Тікелей эфир

Декларация – 2020. Қалай жүзеге асырылады және не кедергі?

Фото isurak.kz сайтынан алынды
Фото isurak.kz сайтынан алынды
2020 жылы бәріміз жалпыға бірдей кіріс пен мүлік декларациясын тапсырамыз. Алайда сарапшылар бұл декларацияны енгізуге шенеуніктердің өздері мүдделі емес дейді.

Сарапшыларды декларацияны енгізудің қалай жүзеге асатыны алаңдатады. Өйткені миллиондаған декларация төлеушілерді салық органы қабылдай ала ма? Оның үстіне бұл декларацияны енгізуге шенеуніктердің өзі кедергі келтіріп келеді.

Декларация тапсыруды енгізуге бірнеше фактор кері әсер етіп отыр

Тәуелсіз сарапшы, экономист Айдар Әлібаев осындай пікірде.

– Біріншіден, біздің елде шетел тәжірибесіне сүйеніп жасалған реформалар мен идеяларды әбден пысықтап, пісіріп іске асырмайды. Бұл – шенеуніктердің қателігі. Декларация тапсырған әрбір азамат сонда көрсетілген кіріс пен шығындарын анық көрсетіп, оның бір-біріне әйкес болуын қадағалауы керек. Өйткені біздің елде кей шенеуніктердің шығындары заңды табысынан артық. Сондықтан оны шенеуніктер қаламайды. Демек, оның іске асуына барынша кедергі келтіреді. Ал қаржы мәселесіне қатысты көптеген сұрақтар дәл декларация тапсырған кезде туындауы мүмкін. Сол кезде мемлекеттік қызметте отырғандар ол сұрақтарға жауап бере алмасы анық. Дәл осы себептен әлі енгізілмей отырғаны шындық.

Екіншіден, бізде жұмыссыздар мен өзін өзі жұмыспен қамтушылар көп. Олар қай табыстарын көрсетеді? Декларация тапсыруға оларды қалай мәжбүрлейді?

Үшіншіден, оны іске асыратын салық органдары қызметкерлерінің біліктілігі өте төмен. Олар миллиондаған адамның декларациясын қабылдай алмайды. Ал оларды дайындауға бірталай қаражат пен уақыт керек. Сондай-ақ ауылдық жерлердің көбі интернетке қосылмаған.

Төртіншіден, тексеруші орган қызметкерлері үшін тағы бір жақсы мүмкіндік табылады. Декларациядағы кіріс пен шығыстағы сәйкессіздікті немесе ондағы жасырылған кірісті байқаған олар кәсіпкерлерге күн бермейді. Сондықтан бұл жемқорлықтың одан бетер тамыр жаюына жол ашады.


Мүлік

Әр азаматтың декларацияда тапқан табысы мен шығыны сәйкес болуы керек / Фото news.dtkt.ua


Салық орындары сапалы қызмет көрсетуге дайын емес

– Декларация қабылдамай-ақ салық орындарындағы қызметкерлер қарапайым сұраққа жауап бере алмайды. Оны бәріміз көріміз жүрміз. Ауылдық жердегі салық қызметкерлерінің де біліктііліктері тіпті төмен. Ал осындай мамандар декларация тапсырушылармен қалай жұмыс жасамақ? Яғни, декларацияны белгілі бір жүйемен іске асырмаса, көптеген проблемалар туындауы мүмкін. Сондықтан оларды дайындықтан өткізу керек.

Мысалы, АҚШ-та, Сингапурда, Еуропа мемлекеттерінде салық төлеушілер үшін арнайы заң қабылданған. Шенеунік әр табысын көрсетіп отырады. Тіпті ресторанға шақырса, сол қаржыны қайдан алғанына есеп береді. Ал ТМД елдері арасында тек Балтық жағалауындағы елдерде енгізілеген. Сондықтан бізде жақын жылдары қолға алына қоймас. Өйткені көбіне шенеуніктердің табыстары мен шығыстары сәйкес келмей жатады. Бұл – шындық, – дейді сарапшы.

Қандай мүлікті декларацияда көрсету керек?

Әр азамат мемлекеттік тіркеуде тұрған, сатып алған немесе сатқан мүлігі, активтер, банктегі есепшоттар туралы декларация тапсырады. Бұл ретте жалақы, зейнетақы алатын зейнеткерлер, шәкіртақы алатын студенттер, жалдамалы жұмыскерлер қысқаша декларация тапсырады. Егер адамның кіріс көздері көп болса, онда ол толық декларация тапсырады. 500 айлық табыстың шекті көрсеткішінен асқан ақшаны декларацияда көрсетуге міндетті. Биылғы бір айлық табыс мөлшері – 28 284 теңге десек, шекті көрсеткіш – 14 142 000 теңгеден асатын қаржы.

Сонымен қатар қарыз мөлшері 500 айлық табыстың шекті көрсеткішінен төмен болса, оны да көрсетулері керек. Ал қарызыңды қолхат, банкпен арадағы келісімшарт және өзге де құжаттар арқылы растау қажет. Банкте қарызы бар адамның берешегін банк өзі толтырып, өзі көрсетеді.

Ескеретін бір жайт, қымбат бұйымдар, үй жануарлары мен саяжайға жататын жер телімдерін декларацияда көрсету азаматтың өз құқығында.

Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген экономист Жанұзақ Әкім ауылда отар-отар қой, қора-қора жылқы ұстап отырған адамдар салықтың он пайызын төлеу керек дейді.

– Ауыл тұрғындарының 40 пайызы жұмыс жасамайды. Жалдамалы жұмыста немесе басқа да жолдармен табыс тауып жүргендер бар. Демек ауыл тұрғындарының 40 пайызы экономикалық қатынасқа түспейді. Тіпті банк карточкалары да жоқ. Ал мемлекеттің қуаттылығы салыққа байланысты. Сондықтан салық жүйесін реттеу керек. Егер декларация тапсыратын болса, әр азаматтың әлеуметтік жағдайы тайға таңба басқандай анық болып шыға келеді. Әрі көлеңкеде жатқан ақшалар шығатын еді.

Сондықтан ауқатты адамдар салықты табысына қарай төлеулері керек. Ал жұмыссыз адам табысының жоқтығын көрсетеді. Декларация тапсыру кезінде жұмыссыздар саны нақтылана түседі. Ал бізде отандық экономика бір жолға қойылмағандықтан жұмыссыздар саны артып келеді. Өндіріс орындары, мен ғылыми зерттеу институттары да жоқ.

Мысалы, Қытайда әрбір отбасына бір жыл мерзімге несие ретінде 80-100 тауық немесе сиыр береді. Егер бір жыл ішінде 90 пайыз мал басын көбейтіп, дұрыс бағатын болса, кәсіпкерлік қабілетін жоғары бағалап, тегін береді. Қытайлар бұл әдіс арқылы кәсіпкерлер санын арттырып, салық төлеушілерді көбейтіп отыр. Қазақстанда тіпті сол кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін үстемелеп алуды үйретуге рұқсат бермей отыр. Ал жұмыс істемейтін ауыл тұрғындары қандай салық төлейді? Мысалы, жүгері, тары егетін болса, бидайға қарғанда 6-7 есе көп өнім алуға болады.

Тағы бір мәселе, табысы аз адамдарды алаңдатып, жеке тұлғаларды кірістерін декларациялауға міндеттеудің қажеті жоқ. Сондай-ақ жұмыс берушілердің жеке табыс салығын, зейнетақы аударымдарын төлеуі арқылы Қазақстанның барлық тұрғындарының кірісі туралы мәліметтер алудың басқа да тәсілдерінің бар екенін ескерген жөн, – дейді экономист Жанұзақ Әкім.

Декларацияны кімдер тапсырады?

Жалпы алғанда заңға сәйкес жеке тұлғалар "Активтер мен міндеттемелер туралы", "Кірістер мен мүлік туралы", сондай-ақ "Кірістер туралы" қысқаша декларация тапсыратын болады.

"Кірістер мен мүлік жөніндегі" декларацияда Қазақстан аумағында және шетелде тапқан кірістерді көрсетеді. Оны белгілі бір қаржы ұйымдарының үлесін иеленгенде, жылжымайтын мүлік, көлік, бағалы қағаздар сатып алғанда ғана тапсырады.

Кірістері тек қана еңбекақы және зейнетақыдан тұратын тұлғалар үшін жылда өткізетін декларацияның жеңілдетілген түрі әзірленген, ол бір парақта ғана болады

"Активтер мен міндеттемелер туралы" декларацияда елдегі және шетелдегі мүлкі, жинақтары туралы, кредиторлық және дебиторлық берешектері туралы мәліметтерді көрсетеді. Ол бір рет тапсырылады, алшақтықтар болса, кейіннен түзетілуі мүмкін немесе тиісті заңдардың талаптарына қарай толықтырылып отырады.

Егер адамның кіріс көздері көп болса, онда ол толық декларация тапсырады.

Бір ескеретін жайт, ипотекаға алынған пәтердің құны толық төленіп бітпеген болса және жер телімін 49 жылға жалға алушы да декларацияда жеке мүлік ретінде көрсетпеуіне болады. Сондықтан өз иелігіндегі қаражат пен мүлік туралы декларация толтырады. Ал әуе және су көліктері болған жағдайда оларды қойған жерінің мекен-жайын жазады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне депозитке ақша салған адамдар банктегі есепшот ретінде көрсетуі керек. Өйткені сол банкке жиналған ақша арқылы пәтер алады.

Сонымен қатар Қазақстан аумағында өз атына тіркелген мүлігі болған жағдайда немесе қандай да бір кіріс көздері болса, декларация тапсыруға міндетті.

Декларация үш үлгіде толтырылады

Сонымен, 250 формадағы декларацияда ақшасын, бағалы қағаздарды, көлікті, жер телімін, тұрғын үй құрылысындағы үлесін тағы да басқа мүліктерін көрсетіп, тапсырады. Депозиттер мен шетел банктеріндегі қарыздарды көрсетуге міндетті.

270 үлгідегі декларацияда кеңейтілген нұсқада қайтарымсыз алған қаржыны, жылжымайтын мүлікті, көлікті, бағалы қағаздарды, инвестициялық алтын тағы басқа табыс көздерін көрсетіп жазады.

Ал 260 үлгідегі декларацияны зейнеткерлер, студенттер, жалдамалы жұмысшылар тапсырады. Онда айлық жалақы, шәкірттақы, дивиденд, ұтыс ақша, келісім шарт бойынша төленген ақша, міндетті сақтандыру төлемдері, алимент, денсаулыққа келтірілген зиян үшін төленген қаржы көрсетіледі.


прр

Ақшасы толық төленіп бітпеген ипотекаға алынған үй декларацияда көрсетілмейді / Фото informburo.kz


Декларацияны қайда тапсырады?

Декларацияны Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, Қазпошта арқылы қағазға толтырылған нұсқасын жіберуге болады. Немесе e-gov.kz сайты арқыл электронды түрде және тұрғылықты мекен-жай бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына тапсыруға болады.

Егер қандай да бір жағдайларға байланысты декларация тапсыра алмаған адам туысқандарына немесе жақын адамдарының біріне сенімхат береді. Ал интернетке қосылмаған ауылдық жерлерде ауыл әкімшілігінде, мобильді халыққа қызмет көрсету орталықтарына, пошта бөлімшесіне барып тапсыруына болады.

Кірісті рәсімдеу табыс көзіне байланысты әртүрлі болғандықтан ресми органдар әр азаматтың (шәкіртақы, зейнетақы, айлық табыс) кірісінен төленіп отырған салық туралы ақпарат беріп отырады.

Декларация өткізбеген азаматтар қандай жазаға тартылады

Біріншіден, азаматтардың қолма-қол қаражатын тексеру заңмен қарастырылған. Арнайы бағдарлама азаматтардың кірісі мен шығысының сәйкестігін тексеріп отырады. Сондықтан қолдағы қаражатын толық та дұрыс көрсетуге декларация тапсырушы мүдделі болуы керек.

Екіншіден, салық кодексінде 500 айлық жалақының шекті көрсеткішінен төмен қаражатты сақтауға шектеу қойылмаған. .

Алайда ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық" Заңының 272 бабы, 2-1 тармағына сай (2014 ж. 5 шілде online.zakon.kz) азамат кіріс-шығыстары туралы салық орындарына дұрыс ақпарат бермеген жағдайда бірінші рет ескертумен шектеледі. Екінші рет бір жыл ішінде қайта заң бұзған жағдайда 272 кодекстің 2-2 тармағына сай әкімшілік жазаға тартылып, 3 АЕК (бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде 2405 теңге) айыппұл төлейді.

Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің берген мәліметіне қарағанда, Қазақстанда 12 млн 900 мың азамат декларация тапсыруға міндетті. Оның 7,4 млн қалада тұрады, 5,5 млны – ауыл тұрғындары.

Сонымен қатар декларация тапсырушылар қатарына мыналар кіреді:

  • Жасы кәмелетке толған оралмандар;
  • Уақытша тіркеу куәлігі бар азаматтар;
  • Жұмыс істейтін студенттер мен зейнеткерлер;
  • Жасы 18-ге толмаған бірақ атына мүлік тіркелген, шетелде және Қазақтанда банкте 160 айлық табыстың шекті мөлшерінен жоғары (4 525 440) есепшот ашылған азаматтар.

Декларацияны дамыған елдердің барлығында тапсырады. Ал бұрынғы кеңестік мемлектер ішінен тек Балтық жағалауындағы Эстонияда енгізілген. Оларда салық төлеу толығымен электронды форматқа көшірілген. Эстонияда декларациялар мемлекеттің ақпараттық жүйелерінде бар деректер негізінде алдын ала толтырылып, әр азаматтың электронды поштасына дайын күйінде келеді. Салық төлеуші қатесін түзеп немесе толықтай келісетінін растап, кері жібереді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары