Тікелей эфир

Берел қорғанының құпиялары

Жеке мұрағаттан
Жеке мұрағаттан
Ұлы даламыздың тұмса табиғаты жасырған тарихи қорғандар, жұрттар көп-ақ. Соның бірі де бірегейі – құпияға толы Берел қорғандары.

Әрісі адамзаттың, берісі асыл текті сақ-түркі жұртының ата қонысы – Алтай өңірінен табылған Берел қорғандары ғалымдар мен саяхатшылардың аяғы үзілмейтін киелі орынға айналды.

Берел қорғанын тамашалаған адамдар ұрпақтар сабақтастығының арқасында бабалар мұрасының қазіргі уақытқа дейін үзілмей жеткеніне көз жеткізеді. Көңілдеріне мақтаныш сезімі ұялап, бабалар рухына деген құрметі артады.

Оқи отырыңыз: Өзбектер Төле биді "Қалдирғоч би" деп неге атайды?


Әскери-тарихи музейде тұрған Берелден табылған жылқы және ат әбізелдері толық қалпына келтіріліп, ерттелген. Қалпына келтірген суретші Қалиолла Ахметжан.

Әскери-тарихи мұражайда тұрған Берелден табылған жылқы және ат әбзелдері. Толық қалпына келтіріліп, жабдықталған. Қайта қалпына келтірген суретші Қалиолла Ахметжан / Фото informburo.kz


Сақ қорғандарының қасында көне түркі қорғандары да бар

Берел қорғандардың, обалардың саны мыңнан асуы мүмкін. Қазірдің өзінде бірнеше жүзден астамы ғана белгілі. Осыдан 2500 жыл бұрынғы замандікі деп танылған сақ қорғандарының саны жүзден асады. Оның қасында көне түркі қорғандары бар.

Берелде табылған алтын адам, алтын жылқылар біршама жақсы сақталыпты. Себебі, жер бетінің бір қабат ерімеген тоң екен. Оның үстіне үйілген оба тастары да табыттарды ауа мен су кіргізбей сақтаған.

Оқи отырыңыз: Тәңір – қазақтың құдайы ма, әлде ескі дәуір тарихы ма?


Берелдегі қатар орналасқан сақ және түркі қорғандары

Берелдегі қатар жатқан сақ және түркі қорғандары / Архолог, ғалым З.Самашевтің жеке мұрағатынан


Мысалы, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі қасында 3500 –ден астам тұлғалардың бір жерде жерленуі де сол 2000-5000 жыл бұрынғы бабаларымыздан келе жатқан ежелгі дәстүр деп айтуға болады. Бұл қазір "әулеттер қорымы" түрінде жалғасын табуда.

Берел қорымында 1997 жылдан қазіргі кезге дейін 20 ескерткіш зерттелді, солардың ішінде №4, 9, 10, 11 обалардан тоң басқан қабірлер аршылды. Табылған ақсүйектер мен скиф-сібір аң стилінде жасалған заттар әлемге әйгілі болды. Берел қорымындағы тоң басқан обалардың беретін мәліметтері де ерекше. Мұндағы үлкен обаларда табиғат пен климаттың және обаны үйген материалдар мен ескерткіш құрылысының үйлесімінен пайда болған тоңның арқасында органика, яғни киім, ат әбзелдері, ағаш бұйымдары, ер тоқым, тері мен киізден жасалған заттар шірімей жақсы сақталған. Табылған заттарды зерттеуде алғаш рет жаратылыстану ғылымының әдістері пайдаланылды. Бұл зерттеулердің нәтижесінде ерте көшпелілердің ДНҚ-ын (Дезоксирибонуклейн қышқылын) анықтауға болатын, сонымен қатар Берел даласының палеоэкологиясы, палеозоологиясы мен антропологиясы бойынша құнды мәліметтер алынды. Ашық энциклопедиядан.

Оқи отырыңыз: "Жошы Ханды зерттеу кезек күттірмейтін маңызды жұмыс". Алтын Орда тарихы жаңадан зерттеледі

Берел қорғандары мен Шілікті қорғандарының қандай айырмашылығы бар?

Берел қорғандарында мәйіт жердің төменгі қабатында, қақпақты ағаш табыттарда жерленген. Ал Шіліктіде мәйіттер жер бетіне жақын, тіптен жер үстіне табыттарға қойылып, бір бүйірінен арнаулы кіретін есік пен жол салынған. Бұл – аруақтарды еске алып, түрлі жосын-жоралғылар жасау үшін қалдырылған болса керек.


72 обадан табылған адам табыты мен қатар жерленген жылқы

72 обадан табылған табыттағы адам мен қасына қатар жерленген жылқы сүйектері / З. Самашевтің мұрағатынан


Мәйіт қосу дәстүрі қазірге дейін жалғасып келеді

Ата-бабаларының қасына жерлеу дәстүрі сонау сақ және көне түркі дәуірінде де болған. Берел қорғандарындағы жамырай орналасқан сақ және түркі қорғандарының қатар тізілуі осы нанымды білдірсе керек.

Бұл үрдіс біздің қазақ қоғамында да 19-20 ғасырларға дейін жалғасқан. Мысалы, Орталық Қазақстанда немесе шығыс өңірлерде мазар үлкен етіп салынып, арнайы қайтыс болған адамды қоятын текшелер жасалған. Жерленген мәйітті әбден қурағаннан кейін, төмендегі шұқанаққа сыпырып түсіріп, оның орнына жаңа мәйітті жерлеп келген. Бұл табиғаты қатал солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде де көптеп кездеседі.

Тітпен, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі де сондай қабырстан болғаны белгілі.

Сақ, көне түркі қорғандары қалай тоналды?

Жалпы, кейбір үлкен қорғандар бірнеше рет тоналған. Бұрынғы тонаушылардың іздерімен қайта кірген ұрылар да болған екен.

Ертерек болған тонаушылар қорғандардың сырын білетіндіктен жерді қазып, бүйірінен тесіп табытқа кіріп, алтындарды тонаған.

Ал, XIX ғасырда келген тонаушылар қорғанның тура үстінен төмен тік қазып, тесіп түскен. Тіптен, қорғандардың бірінде төбесінен тесік жасап түскен ұры қолына дорбасын және жер қазатын құралын ұстаған күйі жүрелеп, отырып өлген күйі табылды. Ұрлық үстінде төбесінен тас-топырақ құлап, басып қалған болуы мүмкін.

Мәйітке зат қосып көмуді қалай түсінеміз?

Негізі түркі жұрты сонау сақ және ғұн, түркі кезеңдерінен бастап, аруақтарды еске алуды дәстүрге айналдырып, түрлі діни-танымдық жосын-жоралғыларды жасап келе жатқаны белгілі. Бұл кейіннен ислам діні құндылығымен жалғасын тапты.

Мысалы, сақ, көне түркі қорғандарында алтын, күміс бұйымдар, қару-жарақтар, тіптен жылқылар да мәйітпен бірге жерленді. Ал кейін ислам діні келгеннен кейін де мұның сарқыншақтары сақталып келеді. Ел басына күн туғанда, Кеңес Одағы кезіндегі түрлі тінтулер кезінде кей ғұламалар кітаптарды көбінесе зираттарға көмген. Бұл – аруақтар қорғайды немесе оған ешкім батып, тиіспейді деген көзқарастан болса керек.


10 обадан табылған аттың ері

№10 обадан табылған аттың ері / З.Самашевтің мұрағатынан


Қорғандар мен мазарлардың отанды қорғауға да ықпалы зор болды.

Ата-баба қорымы, тарихи қабірстандар – ел-жерін қорғаудың басты себебі болатын. Мысалы, Бөгенбай батыр бабамызды Ерейментау өңірінде қайтыс болғанан кейін күн жылынғанша сақтап, кейін Түркістанға апарып жерлеген. Бұл дегеніңіз, Түркістанға жау тисе, сөз жоқ арқаның адамы ата-бабасының аруағын қорлатпау үшін қол жиып, жауға аттанады деген сөз.

Қорғандар – жердің иесінің кім екендігін білдіретін белгі

Қорғандар – белгілі бір тұлғаның ата-бабаларының мекені болған жер, жеке адамның меншігі болып саналды. Олар сол бабаларының мазарлары арқылы жерінің шекарасын белгілеп отырған.

Бұндай үрдісті Қазақстаннан қазірде көруге болады.

Мысалы, биыл туылғанына 240 жыл толған Жанқожа батырдың мазары Қазақстан мен Өзбекстан шекарасына салынған. Шекара бөлісі кезінде Жанқожа батырдың бейіті де ескеріліп, тұрған жері Қазақстанға берілген екен.

2017 жылы маусымда сол жердегі шекара заставасына Жанқожа батырдың есімі берілді.

Сақ қорғандарынан табылған заттардың, өрнектер мен әшекейлердің жасалу технологиясы өте жоғары

Бұл ғалымдардың таңданысын тудырып отыр.

Сақ патшасы қабірінен "Алтын адам", "Алтын ат" сынды жәдігерлердің табылуы еліміздің көне заман тарихына деген жаңаша көзқарастың орнауына ықпал етіп отыр.

Алтын жіптермен көмкеріліп, тігілген киімдер, жалғыз тал күміс сымнан жасалған сырға, алтынмен апталған және қапталған ат-әбзелдері, түрлі ою-өрнектердің образдылығы мен жасалу шеберлігі өте жоғары. Тіптен сол кездегі қолөнершілік пен зергерліктің өресі, ой мен танымның кеңдігі таңданыс тудырады.

Ат – адамның қанаты әрі серігі. Қазір де солай

Сақ, ғұн, түркі батырлары сонау Қытайдан Альпі тауларына дейінгі ұшқан құстың қанаты талатын кең-байтақ жерді атының тұяғымен тоздырып, шарлаған. Аттың жалында ойнаған бұл бабаларымызды күллі әлем тек аңыз арқылы ғана білген болатын. Ал соның нақты дәлелі міне, Берелдегі сақ, түркі қорғандарынан табылған ерттеулі аттар.

Тіптен, сақ патшасыныкі деп танылған бір қабірден патша табытына қатар жерленген 13 жирен аттың сүйегі шыққан. Бұл – сол дәуірдегі жылқы малының қаншалықты қадірлі болғанын көрсетсе керек.

Дәл соның жалғасындай боп, Астана-Бурабай тасжолының бойында атақты жүйрік құлагердің ескерткіші тұр. Бұл да бабалардан жалғасқан ізет-құрметтің жалғасы сіпетті.

Сақ, ғұн және түркі бабаларымыз жылқы бақты, ұстады, қолға үйретіп, мінді. Саумалы мен қымызын ішіп, етін жеді.

Бұл үрдіс қазақ қоғамында XIX ғасырда да өз жалғасын тауып отыр. Қазір де сол аттылы ғұмырдың көзіндей аламан бәйге, көкпар мен теңге ілу, аударыспақ сияқты ат өнері сақталып келеді.

Қазір де саумал мен қымызды таласа-тармаса ішеміз.

Оның үстіне, ат әбзелдері де айна-қатесіз сол 2500 жыл бұрынғы сақ бабаларымыздың қорымынан табылған ат әбзелдерімен бірдей. Алайда қазіргілері бұрынғылардың әшекейлеу дәрежесіне мүлдем жетпейді.


Берелден қазып алынған жылқы сүйегі

Берелден қазып алынған жылқы сүйегі. Әскери-тарихи музейден суретке түсірілді /Фото informmburo.kz


Мемлекеттік рәміздердегі өрнектерді сақ қорғандарынан табылған заттардан да көруге болады

Мысалы, Берел қорғандарынан табылған түрлі аң үлгісіндегі әшекейлер – сол замандағы наным-сенімді, ырымдарды білдірсе керек.

Мысалы, ат әбзелінде кездесетін қыран тұмсық, көкбөрі, бұлан мүйіз, жылқы мойын әшекей, алтынмен қапталған жылқының басына орнатылған таутеке мүйізі, Грифон бейнелі патша асатаяғы, самұрықтар мен қошқар мүйіздер көптеп кездеседі.

Бұл әшекейлердегі самұрық, қошқар мүйіз ою, таутеке мүйізі мен қыранның еліміздің мемлекеттік рәміздерінде кездесуі бекерден бекер еместігін, біздің мемлекеттігіміздің сонау 2500 жылдан да бұрын басталғанын осыдан да білуге болады.

Жалпы алғанда сол сақ, түркі дәуіріндегі бабаларымыздың ырымдарын қазірде жалғастырып келеміз. Самұрықты тәуелсіздік ескерткішіне орнаттық. Ал қыран мен таутеке мүйізді пырақ, ою-өрнектер мемлекеттік гербімізде, қыран туымызда желбіреп тұр.


Берел қорғанына табылған әшекейлердегі Еліміздің мемлекеттік рәміздерінде кездесетін бейнелер мен өрнектер. Самұрық, қыран тұмсығы, арқар мүйіз, барыс және ою

Берел қорғанынан табылған әшекейлердегі еліміздің мемлекеттік рәміздерінде кездесетін бейнелер мен өрнектер. Самұрық, көкбөрі, қыран тұмсығы, арқар мүйіз, барыс және ою / Фото informburo.kz


Тарақ, сырға, белдік айылбасы тәрізді заттар қазірде өзгеріссіз пайдаланылып жүр

Сақ, көне түркі қорғандарынан табылған ат әбзелдерімен қатар күнделікті қолданыстағы тарақ, айна, сырға, белбеу қатарлы бұйымдар аса бір өзгеріссіз пайдаланылып келеді.

Ол дәуірдің бізден артықшылығы – онда табылған заттар сүйектен, күміс пен алтыннан, қоладан және қайыңтоз секілді ағаштардан, табиғи шикізаттан жасалғандығында. Денсаулыққа ешқандай зияны жоқ заттарды қолданған.

Ал қазіргі уақытта бұл заттардың жасалуына көп жағдайда заманауи жасанды материалдар пайдаланылып жүр.


Берелден табылған сүйек тарақ, мыс айна және күміс сырға, ақық тасынан тізілген моншақтар

Берелден табылған сүйек тарақ, мыс айна және күміс сырға, ақық тасынан тізілген моншақтар / Фото informburo.kz


Қорғаннан табылған шүйдесі тесілген бас сүйектер сол кездегі медицинаның деңгейін көрсетеді

Онда шүйде тұсы дөп-дөңгелек етіп ойылған бірнеше бас сүйек табылған. Медицина ғалдымдарының айтуынша бұл адамдар емделгеннен кейін де біраз жыл өмір сүрген болуы мүмкін.

Бұдан сырт кей обалардан ішек-қарны алынып тасталып, мумияланған мүрде де табылған.


Берел обаларынан табылған шүйдесі ойлып, ота жасалған бас сүйектер

Берел обаларынан табылған шүйдесі ойылып, ота жасалған бас сүйектер / Фото informburo.kz


Қорғандар мен обаларды қазу оңай емес

Берел қорғанын айтқанда тарихшы ғалым, архолог, биыл 70 жастың желкеніне шыққан Зейнолла Самашевті айтпай кету мүмкін емес.

Қорғанды қазуға рұқсаты бар археологтармен қатар өте тәжірибелі мамандар керек. Қаншама еңбектің жемісі екенін тек тоң жерді қазып, жәдігерлерді аршып, тазалаған мамандар ғана түсіне алады.

Оның үстіне алтын-күміс бұйымдары көп болған соң, ұрлық та болуы мүмкін. Сол үшін Зейнолла Самашев, Қалиолла Ахметжан сынды ары таза, тажірибелі мамандардың болуы Берел қорғандарының да бағын жандырды. Атап айтқанда, 600-700 жәдігері бар ашық мұражайды қамтыған Берел қорық мұражайы құрылып, жемісті еңбек етуде.

Бұдан да маңыздысы, Берел қорғаны – тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттігінің 2000-2500 жылдан бұрын басталғандығының белгісіндей тарихи діңгегімізге айналды. Адамзат өркениетінің қалай дамып жеткенін түсіндіреді.


З.Самашев ағамыз Берелге келген Әскери-тарихи музейдің қызыметкерлерімен бірге дем алып отыр

З.Самашев ағамыз Берелге келген Әскери-тарихи мұражайдың қызметкерлерімен бірге дем алып отыр / Жеке мұрағаттан алынды


Зайнолла Самашев – археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Герман археологиялық институтының корреспондент мүшесі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Тәуелсіз "Тарлан" сыйлығының иегері. 400-ге жуық ғылыми жарияланымдардың, 30-дан аса монографиялық еңбектердің авторы.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары