Тікелей эфир

Биыл қанша білім беру гранты игерілмей қалды? Мәжілісте білім саласындағы кемшіліктер аталды

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz
Мысалы, министрлік үш ауысымды және авариялық мектептерді Мемлекеттік бағдарламадан алып тастаған.

Бұл туралы Үкімет сағатына төрағалық еткен ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Исимбаева Гүлмира Истайбекқызы хабарлады. Оның айтуынша:

  1. Мектепке дейінгі ұйымдар желісі көбейіп 3-6 жастағы балалардың 95,2 пайызын қамтуға мүмкіндік берген. Қамту деңгейі жоғары, бірақ әлі 500 мыңнан астам бала өз кезегін күтіп отыр. Оның ішінде 1-3 жас аралығындағы 437 мың бала бар.
  2. Балабақшаларды тиісті мамандығы бар кадрлармен қамту бойынша жоспарланған 50 пайыздық көрсеткіш артығымен орындалып, қазір 60-қа жуықтап қалды.
  3. Еліміздің орта білім беру саласында 3 жылдан аса уақыт ішінде жаңа мектептер салынып, жаңартылған мазмұнға көшу жалғастырылып жатыр.
  4. Авариялық жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқытатын мектептердің проблемасы шешілмей келеді. Бүгінгі күні олардың саны 160-тан асады. Сондықтан Мемлекеттік бағдарламадан үш ауысымды және авариялық мектептер көрсеткішін алып тастаған министрліктің әрекеті негізсіз болып отыр.
  5. Мектептерді жылдамдығы секундына 4 мегабит болатын кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету көрсеткіші де артығымен орындалған. Бірақ 93 мектеп интернетке мүлдем қосылмай қалған. Интернеттің жылдамдығы мәлімделген жылдамдықтан әлдеқайда төмен мектептер де баршылық.
  6. Техникалық және кәсіптік білім беру бойынша жоспарланған индикатор мен көрсеткіш бір қарағанда орындалған сияқты. Оның себептерінің бірі – дуалды оқыту тиісті деңгейде дамымағандығы. Бағдарламаға сәйкес дуалды оқытумен қамтылған колледждер саны өскенімен, студенттерін дуальды оқытумен қамту деңгейі өте төмен – 19,8 пайыздық деңгейде қалып қойған. Ал, дуальды оқытудың негізгі міндеті – студенттердің кәсіптік деңгейі мен практикаға бағдарлану дәрежесін арттыру болып табылады.

"Дуальды білім беру кәсіпкерлерге байланысты болып тұр. Колледжде оқып жатқан 15-17 жастағы балаларды кәсіп мамандары қалай оқытуды білмейді. Олар бизнесмендерге де қызық емес. Сол себепті, дуалды білім беруде қиындықтар бар. Қазір кешенді түрде жұмыс жүргізу үшін тиісті шаралар қабылдап жатырмыз", – деді депутаттар сұрағына жауап берген ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Бұл мәселені "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев та растады. Алда министрлікпен бірлесе отырып, жаңа механизмдер ойластырылатынын жеткізді.

Гранттар игерілмей жатыр

Мәселен, биылғы жылдың өзінде мемлекеттік тапсырыс 3167 орынға көбейтіліп, 71,5 мың орын бөлінген. Алайда 3 мыңнан аса грант игерілмеген.

– Сонда гранттарды көбейту негізсіз болғаны ма? "Серпін" жобасы бойынша белгіленген орынның 50 пайыздан астамы, магистратура бойынша 20 пайыздан астамы игерілмей қалды. Тіптен, жаратылыстану ғылымы циклы бойынша ағылшын тілін меңгерген мұғалім даярлау үшін бөлінген орынның 57 пайызы игерілмеген. Ол бір жағынан мыңдаған жастар – грантқа ие болмағанын көрсетсе, екіншіден миллиондаған қаражаттың тиімсіз пайдаланылғанын білдіреді, – деді Гүлмира Исимбаева.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бюджеттен жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл бүкіл білім және ғылым жүйесі бюджетінің 30 пайызы. Бірақ жүйелі игерілмеген.

Мәжіліс Төрайымының орынбасары кез келген реформаны жүзеге асырмас бұрын, оған тиісті жағдай жасау керек екенін ескертті:

"Мектеп білімін трансформациялаудан бұрын, бұған қажетті, барлық ресурстар, ең алдымен, кадрлар, нормативтік база мен материалдық-техникалық база дайындалуға тиіс.

Мектептерді жарақтандыру стандаттары болуға тиіс. Сонда ауыл және қала мектептеріндегі білім беру сапасы арасында үлкен алшақтық болмайды.

Жаңа Мемлекеттік бағдарламаға білім беру сапасын қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, сапалы кадрлармен қамту сияқты бөлімдерді қосу жөнінде ұсыныстарды ескерген жөн болар еді", – деп ескертті Гүлмира Исимбаева.

Сонымен бірге:

  • Бюджеттік құжаттарында да, салалық бағдарламаларда да "мектептердің жалпы санындағы авариялық мектептердің үлесі" және "үш ауысымда сабақ өткізетін мектептердің үлесі" деген көрсеткіштерді қайта қалпына келтіру қажет екенін жеткізді.
  • Балаларды 3 жастан емес, одан ерте жастан мектепке дейінгі білім берумен қамту шараларын ойластыру керек.
  • Сонымен бірге, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінен Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасының жобасын Комитет отырысында жан-жақты талдауды өтінді.
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары