Тікелей эфир

"Банкрот деп тану үшін несиені не үшін алғаны маңызды емес". Басты шарттар қандай?

Банкрот деп тану үшін борышкердің төлем кестесінің бұзылғанына 12 ай өтуі тиіс

Мемлекеттік кірістер комитеті аудит департаментінің директоры Айдын Сауданбеков өзін банкрот деп танығысы келетін азаматтардың нені ескеруі тиіс екенін түсіндірді. Оның "Атамекен-бизнес" арнасының "Басты тақырып" бағдарламасында берген сұхбатының шағын мазмұнын ұсынамыз. 

Мемлекеттік кірістер комитеті аудит департаментінің директоры Айдын Сауданбеков

– Кімдер өзін "банкротпын" деп тани алады?

– 5 миллион теңгеге дейінгі бір жыл ішінде жабылмаған қарызы болса, жеке тұлға өзін банкротпын деп жариялай алады. Ол үшін электронды үкімет порталына немесе Қаржы министрлігінің қосымшасы арқылы өзінің өтінішін ұсынады. Өтініш беру үшін қойылатын негізгі талаптар – азаматтың басында мүлкі болмауы керек, табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен (36 018 теңге) аспауы тиіс және басқа кәсіпкерлігі болмағаны жөн.

Кейін автоматтандырылған тексеру жұмыстары жүргізіледі. Мүлкі, көлігі, жері, кәсіпкерлік табысы бар ма – бәрі тексеріледі. Азаматтың берген ақпаратының рас екені дәлелденген соң банкроттық жайында шешім қабылданады.


Оқи отырыңыз: Өзін банкрот деп жариялаған азаматтарға қандай шектеулер қойылады?


– Азаматты банкрот деп танитын кезде несиені қандай мақсатта алғаны қарала ма?

– Несиені қандай мақсатқа алғанына қарамайды. Ол тұтынушылық несие немесе кредиттің басқа да түрі болуы мүмкін. Ең бастысы, мен жаңа атаған талаптар орындалса болды. Сотқа дейінгі банкроттыққа екінші деңгейлі банктер мен микро қаржы ұйымдарынан алған қарыздар ғана жатады. Кейде азаматтың коммуналдық және салық бойынша төлем қарызы болуы мүмкін. Бұл жағдайда банкроттық сот рәсімі арқылы ғана жүргізіледі.

Банкрот деп тану бойынша шешімді сот қабылдайды. 5 миллион теңгеге дейін несиесі бар азаматтардың кепілге қойылмаған жалғыз баспанасы болса, банк жеке тұрғын үйді талап ете алмайды. Мұнымен қатар, азаматтар өзін банкротпын деп танымас бұрын 3 жыл бойы шетелге шыға алмау, 5 жыл ішінде қайтадан несие ала алмау және 7 жыл бойы өзін банкротпын деп тани алмау секілді шектеулер барын ескеруі керек.


Оқи отырыңыз: "Мен – банкротпын": Қандай жағдайда қарызды қайтармауға болады?


– Өзін банкрот деп тану үшін әдейі қомақты несие алып, төлемей қоюға бола ма? Бұл қалай реттеледі?

– Ешкім әдейі несие алып, оны төлемей, өзін банкротпын деп жариялай алмайды. Оның реттеу механизмі бар. Төлем кестесінің бұзылғанына 12 ай толуы тиіс. Әдетте осы мерзім ішінде коллекторлар тиісті шара қолданады. Кейбір азаматтар өзін банкротпын деп жариялау үшін басындағы үйі мен көлігін басқа адамның атына әдейі жаздыруы мүмкін. Мұндай жағдайда азамат әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары