Тікелей эфир

Демографиялық экспансия. Сыртқы және ішкі демографиялық қысымдар

Коллажді informburo.kz жасаған
Коллажді informburo.kz жасаған
Еліміздің ішкі демографиялық мәселелері. Сырттан келер қысым қандай? Буферлік зоналар туралы не айтамыз? Қазақстан ішкі демографиялық мәселені қалай шешіп отыр?

"Қара қытай қаптаса, сары орыс әкеңдей көрінеді" деген сөз неден айтылды?

Қазақ – ұрпақ үшін өмір сүретін ұлт. Еліміздің кең-байтақ жері мен мол байлығына қызыға да қызғана қарайтындар көп. Әркімнің өз отбасын сақтау үшін жанталасатыны секілді әр ел де қорғану, жаулау үшін түрлі амал-айла қолданады. Соның бірі – шегараны бекемдеп, сыртқы демографиялық қысымға төтеп беру.

Қазір әлемдегі халықтың тең жартысы тыныш та бай елдерде өмір сүруді қалайды. Сол үшін көшеді немесе босқын ретінде барып қалып қойғысы келеді.

Демографиялық экспансия қалай жүреді?

Шығыс Оңтүстік Азия елдері қытайланып жатыр. Қытайдың теңіз жағалауындағы құжынаған халқы нәпақаларын табу үшін көрші елдерге біртіндеп ағылған болатын. Олар қоғамдық ұйымдары арқылы бірікті және ұтымды түрде орналаса бастады.

Осылайша экономикасы мықты топ болып қалыптасып, біртіндеп көбейіп, мемлекеттің саясатына араласты. Мәселен, Тайландта (премьер министрі қытай), Малайзияда, Индонезияда, Филиппинде, Вьетнамда халық санының 20-40%-ы. Ал Малайзияда, Сингапурда өлке халқының 80%-нан астамы қытай болды. Малай билігі бұл үрдісті тоқтату үшін Сингапурды күштеп, ел құрамынан шығарып жіберді. Қазір Малайзия, Пәкістан қатарлы елдер осы себепті Қытайдың "Бір жол – бір белдеу" бағдарламасынан бас тартып жатыр.


Әлем елдерінің халық саны салыстырмасы

Әлем елдерінің халық саны салыстырмасы / Сурет wikipedia.org сайтынан алынды


Міне, осылайша инвестицияны арқалаған қуатты ұлттық топ – кез келген елге көшіп барып та ықпал жасай алатынын көрдік.

Оқи отырыңыз: Урбанизация. Қазақстанда қалаға көшу динамикасы қандай?

Қазақстанға қай елдерден демографиялық қысым болуы мүмкін?

Олар: Қытай, Ресей, Өзбекстан, Ауғанстан және Түркия. Оған қосымша алыс болашақта Үндістан мен Пәкістанды қосуға болады.

Мемлекеттік шекараның жалпы ұзақтығы 13 383 шақырым. Шегара сызығы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми мәліметінде төмендегідей жазылған:

Қытай Халық Республикасымен – 1783 шақырым;
Қырғыз Республикасымен – 1257 шақырым;
Өзбекстан Республикасымен – 2351 шақырым;
Түрікменстанмен – 458,3 шақырым;
Ресей Федерациясымен – 7548 шақырым шамасында.

Қазақстан – "Бір белдеу – бір жол" стратегиялық жобасының қақпасы

Жолмен бірге адам да сауда да, өндіріс те, саясат та қызып тұр.

Оның үстіне Қазақстан – Қытай мемлекеттік шекарасының жалпы шегенделген ұзақтығы – 1783 шақырым, оның ішінде құрлықтағысы – 1215,86 км, суда 566,89 км. Шегара сызығы 688 шекаралық белгілермен белгіленген.

Қытаймен "Майқапшағай", "Бақты", "Қорғас", "Достық", "Қалжат", "Мұзарт" қатарлы шегаралық өткізу бекеттері жұмыс істеуде. "Қорғас" еркін сауда аймағы қатарлы шегаралық сауда орындары ашылған. Онда несібе терген адамдар нөпірі барған сайын көбейіп келеді.


Қытайдың "бір жол бір белдеу" жобасының құрылықтың портының қақпасы - қазақстан

Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасы / Сурет Grphic news-ден алынды


Елімізге шетелден келетін қысымды азайтатын буферлік роль атқарып отырған өңірлер бар:

  1. Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесі және онда қоныстанған қазақтар;
  2. Ресейдің Қазақстанмен шегара өңірлеріндегі қазақтар.
  3. Үндістан мен араб-парсы әлемінен келетін қысым жолында Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан бар.

Қытайдан келетін демографиялық қысым күшейіп келеді

Біріншіден, Қытайда тұратын ұйғыр, қазақ, татар, қырғыз, өзбек, моңғол секілді аз санды халықтарға түскен түрлі қысым және оларды қытайландыру саясатының күшеюі. Әсіресе, ішкі өңірінен көшіріліп әкелген қытайлардың санының тез өсуі – Шыңжаң өлкесінің Қазақстан үшін буферлік зона болу рөлін төмендетіп жіберді.

Екіншіден, Қытай "Батысты ашу" саясаты арқылы шегара өңірлерге ондаған қалалар салды және оларды ішкі жақтан келген саудагерлер мен қоныс аударушыларға толтырып жатыр. Осылайша, шегара маңындағы өңірлердегі сауда-экономикалық мүмкіндіктерді солардың қолына өтуі де алаңдарлық жағдай. Сонымен бірге азаматтық алып жатқан қытайлардың көбеюі де – үлкен фактор.


Қытадың Айхуй-тыңчоң сызығының шығысындағы 43% териториясында халықтың 96%-і жасайды

Қытайдың Айхуй-тыңчоң сызығының шығысындағы 43% территориясында халықтың 96%-ы жасайды / Сурет Қытай статистика мекемелерінің мәліметтері негізінде жасалды


Үшіншіден, Қазақстанның Қытаймен шегаралас өңірлердегі ауылдар жабылып, адам саны азайып кетті. Бұл да белгілі дәреже кері әсер беретінін анық. Алайда Үкімет Нарынқол, Жетісай қатарлы шегаралық аудандарды қайта құрып, нақты шараларды қолға алып жатыр.

Шегарадан "чайнатаундардың" бой көтеру қаупі бар

Талғат Жақиянов, әлуметтанушы, сарапшы:

– Қытайдан бізге бағытталған демографиялық қысымды ішкі қысым арқылы шектеу мәселесін де қарастыру керек. Мәселен, біздің шегарадағы аймағымыз урбанизацияның әсерінен босап қалды. Ал, Қытайдың Қазақстанмен шегаралас өңірлеріндегі мегаполис қалалардың саны елуге жеткен. Оған ішкі Қытайдан миллиондаған адамды көшірмекші. Олардың сауда нүктелері біздің және Ресейдің территорияларында пайда болады. Осылайша Қытай буфері – "чайнатаундардың" бой көтеру қаупі бар. Қытай ешбір елге күш көрсетпейді. Экономикалық және демографиялық жолмен экспансиялайды.

Ресей Қытаймен шекаралас аумақтардың жерін "Алтын гектар" бағдарламасы арқылы кәсіпкерлерге тегін беріп, қолдап жатыр және шегаралас аумақтардың инфрақұрылымын дамытуға, жұмыс орындарын ашуға кірісті. Елдің ішкі ресурсын тартып, сыртқы демографиялық қысымға қарсы тұратын ішкі қысымды қалыптастыруға күш салып жатыр.

Бізде оның бірі де жоқ. Арнайы зерттеп отырған институттар да жоқ. Мұндай қысым біздің елге солтүстік көршіміз тарапынан да бар.


Қытайдың Қазақстанмен шегара өңіріндегі халық саны және қазақтардың үлесі

Қытайдың Қазақстанмен шегара өңіріндегі халық саны және қазақтардың үлесі / Суретті informburo.kz жасады


Шыңжаңда – 4 қала, 5 аймақ, 5 облыс бар. Сонымен бірге Қытай Батыс әскери өңір қолбасшылығына қарайтын 9 қала мен ондаған әскери-құрылыс дивизиясы басқаруындағы аумақтар бар. Жалпы 23 әкімшілік аумақтан құралған.

Іле қазақ автономиялы облысы: Іле облысы, Алтай аймағы және Тарбағатай аймағы

  • Іле облысы: 3 қала (Күйтүн, Құлжа, Қорғас), 7 аудан (Құлжа, Қорғас, Көнес, Мұңғұлкүре, Текес, Тоғызтарау, Нылқы), 1 автономиялы аудан (Шапшал Сібе автономиялы ауданы) бар.
  • Алтай аймағы: 1 қала (Алтай), 6 аудан (Буыршын, Көктоғай, Буырылтоғай, Жеменей, Қаба, Шіңгіл) бар.
  • Тарбағатай аймағы: 2 қала (Шәуешек қаласы, Шиху қаласы), 4 аудан (Дөрбілжін, толы, Сауан, Шағантоғай), 1 автономиялы аудан (Қобықсары моңғол автономиялы ауданы).

Талғат мырзаның айтуынша, шегарадағы өңірлерге халықты мәжбүрлеп апаруға болмайды. Қазір шегараға жақын ауылдарды сақтап қалу заңмен бекітілген.

Мәселен, бұрынғы Нарынқол ауданын қалпына келтіріп, Шымкенттің статусын көтеру, Түркістан облысындағы Өзбекстанмен шегара аудандарды бөліп шығарып, дамыту қолға алынды. Алайда Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының шегара аумақтары бос. Қытай болса, "Үлкен Батысты игеру" деген бағдарламасын жүзеге асырып жатыр.


Қытайдың Шыңжаң өлкесінің әкімшілік, саяси, әскери басқару картасы

Қытайдың Шыңжаң өлкесінің әкімшілік, саяси, әскери басқару картасы / Сурет zh.wikipedia.org негізінде жасалды


Сонымен бірге, Қазақстан шегерасына жақын Көкдала, Қосөзен, Алатау, Қорғас қатарлы жаңадан бой көтерген қалаларды атауға болады.

Солтүстіктен төнген демографиялық қауіпті қалай сейілттік

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары солтүстік және орталық облыстарда қазақтардың үлес салмағы өте аз болды. Қазір Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарында мәселе бұрынғыдан өзгерген. Ондағы басты себеп: мемлекет көп мәселені реттей алды.

Мәселен, үлесін көтеру үшін қазақтар жиі қоныстанған Торғай, Семей, Көкшетау, Жезқазған, Талдықорған облыстарын жойып, басқа облыстарға қосты. Осылайша облыстар саны 20-дан 16-ға түсті.


Қазақстанның 1989-2018 жылдардағы қазақтардың халық санындағы үлесінің өзгерісі

Қазақстанның 1989-2018 жылдардағы халық санындағы қазақтардың үлесінің өзгерісі / ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметі негізінде жасалды


Мәселе қалай шешілді?

  • Облыстарды жабу. Бұл халыққа ауыр тиді. Халық жаңа облыс орталықтарына не басқа қалаларға көшуге, жұмыс іздеуге мәжбүр болды. Бірақ, сол арқылы Қостанай, СҚО, Өскемен, Қарағанды облыстарындағы мемлекет құраушы ұлттың үлесі өзгерді. Тіптен, Астананы Ақмолаға көшіру арқылы өте үлкен саяси-стратегиялық жеңіске қол жеткізілді, яғни оңтүстүстіктегі халыққа солтүстікке баруға жол ашылды.
  • Кей ұлт өкілдерінің көшіп кетуі. Кеңестік солақай саясаттың кесірінен Қазақстанға қоныс аударғандар өз елдеріне қайтты. Сонымен бірге Қазақстандағы әлеуметтік жағдайдың қатты қиындаған кезінде жүз мыңдаған басқа ұлт өкілдері көшіп кетті. Көш әлі де қарқынды.
  • Ресейден келетін демографиялық қысым төмендеп келеді. Тіпті олардың бізбен көрші облыстарындағы халық санының кемуі байқалады. Олармен шегара облыстарымызда адам саны азайғанмен, есесіне мемлекет құраушы халықтың саны өсіп келеді.

Қазақстандағы еуропалық ұлттардың отырақтасуын көрсететін карта

Қазақстандағы еуропалық ұлттардың отырықтануын көрсететін карта / Сурет wikipedia.org сайтынан алынды


Қазақ шегара өңіріндегі ауылдар неге босап қалды?

Серік Ерғали, мәдениеттанушы, сарапшы:

– Кеңестер Одағы кезеңінде қазақтардың 70 пайыздан астамы ауылда тұрды. 90 жылдардың жабайы нарығы тұсында табиғи урбандалу процесі бұзылып, ауылдағылар қалаға үдере көшті.

Оның үстіне, ауылдағы жұмыссыздық та халықтың қалаға ағылуына себеп болды. Қазақстанға күшпен қоныс аударылған халықтардың ата жұрттарына көшуінен босап қалған қалаларға қоныс аударған ауыл қазақтарын да соған қосу керек.

Осылайша, шегара өңіріндегі халық саны кеміп, бос жерлер пайда болды, – дейді.

Ресейден келетін демографиялық қысым

Қазақстанның Ресеймен шегаралас өңірлерінде орыс ұлтының саны бұрынғыдан 60-70 пайыздан төмендеді. Оның үстіне Ресейдің "Отандастарды шақыру" саясаты арқылы көшіп кетіп жатқандар бар. Әсіресе, диаспора өкілдерінің жастары көптеп кетіп жатыр.


Қазақстанның Ресеймен шегара өңіріндегі орыстар үлесінің өзгерісі

Қазақстанның Ресеймен шегара өңіріндегі орыстар үлесінің өзгерісі / ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметі негізінде жасалды


Екіншіден, Ресейдің бізбен шегара облыстарында қазақтар жиі қоныстанған. Бұл – белгілі дәрежеде буферлік роль атқарып отыр. Мысалы, Астрахань, Орынбор, Челябі, Омбы, Саратов, Алтай қатарлы облыстар мен өлкелерде миллионға жақын қазақ тұрып жатыр. Олардың Қазақстанмен байланысы да тығыз.

Ресейдің шегаралық өңірлердегі халық саны барған сайын азайып жатқанын да айта кету керек. Бұл да – сыртқы демографиялық қысымды жеңілдететін үрдіс.


Ресйдегі Қазақтардың орналасуы

Ресейдегі қазақтар шегара аумағы өңірлеріне жиі қоныстанған / Сурет wikipedia.org сайтынан


Оқи отырыңыз: 1897-2018. Қазақ халқының саны қалай өзгерді?

Оңтүстіктегі көршілерімізден қысым қатты болмайды. Неге?

Оңтүстігімізде Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан секілді тегі, діні, ділі мен тілі бір туысқан халықтар тұратын елдер орналасқан. Олармен өзара құрмет және туыстық түсіністігіміз бар екені белгілі. Олардың халқы тез көбейгенімен, еліміздің оңтүстігінде де халық саны тез өсіп жатыр.

Екіншіден, онда да біздің қандастарымыз өмір сүріп жатыр. Келген көштің негізін солар құрайды.

Үшіншіден, туыстас елдер Үндістан, Пәкістан қатарлы оңтүстіктен келетін демографиялық қысымнан буферлік роль атқарып отыр.


Шетелдегі және Қазақстанға оралған қазақтардың саны туралы кесте

Шетелдегі және Қазақстанға оралған қазақтардың саны туралы кесте / Сурет түрлі мәліметтерден қорытып жасалды


2016 жылан бері шетелден оралатын қазақтардың ағыны саябырсыды. Еліміздегі заң-түзімдердің кемшіл тұстарының және Қытайдағы қазақтарға түскен шектеулер мен еліміздегі түрлі әкімшілік кедергілердің көбеюі себеп болды.

Сырттан келетін демографиялық қысымды қалай төмендетуге болады

Ең алдымен, халық санын барынша көбейту керек. Әсіресе, шетелдегі қандастарымызды көптеп тарту. Татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ, құрама, қарашай, қырғыз секілді тегі, діні мен тілі бір халықтырдың да елге кірігуіне ықпал жасау. Көрші елдерде буферлік роль атқарып отырған қандастарымыздың және басқа да ұлттардың ықпалының сақталуына көмектесуге тырысуға әрі құқықтық, экономикалық және саяси тұрақтылықты сақтауға ықпал жасап отырған жөн.

Сонымен бірге шегара өңірлердегі ауылдарды дамыту бағдарламасын қабылдап, шегаралық халық санының өсуін қамтамасыз ету керек.

Ең маңыздысы ұлттық қауіпсіздік. Көрші елдердің экономикалық және саяси-стратегиялық саясатына қызмет ететін халықтардың Қазақстандағы қимылдарын қатаң бақылап, мемлекеттік саясатқа әсер етуін тоқтату. Олардың шегаралық салаларда, елге кірігуіне, экономикалық басымдылық алуына, азаматтық алуларына және жергілікті азаматтарымен некеленуіне де қатаң қадағалау орнату керек. Бұндай саясатты Жапония, Малайзия, Израил, Пәкістан қатарлы көптеген елдер жасап жатқаны белгілі.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы халық саны мен ел демографиясы туралы қызықты деректер

Қазір соғыспен ешкім де жауламайды. Керісінше, экономикалық жаулау саясаты – табиғи әрі тыныш түрде жүргізіледі. Мысалы, АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық соғыстың басты себебі де осыдан.

Сол үшін, көрші елдердің экономикалық, стратегиялық саясатын зерттейтін арнаулы институттарды көбейту арқылы зерттеу нәтижелерін қорытатын және ұлттық қауіпсіздікке пайдаланатын механизм жүйесі болуы тиіс.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары