Тікелей эфир

Депутат жекешелендірілген нысандардың сапасын бақылауды ұсынды

Сурет parlam.kz сайтынан алынды
Сурет parlam.kz сайтынан алынды
Депутаттардың пікірінше, жеке меншікке сатылған әлеуметтік нысандарда қызметтің сапасын арттырып, бағасын арзандату керек.

Мәжілістің жалпы отырысында палата спикері Нұрлан Нығматулин барша депутаттық корпус атынан Арыстағы апаттан зардап шеккендерге көңіл айтып, жағдайдың жақсаруына тілектестік білдірді.

– Баршаңызға белгілі, осы күндері бүкіл қазақстандықтар бір ел, бір халық болып, Арыс қаласы тұрғындарына қолдан келген көмекті көрсетіп жатыр. Соның ішінде, Мәжіліс депутаттары да бірінші күннен бастап осы оқиғадан тысқары қалған жоқ. Депутаттар өздерінің бір күндік жалақысын арнайы көмек көрсету қорына аударды, – деді палата Спикері.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы кешеден бастап бір топ депутаттардың халықпен кездесу үшін Арыс қаласына жол жүріп кеткенін айтты.

– Баршамыздың ниетіміз осы – Арыс қаласының тезірек қалпына келіп, тұрғындар жағдайының тезірек жақсаруы, – деді Нығматулин.

Қазақстан – Ресей шекарасын кесіп өту жеңілдейді

Мәжілістің бүгінгі отырысында ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы "2006 жылғы 3 қазандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы Қазақстанның және Ресей шекара маңы тұрғындарының Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу хаттамасын ратификациялау туралы" заң жобасы мақұлданды. Бұл хаттама келісімнің 3-қосымшасында көрсетілген Шекара маңында тұратын Қазақстан мен Ресей азаматтарының шекараны кесіп өтуі үшін жарамды құжаттар тізбесіне өзгерістер енгізіліп отыр.

Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан – Ресей шекарасында 51 өткізу бекеті бар. Олардың 30-ы автокөлік, 20-сы теміржол және тағы біреуі өзен арқылы өтеді. Сонымен бірге, шекара маңындағы тұрғындарға арналған 86 өткізу бекеті жұмыс жасайды.

– Қазақстанның ішкі заңнамасында азаматтарды тіркеу кітабының күшін жоюына және мекенжай анықтамасының енгізуіне орай аталған келісімге тиісті өзгерістер енгізу қажеттігі туындады. Бұл өзгерістер 2018 жылы 9 қарашада Петропавлда 15-ші Өңіраралық ынтымақтастық форумында қол қойылған хаттамамен енгізілді.

Қазіргі уақытта ауылдық аумақтардың барлық әкімдіктерерінде интернет желісін қолдану арқылы мекенжай куәлігін беретін мүмкіндігі бар. Осыған байланысты бұл хаттаманы қабылдау Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасының маңында тұратын Қазақстан азаматтарының өту үдерісін жеңілдетуге және тәртіпке келтіруге мүмкіндік береді, – деді министр Атамқұлов.

Оның айтуынша, РФ сыртқы істер министрлігінің 2019 жылы 12 сәуірде жолдаған нотасында РФ тарапы хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдер аяқталғанын хабарланған.

Шекара маңындағы ауылдарға мобильді ХҚКО барады

Мәжіліс депутаты Ольга Шишигина Ішкі істер министрлігі мен "Азаматтарға арналған үкімет" МК өкілдеріне шекара маңындағы көші-қон мәселесі туралы сауал жолдады.

– Жоғарыда аталған хаттама бойынша азаматтарды тіркеу кітабының орнына мекенжай анықтамасы енгізіледі. Ал анықтама тек ХҚКО мен интернет арқылы ғана алынады. Шекара маңында шалғай ауылдарда интернет те, ХҚКО да жоқ. Енді осы ауылдардағы халық мекенжай анықтамасын қалай алады? – деді депутат Шишигина.

Сауалға жауап берген "Азаматтарға арналған үкімет" МК басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, Ресеймен шекаралас 7 облыстың ішінде 3 аймақта ХҚКО бар. Қалған жерлер бойынша арнайы кесте жасалып, қазір әкімдіктермен келісіліп жатыр. Кестеге сай, ХҚКО жоқ шалғай ауылдарға айына екі рет мобильді ХҚКО барады, кейін мұқтаждық артып жатса, мұны көбейту жоспарда бар.

Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, шекара маңындағы елді мекендердің барлығында кеңжолақты интернет бар.

Айта кетерлігі, Үкімет басшысының арнайы қаулысы шығып, биыл осындай 385 ауылға кеңжолақты интернет тарту жоспарланған.

Сонымен қатар, егер интернет және ХҚКО бойынша қиындықтар туындап жатса, ауылдық әкімдіктер әлгі мекенжай анықтамасын шығарып бере алатындай ету жоспарланып отырған көрінеді.

Жекешелендірудің сапасын бақылау керек

Сонымен қатар, жалпы отырыста Қазақстанның Коммунистік партиясы атынан Парламент Мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыров мемлекеттік нысандарды жекешелендіру мәселесіне байланысты Үкіметке депутаттық сауалын жолдады.

– Қазіргі таңда бұл сала толықтай мемлекеттен ажыратылған. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде әлеуметтік нысандар басым. Соның ішінде олардың арасында студенттер жатақханасы құрылысында 300% тиімділік болады деп күтілген. Жекешелендіру механизмдері арқылы жеке инвесторлар тартылуда. Жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша жекенің қолына берілген нысан саны 500-ге жуықтап қалды, – деді депутат.

Оның айтуынша, қазіргі таңда ауруханалар, реабилитация-сауықтыру кешендері, диагностикалық орталықтар, диспансерлер, санаторийлер, спорт клубтары, музыка және бейнелеу мектептері, спорт сарайлары, оқушылар үйлері жекешелендірілген. Оған қоса республикалық меншікте болған кейбір медициналық, білім беру және ғылыми мекемелер де жекенің қолына өткен. Дегенмен, нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай емес.

– Аталған нысандарды жекешелендіру бюджетке айтарлықтай кіріс кіргізбеді. Тиісінше, басты нәтиже – қызмет ақысының төмендеуі, қызмет түрлерінің көбеюі, қызметтің сапасының артуы керек еді. Бірақ, бұл сапа көрсеткіштерін кім бағалап жатыр? Жекешелендіруден кейінгі бақылау қызметі түрі мен жұмыс орнын сақтау секілді ресми көрсеткіштерге ғана қарайды, – деді Қоңыров.

Депутаттың айтуынша, әлеуметтік нысандарды жекешелендірудің сапасын анықтайтын кез келді. Депутат осы орайда бақылау жұмыстарына бұқараны тартуды ұсына келіп, осы мақсатта электронды анкеталау мен кері байланыс қосу керектігін айтты.

Депутаттар каникулға кеш шығады

Депутат Василий Олейник биыл әріптестерінің каникулға кеш шығатынын ескертті.

– Біз сессияны 10 шілдеге дейін жалғастырмақпыз. Талқылауды қажет ететін заң жобалары бар және оларды мақұлдау керек. Мысалы, мемлекеттік қызметтер туралы заң жобасы бар. Бұл құжат азаматтарға қажет. Мемлекеттік қызметтерді дер кезінде алу үшін тиісті жеңілдік шаралары енгізілмек. Сонымен қатар, біздің депутаттардың бастамасымен қолға алынған өзге де заң жобалары бар, – деген депутат осылай оны алдағы уақытта атқаратын жұмыстардың көптігімен түсіндірді.

Ал депутаттардың сайлаушылармен кездесуге өңірлерге баратын сапарлары 10 шілдеден кейінге жоспарланғанын екен.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары