Екінші қараша күні Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Денсаулық сақтау министріне сауал жолдап, тұрғындар тарапынан шағымдардың жиілеп кеткенін айтқан болатын.
– Қалқанша безі ауыратын адамдарға "Трийодтиронин" берілетін еді. Қазір көбі синтетикалық препараттар, – деген Маггерамов.
– Талма ауруымен ауыратын балаларға берілетін дәрі бауыр мен өкпенің асқынуына әкеп соғады. Бұрын жедел жәрдем шақырғанда қан қысымын төмендету үшін сульфат пен магнийі бар "Магнезия" беретін, ал қазір оның орнына "Энап" ұсынылады. Ал оның кейбір адамдардың денсаулығына кері әсері бар екені белгілі. "Ламиктал" препараты тапшы болғандықтан, халық қымбат дәрілерді сатып алуға мәжбүр, – деп, осының барлығы "СК-Фармация" саласындағы сыбайлас-жемқорлықтың салдары екеніне тоқталды.
Жемқорлық жаулаған осы саланың қазіргі жағдайы қалай?
Дәрілердің барлығы мемлекеттік тіркеуден өтуі керек
Әуелі дәрінің сапасы қалай анықталады, соған тоқталайық. Әлем бойынша дәріні өндірер кезде қалыптасқан нақты ереже бар. Препарат GXP стандарттары арқылы әзірленеді. Тұтынушыға дайын өнім жеткенге дейін біршама тексерістен өтеді:
GLP - тиісті зертханалық практика;
GСP - тиісті клиникалық практика;
GMP - тиісті өндірістік практика;
GDP - тиісті дистрибьюторлық практика;
GPP - тиісті дәріханалық практика.
Осындай фармацевтикалық талаптардан өткеннен кейін ғана дәрілер тұтынушыға жетеді. Көтерме және бөлшек саудада дәріні таратқанда халықаралық стандарттар дегеніміз осы. Сондықтан дәріміздің мемлекеттік тіркеуі, қауіпсіздігі мен сапасы туралы сертификаты бар ма, соған мән беруіміз тиіс.
"Генериктің сапасы түпнұсқа дәрімен бірдей"
Дәрілер бірегей препарат және генерик (препараттың көшірмесі) болып бөлінеді. Генериктің бағасы дәрінің түпнұсқасына қарағанда арзанырақ келеді.
"Магнезия" мен "Энап" – екі түрлі дәрі. Жалпы қандай да бір дәрілердің тізіміге енген, енбегені 2018 жылға арналған тендер болғаннан кейін ғана белгілі болады" дейді бізге берген жауап хатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Төрайымы Людмила Бюрабекова.
"Генерикті дәрінің түпнұсқасын жасаған өндіруші кәсіпорындар шығарады. Айырмашылығы – саудалық атауы мен бағасында ғана. Сапа, қауіпсіздік, тиімділік көрсеткіштері бойынша түпнұсқадағы дәрімен бірдей дәрілік препарат. Генерикті таңдағанда жан-жақты зерттеліп, жоғары деңгейдегі талаптарға сай болғанын қарастырғаннан кейін қолданысқа жіберіледі", – дейді ол.
Демек, Фармация комитетінің мәлімдемесіне сенсек, генериктің адам денсаулығына еш зияны жоқ.
Өндіруші компанияларға қойылатын талаптар қатаяды
Елімізде фармацевтика саласы дамыған елдердің дәрі өндірісінен артта қалып қойған. Дәріні жоғары деңгейде өндіру былай тұрсын, халықаралық стандарттарға сай келмейді. 2015 жылдан бері Еуроодақ және ЕАЭО талаптарына байланысты жоғарыда көрсетілген стандарттардың маңызын арттыру жұмысы жүргізілді. Бірақ, шатқаяқтап тұрған тұсы жетерлік.
2018 жылдан бастап өндірістік практика (GMP), тиісті дистрибьюторлық практика (GDP) стандарттарының талаптары қатаң қарастырылады. Яғни, барлық фармацевтикалық қызмет үшін міндетті болады. Денсаулық сақтау министрлігі осыдан кейін дайын өнім сапасын бақылап қана қоймай, сапалы препаратпен қамтамасыз ете алатындығына сендіріп отыр.
– Фармацевтика өндірісінің қалыптасуы ұзақ, күрделі және қымбатқа түсетіндіктен шетелдік кәсіпорындармен иық тірестіре алмай тұр. Бірақ, салыстырмалы түрде қарағанда қысқа мерзім ішінде дәрі өндіру саласы едәуір дамып келеді. 100-ден аса отандық фармацевтикалық өндірушілердің ең ірісі алты ғана зауыт, – дейді Людмила Бюрабекова.
Отандық өндірушілер дәрі нарығының небәрі 27 пайызын игеріп отыр
Салыстырмалы статистиканы келесі ақпараттан көруге болады. Мысалы, 2017 жылы бюджет қаражаты есебінен ҚР азаматтарына тегін дәрілік зат (ДЗ) пен медициналық мақсаттағы бұйымдар (ММБ) алу 131,7 млрд теңге бөлінді. Отандық дәрі өндірушілер оның тек 27 пайызын ғана игере алды.
Министрліктің берген мәліметінде бәрі де керемет
Бірақ тегін дәрілер жаппай беріліп жатқан жоқ. Дәрі-дәрмек тапшылығы 2016 жылдан бастап болмайтыны жөнінде министрлік кезінде уәде беріп еді. Әлі де шешімін тапқан жоқ.
Бұл саладағы жемқорлықтың үдеп тұрғанына "СК-Фармация" ЖШС басшыларының кезек-кезек ауысып жатқаны дәлел.
Басшылықты ауыстырғанмен мәселе шешілмеді
Жылдың басында, нақтырақ айтсақ, үшінші ақпан күні Елбасы дәрі-дәрмек өндірісіндегі былықтардан хабардарлығын айтып еді.
Дәрі шығаратын фабрика саламыз деп бизнесмендер келгенімен, оларды ішкі нарыққа маңайлатпағандарын, "жер бермейміз, тапсырыс бермейміз" деп кері қайтарып жібергендеріне күйінді. Шетелдік кәсіпорындармен отырған әрбір келісім-шарттың артында белгісіз "Х" біреудің тұрғанын ашық айтты.
"Отандық дәрі өндірісін дамытуды мүлдем ойлап отырған жоқ. Фармацияда отырғандардың бәрін жұмыстан шығар!" деп Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа тапсырма да берді.
Іле-шала "СК-Фармация" ЖШС төрағасы Нұржан Әлібаев қызметінен кетті. Оның орнына келген Максим Касаткин барлығын қатырамыз деп уәде берген болатын.
Бірақ Касаткин де көп ұзамай ұсталды
Қыркүйек айында. Оған жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро 1,8 млрд теңге мемлекет қаржысын жымқырды деп айып тақты.
Максим Касаткин дәрі-дәрмек нарығында тәртіп орнату үшін елді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін "СК-Фармация" компаниясына жыл басында тағайындалған еді.
Қаржы полициясы Касаткинді дәрі тасымалдауды созып, препараттарды қымбат бағаға сатып алатын фармацевтикалық компаниялардың мүддесін қорғаған деп айыптайды.
Енді не болмақ? Жемқорлар жұлмалаған тегін дәрі-дәрмектің ертеңі қандай?
Осы сұрақтарды "СК-Фармация " ЖШС Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Әсемгүл Ержановаға қойған едік.
– Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың тапсырмасы бойынша, 2018 жылы Қазақстан халқын дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу бойынша тендерлік комиссия құрамына өзгерістер енгізілді. Комиссия құрамына ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова, медициналық көмекті ұйымдастыру комитетінің қызметкерлері алғаш рет еніп отыр, – дейді ол.
Сондай-ақ, ҚР ІІМ тыл департаменті медициналық басқармасының өкілдері де еніпті. Ал, бақылаушылар санатына "Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және медициналық техниканы сараптау Ұлттық орталығы" бас директорының бірінші орынбасары Арнұр Нұртаев та бар.
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің қызметкерлерімен сараптамалық комиссия құрамына кірген. Бұл жолы барлығы да әділ болады деген үміт бар.
Жаңа комиссия барлық өтініштермен танысып үлгерді
2018 жылға арналған дәрілер мен медициналық бұйымдарды сатып алу бойынша тендерлік рәсімдер басталып та кетті. Үшінші қарашада берілген хаттамаларды ашу рәсімі өтті.
20 қарашаға дейін тендерлік комиссия өтініштермен танысып, ұсынылған құжаттамаларға ескертулер жасайды, содан кейін оны түзетуге компанияларға мүмкіндік беріледі.
Ал жеңімпаздар аукционға жіберілген барлық компаниялардың бағаны төмендету аукционының нәтижелері бойынша анықталады.
Енді тендер барысын онлайн бақылауға болады
Аукцион төртінші желтоқсанда өтеді. Ашық, онлайн режимде. Бірыңғай дистрибьютер www.sk-pharmacy.kz сайтынан көруге болады.
– Ол жерде хаттамаларды ашу рәсімдерін және аукционды бақылауға болады. Тендерлік комиссияның барлық отырыстарын, өткен шараларды бейнежазбадан қарай аласыздар, – дейді түсініктеме берген Әсемгүл Ержанова. – Қызығушылық танытқан барлық тараптар тендерлік рәсімдерді онлайн тәртіпте көреді. Шешімдердің қалай және не себепті қабылданып жатқандығын қадағалауға мүмкіндік бар. Олардың бейтараптылығына және әділдігіне көз жеткізе алады.
Онлайн көріп отырған адамдар сол сәтте осы сатып алуға қатысты сұрақ қойып, кез келген мәселе бойынша үндеуін сайтқа жазып қалдыруына болады.
Жемқорлыққа жол бермеу үшін бірыңғай дистрибьютордің Facebook ресми аккаунтында тендерлік және сараптамалық комиссия отырыстарының күн сайынғы фотоесебі жарияланып отырады.
Тұрақты түрде тендер өткізіліп жатқан залдағы жағдайдың барлығы бейнетаспаға жазылады. Ол Бірыңғай дистрибьютордың мұрағатында сақталады.
Жалпы 82,4 млд теңгенің дәрі-дәрмегі сатып алынады
484 препарат бойынша тендерде жарияланған 40 компанияның ұсынысын тендерлік комиссия қарайды. Бұл – вакциналар, туберкулезге, қант диабетіне, вирусты гепатитке, онкологияға, тегін медициналық көмекке кепілдік берілген әлеуметтік маңызы бар басқа да ауруларға қарсы препараттар.
– 2018 жылдан бастап науқастар мемлекет есебінен берілетін тегін дәрілермен толықтай қамтамасыз етілетін болады, – деп сендіреді Әсемгүл Ержанова.
Рецептпен тегін берілетін дәрілік заттардың бағасын сайттан білуге болады
– Дәрі-дәрмек бағасын реттеу кезең-кезең бойынша жүргізіледі. Заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес өндірушілерге қатаң талап қойылған, – дейді Людмила Бюробекова.
Министрліктің мәліметіне сүйенер болсақ:
1. Өндіруші кәсіпорындар бағаны өздері тіркейтін болады. Препараттың Франко-зауытындағы бағасын көрсетеді.
2. 15 референттік елдерімен салыстырмалы талдауды берулері керек. Бұл дәрі-дәрмек құны басқа нарықтағы топтың орташа бағасынан асып кетпеуі керек деген сөз.
3. ҚР әкелгенге дейінгі барлық жұмсалған шығыстарын ескереді. Мысалы, логистика, сақтандыру, кедендік ресімдеу, қауіпсіздік пен сапасын бағалау. Осыдан кейін тіркелген бағаның жобасын ұсынады.
Содан кейін ғана министрлік көтерме дистрибьютор мен "СК-Фармация" ЖШС шектік және бөлшектік бағаны анықтайды. Олардың шегі халықаралық тәжірибе негізінде әзірленген регрессивті шкала негізінде белгіленеді.
2018 жылдың қазанынан бастап министрліктің және сараптама ұйымының сайтында рецептпен берілетін дәрілік заттардың бағасы жарияланатын болады. Енді дәрігер жазып берген дәрінің бағасын үйде отырып-ақ көре аласыз. Дәріханаларда қандай бағаға сатылып жатқанын білетін боласыз.
Ал, 2023 жылдан бастап барлық дәрілік заттардың құнын тексеруге мүмкіндік болады.
Енді дәрі сапасын арнайы маркер – таңба арқылы білуге болады
Шетелде әрбір дәрінің қорапшасына 1D Linear Barcode, 2D Stacked Barcode, 2D DataMatrix т.б. кодтарды тіркейді. Бұл жүйені біздің елімізде толыққанды енгізу үшін, қазіргі таңда заңға өзгерістер дайындалып жатқанын Людмила Бюробекова айта кетті.
Сонда әрбір медициналық өнімнің сыртында арнай маркер – сәйкестік таңбасы болады. Сол арқылы дәрінің сапасын кез-келген тұтынушы ұялы телефон арқылы да анықтай алады.
– ЕЭО аясында әрбір ел дәріні қатаң бақылап отыруға міндетті болу керектігі талқыланып жатыр, – дейді Людмила Бюробекова.
Жеңілдікпен берілетін рецептердің жарамды уақыты үш айға ұзартылуы мүмкін
– Қазір олар бір-ақ ай ішінде жарамды. Енді тегін рецептерді 3 ай жарамды болатын қылып өзгертулер енгізіп жатырмыз, – дейді Людмила Бюробекова.
Жалпы Заң бойынша асқынған ауруы барлар медициналық мекемеге диспансерлік есепке тұрған соң, тегін дәрі берілуі тиісті. Аурудың және тегін дәрілік заттардың тізімі бұйрықта бекітілген. Ал, мемлекет тарапынан бөлінетін тегін дәрі беретін дәріханалардың мекенжайларын мына сілтемеге өту арқылы білуге болады.
Халықты қолжетiмдi дәрiлермен қамтамасыз ету үшін
Министрлік қазір мынадай басты мақсат қойып отыр:
Біріншіден, түпнұсқадағы дәрілік заттарға патент мерзімі аяқталғанда генериктер өндіру;
Екіншіден, ұзақ мерзімді шарт жасау арқылы 10 жылға дейін отандық өндірістегі дәрілік затты өткізу кепілдігі;
Үшіншіден, импорттық дәрілік зат бағаларының жоғарылығына байланысты генериктер мен отандық генериктер тұтынуды молайту;
Төртіншіден, технологияларды сатып алу (трансферт) арқылы заманауи препараттар өндірісін реттеу;
Бесіншіден, шетелдік компаниялармен келісім-шарттық өндірісті ұйымдастыру.