Әлемде күн өткен сайын жұмыссыздар саны артып келеді. Жұмысқа потенциалы бар болса да, өз мамандығына сай еңбек етпейтін адамдар көбейген.
Мысалы, McKinsey консалтингтік компаниясының мамандары дайындаған сараптама бойынша, әлемде жұмысқа потенциалы жоғары адамдардың 30 пайызы жұмыссыз немесе тұрақты жұмысқа орналаспағандар болып табылады екен. Бұлардың басым бөлігі жоғары білімді азаматтар.
McKinsey ақпаратына орай, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Үндістан, Бразилия және Қытай елдерінде өз мүмкіндігін толық қолдана алмай жүрген жоғары білімді жас мамандар саны 850 миллионнан асады.
Яғни, миллиардқа жуық жұмысқа жарамды, потенциалы жоғары мамандар сыртқары қалып қойып отыр.
Адамдық капитал
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан экономикасы жылдам дамып келеді. Біздің мамандар экономикалық өсімнің параметрлерін макроэкономикалық көрсеткіштермен ғана өлшейді.
Мысалы, жалпы ішкі өнім (ЖІӨ), экспорт, импорт, ішкі және сыртқа нарықтағы қаржы айналымының балансы т.с.с. Ал еңбек өнімділігі мен адамдық капитал екінші деңгейде қалып қояды.
"Бүгінгі қоғамда адамдық ресурстарға көбірек мән берген жөн. Себебі тәжірибелі маманы инновациялық жобалармен айналысса, компания іргесін нықтап, жаңа жұмыс орындарын ашуы мүмкін. Бұл елдегі жұмыссыздар санын азайтып, ішкі немесе сыртқы нарыққа белгілі бір өнімнің шығуына септігін тигізеді", – дейді Астана Халықаралық Қаржы Орталығының атқарушы директоры Саясат Нұрбек.
Нұрбек мырзаның айтуынша, дамыған елдерде білім алып келген қазақстандықтар ел экономикасының жылдам серпін алуына негіз бола алады.
Себебі "Болашақ" түлектерінің көмегімен дамыған елдерде қолданылатын тәжірибені өзімізге бейімдей аламыз. Ал мұны жүзеге асыруға не жетпей жатыр?
Көшіру стратегиясы
"Аз уақыт ішінде Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, олардың артынан Қытай қалай дамып шыға келді? Олар қарапайым стратегияны қолданды. Ол – көшіру", – дейді Саясат Нұрбек.
Нұрбек мырзаның айтуынша, АҚШ-та сатып алған техникалық жабдықтарды Жапонияда еш қиындықсыз пайдалануға болады. Себебі жапондар америкалық стандарттарды көшіріп алған.
Оңтүстік Кореяның медицинасы да Америка стандарттарынан тұрады. Олар медицина саласындағы жемқорлықты жою үшін әрбір дәрігерге америкалық дәрігерлер тапсыратын емтиханнан өтуді міндеттейді. Ал АҚШ-та тек білікті дәрігерлер ғана сертификатқа ие болады.
Білікті мамандар дамыған елдерде еңбек еткісі келеді. Себебі АҚШ, Канада, Франция, Ұлыбритания сияқты елдерде оларға барлық жағдай жасалған.
Ал қазіргі "адамдық капитал" тренді кері қарай бағыт алды. Азия елдері шетелде еңбектеніп жүрген отандастарын өздеріне тартып жатыр. Оларға мүмкіндігінше барлық ұсыныстарды айтып, елді көркейтуге ат салысуға шақырып жатыр.
Бұл салада Қытай мен Сингупар айтарлықтай нәтиже көрсетіп отыр. Қытай соңғы 4-5 жылда шетелдік студенттерге мыңдаған гранттарды ұсынып, тіл диапазонын арттыруда. Шетелдік мамандарды тартудың ең тиімді жолы осы.
Қытай үкіметі арнайы мемлекеттік грантпен білім алған шетелдік жастарға жоғары стандарттағы ұсыныстар жасайды, еңбек жолын Аспан асты елінде жалғастыра беруін қамтамасыз етеді.
