Тікелей эфир

Бизнесті қаржыландыру азайды. Әр үшінші компанияда қаржы тапшы

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Ұлттық банк сарапшылары таяуда 3217 компанияға сауалнама жасап, төмендегідей қорытынды жасап отыр.

Қазіргі таңда экономиканың негізгі салалары: тау-кен, өңдеу, құрылыс, сауда, көлік және қоймалауда жұмыс істеп отырған ірі және орта компаниялар саны шамамен 5,7 мыңдай.

Бәсекелестік төмендеді

2019 жылдың 2 тоқсанында экономиканың құрылыстан басқа барлық салаларында нарықтық бәсекелестіктің ықпалының төмендеуі байқалған.

"Сауда саласының кәсіпорындары үшін басқа кәсіпорындар тарапынан нарықтық бәсекелестік бизнес жүргізуге негізгі кедергі болып қалып отыр. Сауда саласында бәсекелестіктің жағымсыз әсерін сезіп отырған кәсіпорындар үлесі басқа салаларға қарағанда әлдеқайда жоғары. Егер саудада аталған кәсіпорындардың үлесі 32,3% құраса, онда тау-кен өндіру өнеркәсібінде аталған көрсеткіш 7,9%-ды құрайды", деп жазады бас банк.

Қаражат жетіспейді

Кәсіпорындардың көпшілігі үшін инвестициялық белсенділікті шектейтін басты себептердің бірі қаржы ресурстарының жетіспеушілігі екен. Қаражаттың тапшылығын негізгі проблема ретінде атайтын компаниялар саны нарықтың үштен бірін құрайды. Яғни, әрбір үшінші компания өндірісті дамыту үшін қаражаттан таршылық көріп отыр.

Бас банктің мәліметінше, өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын тұралатып отырған фактор – олардың өніміне деген сұраныстың аздығы көрінеді.

Ал кен өндіру өнеркәсібінің кәсіпорындарының көпшілігі үшін ешқандай шектеулер жоқ.

"Алдағы 12 айда барлық секторлар бойынша қаржыландыру деңгейі өзгеріссіз қалады, сонымен бірге өңдеу саласында қаржыландырудың ең үлкен өсімі, ал саудада ең төмен өсімі күтілуде. Негізгі капиталға жіберілетін инвестициялардың көлемінің ең көп төмендеуін құрылыс саласы күтуде. Қарастырылып отырған салалардың бәрінде инвестиция көлемін төмендетуді жоспарлап отырған кәсіпорындар үлесі оларды арттыруды жоспарлап отырған кәсіпорындар үлесінен артық", деген болжам жасапты Ұлттық банк сарапшылары.

Қаржыландырудың негізгі көздері бұрынғысынша кәсіпорындардың меншікті қаражаты.

Шетел валютасының ықпалы

Мониторинг жасалған кәсіпорындардың 70%-дан астамы шетелдік серіктестермен жұмыс істейді. Мұндай кәсіпорындардың үлесі сауда саласында, өңдеу өнеркәсібінде және кен өндіру өнеркәсібінде шамамен орташа 80% құраса, көлік және қоймалау саласында 66%, құрылыс саласында 61,8% құрайды.

Шетелдік серіктестермен есеп айырысу бойынша кәсіпорындар 52,9%-ы Ресей рублін, ал 45,8%-ы АҚШ долларын пайдаланады екен.

АҚШ долларын көбірек қолданатын тек кен өндіру өнеркәсібі. Саладағы кәсіпорындардың 65,1%-ы доллармен сауда жасаса, қалған салаларда рубль көбірек қолданылады.

2019 жылдың 2 тоқсанында шетелдік серіктестермен есеп айырысуда кәсіпорындардың 14,3%-ы ғана теңгені қолданған.

"2019 жылдың 2-тоқсанында теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамының кен өндіру өнеркәсібі мен сауда саласындағы шаруашылық қызметіне кері әсері күшейді. Кері әсердің аздап төмендеуі көлік және қоймалау саласында байқалды. Ал теңге бағамының ресей рубліне қатысты өзгерісінің әсері сауда және құрылыс салаларында күшейіп, басқа салаларда өзгеріссіз болды. Бағам өзгерісі әсерінің ең көп кері ықпалы өңдеу өндірісі, көлік және қоймалау салаларының кәсіпорындарына тисе, ең төмен ықпалы кен өндіру өнеркәсібі саласына тиді" делінген баяндамада.

Кредиттеу шарттары

Ұлттық банктің мәліметінше, 2019 жылдың 2 тоқсанында банктердің кредиттеу шарттары кен өндіру, өңдеу салалары кәсіопорындары үшін жақсарып, құрылыс саласы үшін нашарлады.

"Теңгемен алынған кредиттер бойынша ең төменгі орташа пайыздық мөлшерлемеле, яғни 11,6% өңдеу өнеркәсібінде болғанына қарамастан, өңдеу өнеркәсібін несиелендіру шарттарын тиімсіз деп бағаланып отырған. Ал кредиттеу шарттарына көңілі толатын компаниялар негізінен тау-кен өнеркәсібінде" деп жазады Ұлттық банк.

2019 жылдың 3 тоқсанында несие алуға ниетті кәсіпорындардың үлесі ең көп өңдеу өнеркәсібінде және сауда саласында. Бұл салаларда несие рәсімдеуге өтінім бергендер саны шамамен 22,8% және 20,3%. Ал көлік және қоймалау бизнесіндегі кәсіпорындардың бар болғаны 7%-ы ғана несие алуға талаптанған.


Деректер Ұлттық банктің ресми сайтынан алынды

Деректер Ұлттық банктің ресми сайтынан алынды


Ұлттық банк болжамынша, 2019 жылдың 2 тоқсанында дайын өнімге деген сұраныс барлық салада өспек.

"Сұраныстың ең жоғарғы өсу қарқыны кен өндіру өнеркәсібінде және көлік және қоймалау саласында болды. Өңдеу саласында сұраныс айтарлықтай өзгерген жоқ" деп жазады бас банк.

Ал 2019 жылдың 3-тоқсанында кәсіпорындар өз өнімдеріне деген сұраныс өседі деп күтіп отыр.

Жекелей тоқталар болсақ, құрылыс саласының кәсіпорындары өз өніміне деген сұраныстың төмендеуін, ал сауда саласының кәсіпорындары жоғарылауын күтіп отыр.

"Ал басқа барлық салада кәсіпорындары дайын өнімге деген бағаның өсу қарқынының бәсеңдеуін күтеді. Бұл шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқынының бәсеңдеуіне байланысты болуы мүмкін" деп жазады бас банк.

Жалпы, ірі және орта кәсіпорынлдардың тек шамамен 90%-ы несиелеу шарттарына көңілі толады.

"Қаражат жеткілікті, алу қиын"

Ulutau Service туристік компаниясының директоры Сағадат Мұхамбетовтың мәліметінше, банктерде бизнесті қолдауға қаражат жеткілікті, бірақ оны алу қиын.

– Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жаңадан кәсіп ашуға да, қолда бар. Кәсіпті ары қарай дамытуға да қаражат әкімдіктерге жеткілікті деңгейде бөлініп отыр. Мәселен, жыл сайын Қарағанды облысы бойынша кәсіпкерлікті дамыту аясында бөлінген қаражаттың көбі игерілмей қалып жататынын көріп жүрміз. Бұл – бір ғана біздің облысқа ғана емес, республиканың барлық өңіріне тән құбылыс. Мемлекеттік бағдарламалармен бөлінетін гранттар да, жеңілдетілген несие де жеткілікті. Алайда, оның талаптарына екінің бірі сай келмейді, алуға шамасы жете бермейді, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің айтуынша, бизнеске қаражаттың жетіспеуінің екі негізгі себебі бар.

– Көптеген кәсіпкерлер, әсіресе шағын бизнес иелері кепілзат қоюдан қиналады. Бұл – жаңадан кәсіп ашушылар үшін басты кедергі. Екіншіден, көп кәсіпкерлер жеңілдетілген несиені рәсімдеу кезіндегі қағазбастылықтан қашады. Әкімдіктің талаптары тым көп, – дейді Сағадат Мұхамбетов.

Еңбекақы төлеу және жұмыспен қамту

Ұлттық банктің мәліметінше, өндіріс көлемінің 2019 жылдың 2 тоқсанындағы өсуі орташа жалақының өзгерісіне оң септігін тигізді. Жалақыны төмендеткен кәсіпорындар үлесінің азаюы барлық салаларда байқалды. Бұндай кәсіпорындардың үлесі 3-6%.

"Тау-кен өндірісі мен сауда саласынан басқа қарастырылып отырған салаларда қызметкерлер саны азайды. Қызметкерлер санының азаюының ең төменгі көрсеткіші құрылыс саласында орын алды" деп жазады бас банк.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары