Тікелей эфир

ЕАЭО: Қаржы нарығындағы заңнамаларды унификациялау туралы келісімге Ереванда қол қойды

Фото "Мир-24" сайтынан алынды
Фото "Мир-24" сайтынан алынды
Тамыз айында қазақ теңгесі мен орыстың рублі қырғыз сомы алдында "қатты сүрінді".

Қазақстандық сарапшылар валюта нарығында Ресей мен Қазақстанның ұлттық валютасы бәрінен қатты зардап шеккенін айтып жатыр. Беларусьте валюталық құбылмалылық 2011 жылдың наурызында байқалды. Сол жылы наурыздың 24 күні Ұлттық банкі беларусь рублін 56 пайызға құнсыздандырды.

Ал 2016 жылы 1 шілдеде беларусь рублі бірден төрт нөлінен айрылды.


Дерек көз ЕАЭО сайтындағы мәліметтерден

ЕАЭО мүше елдеріндегі АҚШ доллары және ұлттық валюта жұбының динамикасы / ЕАЭО сайтындағы мәліметтерден алынды


Қазақстан санкциясыз да Ресейге тәуелді

Қаржыгер Бейсенбек Зиябеков бізбен әңгімесінде деноминалданған белорусь рублінің ЕАЭО-ға серіктес елдердің валютасынан күштірек шыққанын айтты.

– Беларусь Ұлттық банкінің ресми бағамы бойынша, алғашқы күні 1 доллар 1,98 беларусь рубліне тең болса, тамыздың 31-і күні бағам 2,07 пайызға дейін қымбаттады. Армян драмына қатысты бағам – 1 тамыз күні 1 доллар 481,01 драм болса, қыркүйектің аяғында 484,94 драмға жетті, – дейді Бейсенбек Зиябеков.


Бұрынғы КСРО елдерінінің ұлтттық валюта мен АҚШ доллары динамикасы/Дерек көз ҚР Ұлттық экономика министрлігі сайындағы мәліметтерден

Бұрынғы КСРО елдерінің ұлтттық валюта мен АҚШ доллары динамикасы / ҚР Ұлттық экономика министрлігі сайындағы мәліметтерден алынды


Бейсенбек Зиябековтың айтуынша экономикалық тұрғыда тәуелсіз болу үшін түк тындырмаппыз.

– Қазақстан Республикасы Конституциясының 1 және 2 баптарында Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет деп атайтыны, мемлекет бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуды басты ұстанымға айналдыруы тиіс екені айтылған. Біз оған қол жеткізген жоқпыз. Жеке өндірісті дамытпайынша, санкциясыз да жан-жағымыздағы елдерге тәуелді болып отыра береміз, – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Қыркүйек айының 25 күні Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Андрей Бельянинов rosbalt.ru тілшісіне ЕАЭО-қа мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымының 75 пайызы Ресей үлесінде екенін айтып, қаржы нарығындағы заңнамаларды біріктірудің өзектілігін тағы да еске салды. Андрей Бельяниновтың айтуынша, одаққа мүше мемлекеттердің сауда-саттықта орыс рублін төлем құралы ретінде қабылдайтын кезі әлдеқашан келді. "Бұл ешбір елдің қызғанышын тудырмауы керек. Ресей рублінің позициясы 75 пайыз, ал АҚШ долларының үлесі 15-20 пайыздың төңірегінде", – дейді Еуразиялық даму банктің басқарма төрағасы.

"Санкция ортақ валюта қажеттігін сездірді" деген пікірлер Ресей басылымдарында көптеп жарияланды

Ресейлік экономист Олег Буклемишов бізбен әңгімесінде ЕАЭО-да ортақ валюта міндетін Ресей рублі атқара алатынына сенімді екенін айтты. Оның айтуынша, одаққа мүше елдер арасындағы сауда айналымында рубльдің үлесі өскен.

Экономистің пайымдауынша, еуразиялық кеңістікте Ресей барлық бағыт бойынша басымдыққа ие болып келе жатыр. Бірақ мұны ешбір ел мойындағысы келмейді екен.

– ЕАЭО елдері үшін бірыңғай валюта туралы айту өте ерте, өйткені барлық елдер ұлттық валютаны өзгертуге келісім бермейді, – дейді Олег Буклемишов.

ЕАЭО кеңістігінде ортақ валютаны жақтаушылар Арменияның астанасы Ереванда өткен экономикалық кеңестің қортындысынан көп үміт күтті.

18 қыркүйек күні Армения астанасы Ереванда өтетін ЕАЭО жиынында қаралатын мәселенің қаржы нарығына қатысы болатыны тек санаулы ғана топқа белгілі болғанға ұқсайды. Себебі қыркүйек айы кейбір ресейлік басылымдардың ортақ валюта тақырыбында тым белсенді болып кетуімен басталды. Олардың үміті ақталды. Ереванда қаржы нарығын біріктіру туралы келісімге қол қойып, бұл тақырыпқа нүкте қойды.

"Бұл жиында қай ел қандай бағыт ұстады?" деген сұраққа жауап іздеп, ресейлік ақпарат көздерін сүзіп шықтық. Жауап тым ресми.

Біздің елдің сарапшылары да жиында болған мәселелерді 1 айдан бері қорыта алмай жатыр. Үкіметтің экономикалық блогы да тым-тырыс.

Қаржы нарығындағы заңнаманы біріктіру туралы келісімге қыркүйек айында Ереванда ЕАЭО экономикалық кеңесте қол қойды. Комиссия бұл шешімге, бірінші кезекте лицензияларды өзара тану және ЕАЭО-ға мүше елдердің қаржы нарықтарына кемсітпейтін қолжетімділікті қамтамасыз үшін барғанын айтып отыр.

Қаржыгер Ілияс Исаев бізбен әңгімесінде қолданыста жүрген заңдарды біріктіру ЕАЭО нарығы үшін керек екенін айтады. Себебі ЕАЭО – тек экономикалық одақ қана емес, адамдардың қозғалысы, ортақ нарық.


Қаржыгер Ілияс Исаев ЕАЭО елдерінде своп жүйесін қолданудың кезі келгенін айтты/ Фото Айтжан Мурзанов

Қаржыгер Ілияс Исаев ЕАЭО елдерінде своп жүйесін қолданатын кездің келгенін айтты / Фото Айтжан Мурзанов


– Сақтандыру нарығын біріздендіру кезінде ЕАЭО елдерінде кәсіпорындарды сақтандыру қалай жұмыс істейтінін нақты түсінетін болады. Банк секторында ЕАЭО елдеріндегі банк өкілдіктерінің жұмысы үйлестіріледі. Бұл біріздендірілген және түсінікті болған кезде, адамдарға тікелей әсер етеді деп ойламаймын, бірақ қаржы жүйесі арқылы жанама әсері сөзсіз болады. Интеграцияның төрт компонентінің ішінде адамға қозғалыс еркіндігі тікелей әсер етеді. Келесі деңгейде адамдар тыныш жүріп, сатып ала алатын тауарлар қозғалысының еркіндігі. Ал қаржы секторы бизнес үшін маңызды болады деп есептеймін. Өзара есеп айырысуларды оңайлату интеграция үшін өте маңызды, – дейді Ілияс Исаев.

Сарапшылар ЕАЭО мүше елдерге ұлттық валютасымен есеп айырысуға мүмкіндіктің енді туғанын айтып отыр. "Валюталық своп" жүйесіне көшіп, долларды айналып өтуге болады. Мысалы, қырғыздармен есеп айрысқанда біз теңгені, қырғыздар сомды қолдануға болады. Бұл үшін ортақ валюта туралы емес, үлкен валюталық своп туралы көп жақты келісімге қол қойсақ жеткілікті.

– Біз күні бүгінге дейін өзге мемлекеттермен есеп айырысқанда АҚШ долларын төлем құралы ретінде пайдаланып келдік. Бізде негізгі экспорттық тауар – мұнай үшін доллармен төлейді. Сондықтан техникалық жағынан РФ Орталық Банкімен келісіп,рубль мен теңгенің бір-біріне белгілі бір бағамын белгілеп қоюларына болады. Әрі қарай адамдар Қазақстан биржасында рубльді, ал ресейліктер теңгені ешқандай кедергісіз сатып ала береді. Мұндай жағдайда өзара есеп айырысудың барлық мәселелері толығымен шешіледі. Біз Ресейден келетін импорттың жартысын рубльмен төлейміз. Бізге бұл тиімсіз. Ресейдің Орталық Банкімен үлкен валюталық своп туралы уағдаласу керек. Айта кету керек, Ресей мен Қытай өзара есеп айырысуда доллар көп пайдаланбайды және рубль-юань көбірек пайдаланылады, – дейді Ілияс Исаев.

Сарапшылар ЕАЭО-ға жалпы валютаны енгізу қажет емес екенін бұрын да айтқан, қазір де айтып жатыр. Себебі мүше-мемлекеттердің экономикасы әртүрлі тараптарға дами бастады. Бірнеше жылдан кейін не болатынын болжау мүмкін емес. Долларға қатты байланып қалмау үшін ЕАЭО елдері арасында алдын ала келісілген бағам бойынша ұлттық валютада барлық өзара есеп айырысуды жасауға болады. Ортақ валюта кей қауіп-қатерге себеп болуы да әбден мүмкін. Мұндай жағдайда экономикадан гөрі саясат мәселесі алдыңғы қатарға шығады.

– Ресейдің Батыспен тайталасы барлығымызға кері әсерін тигізуі мүмкін, – дейді қаржыгер Ілияс Исаев.

Ресейліктермен ортақ валюта туралы емес, теңге-рубль жұбы туралы келісімге келу оңай

– Рубльден ортақ валюта жасаудың қажеті жоқ. Біз мұндай жағдайда монетарлы саясатымыздан айырылып қаламыз. Кез келген жағдайды ұлттық валютамызды қолдануға мүмкіндік бар. Сол себепті керек емес факторларды тықпалай берудің қажеті жоқ. Ресейліктермен, ортақ валюта туралы емес, теңге-рубль жұбы туралы келісімге келу оңай, – дейді Ілияс Исаев.

Қазақстандық қаржыгер, Ұлттық банктің алғашқы төрағасы Ғалым Байназаров қаржы секторындағы барлық интеграциялық процестерді ЕАЭО-тың ортақ валютасын құруға бағытталған қадам деп таниды екен. Қаржы нарығындағы заңнаманы біріктіру туралы келісім бұл процесті барынша жылдамдатады екен.


Ұлттық банктің алғашқы төрағасы Ғалым Байназаров қаржы секторындағы барлық интеграциялық процестерді ЕАЭО-ның ортақ валютасын құруға бағытталған қадам деп таниды екен/ фото nurotan.kz сайтынан

Ұлттық банктің алғашқы төрағасы Ғалым Байназаров қаржы секторындағы барлық интеграциялық процестерді ЕАЭО-ның ортақ валютасын құруға бағытталған қадам деп таниды екен / Фото nurotan.kz сайтынан


– Егер ЕАЭО бірыңғай валютасы туралы сөз қозғасақ, Кеңес уақытында Варшава шарты елдерінің клирингтік рублі жеке бағамға және жеке қамтамасыз етуге ие болды. Қазір ондай жоқ. Біз әр түрлі тараптарға дами отырып, әр түрлі деңгейлерде тұрамыз. Варшава шарты бойынша қашанға дейін еске ала беруге болады? Егер Ресей рублі ЕАЭО-да бұрынғы ТМД елдерінің кеңістігінде басым болады деп болжайтын болсақ, бұл Кеңес Одағының клирингтік рублі болмайды. Мұндай жағдайда біз экономика тұрғысынан өзіміздің экономикалық егемендігіміздің қандай да бір бөлігімен қоштасуға тиіспіз, – дейді Ғалым Байназаров.

ЕАЭО валютасы туралы формула "ия" немесе "жоқ" деген пікірмен айшықталады

"Жоқ" формуласын жақтайтындар ең алдымен бұл жобаны ресми Мәскеудің мүддесі деп таниды. ЕАЭО шеңберінде ортақ валюта қабылданған күннің өзінде ол Ресей мен оған мүше мемлекеттер арасындағы төлем құралы міндетімен ғана шектеліп қалады. Себебі РФ экономикасын Арменияныкімен, Қырғызстанның экономикасын Қазақстандыкімен салыстыруға болмайды. Мұндай жағдайда кіші мемлекеттердің алпауыт мемлекеттерге деген тәуелділігі арта түседі.

Саясаттанушы Расул Жұмалы бізге ЕАЭО шеңберінде ортақ валюта алдымен РФ экономикасына жұмыс істейді дегенді айтты. Ресейдің одаққа мүше елдерге бағытталған импорты жылдан-жылға артып келеді.

– Қазір ЕАЭО-ның ортақ атауы туралы пікірлер көп: Оның атауы маңыды емес. Одаққа мүше елдер ішкі қажеттіліктерінің тең жартысын өздері өндіріп, импорт алмастыру мәселесін шешулері керек. Мәселенің түйіні – осы, – дейді Расул Жұмалы.

Қолдайтындар ортақ валюта дедолларизация процесін жеделдетеді деп үміттенеді. Себебі тек Қазақстан, Ресей емес, Қытай, Үндістан, Бразилия, Түркияда да доллардың құрсауынан құтылуға асығып отыр. Тіпті Еуроодақтың жетекшісі Жан Клод Юнкер 2018 жылдың қыркүйек айының бас кезінде доллар үстемдігін тоқтатуға шақырды. "Еуропалық компаниялардың өзі еуропалық ұшақтарды еуроға емес, долларға сатып алады" – деді ол журналистермен кездескен кезде.

Биыл ЕАЭО елдерінің қаржы нарығының мылтықсыз майданды бастан өткеретіні наурыз айында белгілі болып қалған еді.

Жылды жайлы қарсы алған теңге мамыр айынан бастап құбылмалықты бастан кешті. Ұлттық банк болса "теңге дәлізінде 1 АҚШ доллары 360 теңгеден аспаса алаңдауға негіз жоқ" деп, жұртты сабырға шақырумен болды. Қыркүйектің басында 1 АҚШ доллар 383 теңгеден асып кеткенде де, жұртты тыныштандырудан танбады.

Қыркүйектің 16 күні Ұлттық банк Ереван келісімі алдында айналымнан 265 млрд теңгені қайтарып алғанын айтты. Бір қызығы, мұндай жағдай Ресейде де, оның соңынан Қырғызстанда қайталанды.

Ресейдегі санкция талай жылдан бері сыр бермей келе жатқан қырғыз сомын да сүріндірді. Өткен аптада қырғызстандық ақпарат құралдары елдің бас банк сомды интервенциялауға 8 млн АҚШ долларын жұмсағанын ресми түрде хабарлады.

Ресей жағы ортақ валюта тақырыбына әр қырынан келе бастады

2018 жылы мамыр айында Петербургте өткен халықаралық форум кезінде РФ Президенті Владимир Путиннің кеңесшісі Сергей Глазьев ЕАЭО кеңістігінде цифрлы ақшаны қолдануға енгізу туралы пікірін тосыннан айтқанын ұмытқан жоқпыз. Кеңесшінің пайымдауынша, төлем құралының мұндай түрі ірі инвест жобаларды көптеп қаржыландыруға мүмкіндік береді. Себебі экономиканы цифрландыру ЕАЭО елдерінің бәрінде басталды. Ортақ валюта нарығы экономиканы цифрландыруды жылдамдатудың басты факторына айналады. Ендігі жерде қарсылық танытудың өзі артық екен.


РФ президенті Владимир Путиннің кеңесшісі Сергей Глазьев ЕАЭО кеңістігінде цифрлы ақшаны қолдануға енгізу туралы тосындау пікір айтты/ Фото news.pn сайтынан

В.Путиннің кеңесшісі Сергей Глазьев ЕАЭО кеңістігінде цифрлы ақшаны қолдануға енгізу туралы өзгеше пікір айтты / Фото news.pn сайтынан


"Біз жақын арада одақ мемлекеттерінің ең болмағанда біреуі ұлттық сандық валюта жобасымен шығады деп есептейміз, ол нөмірі бар электронды, қолма-қол ақшасыз және қолма-қол ақшаның мүмкіндіктерін біріктіреді", – деп атап өтті ол.

Спикердің айтуынша, ақша нарығында сандық технологияларды қолдану – әзірге роботизация немесе интернет-желілер мен дата-орталықтарды қалыптастырумен салыстырғанда капиталды қажетсінетін бағыт емес.

"Мұнда біз алғашқы қадамдар жасаймыз, және бұл қадамдар жеке негізде ақша айналымы жүйесінде сандық сегментті қалыптастыратын крипто-валюта эмиссиясы түрінде жеке бизнесті жасайды. Дегенмен, бұл сандық технологияларды ақша айналымы жүйесінде өңдеу жүріп жатыр", – деп атап өтті Глазьев.

2018 жылы мамыр айында Петербургте өткен халықаралық форум кезінде РФ Президентінің кеңесшісі Сергей Глазьев ЕАЭО кеңістігінде цифрлы ақшаны қолдануға енгізу туралы пікір тосыннан айтқанын ұмытқан жоқпыз.

Еуро Одақ валютасының тарихын бізбен салыстыруға болмайды

РФ сарапшылары ортақ валюта туралы мәселе көтерілсе, Еуро Одақ тарихын алға тартады. Еуро Одақтың үлгісі біз үшін орынсыз.

Олардың инфляцияға ұшырамайтын басқа тарихы бар. Валюта бағамы бастапқыда тұрақты болды. Бізде не болды? 2017 жылы орташа жылдық бағам $1 үшін 326 теңге болды. Және бүгінгі мәліметтерді қараңыз: 2018 жылдың қыркүйек айында 1 АҚШ доллары 370-380 теңгеге сатылды.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов ЕАЭО-ға қатысушы елдердің бірыңғай қаржы нарығына нақты біріктіру мүмкіндігіне күмәнмен қарайды екен. Оның пайымдауынша, бұл мәселе ЕАЭО құру кезінде қол қойылған шарт аясында жүріп жатыр.

– Егер ортақ нарықты қалыптастырса, онда заңнаманы стандарттап, қаржы институттары бойынша нормативтік талаптарды теңестіру қажет. Ал олар көп. Сондықтан, процестің басталғандығы өте өзекті, бізде осы нарықты реттеу жөніндегі Бірыңғай орган құрылуы тиіс Бұл процесс өте күрделі. Сондықтан ол ұлттық валюталардың, тұтастай алғанда – қаржы нарықтарын реттеу мәселелерімен және тұрақтылығымен тығыз байланысты. Ал ол осы нарық субъектілерінің жұмыс істеуімен емес, іргелі заттармен байланысты көптеген процестерге тіреледі. Ұлттық валюта нарықтарының тұрақтылығымен және макроэкономикалық саясатымен байланысты. Өйткені пруденциялық реттеу және ақша-несие саясаты-экономикалық өсудің және жалпы экономикалық саясаттың өте маңызды факторы, – дейді Вячеслав Додонов.

Кедергі – экономикалық дамудың әртүрлілігі емес

Вячеслав Додонов ЕАЭО мүшелері Армения мен Ресейдің немесе Қазақстан мен Қырғызстанның экономикасы мен қаржы нарығын бір-бірімен салыстыруға болмайтынын айтады. Кішкентай елдерде "алпауыт елдердің қысымына төтеп бере алмаймыз" деген қауіп бар. Бұл қауіп кеше де болған, ертең де жалғасады.

– Ортақ қаржы нарығын құруждғы басты кедергі – осы. Ал қаржы нарығындағы заңдарды біріктіру туралы шешімді БАҚ-та жариялау үшін немесе мемлекет басшыларына есеп беру үшін керек. Бірақ ортақ қаржы нарығы қалыптасады деп ойламаймын. Себебі бұл ұсынысты ұсынған мемлекеттердің жеке мүддесі бар, – дейді Вячеслав Додонов бізбен әңгімесінде.

Вячеслав Додоновтың пайымдауынша мұның бәрі екі жақты келіссөздерде емес, көп жақты келіссөздерде шешіледі.Көп жақты келіссөздерге қол жеткізсек, оның қорытындысы ЕАЭО құрамындағы кішігірім мемлекеттерді ресейлік қаржы институттарымен бәсекеде қорғауы мүмкін.

Біздің мүддеміз қалтарыста қалмай ма?

ЕАЭО шарттарына қол қойған күннен бастап қоғам биліктен осы сауалға жауап күтіп келеді. Сарапшылар жауаптың енді айқындала бастағанын айтады. Бірақ нақты нәтиженің көңілден шықпағанын көріп отырмыз

– Тұтынушылар үшін заңдарды біріздендіру пайдалы. Ал қаржы секторы үшін тәуекелі жоғары. Себебі қаржы нарығында бәсекелестердің қатары көбейеді. Қазақстаннан өзге 4 мемлекеттің қаржы нарығының лоббиі барлық мүмкіндігі мен белсенділігімен көзге түсуге тырысады. Мұндай жағдайда ортақ валюта туралы мәселені көтерудің өзі мүмкін емес. Ол түсінікті, – дейді Вячеслав Додонов.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары