Сенат пен Мәжіліс депутаттарының басым бөлігі Елордада емес. Сондықтан, телефон арқылы хабарласқанымызда (көп депутаттың ұялы телефоны сөніп тұрды – авт.), бірі жол жүріп бара жатқанын айтса, кей депутат "каникулдамын, неге мазалайсыз?" деп дүрсе қоя берді.
Сонымен, "халық қалаулыларынан" қайда демалғандарын, Қазақстанның аймақтарынан қандай проблема көріп, жаңа сессияда қандай сұрақтар көтеретінін білуге тырыстық.
Қазақстан депутаттары 45 күннен кем демалып көрмеген
Заңнамаға сәйкес, заң шығарушы органның демалысы шілденің бірінен басталып, тамыздың соңына дейін жалғасады. Басқы төрт шақырылымдағы және соңғы бір шақырылымның депутаттары солай демалып келеді. Тек, осыдан екі жыл бұрын V шақырылымдағы депутаттар бұл дәстүрді бұзған болатын.
2014 жылдың 2 қыркүйегінде сол V шақырылымдағы парламенттің төртінші сессиясын ашып берген Президент Нұрсұлтан Назарбаев депутаттардың каникулын қысқарту керек деген еді.
"21 ғасырдағы қауіп-қатерлер мемлекеттік биліктегі бүкіл институттардың өзара тығыз жұмыс істеуін талап етеді. Мен де, Үкімет те, Президент әкімшілігі де, атқарушы органдардың барлығы күнде қарқынды жұмыс істейміз", – деген еді Президент.
Мемлекет басшысының 2014 жылдың қыркүйегінде айтқан "каникулдарыңызды қысқартсаңыздар"деген өтінішінен кейін депутаттар 2015 жылдың маусымында, қос палатаның бірлескен отырысында V шақырылымдағы төртінші сессия жұмысын 15 шілдеге дейін ұзартқан болатын.
Ал биыл, алтыншы шақырылымдағы Парламент 30 маусымда каникулға тарасып, шілденің бірінен бастап өңірлерді аралауға кетті.
"Менің демалғаным кімге қызық?"
Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов "қалай, қайда?" демалдыңыз деген сұрағымызға сұрақпен жауап қатты. "Демалыс маған қажет, басқа біреуге еш қызығы жоқ шығар?"
"Қазақстанда демалдым. Бала-шағамның, немерелерімнің арасында елде демалдым. Шекара асып, ешқайда барған жоқпын. Жылда қол тие бермейді, үлкен адам болған соң, араласатын ағайын-туыс, құда-жекжат бар. Сол кісілермен амандасып, арқа-жарқа болдық. Менің қайда демалғаным кімге қызық? Бұл (демалыс – авт.) маған қажет нәрсе. Басқа біреу үшін ешқандай қызығы жоқ".
Қуаныш Сұлтанов демалып қана қоймай, Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі мәдени шараларға қатысып жүр. Мысалы, біз хабарласқан күні депутат Қарағанды облысында сапарда болды.
"Қазір жолдамын. Қарағанды облысының бұрынғы Егіндібұлақ, қазіргі Қарқаралы ауданында қаз дауысты Қазыбек бабамыздың 350 жылдығы тойланып жатыр. Соған арналған салтанатты жиынға қатыстым. Салтанатты шарада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының құттықтау сөзін жеткізді. Қазақстанның өңір-өңірінен лауазымды азаматтар, өнер адамдары, өзімнің әріптестерім келіп, той көрді. Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығында Президенттің рухани жаңғыру, халық санасын, сапасын жақсартудағы осындай шаралардың маңызы, Қазыбек бабамыздың асыл мұрасы туралы келелі әңгімелер қозғадық", – дейді депутат.
"Кешіріңіз, каникулдамын..."
Ал, Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутат Сауытбек Әбдірахманов сұрағымызды тыңдамай жатып, сөйлесе алмайтынын айтты. "Мені мазаламаңыз, каникулдамын. Астанада емеспін", – деп қысқа қайырды.
"Демалғанды кім жек көрсін..."
2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы, қазір төменгі палатада отырған Ольга Шишигина да бүкіл каникулын Қазақстанда өткізген. Бірақ, еліміздегі туристік нысандардың қызмет көрсету сапасы депутаттың көңілінен шықпаған. Шишигина тіпті бұл мәселені қалай шешуге болатынын баяндап берді.
"Демалғанды кім жек көрсін... Өзім Қазақстанда демалдым. Биыл Қазақстанның қай өңірінде де күн өте ыстық болды ғой, суға түсіп, жақсы демалатын мүмкіндік туды. Бірақ демалған жерімнің барлығында сервистің ақсап тұрғанын байқадым. Отандық туризмді дамытамыз десек, қызмет көрсету сапасын жақсарту керек. Парламент қабырғасында да көтеретін мәселе. Бұрын, кеңес заманында туризм саласындағы қызмет түрлерін жан-жақты оқытатын мектептер болған. Кейін, ондай мектептердің барлығы жабылды. Міне, сол мектептерді қайта жаңғырту керек".
Ольга Шишигина да өзге әріптестері сияқты жазда өңірлерді аралады. Жұмысқа кіріскен соң ауыл шаруашылығын дамытуға арналған несиелердің тағдырын анықтауға кіріспек.
"Өңірлерді араладық, аймақ-аймақта қандай проблема барын білдік. Проблема жоқ емес, бар. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласы, соның ішінде, осы бағытты дамытуға арналған несиелердің мәселесі қиындап тұр екен. Жұмысқа кіріскен соң, ауыл шаруашылығына несие беру талаптары мен шарттарын мәжіліс деңгейінде қараймыз", – дейді Шишигина.
Қызылорда, Алматы және EXPO-2017
Ал, Қазақстандағы ең жас депутат Геннадий Шиповскихтің шетелге шығып, курортта жататындай уақыты болмапты. Екі ай каникулда депутат EXPO-2017 көрмесінде болып, өзінің туған жері Қызылорда облысын, Алматы қаласы аралап шыққан.
"Демалысым осы Қазақстанда өтті. Бүкіл демалысымды Қызылорда облысында өткіздім деуге болады. Арасында бір аптаға ағайын-бауырларымды көрейін деп, Алматыға барып қайттым. Шетелге шығатындай, курортқа баратындай уақыт болмады", – дейді Геннадий.
Депутат Астанада өтіп жатқан EXPO-2017 көрмесіне бір емес, бірнеше рет барған.
"Әрине, EXPO-2017 көрмесі– еліміздегі ең ірі мегажоба. Көрмеге Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемнің өзі көз тігіп отыр.Қазақстанды бұрын білмеген, көрмеген туристер көрмеге келіп жатыр. Бұның өзі бір жетістік.
Екіншіден, мен көрменің ашылуында да болдым, артынан бірнеше рет барып, асықпай араладым. Ашылуы керемет өтті. Шынымды айтсам, EXPO көрмесіне бір рет қана бару аздық етеді. Бірінші рет көргенде ерекше бір сезімде боласың, сол сезімді басыңнан қайта өткергің келеді екен. Маған АҚШ, Қытай және Қазақстанның павильоны қатты ұнады. Оқырмандарымызға айтарым, бармай қалғандарыңыз болса, жіберіп алмаңыздар, көріңіздер", – дейді ол.
"57 градус ыстықта жер қазған диқандарды көрдім"
Депутат Бақытбек Смағұл болса, әріптестері Бақытгүл Хаменова және Наталья Жұмаділдаевамен бірге Қызылорда облысын аралаған екен. Шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан, үш депутат облыстағы біраз аудандарды аралап, өңірдің дамуына жақсы баға беріп келіпті.
"Шілденің басынан бастап, 10 күн бойы Қызылорда өңірін, Арал, Сырдария аудандары мен Байқоңыр қалаларына сапарлаттық. Біраз мәселелерді, өңірдің өте жақсы дамып жатқанын өз көзімізбен көрдік. Бұл аймақта негізі көп мәселе мемлекеттік деңгейде шешіледі ғой. Әлеуметтік желіде де талқыланып жатқан Байқоңыр оқушыларының Ресей бағдарламасымен емес, Қазақстанның бағдарламасы бойынша оқуы да мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе", – дейді депутат.
Оның айтуынша, Байқоңыр қаласында су жаңа емхана ашылған. "Сол жақта тұрып жатқан халықтың бәрі Қазақстан азаматтары ғой. Міне, соларға арнап емхана ашылды. Оқу орындарының, емханалардың, мектептердің ақырындап болса да,қазақшаланып жатқаны қуантады", – дейді Бақытбек Смағұл.
Депутатты өңір халқы тәнті еткен. Өйткені, ауа райының қолайсыздығына, зиянкес заттардың құлап, төгіліп жатқанына қарамастан халық ешкімнен ештеңе сұрамай, ертелік-кеш еңбек етеді екен дейді. Тіпті, 57 градус ыстықта да.
"Шілденің басында бардық. Күн 49, 52, 57 градусқа дейін ысыды. Солай екен деп диқандар, күріш еккендер жұмысын тоқтатқан жоқ".
Өңірдің тыныс-тіршілігін баяндаған депутаттан қайда демалғанын сұрадық. Бақытбек Смағұл да шетелге шықпай, арқа өңірінде бес-алты күн тынығыпты.
"Өте әдемі жерлерімізді өзіміз көзбен көргенде ғана кем тұсын, немесе ерекшелігін анық көре аламыз. Әрине, шетелге барып демалып жатқандарға қарсы емеспіз ғой. Дегенмен, халық қалаулылары Қазақстанның демалыс орындарына барып, шетелге қоятын талапты осы жерге қойсақ, отандық туризм көркейе түседі. Өзім Бурабайға барып, бес-алты күн демалдым. Өкінішке қарай, сырқаттанып қалып, ауруханаға түстім", – дейді депутат.
Жолының жыры бітпеген аймақ халқы жақсылықтан үмітті
Ал, депутат Меруерт Қазбекова жазда Павлодар облысына сапарға шыққан. Аудан-ауданды, ауыл-ауылды аралап, халықтың жағдайымен танысқан Меруерт Айтқажықызының айтуынша, бұл аймақтың басты проблемасы – бес жылдан бері құрылысы аяқталмай келе жатқан трасса.
"Жазда мен Павлодар облысын, Лябяженский ауданы мен Шарбақты ауылын араладым. Бірнеше ауданға, ауылға барып, еңбек ұжымдарымен, қарапайым халықпен кездестім. Өңір әрине қарқынды дамып жатыр. Индустрия да, шағын және орта кәсіп те. Өңірдің дамуын тежеп тұрған мәселе – Астана-Павлодар бағытындағы трассаның құрылысы екен. Халықтың ең көп айтқан, ең көп сұраған бұйымтайы – жолдың құрылысы тезірек бітсе екен дейді.
Расымен, бес жыл өте ұзақ уақыт. Сондықтан, осы жолдың құрылысын барынша тез және толық аяқтау үшін тиісті министрлікке сауал жолдайын деп келдім. Өйткені, шағын кәсібін дамытып, еңбек етіп жатқан елге жол салып бермесек, обал", – дейді Меруерт Қазбекова.
"Ақ жол" фракциясының атынан сайланған Меруерт Қазбекова Павлодар облысын мәдениетті жоғары бағалайтын, рухани дамуға ерекше көңіл бөлетін аймақ дейді. Депутат Павлодардағы өлкетану музейлерінің жұмысын ерекше атап, көп мағлұмат алғанын жеткізді.
Өңірлерді аралап келген депутат қазір Оқжетпес өңірінде демалып жатқанын айтты.
"Шетелге шыққан жоқпын. Қазақстанның осындай әдемі табиғаты, адамның жанына да, тәніне де шипа бола алатын жерлері тұрғанда, шет елді қайтеміз. Мен отандық туризмді қолдаймын. Қазір анаммен бірге Оқжетпесте демалып жатырмын", – дейді Меруерт Қазбекова.
Әрине, каникул кезінде телефон соғып, сұрақ астына қалдырғанымыз депутаттардың көбіне ұнамады. Демалысын алдын ала "жоспарлағандары" телефондарын өшіріп тастаған, ал байланыстағы депутаттардың біразы "өзім кейін хабарласамын" деді де, жоқ болды. Біз хабарласа алған депутаттардың арасында тек Геннадий Шиповских қана сөзінде тұрып, тыныш жерге барған соң, қайта қоңырау шалды.