинақтағы бірқатар фильмдерге КинопоискHD алаңының нақты қызығушылығы пайда болды. Қазір басқа да алаңдарға фильмдердің таныстырылымдық нұсқаларын дайындап жатырмыз. Олар бізге өз нарықтарына не қажет, қайсысын біз өзімізде қалдыруымыз керек екені жазылған тізімді береді. Кейбір картиналарды эксклюзивті, ал кейбірін эксклюзивті емес шарттарда сатып алуы, сонымен қатар басқа да алаңдарға ұсынуы мүмкін. Қазіргі уақытта "Боксер", "Алға" және "Схема" атты жобаларға эксклюзивті қызығушылық бар. Нақты нәтижелер осындай.

– Бірінші рет қатысқанымызды ескерсек, бұл жаман емес...

– Келісемін. Сондықтан, бұдан әрі де Мәскеу кино нарығына қатысуды жалғастырғанымыз жөн. Бұл жылына бірнеше рет өткізілетін аймақтағы ең ірі шара. Біз оған апаратын әр картинамызбен күрделі жұмыс жасауымыз керек, себебі, талаптар өте жоғары.

Сапарды ұйымдастырған Алматыдағы UNESCO Кластерлік Бюросына алғысымды білдіремін. Бірақ, бұл сынама сапар деп айтуға болады. Бардық, көрдік, қызығушылығымыз оянды. Келесі жолы барлығын өзіміз іске асыруға тиіспіз. Орынды, презентацияларымызды өткізу үшін залды жалға алып, серіктестерді шақыру қажет. Ұйымдастырушылар алаң ұсынып, инфраструктурамен қамтамасыз етеді, БАҚ өкілдерін шақырады. Ішкі толықтыру жұмыстары – біздің жауапкершілігіміз. Бұл тұрғыда біздің қазіргі дебютіміз өте маңызды. Нарыққа кем дегенде бірнеше картинамен кіру керек, сонда ғана басқа қатысушылар бізде табысты картиналар барын айтып, қызықты жұмыстар күтеді.


Оқи отырыңыз: Каскадер Әлия Ысқақова: Ең қауіпті трюктер жылқы малының қатысуымен жасалады


– Алыс не жақын шетел нарықтары туралы не айта аласыз?

– Көршілеріміз туралы айтар болсақ, қазір өндіріс саласында жұмыс істеп жатқан және кино өндірісі үшін жеткілікті үлкен бюджет бөлуге мүмкіндігі бар өңірдегі ең ірі ел – Қазақстан. Біз сала көшбасшылары ретінде өзіміздің Орта Азия кино нарығын өткізуді ұсындық. Мысалы, бастапқыда "Еуразия" халықаралық кинофестивалі аясында кемінде жылына бір рет өткізуге болады. Бірақ мұның өз өзгешелігі бар. Егер Қазақстан мен Ресейдің киноиндустрияға деген көзқарасы бірдей болса, онда Орта Азия елдерінің кейбірімен бұл мәселеде елеулі айырмашылықтарымыз бар. Кей жерде киноөндірушілер өз жобаларынан пайда табуды мүлдем көздемейді, өйткені, оған мемлекеттің көзқарасы басқаша. Бір жерде кино түсіру тек ішкі тұтынушыға бағытталған және сыртқы көрерменге мүлдем қызық емес. Егер біз бүкіл Орталық Азия нарығымен байланыс жасауды көздесек, онда заңнамадағы айырмашылықтарды ортақ мәнге әкелмесек те, қандай да бір жолмен оларды жұмсарту керек. Әр аумақтағы ойын шарттары түсінікті ғана емес, сонымен бірге ұқсас болуға тиіс.

Әрине, сыртқы нарықтарға да шығу қажет. Контентті біз ешқашан болмаған аймақтарда көрсетіп, немен дем алып, қалай өмір сүріп жатқанымызды жария ету маңызды. Мен ондаған жыл бойы Оңтүстік Америка аймақтарында – Мексика, Бразилия, Аргентина, Венесуэлада жұмыс істеген адамдармен кездестім. Бұл кеңестік киноға деген қызығушылығы зор фантастикалық нарықтар. Біз мүлдем білмейтін нарық үшін таңдана көретін экзотика сияқты болуымыз мүмкін. Сонымен қатар, Латын Америкасының киноиндустриясы ашық және сырттан келетін жаңа ағымдарға дайын. Айтпақшы, оның Оңтүстік-Шығыс Азиядан ерекшелігі осында. Кинорежиссерлер өздерінің ішкі нарығын агрессивті түрде қорғайды. Жақында БАӘ-де тағы бір қызықты алаң пайда болды: Dubai International Content Market – Дубайдағы ойын-сауық контентінің халықаралық көрмесі. Оның жұмысы ең алдымен Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкаға бағытталған. Аймақ, әрине, ерекше, бірақ онымен танысып, сол жерде жобалар жинағын ұсыну керек.

Жалпы, Киноорталық мемлекет қолдауын пайдалана отырып, барлық контентті жинап, бүкіл киноиндустриямыздың амбассадоры болуымыз керек. Қазақфильм түсіретін фильмдердің де, жеке компаниялар шығаратын картиналардың да... Сала қаржыландырылып жатқанда бұл жобаны іске асырмасақ, кейін жеке компанияның бастамасына айналып кетуі мүмкін. Мүдделі инвесторлар пайда болатын тетік іске қосылуға тиіс. Ресейде бұл баяғыда жүзеге асқан.

– Нақтылап кетейік, қазір бюджеттен бөлініп жатқан ақша тек өндіріске жұмсалып жатыр ма?

– Әзірге дәл солай. Өндіріске елеулі ақша бөлінді, бірақ бәрі сонымен аяқталды. Студиялардың өздері кино түсіре отырып, оны ілгерілету міндеттерін қарастырмаған. Демек қазір бірінші кезекте екі мәселені шешу керек. Біріншіден, егер біздің министрлік және басқа да уәкілетті органдар да біздің картиналарымызды ілгерілету жөніндегі іс-шараларға мақсатты қаражат бөлу бағытында жұмыс істесе жақсы болар еді. Екіншіден, бұл идеяны өндірушілерге жеткізуіміз керек. Олар мемлекет беретін тақырыптық жоспарды ұстанып қана қоймай, киноны көрермен үшін қызықты етуі қажет. Кинотеатрлар, стриминг алаңдары сатып алғысы келетіндей болуға тиіс. Бұл мүмкін нәрсе, оған Солтүстіктегі көршілеріміз дәлел.


Оқи отырыңыз: Сатыбалды Нарымбетов түсіріп үлгермеген "Жаңғырықты" қос ұлы қолға алды. Түсірілім алаңынан репортаж 


– Біз талқыламаған бір нәрсе – жергілікті ішкі нарық. Кинотеатр прокатымен бәрі түсінікті. Ал басқасының жағдайы қалай?

– Әрине, біз еліміздің онлайн кинотеатрлары мен стриминг алаңдарына не сататынымыз жайлы ойланып жатырмыз. Жинақтарымызды сегменттерге бөлетін шығармыз: қайсысы халықаралық прокатқа жіберіледі, қайсысы ішкі нарықта тұтыну үшін қалады. Бізде контент жинап жатқан ондай алаңдар бар, бірақ әзірге танымал емес.

Әрине, отандық алаңдардағы үлкен проблема – қарақшылық. Бұл мәселені шешу үшін контентті өндіретіндермен бірге оны сататындар да жұмыс істеуі керек. Өздеріңіз білесіздер, торрент арқылы кез келген нәрсені жазып алуға болады, тіпті бір-екі сағат бұрын кинотеатрға шыққан фильмді де. Роскомнадзор қарақшылық өнімдер табылса кез келген сайтты екі сағат ішінде бұғаттай алады. Бұл мәселені бізде ешкім көтеріп жатқан жоқ. Тесіктері бітелмейінше кеме әрі қарай жүзе алмайды. Көрермен контент үшін ақы төлеуге дағдылануы керек. Тағы бір нәрсе, барлық төлемдер қауіпсіз және ыңғайлы болуға тиіс. Жалпы алғанда, ыңғайлылық – контентті таңдаумен қатар, онлайн платформа үшін сәттіліктің негізгі компоненттерінің бірі. Біз бәріміз, сайып келгенде, кино түсірушілер де, кинотеатрлар да, стримингтік қызметтер де көрерменді ойлауымыз керек. Тек осы жағдайда киноиндустрия сәтті дами алады.

Серіктестер жаңалықтары