Әлеуметтік желілерде Мемлекет басшысының бұған дейін қазақстандық вакцина салдырамын деп, бірақ оны күтпей, "Спутник-V" екпесін алғаны туралы жазбалар көбейді. Осыған байланысты Президенттің баспасөз хатышысы Берік Уәли Facebook парақшасында пікір білдірді.
"Президенттің әрқашан да отандық өнімді қолдайтынын сенімді түрде айта аламын. Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандыда шығарылған вакцинаны салдырды және біздің ғалымдарға толық сенеді. Қазақстандық вакцина өндірісі іске қосылғаннан кейін Мемлекет басшысы Жамбыл облысына барып, кәсіпорынның жұмысымен арнайы танысуды жоспарлап отыр. Президент келесі жолы коронавирусқа қарсы отандық екпені салдыруға ниетті", – деді Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Оқи отырыңыз: Ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін халықтың 60 пайызы вакцина салдыру керек
Берік Уәлидің айтуынша, Президент коронавирусқа қарсы күресте халықты жаппай вакцинациялаудан басқа баламасы жоқ екеніне сенімді.
Еске сала кетсек, 6 сәуірде мемлекет басшысы Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған "Спутник-V" вакцинасын салдырған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев барша халықты мейлінше тезірек вакцина салдыруға шақырған еді.