Ал Сингапурда шетелдегі отандастарын елге қайтаратын арнайы агенттер жасағы бар. Олардың бірі – Филип Йео. Оның жұмыс уақытының басым бөлігі шетелде өтеді.
Шетелдік медиа Йео мырзаны "дарындылар аңшысы" деп атайды. Себебі оның назары түскен сингапурлық өз еліне қайтпай қалған емес.
Өз салаңды тану маңызы қандай?
Қазақстанда танымал продюсер әрі режиссер Асқар Бисембин – "Болашақ" бағдарламасының түлегі. Ол медицина саласында бакалавр болған.
Өзінің таңдауын кеш болса да дұрыс бағытқа өзгертіп, бар потенциалымен дамып келеді. Бұл адамзат капиталы мен оның өмір сүретін қоғамы үшін орасан зор маңыздылыққа ие.
"Мені жұмысқа деген махаббат үнемі дамуға итермелейді. Себебі әулетімде барлығы дәрігер болған. Сондықтан мен де бірден медицина саласында білім алуға түстім. Бірақ көп өтпей өзімді қызықтыратын сала болмай шыққандықтан, жұмысқа талпынысым азайып кетті. Шын мәнінде басқа салада өз потенциалымды толық көрсете алатынымды түсіндім", – дейді Асқар Бисембин.
Белгілі продюсердің айтуынша, ол Қазақстанда білім алып, біршама уақыт еңбек еткеннен кейін ғана өз саласын басқа бағытқа бұруды жоспарлайды. Жасы 28-ге келгенде АҚШ-қа аттанады.
"Өткен ғасырдың 90 жылдары отбасылы болған 30 жастағы адам оқуын шетелде жалғастыру туралы ойламайтын. Достарымның барлығы мұның дұрыс шешім емес деп, райымнан қайтаруға тырысты. Бірақ мен ешкімге құлақ аспай, АҚШ-қа продюсерлік оқуға кеттім", – дейді Бисембин мырза.
Қазақстан мен дамыған елдердегі білім мен біліктілікті арттыруға байланысты стереотиптер әртүрлі. Мысалы, Қазақстанда екінші жоғары білім немесе магистратураға бірінші жоғары білімнен кейін бірден түсу керек.
Ал АҚШ немесе Ұлыбритания азаматы бакалавр деңгейін алғаннан кейін, біршама сол салада еңбек етеді. Осылайша ол өзі оқыған саласына қатысты көзқарасын анықтайды.
Ал егер ұнатпай қалса, екінші жоғары білімін немесе магистратурасын басқа салаға ауыстырады. Бұл кезде ол 30, ал кей кездерде 40 жасқа толады.
Ал Қазақстанда 40 жаста мамандықты ауыстыруды "қисынсыз" деп түсінеді. Себебі қазақтарда "жастай қартаю" синдромы бар. Сосын бәріне бірден қол жеткізуді ойлайды.
Өндіріс немесе білім беру?
Бүгінде, жасанды интеллект бағдарламалық жүйелері барлық салаға кіріктіріліп жатыр. Оның кесірінен жоғары білімді әрі білікті мамандар жұмыссыз қалып қояды.
Сол үшін де әлемде жаңа мамандықтарға сұраныстар артып, белгілі бір салаларда бұрын болмаған кәсіп бағдары пайда болып жатыр.
Дәл осындай трендке тек білім беру саласының мамандары ғана емес, кез келген азамат ілесе алса, жақын болашақта жұмыссыз қалмай, өз потенциалын жоғары деңгейде көрсете алатыны анық.
"Консалтингтік, қаржы немесе аудиторлық мамандықтар артта қалды. Қазір оның бәрін арнайы кодтармен жазылған бағдарламалық қамту жасай алады. Есесіне, ақпараттар ағымына анализ жасайтын мамандар сұранысқа ие бола бастады.
Мысалы, дата журналистика мамандығы пайда болды. Бұл ашық статистикалық ресурс көздерін пайдаланып, аналитикалық мақала дайындауға бағытталған журналистиканың жаңа саласы", – Сулейман Демирел Университетінің (SDU) ректоры Қанат Қожахмет.
Айта кетсек, Қанат Қожахмет – алып білім беру ордасын жастардың да басқару қолынан келетінін дәлелдеп отырғандардың бірі. Ол білім беру саласында небәрі 10 жыл еңбек еткен болса да, бүгін SDU ректоры мансабын иемденіп отыр.
"Мені жоғары жетелеген өз жұмысыма деген сүйіспеншілік. Өз студенттерімді қанаттандыру маған әрқашан қызық үдеріс болатын. 2007 жылы ҚБТУ-да дәріс оқи бастағанымда 10 жылдан кейін ректор боламын деп еш ойламағанмын", – дейді Қанат Қожахмет.
Қожамет мырза өзі бағдарламашы болғаннан кейін, өндіріс саласына бірнеше рет кетуді ұйғарғанын айтады. Бірақ білім беру оған әрқашан ыстық болған. Сондықтан университеттегі жұмысына қайтып оралған екен.
"Болашақ түлектері ғана емес, кез келген қазақстандық жаңа трендтерге ілесіп, заманауи салаларды жылдам игеруге бейімделуі керек. Үнемі қосымша курстар алып отыруға тиіс. Мысалы, Massive Online Courses. Сол сияқты интернет арқылы кез келген адам онлайн дәрістерді алады", – дейді SDU ректоры.
Төрт компонент
Қазақстандағы еңбек нарығында да өз мамандығы бойынша еңбек етпейтіндер көп. Олардың басым бөлігі бір мамандықты иемденіп, қоғамдағы сұранысқа байланысты екіншісін игеріп алған.
Ал "Болашақ" бағдарламасымен шетелде біліп алып келгендер Қазақстанға қандай пайда келтіріп отыр?
"Кез келген маман өз саласында жылдам үдерісті көрсету үшін 4 компонентті игеруі керек. Егер сіздің жергілікті әрі шетелдегі теориялық білім мен жергілікті әрі шетелдегі практикалық біліміңіз болса, кез келген жерде айтарлықтай көп нарсе жасай аласыз.
Яғни, сіз Қазақстанда базалық білімді (бакалавр) меңгеріп, біршама уақыт елде еңбек етіп, сосын шетелге білім алуға барып, қосымша ол жақта өз салаңыз бойынша еңбек етіп үлгерсеңіз, екі жақтың өндірісін толықтай салыстыра аласыз. Сәйкесінше, ең тиімді жақтарын өз тәжірибеңізден өткізіп, оны елімізде жүзеге асыра аласыз", – дейді Саясат Нұрбек.
Нұрбек мырзаның айтуынша, үлгі бола алатын Болашақ түлегінде осы 4 компонент болуы тиіс. Ол үшін Болашақ бағдарламасымен оқуға бармас бұрын Қазақстандағы өз салаңыздың теориясы мен практикасын меңгеріп алу керек. Сонда ғана қызығушылығыңыз бен алған теориялық біліміңіздің ұштасуын көре аласыз.
"Бастапқыда біз "Болашақ" бағдарламасы бойынша еліміздің мектеп түлектерін бакалавр деңгейін алуға жіберіп отырдық. Бұл – үлкен қателік болды. Себебі олар Қазақстанда білім алып, ел нарығын сезініп үлгерген жоқ. Нәтижесінде, бірден дамыған елдің құрылымдық деңгейі мен стандарттарын үйреніп қайтты. Содан кейін елге келіп, үйренгенін жүзеге толық асыра алмайды", – дейді Саясат Нұрбек.
Нұрбек мырзаның айтуынша, "Болашақ" бағдарламасынан бакалавр деңгейін алып тастау ұтымды нәтиже бере бастаған. Себебі қазақстандықтардың базалық білімді алдымен елімізде игергені жөн.
Қазақстанның ішкі құрылымы мен өзіндік стандарттарын меңгеріп алғаннан кейін ғана шетелде білімі мен біліктілігін арттыруы жоғарыда айтылған 4 компонентті құрауға негіз болады.
"Сондықтан шетелде оқуға асықпаңыздар. Алдымен елдің ішкі нарығын меңгеріп алған жөн. Сосын салыстыру мүмкіндігіне ие боласыздар. Сонда ғана, елге оралған соң, потенциалыңызды 100 пайызға дейін пайдалана аласыздар", – дейді Саясат Нұрбек.