Бүгін Парламент Мәжілісінде мақұлданған заң жобасына сай, экология министрлігінің кәсіпорындарға бақылауы күшейеді.
Депутаттар "Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияға ластаушылардың шығындылары мен тасымалдарының тіркелімдері туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады.
"Орхус конвенциясының ережелеріне сай осы хаттамаға қосылу көзделген. Ауаға шығарылатын, су мен топыраққа төгілетін қауіпті химиялық заттар мен ластағыштардың жыл сайынғы көлемін, өнеркәсіптік және басқа да нысандардың қалдықтары туралы ақпаратты жинау, өндеу үшін кадастрларды біртіндеп енгізуге міндеттіміз", – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Министрдің айтуынша, конвенцияны ратификациялағаннан кейін елімізде қандай компаниялар мен кәсіпорындардың қоршаған ортаға химиялық заттарды қаншалықты, қай уақытта шығарып жатқанын анықтауға болады.
Айта кетерлігі, 2018 жылы Қазақстан бойынша қоршаған ортаға тараған ластаушы заттардың жалпы көлемі 2,5 млн тоннаны құраған.
"Қазіргі танда халықтың экологиялық жағдайға қызығушылығының өсуіне байланысты, елімізде қоршаған ортаның жай-күйі туралы халықты уақтылы хабардар ету бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі AirKz мобильдік қосымшасы іске қосылып, облыс әкімдіктері жұртшылықты ақпараттандыру үшін LED-экрандар орнату бойынша жұмыс жүргізуде. Осы LED-экрандарда ауаның сапасы туралы мәлімет беріліп жатыр", – деді министр.
Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімі сияқты құралдардың болуы кәсіпорындардың шығарып жатқан зиянды заттар бойынша деректерді халыққа ұсынуға мүмкіндік береді
Аталған тіркелім хаттамасы 64 қызмет түрін және 86 ластауыш заттарды қамтиды. Осы 64 қызмет түрінің Қазақстанда 32 түрі және оған жататын 26 ластауыш заттар қамтылады.
Тіркелімді цифрландыру мақсатында ЮНИТАР (БҰҰ оқу және ғылыми-зерттеу институты) қолдауымен 10 миллион теңгеге гранттық қаражат алынып, веб-портал әзірленген. Онда 100 кәсіпорындағы залалды заттардың шығарылуы мен тасымалдауы туралы деректер топтастырылды.
"Келешекте бұл порталды Бірыңғай мемлекеттік мониторинг жүйесі аясында басқа да ақпараттық жүйелермен өзара интеграциялауды жоспарлап отырмыз. Министрліктің ведомстволық ұйымы әзірлеген Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімінің веб-порталы келесі жылы пайдалануға беріледі", – деді министр.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда елімізде 2200 бірінші санаттағы ауа ластаушы кәсіпорын бар. Алдағы уақытта министрлік бұл кәсіпорындарды жаңа технологияға өтуге міндеттемек. Егер кәсіпорын бас тартатын болса, онда олардың эмиссиялық шығындары, яғни ауа ластағаны үшін төлейтін алымы геометриялық прогрессиямен өсе бермек. Бұған дейін кәсіпорындар мұндай ақпаратты ерікті түрде беріп келген еді. Мәселен, 2018 жылы аталған 2200 компанияның 926-сы қоршаған ортаны қаншалықты ластағаны туралы мәліметті жариялаған еді.
Қабылданған құжат бойынша бірінші санаттағы аталған ауа ластаушы компаниялар қоршаған ортаны қаншалықты ластағаны туралы мәліметті жариялап отырмақ.
Тағы бір айта кетерлігі, жақында ғаламторда Алакөлдегі қонақүйлердің бірі көлді ластағаны туралы дерек тараған еді. Мағзұм Мырзағалев министрліктің аталған қонақүйді сотқа бергенін, қазір істің сотта жатқанын айтты. Министрдің айтуынша, бұл дау Азаматтық кодекспен шешілмек.